ВЕРНУТЬСЯ

      Аудандық
партия комитетінің бірінші секретары асығыс жиналып жатты. Енді бір сағаттан
соң " Жеңіс" совхозындағы болатын жиналысқа бармақшы. 

  Есіктен орта бойлы, көзінің төңірегін көгерте
бояп алған, шашын қысқа кескен хатшы қыз көрінді.

            -Сізге бір бала кіремін деп бой
бермей отыр.

            -Қайдан екен?

            -Қарақыстақтан.

            -Кірсін...

            Шашын тықырлап алдырып
тастаған он бес-он алтылардағы жасөспірім есікті имене ашты.Сәлемдескендей
ернін жыбырлатты да жағалай қойылған орындықтардың жанында тұра берді.

            -Қарағым, бері мұнда кел, отыра
ғой.

Бала
жанарын көтере жалт қарады, бірақ отырмады.

            -Иә, шаруаңды айта ғой?

            -Аға, бізді ешкім тыңдамайды...
Үй ауыстырайық деп едік, бәріне бардық, ешкім тыңдамайды...

            Бірінші секретардың
қабылдауында болатындардың көбі осы пәтер мәселесі, үй алып беру жөніндегі
өтінішпен келеді. Құрылыс қарқынды жүріп-ақ жатыр, бірақ жастар ер жетіп, үйге
үй қосылып дегендей, бәріне бірдей қалай жеткізерсің? Әйтеуір пәтер алу үшін
кейбіреулер қарт әке-шешесін, не ауру әйелін жұмсап, қалай қолымыз жетеді деп
үміттеніп жүргені. Ал, бұл іспен аудандық атқару комитеті айналысатынын біле
тұра, тура өзіне келеді де сылтау айтып, аспаннан қара бұлт төндіріп тұрып
алады-ау дерсің. Міне, енді қаршадай баланы жіберіпті...

            -Атың кім қарағым?

            -Сәрсен.

            -Әкең қайда істейді?

            -Совхозда сиыр бағады.

            - "Әкең неге келмеді онда?" деп
сұрауға оқталды да, ол райынан тез қайтты.

            -Өз үйлерің бар көрінеді, оны
неге ауыстырғыларың келеді?

            -От жағып, су тасып
үлгірмейміз, аға.

            -Шешең қайда?

            -Шешем... қайтыс болған... -
Баланың мұрны пысылдап, көзіне жас үйіріле қалды. Бірінші секретарь қалың
қабағын кіржитті, баланың ең жанды жеріне тиіп алғанын ұқты.

            -Айтпақшы, әкеңнің аты кім?

            -Жүректай...

            -Қай класта оқисың?

            -Тоғызыншы. Сабақтан ылғи қала
береміз, аға. Үш кішкентай бауырым бар, аға. Соларды күту керек, от жағу керек,
тамақ істеу керек. Әкем жұмыста. Совхоз директоры жеке меншік үйі барға үй
бермейді дейді, аға.

            Бірінші секретарь дереу
идеология бөлімінің меңгерушісін

шақыртып,
мына мәселемен шұғыл айналысып, қорытындысын тіке өзіне хабарлауын тапсырды.
Баланы ауылына дейін ала кетпекші еді, ол басқа шаруасы да бар екенін айтып,
көнбеді. Есіктен шығып бара жатқанда бұған тағы бір бұрылып қараған, күдік
көлеңкесі перделеп тұрған жанары сол бәз қалпы.

Тез
киініп далаға шықты. Таң асырған сәйгүліктей әппақ "Волгаға" аяғы тие суырылып
алды да кетті. Аудан орталығынан шығатын көкпеңбек асфальт жол Майтөбе,
Суықтөбе тауларының етегін ала қоныстанған ағаш көмкерген ауылдарды бір-бірімен
жалғап, айнадай жарқырап созылып жатыр.

            Бірінші секретарь көзін жұмды,
көз алдына манағы шашын тақырлап алған бала келе қалды. Бәрі-бәрі есіне оралды. Бұл оның әкесін
жақсы танитын, күні кеше бірге өспеді ме әуелі...

