ВЕРНУТЬСЯ

    Ішкенің  алдыңда, ішпегенің  артыңда неден 
қиындық  көрдің? "Көппен  көрген 
ұлы той" деп  ауылда  жүре 
бермеймісің. Бөлініп отау 
боламын  десеңдер, даңғырлатып үй
салып  берейін.

Жоқ, қалаға  кетеміз.

Үш қыздың ортасындағы  жалғыз 
ұл деп  әлпештегеніміз  осы ма? "Әлқожа келін-баласын қолына
сыйдырмай, қалаға  тентіретіп  жіберіпті" - демей  ме жұрт. Апыр-ау, осы  қара шаңырақ сенікі  емес пе? Ана шешең екеуміз жаныңа байланып,
қалмаспыз. Ойлағаның  теріс болмас  балам.

 Баласы үндемеді. Алдындағы  кеспеге 
қарап  безеріп  отырып алған.

 Әкесі төсектің 
үстінен  жүні түсе бастаған  қоян 
құлақшынын  омып  киіп, бауын 
байлай  беріп еді, бырт үзілді.

            - Ой, әкеңнің... - Есіктің  көзінде 
тұрған  галошын  киерде 
және  бір сыздана  боқтап тастап, тарс-тұрс  шығып кетті. Баласы  да кеспені 
аузына  алмаған  күйі тұра беріп еді, шешесі кірді.

 - Тамақтарыңды тыныш ішсеңдер қайтер еді,
түге! Әкеңді  тағы  ренжіткенсің 
бе?

 Түпкі бөлмедегі диванның  үстінде керіліп-созылып  Майтан жатып алды. Бас мың-дың. Жұмыстан келген
келіншегі  ас үйді жинастырып болып,  жанына келіп отырған.

Сөйлестің бе?

Немене  сонша тақақтайсың? Асыққан  Алматыңа 
да барамыз. Көрерміз сонда алтынмен аптап, күміспен  күптеп 
қойғаныңды,- деп Майтан келіншегіне 
дүрсе қоя берді.

Өзің ғой бастаған. Қойшы
енді, мамам  естіп қояды,- деп  келіншегі 
бәйек бола қалды.

 Қарсы бөлмедегі  мұның 
бәрін  естіп  отырған 
енесі "Ә-ә,  бәленің  бәрі келіннен 
екен ғой. Аяқ астынан қала-қала 
деп қалғандары  несі  десем. Желіктіріп-желіктіріп бар
жиған-тергенді  таратып, қайтып  келмек 
қой",- деп ойлады.

 Шынына келгенде  бұл әңгімені 
бастаған  Майтанның  өзі еді. Кеше 
кешқұрым  жұмыстан  қайтып келе 
жатып  Сағындыққа  жолыққан. 
Өзімен  түйдей  құрдас сыныптасы. Қалада  ғылыми-зерттеу институтында  қызмет істейтін  көрінеді. 
Мектепті бітірген  соңғы кезде  бір-бірін 
көріп отырғаны  жаңа. Екеуі
көр-жерді  әңгімелеп  көшенің 
ортасында тұрып қалды. Бұл 
үстіндегі  май сіңген  киіміне, керзі етігіне, жалпы қазіргі  пошымына 
қатты қорланды. Сағындық та 
үйленіпті, балалары  бар.  Ол мұның 
өмірін  қазбалап сұрайды.

 - Колхозда сенбі, жексенбі  деген 
атымен жоқ, алатынымыз сендердің  жалақыларыңның 
жартысындай ғана,- деп Майтан 
кішірейіп  сала бергені. Айтарын  айтып 
алып  тағы қысылды.

 - Институтта 
оқу керек  қой саған. Онда  қалаға кел. Техникумды  бітірмеп 
пе едің. Саған  біздің  мекемеден-ақ лайықты  жұмыс 
тауып  беруге уәде етейін. Әрі
институтта сырттай оқуыңа болады, бос уақыты мол, жұмыс таза, кешкілік  дұрыс демаласың  ең 
құрыса. Мына қалың  шаңның   ішінде көміліп  қала 
бермекпісің.

