ВЕРНУТЬСЯ

     Түске тырмыса күн жылынып, қар
соқта-соқта еріді. Төңірек түгел лайсаң, табан тірер тұстың бәрі іркінді су,
ыбылжыған балшық.

            -Әй, лақтырма!

Тышқан жағалы, тік иық пальтосының белін қынай
буынған толықша келіншек ұстап келе жатқан екі бөлкесінің біреуін жол жиегіне
түсіріп алды да, ылжырап су болған нанды ала сала анадай жердегі қоқысқа
арналған жәшікке тастай берді.

            -Әй, лақтырма деймін!

Дөңгелекті кішкене арбашаға жарты қап шекілдеуік
тиеп алған қоңқақ мұрынды, мұртына ақ жүгіре бастаған қара сұр кісі кіжіне
екінші мәрте айқайлады. Келіншек әлгіге ашулана жалт бұрылып, көзін ажырайта
таңдана қарап тұрды да:

            -Дедушка, онда сенің шаруаң
болмасын!- деп, адымын жеделдете басып, шалшық суды шалпылдатып ұзай берді.

            - 
Ақымақ! Нан қадірін  білмейді-ау,
қап!..

Шекілдеуік
сатушы бұлқан-талқан ашуланды, шеке тамырлары жарылардай көкбілеуленіп кетіпті.
Бөтен қалада бәрі таңсық,  екі аяғы қара
санынан жоқ, арбашасын  қолмен  жүргізіп жүрген қара сұр  кісіге 
бәріміз қарасып  қалдық.

            -Сонша неге ашуландыңыз, ата? -
дедім мен бір стақан шекілдеуік алып жатып. Ол мені мазақтап тұрған жоқ па
дегендей  көзін сығырайта, сынай қарады.

            -Білмейді ғой, білмейді. - Олар  басындағы 
киіз қалпағын  шешіп білегіне  қағып-қағып қайда киді.  Ана таудың 
басындағы  бар қар  дәл осы 
шалдың   төбесіне көшіп
келгендей  әппақ, бір тал қара шаш жоқ.

            -Бұл өзі  үлкен әңгіме қарағым. Қашан  жүретін  едің. - Мен уақытымды айттым. - Балам, автобусың  жүргенше айтайын,
онда.

Әңгімеге құлдық білдіргеніме  разы 
кейіппен  тіктеле қарады.  Жанары отты, әлі  көмескіленбеген ұшқындар кейде суланып, мұңға
оранғандай  болады да, іле  шуағын 
жайып, жайдарыланады. Әдетте 
мұндай  адамдар  қалжыңбас 
келеді. Ол сіңірлі  қос
қолымен  арбасын  бұрып 
жүргізіп, күн шуаққа  келіп
отырды. Күңгірлеген  дауыспен  әңгімесін 
бастап кетті.

            - Қасиетіңнен  айналайын  бұл нанның 
құдіреті, киесі болады қарағым. Иә, күлмей-ақ қой, шын айтам. Мен
Кавказда бұдан бәленбай жыл бұрын  бір колхоздың білдей  басқармасы  едім. - Осыны 
ойлаудың  өзі ауыр  екенін 
сездіргендей  әжімді  маңдайы 
жиырыла қалды. - Дәуренім  жүріп
тұрған кез: сөз өтімді, жұмыстың  бар
саласы  дүркіреп тұр, көңіл көтеріңкі.
Еститінім ылғи мақтау, марапаттау. Тек қана өзім мінетін екі ат ұстаймын,
біреуі - тайпалма жорға, екіншісі - суырылған жүйрік. Ел деген қоғаша
жапырылып, құрақша елпілдеп, айтқанды  
екі ат етпейді. Күнде бір үй қонаққа шақырады. Шарапты бастан тәуір  көруші ем, кейін сілейте  ішуді шығардым.

            Балам
несін айтасың, мына  маңдайыңда
жарқыраған  екі  көзіңе 
ешуақ шел бітпесін. Шел бітсе көкірегің  су қараңғы 
болып,  жанарыңды бітеп,
өзіңді  еркелетер елің, ардақ тұтар  халқыңнан 
айырылдым дей бер. Ақыры бірдеңеге 
барып  оңбай ұрынасың, омақаса  жығыласың. "Құрбақаны  кілемге отырғызып қойсаң да, батпаққа қашады"
демекші, басың  айналды  дегенше, біттім дей бер.