Жанындағы
шофері бұл мызғып алсыншы деген оймен әдемі ән айтып келе жатқан радиоланың
даусын бәсеңдетті.

Бірінші 
секретарь
қалың ой құшағына күмп шомып, балалық шағын есіне алды. Иә, жаңағы бала есіне
түсіргені ше, бәрін... Бәрі күні кеше сияқты-ау...

 

***

 

            Ауылдың шет жағын ала бұлардың
қабырғасы жартылай жерге кіріп кеткен бәкене үйі тұрады. Бағар малы
болмағандықтан оның алды да жып-жылмағай, қора-қопсы деген атымен жоқ. Шешесі
екеуі жылда үйінің іші сыртын сабанның топанын араластырған сары балшықпен
қалыңдап сылап тастайды.

Қысқа
қарай отынға таудан тікен тасиды. Шешесі қайратты-ақ, кешке шейін екеулеп
теріскейдің тікенін шабады, дәу арқа отынды мықтап ортасынан тартып байлайды
да, арқан ұшын белдеуіне іледі. Өзі ық жағына келіп, отынға арқасын бере
шалқалай отырып:

            -Ал, Медетжан көтеріп жіберші,-
деді.

Бір
тізерлей қалтырап, оң қолымен жер тірей шайқала түрегеліп кетеді. Бүкіл отын
денесін түгел жауып, өзі мүлде көрінбей қалады. Жұлығы шығып, жамау-жамау
тозығы жеткен екі етігі ғана сып-сып кезек қозғалып, үстіне төнген үлкендігі
дәп бір киіз үйдей ауыр жүкті тезірек апарсам дегендей жиілей бастайды.

            Әлі жеткенше бұл да отын
арқалайды, ойып бара жатқан

қылшылбырды
екі иығына кезек-кезек ауыстырып, зықысы шығады, жотасын тікен түбірлері тесіп
жібере жаздайды дерсің. Сонда арқасына ер батқан аттай қайқаңдайды. Ауыл
дегеннің жер түбіндей көрінеді-ау. Шешесі сыр берер емес, тыпың-тыпың, таудай
отын өзі қозғалып бара жатқандай.

            Жолда ашуланшақ кемпірдің
езуіндей көбігі көпіршіген өзеннен өтеді. Оның кей арасы өткел бермейді. Шешесі
жайылып аққан тұсын кешіп өтеді, сонда аннан бір, мұннан бір ептеп басқан аяғы
зіл батпан жүкті әрең көтеріп, дір-дір етіп, енді сәл болмаса мына долы судың
екпініне шыдай алмай, құлап түсердей қалтылдайды. Бұл да соңынан әрең келе
жатады қиналып.

            Судан өтісімен дем алады,
шешесі отынын биігірек жерге апарып түсіреді де, кеудесін кере "уһ" деп қара жерге сылқ етіп отыра
кетеді. Екі самайынан аққан тер қосылып, ірі-ірі тамшылар иегінен шып-шып
тамады.

            -Енді Қаракөтермеде бір
демалсақ, үйге де жетеміз. Әуп! - деп, беліндегі балтасын жөндеп, тағы да тұра
бастайды. Медеттікі
шешесінің көтергенінің жартысындай ғана, бағана тап-тұйнақтай етіп буып берген
еді, міне, жүгі ауған түйеше бір шеті салбырай бастапты. Ондайда шешесін
тоқтатады. Сөйтіп, екі демалып жететін жерге кейде үш-төрт рет тоқтап, әзер
жететін кездері
бар.

            Үй алдына ала жаздай арқалап
жинаған отындарының қызығын қыста көреді. Тікен бұл кезде қурап, қылқан жапырағы түсіп, көлемі басылып,
шөмиіп қалады. Бұтарлап, бұтап, пешке салғанда маздап жанғаны рақат-ақ! Қары
бір түссе сіресіп жатып алатын ұзақ қысқа отын жетпейтіндіктен қар кешіп жүріп,
екеулеп төңіректен қурай тереді.

