ВЕРНУТЬСЯ

      Қой қораланар кезде абыр-сабыр  басылды. Үш күннен бері жанымыздан
шықпаған  ет жақын-ау деген жандар
да  бәсең қоштасып, шығып-шығып кетісіп
жатты.

            Шаршап жүрген қарындастарым әп-сәтте ұйықтап кетті.
Солардың  қасына  қисайып, қанша  көзімді 
жұмсам да  қане ұйқы келсеші. Күні
кеше ғана тірі  жүрген  шешемнің бейнесі көз алдымнан кетпейді.  Есіме қай-қайдағы жайлар түсіп, кемірген
ойлар қамалап,  жүрегімді өкініш
тырналайды. Қайран әзиз анам, неге ерте үзілдің? Мына соңыңда қалған
жетімектерің қалай күн көреді? Әне ауызғы үйде уһілеп, төсегін  сықырлатып 
әкем де  ояу жатыр. Енді көрер күніміз
не болады?..

            Кірпігім жасқа шыланып, үнімді  қанша 
шығармауға  тырыссам да
болмады,  булығып, қыстыға  өксіп-өксіп 
жыладым кеп.  Үш күн бойы дауыс
сап, жоқтап келгендерге  қосыла  қайысқанымда 
көз жасым  суалған болар,
тостағым  босаған болар-ау деген едім...
Жоқ, әлі ағыл-тегіл, ебіл-себіл... Жан  ана
сенің  даусыңды  сағынып, жүрек елжіретер  мейіріміңді аңсап, мына қарындастарым да,
анау соғыс мүгедегі әкем де  оңашада  әлі тала-талай  көз жастарын сығып алар... Қайран, шешем-ай, бұ
фәниден  не жақсылық  көрдің 
десеңші,  бәрімізді өсіремін,
жеткіземін деп жүруші ең, міне, өзіңнен айырылып қалдық-ау...

            Әкем арқамнан 
қағып  жатыр.

            -Саған  не болды,
жаным?.. Сен үлкен жігіт емеспісің?..

Қойшы-қойшы қарағым...

            Өзінің даусы да қарлығып, жылап жіберуге шақ-шақ тұр.
Аттың о жағына бір, бұ жағына бір түсіп, шайқалып жүретін сері сиыршы, міне,
үш-ақ күнде  мүлде бүкшиіп, мүсәпір
болып,  енді не істерін білмей дал.
Ауызғы  үйге шам  жағып, әкем пешке  шай қойды. Мен түрегеп жас айғыздаған  бет-аузымды жудым. Әкемнің де, менің де  көзіміздің 
айналасы  қызарған, ісіңкі.

            Дөңгелек 
кішкентай  үстелдің  жанында 
шошайып  екеуара  шай ішкен болдық. Түк батпайды, тек
әйтеуір  мына  жабайы қараңғы  түнде 
жалғыз қалып  жабырқаудан  қашып, 
азапты  ойлардан  құтылуға 
ермек  іздеген  тірлігіміз 
бұл. Әкем жалпы  әңгімеге шорқақ.
Тіпті  өз өмірі  жөнінде айтуға  сараң. Төбесінен тоқ еткізіп айтып қалады да,
қарап  отырады. Әкем жөнінде бар  білетінім: әке-шешесі  қабат өлген 
соң  жетім қалып, балалар
үйінде  болған,  соғысқа қатысқан...Ал, шешем әңгімені  майын 
тамызып  айтатын, ертегі, аңызды
да көп білетін-ді.

Сол түнгі әңгіме  әлі 
жадымда: әкемнің  салыңқы  қабағы, көзі 
шүңірейіп, ұрты  суалып қалғаны,
қайратты  бурыл  шашы 
түп-түгел ағарғаны, кәдімгідей 
жөні түзік сөз бастағаны 
бәрі-бәрі есімде. Дөңгелек үстел жанында дірілдеген  қолымен 
шай құйып беріп  отырып, ол
өзінің  тұңғыш ұлына беймәлім болып
келген  ғұмыры,  ондағы 
талай-талай  қилы  кезеңдері 
туралы бәрін ақтарып  салды. Оған
дейін де, одан кейін де  әкем дәл сол
түндегідей  шешіліп, әңгімешіл  болған емес-ті. Есімде  қаймағы бұзылмай сақталған, сары таңға  дейін айтылған  сол әңгіменің 
бір бөлігі  еді бұл.