 Қалтасынан 
адрес жазылған  сіріңкенің  бетіндей 
қағазды  шығарып беріп тұрып.:

Жалпы ойланып көр. Керек
болсам, хабарласарсың, - деген.

 Көшенің 
ми батпағын  былш-былш  кешіп келе жатып Майтан өзіне-өзі  қатты таңырқады. Әлі күнге дейін қалаға барса
көшелерін шатастырып, адасып кете жаздайды. Бәрін сатып  ішіп-жеуге 
де,  тақ-тұқ  отыруға 
да  көндіге алмас.  Оның 
үстіне  қалаға  барды болды , кеудесін  зіл батпан 
қысып  тұрғандай   шаршап-шалдығып  қайтады.

 Мектепте 
оқып жүргенде  инженер  болғысы 
келгені  рас-ты. Инженер
деген  сөздің өзі  бір түрлі 
әсерлі  естілетін.  Институтқа 
барды,  түсе алмады.  Армияға 
барып-келісімен  жақын жердегі  техникумды 
бітірді де,  колхозға  механик 
болып  орналасты. Ылғи  төменгі 
учаскеде  ауылдан  екі жүз 
шақырым  дала қосында  трактор 
жөндеді,  егін екті, қойшылар  үшін 
құдықтарға  мотор орнатып  берді 
дегендей  уақыт  дөңгеленіп 
өтіп жатты.

 Ауылға 
сол  жылы  Назым 
фельдшер  болып  келе қалмағанда  әлі күнге 
дейін  бойдақ болып  жүруі 
кәдік  еді.  Бір жолдасының  тойына 
барып  әжептәуір ішкен.  Әрдайым 
есік жақта, елеусіздеу  отырып
алып,  арақты баса-баса  ішетін де, 
күлімсіреп отырып-отырып, масайыңқырағанда  қалғып-мүлгіп 
үйіне қайтатын. Оның келгенін 
де,  кеткенін де  жоқтап жатқан 
жан болмайтын.  Сол тойда  да кетейін 
деп орнынан  көтеріле  бере жанындағы  қара торы 
қызға көзі түсті.

Әй, сен кімсің? - деді бұл
көктен түскендей.

Назым. Қыз жеп отырған
жұдырықтай тоқашын  қоя салып ұялып төмен
қараған.

Майтан  сол күні батылдықтың қайдан  келгенін 
білмейді, сүйрелеп биге алып шықты. Шығарып саламын деп әй-шай жоқ құшақтап,
қос қолдап қыздың сабалағанына 
қарамастан сүйгені есінде.

Үш әпкесі де тұрмысқа шығып
кеткен. Шешесі:

Келін түсірсеңші,
қашанғы  мені қазан-ошақпен  арпалыстырып 
қоясың,- дейтін күнара құдайдың зарын айтып.

Ұзамай, екі апта
өтпей-ақ  үйіне алды да келді.  Алма бақтың 
ішіне палатка  керіп,  ұлан-асыр 
той жасады. Жылға жетпей ұлды болған. 
Назым оны  бес  айлығында емшектен шығарып,  енесінің бауырына салды.  Келіншегі 
момын  жан  әйтеуір. Енесі екеуі тіл табысып, бейбіт  қатар 
өмір сүріп жатты.

 Сағындықпен арадағы әңгіме болмаса,
тірлігіне  разы еді-ау. Енді диванның
арқалығын сындырып жіберердей  шалқалай
жатып ойланса,  қалаға  шынында 
да көшу керек сияқты. 
Осындай  жас шағында  қалалық 
болып  алмаса, кейін  бала-шаға 
көбейген соң, ішегіңді 
шұбатып,  көшіп-қону  да қиын соғар-ау.