            Көктемге қарай қанша
үнемдегенмен қурай да, тікен де таусылады. Шешесі колхоздың жұмысынан қолы қалт
етіп босаса, қапты арқасына сала тезек теріп, қурай жинауға кетеді. Өзі
түлкіқұрсақ, азынаған үйде дірдектеп ерні көгеріп, сабақ оқып отырған Бекеннің:

            -Мен де барайын,- дегеніне
көнбей, әкесінен қалған сары шинелді арқасына жауып:

            -Қазір келемін, қалқам,- дейтін
құлағына сыбырлап, мойнынан сүйіп.  
Шешесінің  ыстық ерні тиген
жері  дуылдап, денесіне ыстық леп
жүгіріп,  әке киімінен  тұла бойы 
жылынғандай  болады: кітаптарды
аударыстырып, үйге  берілген  тапсырмаларды орындайды қадалып отырып.
Шешесі  үйге кіре:

            -Бекенжан, қалай жаурап қалмадың ба,
қалқам? - дейді ең алдымен. Пешке тез-тез тезек қалап, қазанға су құяды. Шешесі мен баласы
аузы кетік  пеш алдына жалындаған  жалынға қолдарын  қақтап, көңілдене  әңгімелесіп отырады.

            Көктемнің  жаңбыры бір басталса,  аспанның түбі тесіліп кеткендей  апталап тоқтамайды-ау. Мұндай кезде  үйлерінің төбесінің  ана жер мына жерінен тамшылар  шүмектеп, 
кей арасының сылағы  жалп-жалп
құлайды.  Бар ыдысты тамған  тамшының 
астына  қойып, бұлар құрғақ араға
көшіп әуре.

            Отын 
түгесіп, даладағы  қурай
шылқылдаған су болып, пешке  тастар
тамызық табылмай береке кетеді. Тіпті киімдерін кептірерлік  ешнәрсе 
табылмайды-ау.

            Жауыннан қамалқа жасап, басына  қап жамылған 
шешесі кешке бір қолтық 
сабан  ала келіпті. Бықсыған пешті
үрлей  жаға бастағаны сол еді жылауық
есік  шалқалай  ашылып Дәулетбақ  басқарма 
кіріп келді.

            -Әй, нәлөкті неге  төлемейсің ә? Қашанғы шыдаймыз саған!

            -Жәке, өйтіп шаптықпаңыз.
Ақжолымның  атын ерттеп, жанында жүргеніне  мәз болып, жүруші  едіңіз...

            Дәулетбақтың  бадырайған ала көзі  шақшаңдап кетті.

            -Мынаны  қара! Малға берейін  деген 
сабанды  отқа жағып жатыр! Мен сен
қатынға  көрсетем! Күйеуім жоқ деп  шаптықпа? 
Міне, он үш жыл болды жоқ қой оның 
хабар-ошарсыз. Ол халық жауы,  сатқын болып
кеткен. Иә, қарашы бұл қатынды, а?!

            -Жаудың  семьясына 
қарыз берілмейді.  Қайдан  тапсаң  одан тап, ертең 
әкеп бер! Әкеп бермесең  соттатам?

             Дәулетбақ тасұр-тұсыр сыртқа  шыға 
жөнелді, есік  сол  бойы 
әңкиіп ашық қалды. Үйдің тағы 
бір  жерінің  сылағы гүрс 
етіп құлап түсті, сырттан 
ызғар  есіп,  үй іші 
азынап сала берді.

            Шешесі  басқарманың 
балшықтанған айғыз-айғыз  ізіне
сыздана  қарап қатып  қалыпты. Өзегін өртеген   өкінішке, 
мына  басынғандыққа, күйкі  тірлік 
қорлығына  шыдай алмай  Медет 
солқылдап жылап  жіберді.
Қашанғы  осылай  бола 
береді, көшеде  де, мектепте де талай  адам 
көзге  шұқығандай  келемеждейді. Жар  дегенде жалғыз  медеуі 
шешесі қашанғы  бұл ит  қорлыққа 
шыдайды. Ұсталып  кеткен  әкесінен 
неге  хабар жоқ?  Әттең, келсеші... әттең. Міне, шешесі, енді
бауырына  қыса  ұстап тұрып:

            -Қарағым, жасығаның  не соншама, түкке  тұрғысызға. Қой!