 

***

 

            -Жұт  жеті ағайынды
деген рас па деймін. Алты ай жаз  аспаннан 
жаңбыр тамбай, көгеріп 
шықанның  бәрі қурап, кеуіп, ұшып
кетті. Өңкей былғары  киінген  өкіл 
дегендерің  үсті-үстіне  қаптап, 
мал біткенді  түк  қалдырмай сыпырып  ала 
бастады. Әуелі несін айтасың, өлген, сойылған малдардың  мүйіз, тұяқтарына дейін жинатып,  салық сап, 
әбден титықтатты. «Көмген ұраң бар ма, тыққан  астығың бар ма?» деп жерді піскілеп, үйді
тінтіп, бір қора  жан талшық қылып  отырған 
азын-аулақ  ұн, талқанның  бәрін сыпырып әкеткеннен кейін, әкем әбден
ашуланып, қалған малын қырғыз асырып әкетпек болды.  Он екі жасар 
мені ертіп, Қастектің асуы арқылы жолға шықты.  Елдің 
алды жалқынданып  аштықтан жаппай
қырыла бастаған  күздің қақаған  қара суық шалған  шағы. Тоз-тоз болған ауыл, жол-жөнекей
көмусіз қалған жұрт. Бір  елдің  бетке ұстары болған  екі үйір 
жылқысын  алдыға сап, ел
жоқ-ау  деген  жерлермен 
түнделете  айдап, Ақтастыға  жеткенімізде 
алдымыздан:

            -Қане, қолдарыңды көтеріңдер! Қашсаңдар атамыз!- деген
айқай  шықты. Әне-міне  дегенше 
өңкей  суық жүзді  бес-алты 
қарулы адам қоршап алды.

            - Әп, бәлем, өкіметке 
мал бермей, қашып барамын деңдер! - деп былғары тон киген біреуі әкеме
шұқшиды.

            -Ау,  жарқындарым,
мына Ақтастының  арғы бетіндегі күнгейдегі  қырғыздарда 
мамыражай  тірлік дейді.
Соған  жан  сауғалайық деп  бара жатырмыз,- деді әкем саспай.

            - Байлаңдар мынаның қолын. Қане аттан түс! Ал, мына  малды өкіметке тапсырамыз, өзің абақтыда
шірисің!,-деп бастығы тепсініп еді, бәрі жапа-тармағай әкемді бас салды.
"Тимеңдер, тимеңдерші" деген мені 
қалпақтай ұшырып түсірді. Әкемді алдарына салып, жаяулатып айдады да
кетті. Соңдарында шырқырап мен жүгіріп 
келем. Онда  аудан орталығы -
Қарақыстақта, сол жерге әкеп қамады. Содан қайтып әкемді көрмедім. Аш-жалаңаш,
азып-тозып, өлмеші  халде
Қарғалыдағы  үйімізге  әзер жетсем, саған өтірік, маған шын, мені
шешем емес тірі әруақ қарсы  алды. Иә,
құр саудыраған сүйек, бұрын  шешеміз  етжеңді 
толық  адам еді. Шошып кеттім,
даусы мен көзінен ғана таныдым.

            Біз малды ұнға айырбастаймыз, не болмаса жағдайды көріп
келіп, үйімізді қырғызға  көшіріп  әкетеміз деп кеткен болатынбыз.

            Ауызға  салар  түйір ас болмай, екі күннен кейін шешем де
күп ісінді де, үшінші күні жатқан орнында тісі ақсиып, жүріп кетті. Екі інімнің
құр сүлделерін ертіп, Қарғалыдағы 
поселкеге алып түстім. Бауырларымның қайда қалғанын  қайдам, әйтеуір көшеде қоқыс шұқылап, тентіреп
қалған мені комсомолдар ұстап  алып
кетті. Не көп, қаңғып қайыр тілеп жүрген 
жетім бала көп. Екі өгіз жеккен 
ырдуан арбаның үсті мына 
Қарақыстаққа  жеткенше  шүпірлеген 
қылқи мойын арық балаларға лық толды.

