ВЕРНУТЬСЯ

     Біз
биік таудың  етегіне күн ұясына  батып 
бара  жатқанда  әрең жеттік. Мамыр мейрамын  тауда өткізбек  болып көптен 
бері келіссек те, бүгін ырғалып жырғалып,  жиналып шыққанша түс  болды. 
Әрқайсымыздың  арқамызда  бір-бір 
жол қапшығы. Жол  ирелең, биік
әрі  ауыр. Қыздар әзілдегенсіп,  бар жүкті жігіттерге артып қойған.
Қолдарындағы  дүрбі, шағын  магнитофон, фотоаппарат  сияқты 
заттарын  бұлғаңдатып, маңдайдан
шып-шып  тер шыққанда  біз жаққа 
күле  қарайды. Жолда  бір малшыдан 
өгіз сұрап  алып,  ауыр 
жүгімізді  соған арттық. Қала қыздары  өгізге екі -үштен мінгесіп,  мәре - сәре болды да қалды.

            Ол жаққа  еріксіз 
қарай  беремін. Маған  осы 
қыз тым  ыстық. Сезім  арнасы 
өзінің  жібек  жібін 
жалғап  жіберіп, оны  нұсқағандай. Қатар-қатар тізілген  әппақ 
тістерін  көрсете  күлген 
сәтте  еріксіз жымиып тұрғанымды,
ынтызарлықпен  қарағанымды байқамай  қаламын.

            Есік-терезесі  жоқ аңғал-саңғал  болған ескі  омарташының 
үйінің  жанына  келіп, жүкті 
түсіріп, үлкен  от жақтық. От  алауы 
көкке шалқи жөнелді. Әлсін-әлсін 
жанары  жарқыраған  жаңағы 
қызға  көзім түсіп  кетеді. 
Әне,  ақ маржан тістерін  көрсете 
тағы күлді. Қу ағаш  шоғы  қан қызыл 
болады да, іле күлгін  түстеніп
сала береді.  Ортада  жайнаған 
оттың қозы  мың құбылады.
Менің  ойым  да  сан
тарау  мың  жүлгеленіп, сапырылысуда. Өзімді -өзім  қамшылап, бүгінгі  кеште 
қайтсем  де Рәгүлге  сыр 
тізбектерін  сабақтап,
бойымда  бұлқан-талқан  болып 
жүрген сезім жүгін 
түсіндірмекпін. Әрқашанда 
көкейге  құс болып оралатын  арман 
болған  осы  қыз міне - қасымда.

            Неге 
екенін  қайдам, оның  алдында 
берекем кетеді, сасып айтайын 
дегенімді керісінше айтып, күлкіге 
ұшыраймын  да жүремін. Ал, жеке,
екеуден екеу қалуға  дәтім жетпейтін  сияқты. Оған 
бар жақсылықты үйіп төккім-ақ келеді, жан  дүниемдегі  сезімнің шынайы  мөлдір шықтарын ұқса деймін...

            Магнитофонды  ойнатып қойып,  көк майса шөп үстінде  қызыл 
іңірленген  от  алауымен 
елес-елес билеп  жүргендерге  қарадым. 
Қарадым да,  төңірегін  тұманды 
көзбен,  бұлтты  кеудемен 
ғана  аңғаратын, әр өткен күн
емес, жылдарына қайырылып қарамайтын осылардың 
бұнысына  не жорық дедім.
Рәгүлді  қарашы, тіпті  уылжыған 
жас қой. Кеше  ғана  мектеп бітіріп, міне,  студенттік 
өмірдің  алғашқы  жылының 
іргесін қалапты. Әне, ол да  ана
топпен  бірге селкілдей билейді.
Әншейінде  сабырлы, тіпті ұяң көрінетін.
Түсініксіз, әр  күнді баянсыз, түкке  тұрғысыз 
ырың-жырыңмен өткізгендеріне  мәз
бе  бұлар сонда?

            Ойпырым-ай, бұлар  менің 
көре  алмағандықтан шыққан  ойларым 
ғой деймін. Өзімнің  де  бітіріп тастағаным  шамалы: Армия қатарынан жаңа келдім.
Құрылысшымын. Кейде-кейде  осындай  ернеуінен 
асқан  қуанышқа,
замандастарымның  жарқылдай  күлгеніне тосырқай  қарайтын 
жыным  бар. Жеке  барып, жалғыз қалып, ой тұңғиығына  күмп сүңгігенді ұнатамын. Жылт еткен  үміт, әсем күй - сол қыздың  тұнық 
жанарына  барып тіреледі.