Дәулетбақ  сенің 
әкеңнің арқасында  партияға  өтіп, кісі қатарына  қосылып 
жүр. Сенің  әкең  ауылдағы 
тұңғыш большевик, - деді.

Кезінде  өткір 
сынынан  қорғалақтаған  дұшпандары 
ғой сыртынан өсек  таратып жүрген... "Кебенек  киген келеді" деуші едім, түсім оң. Әлі-ақ
келеді. Осы қорлыққа  шыдай  алмай 
көшіп те  кеткім  келді шеттегі 
төркініме. Бірақ, қалқам, саған қарайлай берем. Туған жер, өскен елінің
топырағын басып, суын ішпей  өскен жан,
енесінің уызына жарымаған аң секілді жарымжан, кісікиік келеді. Күндердің  күні келіп: "Қарашығымдай  қарағымды 
жер түбіне  сүйреткенің  не, менің 
ошағым өз елімде жанып тұруы керек еді ғой" - деп ұялтса қайтем, уһ!..
Сен жасыма, әкеңнің  ешуақ иіні  түсіп 
көрмеген  ер еді. Жанып
тұрған от еді. Ұсталғанда  сені  көп тапсырды. Өбектей сүйіп: "Бекенімді  қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға
шоқыттырмай  оқыт, ержеткіз. Жалғыз  ғана тілегім бұл" деп қайта-қайта  табыстап кетті ғой. 

            Бекен  шешесінің 
алдында  екі иығы  селкілдеп, іші уылдап, көзден  үзілген 
бырт-бырт  жасты тоқтата алмады.
Анасы тоқтау  айта отырып, әкесінің  ақтармен қалай айқасқанын, байларды
конфискелеп, бандыларды  қалай  қуып ұстағанын  айтты. Колхоз 
жаңа  құрылғанда соның  бастығы 
болғанын әңгімеледі.

            Шешелі бала  екеуі 
атар таңды  кірпік ілмей  атқызды. 
Бекен әкесі жөнінде ылғи мақтаныш сезіммен 
ойлайтын. Тағдыр  теперішін  қайыспай 
көтеріп, көзіне түйір жас алмай перзентіне  тоқтау айтқан анасы жабырқап, кейімесе екен
деп тіледі іштей. Сол түні 
шешесінен  әкесінің  қандай 
жан болғанын, осы  колхозды
алғаш  құрған  сол кісі 
екенін,  жасынан  жетім  болып өткенін, кейін астанада  оқығанын, 
бар өмірінің  белес-белесін түгел
естіді. Естіді де әкесінің  қайсар
екенін,  ақталып туған елге  оралатынына сенді. Тек тезірек хабар  берсе 
қайтеді. Қайда жүрсің, жан әке?

            ... Комсомолға  өтуге 
қатты  дайындалды, сұрақтарды  іздейін 
деп талай  кітап оқыды.
МГТО-ны  тапсырып, белгісін алды.  Бір мектептен 
бес бала  аудандық  комсомол 
комитетіне  баратын  болды. Біреуі - Дәулетбақтың  жалғызы Жүректай. Әкесі  оны апарып 
әкелуге  өзінің  кәшебай 
шанасын  берген. Бес бала  кәшебай шанада  жегілген 
қос жорғаны  көсілтіп келеді.