            Тәукеден бізге үш бала қосылды. Біреуі туған
нағашымның  баласы - Сәду. Былтыр  көргенімде екі бетінен қызылы тамған  сап-сары 
пысық шымыр бала еді, арбаға  әрең
көтеріп салды. Беті қалқыңқы ісік, көзі 
шүңірейіп, ішіне түсіп кеткен. Тыриған арық, үстінде лыпа жоқ.
Қабысқан  қарнына жабысқан
қабырғасын  санап алуға болады.

            -Сәдумісің?..

            Ол, "иә" дегендей басын изеді. Амандық-саулық сұраудың
орнына: "Нан бар ма?"деп, қылдай жіңішкерген 
қолын созып, алақанын жайды. Қолы қалтылдап, дір-дір етеді. Аштық
өзегіме түсіп, көзім қарауытып, басым айналып, өзім  әзер отырмын.

            -Шыдаңдар  балалар.
Қазір бәрі де болады, - деп, бізді  апара
жатқан кетік тіс шал  жұбатып, бар ашуын
өгізден  алып, бишіктерін ысқыртып,
шықпырта  сабайды.  Оған мыңқ ететін өгіздер жоқ, көндерін
сүйретіп, ілби басады.

            Аш өгізде қайбір әл болсын, қайта-қайта  қап-қара тер көміп, ырсылдай  демігіп 
тұрып қалады. Әйтеуір ертесіне таң ата бізді  Қарақыстаққа жеткізді-ау. Мойынтұрығын  ағытып жатқанда  біреуі гүрс етіп құлап түсіп еді, қайта тұра
алмай пышаққа ілінді жануар.

            Үлкен-үлкен  екі
қызыл кірпіш  үйдің  төңірегі 
түгел  шуылдаған бала. Ауланың бір
бұрышында  үш тайқазанның  астында қаратікен лапылдай жанады. Тәтті
тамақтың иісі мұрынды жарып барады.

            Дереу әрқайсымызға жарты  тостақтан ыстық көже берді. Аузымыздың
күйгеніне қарамай сіміре сап, қыңқылдап тағы 
да сұрауға кірістік. Әсіресе Сәду сарқып ішті де, кір-кір қолымен тостақ
ішін жалады. Сосын "тағы беріңдерші" деп, жалына бастады.

            -Болды, артық ас берілмейді. Тұрыңдар!

Алдымен бәріміздің шашымызды
тықырлап сыпырып тастап, моншасына жуындырып, жаңадан киім киіндірді.  Кейін білдік, алғаш келгенге әдейі көжені
там-тұмдап береді екен. Әйтпесе,  аштық
әбден діңкелеткен біздер аш-өзегімізге түсіп, 
өліп  кетуіміз  мүмкін көрінеді.

            Сәду  екеуміздің
төсегіміз қатар. Бір  жұмадан кейін
оның  домбиған ісігі қайтып, көзі
тіріліп, әр кіре бастады.  Қыс түсе зыр
қағып жүгіріп кетті.

            Есімізді жинап, тамағымызға тойған соң,  ауылды 
сағына бастадық. Екеуміз оңашада отыра қалысып, таныс- білістерді,
өткен-кеткендерді шүлдірлеп әңгіме етеміз.

             Бір қора жанды
аман сақтаймын деп қолға түсіп қалған 
қайран әкем,  аманбысың?
Былтыр  осы  Тәукеге ұзатылған  Рысжан әпкем қайда жүрсің, бір  хабар 
неге бермейсің? Екеуміз тетелес 
боп,  жиі-жиі  өкпелете 
беруші ем, ол менің  саған  еркелегенім ғой.  Қарғалының 
көшесінде  қаңғып  қалған қос інім, сендер  де мен сияқты балалар үйіндесіңдер ме,  қайда ғана жүр екенсіңдер.  Сағындым-ау сендерді.

            Ешқайсынан  тырс
еткен хабар болсашы.

Бізді ежіктетіп оқыта
бастады.  Оқуға келгенде тақ-тұқ  еткен Сәду 
жүйрік әсіресе есепке жұқпайды дейсің.