            Иә, ол кезде  күнде жиын, күнде той. Өзімше тамаша  дәурен сүріп жатырмын, менен асқан  бақытты жан жоқ.

            Әлі есімде мақпал түнді шілде айы.
Қонақтан түн жарымы ауа шайқала қайтып келе жатқанмын. Бұл колхозда мені үйіне
шақырмаған  жан жоқ, деген оймен  буыма 
пісіп,  рахаттанған  күйде ақбоз аттың  үстінде 
тербеліп келе жатып, Бану  әжейдің
үйін байқап  қалдым. Оның құжырханасы
ауыл іргесіндегі  тауға  жанай салынған  титімдей 
жеркепе-тін. Төбесіне  қурай өсіп,
терезесінің  жартысы  жерге сіңіп кеткен  атам заманғы үйлердің бірі.

            "Ау, бұл Бану әже мені неге
қонаққа  шақырмайды, ә? Қарашы мұның
менсінбеуін?" ат басын жұлқа дереу солай бұрдым. Есік алдындағы  әбден алжыған, әлі жүні түспеген  кәрі төбет мыңқ деуге  дәрмені жоқ, қазандай басын  еріне көтерді де, аузын айқара ашып, таза
ауаны бір жұтып ап, қайта  қалғып кетті.

Кемпір
сергек екен, тез оянып, гәлөшін гүрп-гүрп сүйретіп кеп ілгекті ашты. Ішке  кіргенімде өлі су мен  көгерген мүктің иісі  бұрқ ете түсті, аузы мұрнымды басып, тыжырына
қалдым. Кемпір сасқалақтап  жүріп,
екі  жерге өлімсіретіп шырағдан жақты,
төрге тері бөстек төседі.

            -Бану әже,  сіз неге басқарманы қонаққа шақырмайсыз?

            -Шақырам ғой, шақырам. Сабантой  өтсін... сосын әлі жинап
шақырам.

            -Арақ бар ма үйіңде?

            -Жоқ шырағым, ашытқам жоқ. Оны кім ішеді деп еді...

            -Кеттім онда!

            -Қап, ұят болды-ау. Мынау  биылғы
жылғы  бидайдың ұнынан  пісірілген  күлше. Сейполданың  жолдасы 
едің ғой, ала ғой қарағым.

            Кемпір  екі 
қолында екі күлше  ұстап  тұр екен. Күлше  болғанда 
баяғыда  біздің  шешелеріміз 
пісіретін  бөрткен  айдай 
топ-томпақ қызыл күрең.

            -Керегі жоқ, мен кішкентай бала
емеспін. Білдің бе?

Қаным басыма шауып, бұрқ-сарқ  ашуланайын. "Мына түйтиген қара кемпір  колхоздың
маңдайындағы  жалғыз бастығына күлше
ұсынып... Қап, қорлығын-ай... Онысы  несі-ей?
Арақ-шарап сақтап қоймай ма? Менің 
босағасын аттағанымның  өзі бақыт
емес пе оған? Енді мың рет шақырса да келмеспін де, бұл үйді көрмеспін. Не
деген  қараңғылық, надандық. «Аттай бергенімде  кемпірдің
дірілдеген  қолынан  наны жерге 
түсіп кетті. Неге, қалай екенін білмеймін, әлгі жұмырықтай көмпиіп піскен күлшенің  біреуін табаныммен таптап, ал екіншісін теуіп өте бердім.
Мыжылған күлшені көтеріп алу, қайырылып қарау қаперіме де кірмеді. - Обалы-ай,
обалы-ай!..- деп күйкиген кемпір шөкелеп отыра кетіп, әлгі нанға еңкейгенін
шала аңғардым.