            Балалар мәз-мәйрам. Басқарманың  арқалығы 
былғарымен  тысталған кәшебай
шанасына  міну  екінің 
бірінің қолынан  келмейді. Қыс
биыл қаһарлы, қос жорға  аппақ қырауға
көмілген. Қаракөтерменің қайқаңына 
көтеріле  бергенде қарсы  алдынан 
екі салт  атты  жолықты. Біреуі - басқарма, екіншісі -
біргәдір. Балалар  жапатармағай  сәлемдесіп үлгермеді, басқарма  жауар 
күндей  түксие қалды:

            -Мынау  Ақжолдың 
баласы  да комсомолға  өтпекші ме?

            -Иә...-деді    арбакеш сасып-салбырап.

            -Түсір арбадан! Оны
қабылдамайды бәрібір! Бұл -  халық
жауының  баласы! Қайтсын ауылға!..

            Арбакеш қипақтап қап еді. Тағы бір
ақырды, қамшысы шолтаңдап қалғанын көріп, дімкәс кәрі  арбакеш 
үндемеді.

            -Түс ей, арбамнан! -деді
Жүректай борсаңдап. Бәріне жағалай көз жүгіртіп шықты да, Бекен ешкімнен көмек болмаған соң,
арбадан секіріп түсті.

            Кәшебай шана  сықырлап 
ұзай берді. Жүректай оған тілін шығарып, жұдырығын түйді келеке етіп.
Бригадирін ерткен  Дәулетбақ ауылға  қарай 
тасырлата шаба жөнелді.

            Жолдың  қақ ортасында жападан-жалғыз  сопайып Медет тұр, көңілі  әлем-жәлем. "Неге мені қабылдамайды?  Қабылдайды", тек кешігіп қалмауым керек. Бар
сабақты беске оқимын. Қабылдайды. Тек кешігіп қалмауым керек!"

             Жас бала қос ішекше созылған қарлы жолмен
жүгіре жөнелді; көз ұшында қос жорға сүйреткен шана бұлдыр-бұлдыр кетіп барады.
"Қалмау керек одан". Бұлың-бұлың белдерді басып, айдалып тасталған егіннің
арасын жарып салынған жолда он төрт жасар бала өкпесін қолына ала жүгіріп
келеді. Жасынан қайыстай тартылып, қара жұмыс істеп өскені, спортпен
айналысқаны қандай сеп, бұршақ-бұршақ құйылған терді жеңімен сүртіне-қабына
дедек қағады аяғы аяғына тимей.

 Шананы аудандық комсомол комитетінің
алдына тоқтатып, аттарды доғарып жүрген арбакеш шал пора-пора терге көміліп
соңдарынан ентігіп жүгіріп жеткен Медетті көріп:

            -Айналайын-ай, тұлпардың тұяғы
деген осы-ау,- деді, таңдайын қағып, басын шайқады дәрменсіз кейіпте.

Қуанышында
шек жоқ, барлық сұраққа мүдірмей жауап беріп, комсомолға қабылданды! Ал
мектепте әрең оқып жүрген Жүректай бюродан су ұрттап алғандай аузын ашпаған
күйі сүйретіліп, сүмірейіп шықты.

            -Не болды, балам?- деген арбакешке:

            -Кеттік ауылға,қабылдамады.
Әкеме айтам бұларды, - деп бұртиды.

            -Ана балаларды да ала кетейік
те?

            -Керегі жоқ, шулап жолда ұйқы
бермейді, түге!

Дімкәс
арбакеш амалсыз көнді.

Төрт
бала аудан орталығынан ауылға жаяулап, ойнап-күліп күн орнына қонақтар тұста
жетті. Жүрген адамға суық біліне ме?

Бекен тезірек жетіп, шешесін қоса қуантпақшы, ол кісі де екі көзі
төрт боп күтіп отырған болар зарыға.

            Көшеге кіре шаң-шұң дауысты
естіп, жүрісін тездетті. Басқарма Дәулетбақ айқайлап жатыр шешесіне:

            -Ертеңнен бастап балаң өгіз
арба айдауға шықсын! Оқуды тастасын! Қарашы бұларды, оған оқу неменеге керек
екен, ей! Нәлөкті төлеңдер! Оқу  не керек
ей, бұларға!