            Қыс өтіп, көктем 
шығар кезде бізді қалаға ауыстырады 
екен деген қауесет  тарады.
Бірде  осы Қарақыстаққа  Жандосов деген өкімет келіп,  біздің жатын-жайымызды аралап көргелі аузымыз
аққа тиіп,  сорпамыздың бетіне шымшық
көзденген  май жүгіре бастады. Тамағымыз
қоюланып, ептеп нан беретін болды. Егер бізді қалаға алып кететін  болса, онда бауырларымды, әпкемді мүлде көре
алмайтын болдым ғой. Әр жұма сайын 
Қарақыстақтың  түбіндегі  ескі қамба 
жанында  жұма базары  болады. Ақырын жасырынып  барып, дірдек қағып жүріп,  таныс-біліс 
біреу-міреу  кездесіп қалмас па
екен деп, көрінгенге  тесіліп жүргенім.
Жүзтаныс бір жан көрінбейді.

            Шынында да, қауесет расқа айналды. Қар етегі түріле бізді
көшіре бастады.  Біз тұрған бұл үйлер
енді аурухана  болмақшы. Ертең көшеміз
деген түні Сәду екеуміз  түн бойы ұйықтай
алмай шықтық.  Бір-бірімізге көрсетпей
көз жасымызды сығып та аламыз.

Түске таман жүктерді  арбаларға тиеп  жатқанымызда 
бір бала ентігіп жүгіріп  келді:

            -Екеуіңді  біреулер
шақырып жатыр!

Қақпаға  қарай құстай ұштық. "Кім болды екен? Мына
төбесі көрінген  ауылдан қос жетімді
әдейі   іздеп  келген 
кім екен?"

            Екі өкпемізді 
қолымызға алып, ентігіп жетіп барсақ:

Әпкем Рысжан мен  оның абысыны Әйтей. Құшақтасып көрісіп
жатырмыз, әпке  байғұс бетімнен  шөпілдетіп сүйіп жатыр, жылап жатырмыз. Әбден
сағынсақ керек, сөз айта алмай, көздерімізден 
жас саулай ұмар-жұмар өксіп-өксіп жылаймыз кеп.

Әбден мауқымыз  басылған соң бір-біріміздің бас-аяғымызға
қарастық. Рысжан мен Әйтейдің 
үсті-бастары  өрім-өрім,
жамау-жамау. Көктемнің  қара  суығы 
әлі кетпесе де екеуі де жалаң аяқ. Башпайлары қызарып, тобарсып тұр.

            -Қандай шырттай киініп алғансыңдар, ей!

            -Тура нәшәндік 
сияқтысыңдар!- деп олар біздің киімімізге сұқтанады.   Қырық құрақ жамаудан көрінбейтін  көйлектерінен басқа  ештеңесі жоқ олардың түрінен  қорындық. Төңіректеген балалардан ұят-ай
десеңші...

            -Мынаны сендерге әкелдік,- деп, Рысжан әпкем менің етегіме  бір уыстай дән төкті. Көбісі  көгеріп, бұзыла бастаған  бидай дәні.

            -Жол-жөнекей  сабан
қағып, әдейі теріп әкелдік. Құр қол келгенше деп. Үйде ешнәрсенің  ыңғайы болмай...- деп, Әйтей күмілжіді.
Өздері  әлгі менің  етегіме төккен  дәнге қарап 
шұбырған  сілекейлерін  тартып қояды. Қол-аяғы жеңіл Сәду
бөлмемізге  жүгіріп кеткен, лезде  бір дорба көтеріп қайта келді.

            -Мә, алыңдар. Мұны 
сухари  дейді. Кепкен нан  ғой кәдімгі, деп тақылдап аналарға  дорбасын 
ашып көрсетті.

            -Нан! - Ұрлап алдың ба, осыншама нанды! - деп, аналар шошына  сұрады.

            -Жо-жоқ, - деп, Сәду мәштенді. - Әдейі бізді біреу іздеп
келсе берейікші  деп, Қапаш екеуміз  өз үлесімізден  бөліп 
ап сақтап, жинап жүрдік. Мә, ала қойыңдар, үйлеріңе апарыңдар.

            Олар сенер-сенбесін білмеді. Бір-бір тілімін алып,
бір-біріне  сүйсіне қарап, қатырлата  түйір 
қоқымына  дейін  қалдырмай 
жеп қойды.