 Ауылда 
не көрді? Анда-мұнда  келген  концертке 
барады.  Клубта  балалар 
жүгіріп,  ысқырып, көрген  құрлы 
зықың  кетеді. Шілдехана, туған
күн дегендерің  арақ ішумен  тынады. 
Ақаң демекші, келіншегі  кейінгі
кезде көп  қыңқылдап жүр.  Салынып ішіп 
жүрген  бұл жоқ.  Жора-жолдас 
кездесе кетеді, көңілін қимайды, тартып 
салады. Ауызға  тиді болды, тағы
ішкісі келеді.  Сылтау көп, дос та  көп. 
Тіпті болмаса, жұмыс соңында 
өзара  қалта қағыстырып жіберіп,  бас жазысады. Кейде  артықтау 
кетіп  қалған сәттері  жігіттер 
жеткізіп тастайды.  Бәз
біреулер  сияқты  мазасыз 
емес,  келді болды,  тырайып ұйықтайды.  Түнде шөлдесе, өзі  барып су ішеді.

 - Әлкегөл боласың  өстіп 
жүріп, қойсайшы далада  ішкеніңді,-
дейді Назым. Тыңдап  жатқан бұл жоқ.
Барлап байқаса  ішкеннен  басқа мұнда 
қызық жоқ.  Қызара бөртіп
алған  жігіттердің  айтары да қанша  ішкендіктері. Ешқайсысынан жөні түзу әңгіме
естімейсің. Киім... Әй, киімге  қарап
жатқан жан жоқ.  Мынадай жерде тек
скафандрмен  жүрсең ғана таза боларсың.
Осының бәрін бұрын қалай  байқамаған,
зердесіне  салып неге пайымдамаған
десеңші? Қала  дегенің пейіш емес пе,
шіркін!

 Түнде Назымға 
қалаға көшетіндерін  айтқанда  келіншегі 
шошып түскен. Түсіндіре  келе
иліккен  әйтеуір. Жұбайы ең құрыса
арағын  қояр деп  түйген өзінше. Екеуі  сыбыр-күбірмен  сары таңға ұйықтамай шыққан. Назым кенеттен
күйеуінің бұлай ширығып, күрт шешімге келгенін ұқпады. Әуелінде  қалжыңы шығар деп ойлаған. Келіншегі тіршілік
қамы жайлы айта бастап еді:

 - Өлмеспіз. Екеулікті жұмыс істесек, күреп
таппаймыз ба? Бір-екі  жылдан соң  балконы 
күнге қараған алтыншы  қабаттан үй
аламыз. Мен  институтқа  сырттай 
оқуға түсемін, - деген 
Майтанның  қиялына  келіншегі 
де:

 - Балаларды бала-бақшаға береміз,- деп өз
қиялын  қосып  жіберіп еді, 
күйеуі бұлқан-талқан  ашулансын.

 - Әй, не деп отырсың. Әке-шешем бар ғой,
құдайға  шүкір, баланы мәпелеп сенен  жақсы бағады. 
Ауылдағы  бұл үй дача  сияқты, 
демалыста келіп тұрамыз...

 Келіншегі көп қарсы келе  бермейді. 
Енді шынымен  қалаға көшетін
болса,  өзіне қанша  жүк түседі. 
Жұмыстан  шығу  проблема, қағаз  толтырудан артық  азап жоқ. 
Әркімнің  соңынан  қол қойдыру 
үшін ғана  бүкең-бүкең  жүгіріп 
жүргенің.

 Қалаға бара қалдық делік, прописка  деген қызылкөз  бәлесі бар дейді. Пәлен-пәштүгендеп  қаржы төлеу керек  дейді. Содан 
көше қоймай  пәтер іздеп келіп.
Иттің ұясындай  неменеге  айлығыңның жартысын беріп тұру керек.
Келіншегін  жұмысқа орналастыру ... Өзі
тағы  қағаз толтырып кеңседен-кеңсеге
жүгіру... Қамал алумен пара-пар іс емес пе бұларың.

 Қой, Сағындыққа, үй ішіне  түгел 
айтып, уәде берген соң кету керек-ақ. "Шешінген судан тайынбас та". Қала
өмірі басқаша.