            -Жәке, керек болса
Жүректайыңызды салыңыз жұмысқа. Балам бармайды! Өзі жақсы оқиды,
әкесінің аманаты бар оқыт деген.

            Дәулетбақ атын тебіне қамшысын
үйіріп, бірді-екілі сермеп те қалды. Бекеннің аяқ астынан жүгіріп жетіп
келгенін көріп, қамшысын шошайта тақай берді. Тұра ұмтылып тура қолында өлмекке
бар еді, шешесі зар қағып ұстап жібермеді.

            Анасының бетіне қамшы ұшы
тиіп, бармақтай  тұсы  көнтиіп 
көгеріп тұр. Сазарған  күйі,
жылап-сықтамады, қайта баласының  бетінен
сүйіп, комсомолға өтуімен  құттықтап
жатыр, ешнәрсені  білдіргісі  жоқ.

            Бекеннің тасыған  көңілі 
су сепкендей  басылды. Түні бойы
ұйықтай алмай шықты да, таң құланиектене шешесі 
жұмысқа кетісімен, киініп бұл да аудан орталығына баратын  жолға тағы түсті. Аудан орталығы  он бес шақырымдай  жерде.

            Аудандық партия  комитетіне 
сәскеде  әрең жетті.  Кешегіден 
қатты  қалжырап  қалыпты. Жаңадан  салынған 
үйде  не көп есік  көп, 
жазуларына  қарап  жүрген 
мұны хатшы келіншек:

            -Бала кімге келдің?- деді.

            -Бірінші секретарға.

            -Ол кісі бүгін адам қабылдай
алмайды.

            Үміт  арқалап жеткендегісі  осы ма, енді 
қайда  барып сахарадай  қайнаған 
мұңын  шақпақшы? Жанына жақау,
көңіліне дақ түсірген жайды кімге айтпақ? Көңілі пәстеніп, жылап жіберді. Күрең
қызыл есік сол кезде ашылды да,  үстіне
галифе, китель  киген  егде тартып қалған кісі шықты.

            -Жігіт-ау, неге жылап  отырсың? - Даусы  жұмсақ мейірімді.

Бұл
жылы  сөз жүйкесін  одан әрман 
босатты. - Жүрші, кірші бері.

Жаралы
сал қолын мойнына асып алған 
бірінші  секретарь мұның
айтқанын  асықпай, зейін қоя тыңдады.
Кеше  комсомолға  қабылданғанын 
естігенде  жымиып, қолын  ап құттықтап 
та қойды.

            -Жарайды қарағым, сөйлесеміз,
бара ғой, - деп ерекше

ілтипат  білдірді. Ер адамнан  баяғы әкесінен  кейін естіген "қарағым" деген сөз осы еді.
Бұл кісі  ауданға  жақында 
ғана  келіпті.

            Медет  арба жолға 
тағы түсті,  аш қарында жүріс өне
ме?

Қызыл
іңірде  үйге  жете 
жығылды-ау, шаршап шалдығып.

            Дәулетбақтың  жер-жебіріне 
жете  сөксе керек,  содан қайтып, тілін тарта сөйлеп,
жөн-жосықсыз  кіжініп,  тепсінуді сап 
қойды.  Әуелі  біраз уақыт өткен соң елмен бірге шешесіне
жарты  қап ұн  жазып 
берді.

            Жесір әйел  мен жетім балаға  бұл  да
болса  үлкен олжа, несібелі  талғажу 
еді.

            Қысқа  қарай 
Дәулетбақ  әкіреңдеуін  қайта бастады. Шешесін  сонау 
Құмдағы  малшыларға  шөп түсіріп беріп беруге  жіберді, өзін 
ұстаға  көмекші ғып қойды.  Түске шейін 
мектепте  сабақ оқиды, түс
ауа  ұстаханада  от жағып, қары талғанша  көрік басады.

            -Сыйынғандарың Балтағожин бе?
Бар айт тағы, жұдырықтай 

болып
арыз  айтқанша оқуды тастап, жұмыс істеп
мал таппайсың ба?