            Біз  тоқ
екенімізді  айтып жатып, дорбадағы  нан 
мен бір  уыс  бидайларын 
қайырып бердік. Қартаң 
тәрбиешіміз  бізді  іздеп келген 
туыстарымыздың  түр-сықпытын  көріп 
екеуіне  біраз киілгенімен  жыртығы 
жоқ таза  екі көйлек  кигізді. Жаңа көйлек киіп, бір дорба  нанға ие болған  әпкем мен 
оның абысыны  қуанғаннан  жылап 
жіберісті.

            -Біз де колхозға кірдік. Колхоздың  атын 
Қызыләскер  деп қойдық Қызыл
әскерлер  қыстай  біздің ауылға 
қостарын  тігіп,  бандыларды 
қуып ұстады ғой.

            -Енді тоқшылық болатын шығар,  колхозға өкімет тұқым

береді дейді. Енді аз күнде
төл туып, аққа  да аузымыз ілігер-ау.

            Рысжан мен Әйтей 
екеуі  жамырай  ауылындағы 
жаңалықтарын  айтады,
күйеулері  Иса мен  Қиса 
екеуі  де  колхоздың 
белді  мүшелері, қазір  жер жыртып жүрген көрінеді.

            Қайтарларында 
Рысжан әпкем  оңаша шығарып  алып, былай деді:

            -Ана, Сәдуге 
айтуға аузымыз барар емес, естірте 
алар  емеспіз. Байғұстың  әке-шешесі 
қыста  қайтыс боп кетті. Алтын
нағашыекем  маған көп көз боп жүруші
еді,- деп, даусы тарғылданып, жеңімен көзін сүрткіштеп, мені бауырына  басып, 
сықсыңдап тұрып алды. Анадай жерде Әйтей 
да Сәдуді құшақтай, басынан 
сипай  жыламсырап бірдеңе деп тұр.

Көз жастарын сыға-сыға  олар 
қимай қоштасты. Біздің көңіліміз ел көшкен  жайлаудай 
қоңылтақсып қалды. Бір  дорба
нан  ауылда  бір жыл әңгіме  болар енді. Үкімет  баққан 
балалардың  қалай  жақсы 
тұратыны  жөнінде  аңыз 
тарайтын  шығар.

            Сол күні  бізді
қалаға  балалар  үйіне 
көшірді.

            Сәдуге әке-шешесі өліп, тұлдыр жетім қалғандығын  естіртуге дәтім бармай, бір жыл жүрдім.
Осындай қасірет хабарын  іште сыр ғып
сақтап  жүру қияметтің  қияметі 
екен. Сәду  де ылғи  маған 
мұңдана  қарайтын  боп алды.

            Өмір бар жерде қилы-қилы 
оқиғалар  болып тұрады ғой.  Бізден үш жас үлкен Коля деген  бұзық бала бірде қарасам  Сәдуді 
шырқыратып ұрып жатыр. Сәду  де
шақар, тілін  тартпайды. Жүгіріп кеп,
долдана мен де Сәдуге жақ болып, Коляның мойнынан қылқындыра ұстап, шалқасынан
түсірдім. Екеулей жабылып, жақсылап ұрып алып:

            -Ендігіәрі  біреуге
тиіссең көрсетеміз! - деп, кіжіне  кетіп
қалдық. Арықтағы суға мұрнының қанын жуып жатқан  Сәду кенет өкіріп  жылай мені 
құшақтай алғаны. -

            -Қапаш, сен жалғыз қалдың. Сенің  атаң да, інілерің де жоқ. Бәрі бұл дүниеде
жоқ, - дейді мені қапсыра  құшақтап.

            -Мүмкін емес. Өтірік. Өтірік деші,- деймін есім шыға.

            -Шын Қапаш, шын. Былтыр Әйтей жеңешем айтқан. Екеуі де
өлген...

            Мең-зеңмін, көз алдым түгел жалындап, қара  жерді 
бауырлай жатып, ыстық жасты ағыл да тегіл жіберіп, әй бір боздадым
дерсің. Боздап жатып маған басу айтқан 
Сәдуге де әке-шешесінің  хабарын
естірттім. Қос мұңлық  қалың  қара ағаш 
көмкерген  арықтың  жағасында 
еңіреп, дөңгеледік те қалдық.