 Ол 
орнынан  серпіле  тұрып, столға сұрау белгісіндей  имие 
отыра қалды да,  арыз жазуға
кірісті. Колхоз басқармасынан  жұмыстан
босатуды  сұранбақ. Бір жазғанын  үш мәрте көшірді. Төс қалтасына арызды бүктеп
салды да,   секиген бұйра шашын  бастыра кепкісін  киіп, 
сыртқа  шықты.

 Көктемнің 
күні қыза  бастаған.  Қыстың 
соңғы  сүр  қарлары  
жермен-жексен  жабысып  көлеңкелерде, сайдың  ернеу 
тұсында  бой көрсетіп қалады.
Басқан  ізге  лезде 
су шүпілдеп, жол  бойы  мыж-мыж езіліп жатыр.

            Кеңсе алдында 
бейсауыт  жан жоқ,  іші де 
тып-тыныш. Басқарма  төрағасының
есігі кілттеулі тұр екен. Шашын 
қобырайтып үйген, қуыршақтай хатшы қыз 
тық-тық   машинка 
басып отыр. Бұрыла бергенде:

 - Вам 
кого? - деп тақ ете қалды. Көзін сия сауыттың ернеуіндей  дөңгелете 
бояп қойған  қуыршақ  қыздың 
еріні қаймақтана қалыпты.

 - Басқарма керек еді.

 - Жолдас Сапарғалиев ауданға кетті. Неге  келіп едіңіз?

 - Жұмыстан шықпақ боп...

 - Колхоздан шығуға бола ма? Ол үшін  обходной 
лист  толтыруыңыз  керек.. мына 
кісілердің  бәріне  қарсы еместігі  жөнінде 
қол қойдырасыз, сосын 
председатель...

 Алақандай қағаздың бетінде он шақты  адамның 
фамилиясы тұр. Ең соңында әкесінің фамилиясын көргенде ток ұрғандай  қалшиып 
қалды.

Ал, біреу-міреу  қарсы болсашы?

Онда шығармайды.

Майтан сыртқа  сүйретіле шықты.  Іздеген 
жаннан  бар тапқаны  кәсіподақ 
ұйымының  председателі. Оның
аядай  кеңсесінің  іші көк 
түтін.  Бұл бұқпантайлап  шеттегі 
сықырлауық  орындықтың  біріне 
отыра кеткен. Председатель 
алдындағы  екі адамға екілене
айқайлап  жатыр.

- Егінді  ертеңнен 
қалдырмау керек.  Ертеңнен! Басқа
шаруашылықтар себуге кіріскенде 
сендер  үйде шалжиып  жатпақсыңдар. Шеберханада  бірде-бір 
техника  тоқтап  тұрмауы тиіс!

- Түсінікті, Жүке!

- Бұл іске басыңмен жауап
бересіңдер, басыңмен. Түсінікті ме? - Екеуі жылыстап шыға  беріп еді:

- Әй, түсінікті ме, ей? - деп
айқай салды.

- Мақұл, мақұл.

- Жарайды, Жүке.

Есік лып жабылды.
Председатель  құшырлана  темекі сорды. Саусақтары  дір-дір 
етеді. Сосын аяғын 
сықыр-сықыр  еткізе орнынан  тұрып барып терезені ашты.  Сырттан 
самал  соқты.  Жанға 
жайлы самал.  Темекі түтіні жел
қуған  бұлттай  жөңкіле, көше 
жөнелді.

Қолын сермеп, үстелінен бері
секіріп түсетіндей  екіленген  айбарлы 
жан қазір мыжырайған   шалға айнала
қалды. Шашы жуаси жығылып маңдайында 
иероглифтей  әжім қатпарланған,
иығы қушиып ішіне кірген. Арық, ұзын 
саусақтарымен  қыса ұстаған
темекісін  түбіне шейін  қақтап сорып тауысқанда ғана көзін ашты.

- Сен неғып отырсың?- Мұны
жаңа көргендей. Даусы құмығып шықты. 
Шаршадым. Шал болып қалдық қой. Егінді уақтысында бітіруіміз керек қой
балам, ә?