            Басқарманың  сөзі 
ылғи осылай басталады, зіркілдейді де жүреді. Сөйтсе баяғы бұл
барған  аудандық  партия комитеінің  бірінші 
секретары  Балтағожин  басқа облысқа 
қызметке ауысып кетіпті. Медет оныншыны үздік бітіріп шықққанда,  Дәулетбақтың баласы Жүректай  кластан класқа  қалып, 
оқуды біржола тастап кеткен еді.

            Әкесінің  арқасында 
босбелбеу  болып,  әр нәрсенің 
басын шалып жүретін.

            Бекен ауыл шаруашылығы институтына
қиналмай  түсті, үздік студенттер қатарында  жүріп, 
ауызға ілікті.

            Жазғы  салым  
уақыт еді.  Кезекті каникулын
алып,  сүт  тартатын 
арбамен  баяғы қара  жолмен 
ауылға  келе жатты.

Үйінің
алдында жеңіл машина тұр екен. Жүрегі 
дір ете  қалды. Есікті  аша 
бергенде  шешесі дауысты салсын
кеп. Үй толы шүпірлеген адам.  Төбе шашы
шымырлап, бүкіл өн  бойында  қан 
жүрісі  тоқтағандай  сілейіп 
тұрып қалды.  Шешесі мұны көре
дауысын тіпті үдетті.

Арманда
кеткен  жарым-ай,

Айтылмай
қалған әнім-ай.

Ақ
жүрек еді қайтейін...

Жылайды
менің жаным-ай...

            Дәл осы жиырмаға келгенше
өмірдің небір мехнат, тауқыметін тартып 
жүрсе де шешесінің  көзіне  түйір 
жас  алғанын,  жігері жасып, қайраты мүжілгенін  көргені 
жоқ-ты. Біреулер күндесе, қайраққа  жанылғандай 
қайта жігерленіп,  біреу мұқатса
намысына жарылып, Дәулетбақ сияқты 
ұрдажықтар қамшы шүйілтсе, сыздап тік тұрып  қарсы алушы еді. Жасынан  шетқаяқ 
болып өскен жетім ұлы  кейде жаны жараланып, жылап
қалса,  жанын сап,  көңіліне мият болып,  қайраттандырар  анасы 
енді міне,  арса-арса аңырап  отыр.

            -Не  болды? - деуге әрең шамасы келді. Біреу бір
тілім қағазды ұсына берді. Бекен кәне оқи алса ше? Бұрқ-бұрқ
етіп жас, түйіршіктері  ытып шығып, көз
жанарын көміп оқытпайды. Ол  бір емес,
әлденеше  рет оқыды, жаңағы  бір тілім 
қағазды. Онда әкесі Ақжол  Тұрысжановтың халық жауы  деген жаладан 
ақталғаны, ал Ақжол әкесі 1937 жылы атылып кеткені жайлы  жазылыпты. "Шынымен-ақ мәңгіге кеткенің бе?"
Бәсе, сен ерлікке лайықты жансың. Мен де сенің ізіңді басамын. Жас
жігіттің  құлын жүрегі шырқырап іштен
осылай күбірлей берді.

Есік
алдына жаңа  біткен тұяқ - жалғыз  көк 
ешкіні сойып, ауылды түгел 
шақырып құдайы тамақ берді. Келгендердің бәріне әлгі қағазды
дауыстап  оқытты.  Шешесі оны әр естіген сайын ағыл-тегіл  көз жасын 
көлдетіп жылап алады.

            Кім біледі, күйеуінің ақталғанын,
ақ  адал жан екендігіне,  ел алдына ақиқатталғанына  қуанғанынан, 
жарының нағыз дегенбай кезінде 
опат  болғанын  естігенде 
екі көзіне ие бола алмады ма? 
Соңында қалған жалғыз тұяғын 
қатарынан кем етпей  бағып-қағамын  деп ертеден қара  кешке бел шешпегені, көрген құқай-сұқайлары,
ыстық суығы бәрі-бәрі есіне түскен-ау.