            Бір апта бойы көзі-басымыз қызарып, қабағымыздан қар
жауып жүргеннен  қауіптенді-ау деймін,
бұзық Коля  училищеге ауысты. Сәду
екеуміздің  арамыз бұрынғыдан да жақын,
ыстық болып кетті.

            Әкемнің бұл әңгімесін 
естігелі де талай  өткен. Биыл қыста
ол кісінің  өзін  де ақ арулап, шешемнің   артынан аттандырып салғанбыз.

            Әкемнің 
аманатына  орай, қайтыс
болғанда  Сәду ағаға  әдейілеп хабар  берсек те, шаруадан қол босамайды деп әйелін
жіберіпті. Сәду  аға  ол 
кезде - Буырлыда  қоймашы. Сонау
бір жоқ-жітік  күндерде  бір тілім 
нанды  бөліп жеген әкемнің ең
жақын серігі, ең соңғы сапарында  топырақ
та  салуға  жарамағанына 
ішім мұздап, қатты өкпеледім.

            Ол  бұл
әңгімені  білмейді-ау   деп ойладым, сірә?..

            Егін орағы 
басталысымен  бір-бір шаруашылыққа  өкіл боп аттанамыз.  Төрт жыл 
бойы қатарынан  қуаңшылық  боп, 
ал енді биыл егіннің  ырғын
шыққанын айтпа. Сонау төмендегі Жартасты, Серектастың  төңірегі баяғыда  мал 
жайылымы еді, кейін  көп шу
-дүрмекпен  соқалап жыртып  тастады да, жердің  беті 
тыртықтанды да қалды. Осындай берекелі жылы  ғана өнім береді де, қалған кезде сепкен
тұқымыңды  да жинай алмай қаласың.

            Буырлыдағы 
қырманда  жал-жал  үйілген 
қызыл астық.  Алдымнан  басына ақ кепкі киген  Сәду 
нағашым  ұшырай  кетті. Қасында  аудандық атком  преседателінің  орынбасары  
Көшкінбай бар.

            Шұрқыраса амандасып жатыр. Сәду аға  қанша дегенмен қартайып-ақ қалыпты. Әкемді  көргендей 
көзіме  жылы  ұшырады. Осы қырманның  меңгерушісі 
көрінеді, жеңіл машина сатып алыпты. Жұқалап, сипақтап  маған көңіл айтты.

            -Үйге жүр, тамақ же. Көшеке, мынау  менің 
жиенімнің

баласы. Өз күшімен оқып,
жетілген баланың  біреуі осы. Үйге
жүріңдер, қой сояйын, - деп, бәйек болды.

            -Әй, Сәду, сен неменеге мәймөңкелейсің. Бұл қазір бір ауданның  білдей басшысының бірі. Қазір кез-келген үйге
барса қой емес,  түйе сойып қонақ қылады.
Ат-шапан  айыбың сенің мойныңда. Бұл
тірлікте шаруа деген  бітпейді,  ал сен 
егер  туғаныңа барып,  көңіл айтуға 
жарамасаң, сенен  не үміт, не
қайыр...

            - Көшеке, жығылдым, жығылдым. Сіздікі дұрыс, бәрі дұрыс.
Міне,  жақында пенсияға шығып,  той жасамақпын. Соған шақырамын бұл баланы.

            Көңілім қоңылтақсып, сыр бермей, қайтуға  асықтым.

            - Қапекеңнің 
баласы, зәуімнен бір кеп қапсың. Онда 
мә, қалтаңа  қос  уыс 
бидай сала баршы. Келін қуырып берсін, молшылықтың кеусені ғой,- деді
қоштасарда  әзіл-шыны аралас.

Қырманға  бармақтай-бармақтай  қызыл 
дән тиеген  машиналар  толассыз келіп жатыр. Көздеріне  орамалдарын 
түсіре тартып алған кілең  әдемі
қырманшы  қыздар  дән сапырып 
жатып, ыңылдап өлең айтады. "Ақ бидай - бүгін  шырқар әннің 
аты..."

            Көптен  естімеген
ән.

            Көптен көрмеген 
молшылық, береке...

            Мен үйге 
биылғы  егіннің  бір уыс 
бидайын  алып қайттым...

Сәду  нағашым 
берген  дән...