- Мынаған... қол қойсаңыз,-
деп алдына хатшы қыз  берген қағазды
сырғыта тастай салды. Шал қағаздың үстіне төне түсіп, көзілдірігін киді.
Дәу  мүйіз  көзілдірігі 
мұрнының  ұшында ғана ілініп тұр.

- Әй, иттің баласы, мынауың
не?

Қатты айқайдан селк ете
қалды. Председательдің  жаңа
тынышталған  ши саусақтары  үстел үстінде 
барабан  соққандай  селкілдеп кетіпті.

- Әй, сені  кім қалаға желіктіріп жүр? Мына себілмей
жатқан егін не, сен не? Қалаға де! Сенің әкең Әлқожа  екеуміз 
мына колхозды  құрып,  көркейтіп, сендерге  табыстаймыз 
ба  десек. Ол екеуміз  кім үшін 
соғыстық. Ол қолдан, мен аяқтан 
айырылдым. Немістің  жалғыз
оғына  жалынып,  әкең өліп кеткенде  сендей шірік 
тумас та еді.

Дәл манағы айбарлы қалпы.
Шашы  соғысар  қораздай 
дүрдиіп, көзінен  шоқ ұшқындайды,
орнынан  атып тұрып,  қолын сермеп айқайлап жатыр.

- Әкең ынжық қой сені  ерке өсірген. Мынадай  топырағы 
иіген  жерден  кету - қылмыс. Дәл қазір, егін себер
кезде  кету  барып 
тұрған  опасыздық!

Бұл кісі әкесімен  құрдас. Екеуі 
қатты қалжыңдасады. Ел: "Қатал, айтқанынан  қайтпайтын 
жан", - дейді   бұл шалды 
сыртынан. Сәл  қисық  ісіңді 
көрсе болды, бетің  бар  жүзің бар 
демей жиналысқа  салады.
Колхозшылардың  көбісі  сондықтан да сыртынан  айналып өтуге 
тырысады. Көңілі  келгенге - көл,
келмегенге - шөлдің нағыз өзі. Соғыста 
контузия болғанға  ма,
айқайлап  ұрсатыны бар. Ондайда үндемей
құтылған абзал. Биыл пенсияға шықпақшы. Шынында да ержүрек  дерсің. Ауылдағы орден-медалі  ең көбі де 
осы кісі. Жалғыз ұлы 
Мәскеуде  оқып жүр. Әкесіне
тартқан тік, толқын-толқын  мойыл қара
шашты, ұзын  бойлы  жігіт 
болғанымен, өзін  тым салмақты
ұстайды.

- Мә! - деп  қағазды 
бұған қарата  лақтырып  жіберді председатель. Қағаз жаман  қарғаша 
жалбаңдай  ұшып,  алдына келіп түсті.  Ала сап сыртқа  атып шығып, 
ашып қараса: "100 процент қарсымын", - деп  бағжитып жазыпты. 

Көшеге  жан біте бастапты. Оқушылар мектептен қайтып
келеді. Тұрып-тұрып мектепке барғысы келді, биыл салынған  спорт залында 
доп ойнамаққа  оқталды.  Доп қумағалы 
да көп болыпты. Қатар-қатар 
салынған  екі-үш  дүкеннің 
алдынан  қиып өтіп бара жатқанда:

- Майтан,-деді әлдекім. Бұл
жан-жағына  алақтап  қараған, ешкім  көрінбейді. Сөйтсе,  дүкеннің 
артындағы  қоршаудың  қақпасынан 
екі құлағы салбыраған  тышқан  құлақшын 
жылт  көрінді де жоқ болды.

Қақпа  ішінде 
үш жігіт  отыр. Бәрі
ыржалаңдап  күле береді. Ортада жаңа ғана
аузы ашылған "Портвейн" шарабы.  

- Кел, тізе бүк!
Бүгіннен  кейін  егін-егін деп ауылды ұмытармыз.