             Топсасы босап, шиқылдап тұрған есікті теуіп ашып, оқтаудай қатқан ақбозға қарғып
міндім. Сұп-сұлу, сүмпиген жүйрігімнің сауырына қамшыны көсіп-көсіп
жібергенімде әншейінде үзеңгі қағыстан ытырылып тұратын жарау ат жұлдыздай
ақты. Жүйткіп келе жатып пышаққа ілінгір аяқ асты жалт бергені. Көшенің
ортасынан ырғи жөнелген қап-қара мысықтан үркіпті. Қамсыз ортасынан мен сонадай
жерге жұлындай ұшып түстім. Ет қызуымен қарғып тұра берем деп, белі кеткен
түйедей кирелеңдеп отыра кеттім. Жүгенін сүйреткен ақбоз анадай жерде құлағын
тікірейтіп осқырынып тұр.

             Жүре алсамшы, аяқтарым күйіп, алып барады. Аттам жерге
зар болып, қолды таяныш қылып, сырғып жақындайын десем, үркектеп атым
жолатпайды. Жандәрмен аласұрып, дөңгелеп, дөңбекшіп барып, әлдекімнің қақпасын
қақтым. Қожайыны шығып, көршілер жиналып, көтеріп үйге алып кірді.

 Не керек, екі аяғым күбідей
ісіп, қап-қара боп кетіпті.

Апармаған
жер, қаратпаған адам, қолданбаған ем қалмады. Ақыры қара саннан екі аяғымды
бірдей шолтитып кестіріп тындым. Әйтпеген күнде қаным бұзылып, жүрекке шауып,
өмірден біржола кетуім керек деген соң амалсыз көндім.

 Ауруханада екі аяқтан бірдей
айырылып, қарыс жер жүруге зар болып, төсекке амалсыз байланып жатқан сәтте бұл
басыма не келіп, нелер кетпеді дейсің. Дүниені терезе арқылы ғана көріп,
көңілім құлазып, көзім бозарып жатқанда жүректі бір ащы ой кеміре беруші еді.

            -... Бірде сол Бану әже келіпті
ауруханаға. Келді де көз

жасын
көл ғып жылады, екі көзім төбені тесіп тесірейіп үн-түнсіз жатып алдым.
Сорайып, құр сүйектері саудырап қалған кемпір екі алақанын жайып, сұңқылдады-ай
дерсің.

            -Ахмет-ау, жаныңа пида де.
Күйеуім мен өзіңнің итжейде құрдасың жалғыз балам Сейполда соғыста өлді дегенде
бір рет өлген едім, міне, тағы да жер болып отырмын. Мынау әнеу күнгі күлше
еді, жей қойшы. Сонда ғана нанның киесі қайтады,- деп қол басындай сыңар
күлшені ұсынды. Қатқан күлшені бүкіл палата болып, бөлісіп жедік, сан түрлі
сырқатпен жатқан науқастар өздеріне ырым ғып, бір-бір шөкімнен түйірін
қалдырмай талап кетті.

            Келер жылы біздің жақта жалғыз
дән егін шықпай, ел көп зардап шекті.

Ауылға
қайта баруға бетім шыдамады. Кесілген қос аяқ қара  қотырланып жазылған соң, осындағы туыстарыма
көшіп келіп, етікші болып істедім. Басқа салса бар кәсіпті үйренеді екенсің.
Бұл жер мені етікші Ахмет ретінде ғана біледі. Қазір енді пенсиядамын.
Азын-аулақ бау-бақшам бар. Бір жағы ел-жұртты көрейін деп, анда-мұнда шемішке  сатуды 
сылтауратып, осылай көшеге шығатын әдетім, қарағым.

            Біз көшіп кеткен соң екі жылдан кейін Бану әже қайтыс
болыпты. Асыл жан соңғы демі үзілгенше сол бір түндегі оқиға, осы кешірілмес
күнәм жайлы жан адамға тіс жармапты. Сол сырды өзімен бірге ала кетіпті.

            Ал, менің түсіме қолдары
дірілдеп, қос күлше ұсынған сол әже әлі күнге дейін кіреді, ылғи шошып оянамын
қара терге түсіп.

            -Сау болыңыз ата, автобусым
келіп қалды.

            -Жолың болсын, қарағым. Саған
нанның киесі жайлы тағы

бір
әңгіме айтайын деп едім...

Екі
аяғы жоқ домаланған қарасұр беймәлім адамның әңгімесі, ой-жүйемді түгел қамалап
алған мен автобустың артқы орындықтарының біріне отырып, нан, оның киесі туралы
ойландым...