            Налаланып, назаланып, іште  соқта 
болып қатқан  берішті  көз жасымен 
жуғаны болар. Баласына 
жасығанын  әсте  көрсетпей, езілгенін сездірмей, жігеріне  қамшы басып 
өсіріп,  ел санатына қосты. Енді,
енді...

            Жалғыз  ешкінің етіне шақырылған дүйім көпшілікке
шешесі:

            -Ақжолдың  жалғыз ұлы астанада оқуда. Енді рұқсат болса ертең  мен де сонда көшкелі отырмын, баламның  қасында болайын. Кір-қоңын жуып, тамағын
жасап беремін ғой уақтылы тым құрыса. Мына 
қаңыраған үйде жападан жалғызбын. Тіпті шүңкілдесіп отыратын адам жоқ
болғандықтан әбден ішқұса болып кететін 
болдым. Рұқсат беріңіздер, жамағайындар, - деді көз жасына тығылып.

            Ертесіне арбаға жүкті тиеп,
шығысқа қарай  жүретін  баяғы қос ішек қара жолға түсті.
Шешесі ел-жұртпен жылап-сықтап қоштасты. Тек көк ешкінің етіне де, шығарып
салуға да келмеген Дәулетбақтың үй-іші ғана болды.

            Балаң  жігіт 
қара  жол үстінде  ауылынан 
ұзап бара  жатқанда  шашы ерте ағарып, жүзін әжім шимайлай
бастаған  шешесі енді  бұған 
арқа  сүйейтінін, ендігі  үйдің  негізгі 
тірегі  өзі болатынын, енді өзінің
жігер-қайраты  мықты болу керектігін  анық ұқты. Ауылдан
ұзап  Қаракөтерменің  қайқаңына 
ілінгенде туып-өскен  ауылына  шешесі 
екеуі  тоқтап, ұзақ қарады.
Анасы  байғұс сонда:

- Туған 
еліңнен  қол үзбе, балам.
Ақжолдың  баласы  жатжұрт 
болып  кетті демесін. Туған
жердің  киесі қорғап, қолдап жүреді,-
деген еді.

            Институт  бітірген соң, 
алыс облысқа  қызметке  жіберілді, одан  жоғары партия 
мектебін аяқтады. Үйленді, бірнеше бала сүйді.

            Жуырда  оған баяғы 
өзі өскен  ауданға  партия комитетінің бірінші
секретары етіп  сайлады.  Баяғы өндірдей балаң жігіт араға  жиырма жыл салып барып, қайратты, мойыл қара
шашы  бурыл тартып,  сыриған ұзын денесі   сәл толысып, салмақтылық  орын 
тепкен  жүзбенен  қайта оралды.

            Мынау асфальтталған  жол баяғыда 
өзі талай жаяу  жүріп,
табанын  тасқа  тілдірген 
қара жолдың  сорабы. Селоның  микроаудан 
салынып жатқан  тұсында  бұлардың 
жер тамы  тұратын. Бағанағы  Жүректайдың 
баласы осы жерден  пәтер сұрап
жүр-ау  шамасы. Дәулетбақ  бертін қайтыс болыпты. Жүректай да мұнда
үйленсе керек, баласының үлкені Сәрсен екен. Әйелі өліп, өзі болбыр өскен  Жүректай жүдеп-ақ қалған-ау тегінде. Қой, ертең  тіке өзіне кіріп, көңіл айтып  шығайын. Қанша  дегенмен бірге өскен  жерлесі, сонан  соң 
ана  балаларды  тәрбиелеу 
мәселесін бірлесіп  шешкен  жөн болар...

            Аудандық  партия комитетінің  бірінші 
секретары  осы ойға нық  бекінгендігін 
білдіргендей  көтеріліп отырды.
Көзін ашқанда  машина сылаң қағып,
қайқаңға көтеріліп барады екен Қаракөтерменің 
үстіне шықсаң болды, туған ауылы алақандағыдай  тұра қалады.

            Бәрі  күні кеше 
сияқты-ау...