- Ой, обал-ақ болды саған.
Шымылдығың  желпілдеп тұр ма  еді соншама!

- Ал, Майтан  басып жібер!

Біреуі  қалтасынан 
бармақтай  құрт  алып, 
тісімен қырт  еткізіп бөліп,
ұсынды.  Суық  шарап көзін 
шырадай  жандырды.
Алдарындағы  екі  бөтелке түгесілді. Әрқайсысы  анадай 
жерде  үюлі  тұрған 
қыш  кірпіштер  әкеліп, 
орындық жасап  алған.

Биыл, Шәріп, тағы да алға
шығатын  шығарсың?

Шәріп  дегені - төртбақ, қысық көз жігіт.
Үндемей  төмен  қарап күлім-күлім етеді.

- Ал, осы  сен неге 
бір рет болса да  жарқырап  алға шықпайсың осы? - Майтан көбірек  есіп 
сөйлеп  отырған  шикіл сары, көккөз  жігітке 
тиісті. Анау  су  ұрттағандай 
күмілжіп қалды.

- Болмайды, жолым болмайды.
Трактор да сына береді, құрғыр. Оны тез 
жөндеп алам  ғой. Ұйқы  деген пәлені 
айтсаңшы, құрғыр. Оны жақсылап 
қандырмасам жұмыс болмайды, құрғыр.

- Өзің қорқақ болғаныңмен
батырларша ұйықтаймын десеңші.

- Сағындықты көрдім,-
деген  сөз арасында Майтан.

- Ой, соны қойшы,
шәртиіп  әлдеқандай  болады да жүреді ауылға  келсе. Былтыр 
үйіне  барсам, ені мен  көлденеңі бір 
құлаш  қана бөлмеде тұрады екен,
құрғыр.  Не құйған  арағы жоқ, не берген тамағы жоқ. Таңсәріде
ерте тұрдым да,  кетіп қалдым.
Шақырып  қоймаған  соң барсам, құрғыр.

Шикіл сары  шырт 
түкірініп,  Сағындықтың  қанша жалақы алатыны, оның қанша процентін  пәтерге 
төлейтіні, әйелі екіқабат, жұмыс істемейтіні  жөнінде жыр етеді. Не  керек қала өмірінен түңіліп қайтыпты.

- Шіркін, ауылға  не жетсін,-деп  Шәріп 
күлімсірей  терең  дем алды. 
Маңдайы шып-шып  терлепті.
Күпәйкесінің жеңімен сүйкеп тастады.  Оң
жақ  ұртында  қара май 
жұққан  саусақтың ізі  мөрдей 
дөңгеленіп  қалған.

- Қалада  түрмеде 
қамалғандай  он күн  болғанша, мұнда  бір күн 
болғаным жақсы  құрғыр. Ең
аяғы  трактор  айдасаң 
да жолы кең. - Шәріп  үйіне
шақырды. "Балалы болатын  болдық"
деді  еңк-еңк күліп. Гүжілдесіп
түннің  бір уағына дейін сонда болысты.

Майтанның буыны босап,
қызуы  басына шыққан. Шәріп  екеуі 
көшедегі  лайсаңды  былш-былш 
басып,  қолтықтасып  келеді. Түнгі 
желкемді  де елер  емес, 
алқам-салқам.

- Мен қалаға кететін болдым,
біржола кетем,- деген бұл.

- Сен кетсең мен де кетем.
Бригаді түгел кетеді,- деген  мықыр  жігіт мұны жиылып қалған  қақ  судан
әңгелекше  көтеріп  өткізді. Сосын  екеуі 
бір-бірінің  беттерінен  шөп-шөп 
сүйісті. Шәріп  еңкілдеп  жылап 
қоя бергені.  Мұның да көңілі
босаған.

- Неге жылайсың?

Шәріп атадан жалғыз тұяқ  екенін, келіншегі  ұл туса деп 
ойлайтынын  айтты,  біреулердің 
бұл  биылғы  егінде де 
бірінші  орынды алып қояды  деп 
траторын  бұзып,  бөлшектерін 
ұрлайтынын  айтты,  егер 
Майтан  кетсе,  биыл 
колхоз бойынша чемпион бола алмайтынын айтты.

Көктегі  дір-дір жаурап тұрған жұлдыздарға қарап:

- Жоқ,  мен кетемін, Шәріп,- деген. Төртбақ жігіт
еңкілдей жылап  жүріп қайтып кетті,
бұған  өлердей  ренжіп кетті. 
"Мейлі, Майтандай  механик  тауып көрсін!"

Есікті келіншегі  ашты... Суықтан шіміркеніп тұр.

- Ты-ын-ыыш... Папам  да жаңа келді.  Қызу...- Ол 
кісі мүлде  ішпеуші  еді ғой. Ықылық  атқан күйі 
өздерінің  бөлмесіне  барып, төсекке  құлап түсті. Сыртқы  есікті жауып қайта кіріп:

- Тамағыңды ішсеңші,- деген
келіншегі  қор ете  қалған 
күйеуін  көріп, оның белуардан  балшыққа малынған  резеңке 
етігін  шеше алмай  біраз әуреге 
түсті.

... Жаңбыр жауып жатыр деп
ойлаған. Тысыр-тысыр, тысыр-тысыр. Үдеп барады. Келіншегі түртіп оятты. Үй-іші
қаракөбең. Терезені біреу қаққылайды. 
Үңіліп қараса ат  үстінен  қамшысымен терезені ұрғылап  тұрған бригадирі. Жүгіріп терезенің үстіңгі
көзін ашты.

-Майтан, әлгі  Базаркүлдің касемсоты  бұзылып, егінге  шықпай қалды. Тез келші!- деді де  бригадир 
ұзын мұртының  ұшын бұрап қойып,
атының  басын  бұрып 
жорғалата жөнелді.

Асып-сасып, апыл-ғұпыл  киінді. Ешкімді  оятып алғысы 
жоқ. Қатты  ішкен күннің  ертесі 
елдің  бәрінен ұялып,  төменшіктей береді. Әсіресе, келіншегі ақыл
айтқанда  бетінен оты шығады -ау.  Еш уақытта қарсы келмейтін Назым  дәл осы 
осал тұсында  мұны жер  ғып 
тастап,  кәдімгідей  құлаш-құлаш 
ақыл  айтарын  қайтерсің.

Қарсы бөлменің есігі сәл ашық
қалыпты. Әкесі де киініп жатса керек. Ол кісі қамбашы. күнде ерте  тұрады. 
Бір ожау  тісін сындырардай  тастай 
суды  сіміре  сап, 
тез далаға  шығып кетті.

Таң әлі ата қоймапты.
Аулада  қарасуық  бар. 
Ұстара  жүзіндей  қырау 
жерді болар-болмас  қана  жауып 
қалған. Қақ    сулардың 
бетіне  әйнек мұздар
түзіліпті.  От қатқақпен  жүгіре 
басып,  шеберханаға  қарай бет алды.

Колхозда  тракторшы 
төрт қыз  бар. Соның  ішіндегі 
Базаркүлге  К-700  тракторын 
бергізген өзі еді. Пысық, өз ісін 
білетін іскер көрінген. "Қай жері бұзылып қалды екен, ә? Жер кеуіп
кететін болды ғой. Екінші  бригададан  биыл қалсақ, 
онда  Майтан  атым 
құрсын  деп ант-су  ішіп 
жүргендегісі  мынау. Ұят-ақ, ұят".

Қалтасынан  темекісін 
ала бергенде  кешегі жапырақ
қағаз  бірге іліге  шықты. Оны 
жаңа көргендей  тесіле қарап
біраз  тұрды. Сосын  мырс 
күліп төртке бөлді де, табанымен балшыққа  басып мыжып тастады.

Таңсәріде  жолдың 
лайсаңына  да қарамай  бұйра 
бас  жас жігіт - бригада  механигі 
шеберханаға  қарай құстай
ұшып  келе жатты...