            Қызық  қой өмір. Армиядан  келген 
күні  бір жолдасымның  туған күні болды.  Сол кеште 
көрген  едім  осы қызды. Төгілген  жуан 
бұрым, қос өрім шашты қыздарды 
бұрыннан  жақсы көремін.
Өзінің  бар сұлулығын, әйелге  бітетін нәзіктігін  көрсететін 
сол қолаң  шашты қыздарға   ақ жол тілеп, ішім жылып  тұрады. Сол 
жолы  да толықша  келген  жас қыздың 
белін  құшып жатқан  ұзын қос өрім 
шашына, екі жауқазын  гүл -  ақ көбелек түстес  бантигіне 
сұқтана  қарағанмын. Сұқтана  қарадым 
да үлбіреген  мына уыз  бейнеге 
аса көрік  беріп тұрған  қос өрім бұрымның  ғұмырлылығын 
тіледім. Кейін де әртүрлі 
сауықта  жиі  кездесіп 
тұрдық. Мені  өз ағасындай көреді,
қарындастық кейіппен  еркін  әңгімелеседі. Маған  бірте-бірте 
оның  алақандай  ұялы 
жәудір  көзі, қатар-қатар  тізілген 
күріштей  тістері, сұңғақ  бойы 
жылылық  сыйлап, тезірек  көрсемші 
деген  тілек  дегбірімді 
алады. Оған  деген  көмескі 
ой,  жылтыр  сезім, тайғанақ  құмарлық 
емес, байсалды да байыпты  бір
іңкәрлік  жаулап  алған еді. 
Ұяңдық деген  маған
ежелден сіңген әдет. Онымен кездесу -  азап,  ауыр 
сын-сәт  сияқты. Талай-талай  оңтайлы 
кезде,  оңаша  сәтте 
тамағыма  тығылып тұрған  сан 
ойдың  сыр  сандығын 
ашып-ақ  жібергім  келеді. Бірақ...

            Мені 
осы "бірақ" құртады. Өзін 
арқа  тұтып, "аға" деп  тұрған адамның  көңіліне қаяу 
түсіріп, ренжітіп алам-ау дегенде 
отырып  қала беремін.
Мазалаған  осы  жіпсіз 
байлаудан  қалай құтыларымды  және білмеймін. Кездейсоқ  көзбе-көз 
кездесіп  қалсақ,  тостаған 
жанарын  бұрып  әкете 
береді.  Бұл не, мендегі   құндақтаулы сырды айтқызбай  ұққаны ма? Жоқ, сол  жәудіреген 
кейпі  менен  ағалық 
ықылас, ағалық  алақан  күте ме? Кейде  сол 
арамыздан  пердені  сыпырып 
тастайтын  қуат, күш жоқ та сияқты
болып көрінеді.

            Отқа 
тағы да  омарташының  ескі үйінен 
жұлынып алынған есік  терезелердің  кәсектері тасталды. Қоз маздай жөнелді.
Магнитофоннан  Огинскийдің атақты
"Полонезі" төгіледі. Адам түсінбес 
тылсым сезім буып  алып, жетпес
қиялдар, сағыныш саздары  кеудені қысады.
Рәгүлдің  өзі келіп, биге шақырды. Жаңағы
қонақтаған, мың құлпырған сезімге  бөгіп,
би ырғағына бөленіп билей бердік. Жаным шуаққа толып тұр, құшағымда Рәгүл. От
жалынынан  екеуміздің  көлбең-көлбең 
еткен  көлеңкеміз, қыздың ұзын қос
бұрымы толқиды. Жалынмен  нұрланған  қыз 
жүзі  алабұртып, жайнай  түскен.

            Бір ауыз  тілге 
келмей іштей  ұғысқандай  минуттар 
еді. Қыз: "Рахмет, ағай" дегенде 
ғана  оның  белінен 
қолым  ажырады. Буырқанып  келіп-келіп, арнасына  сыймаған 
асау қиял  кілт тыйылды. Манағы  бір ұлпа 
сезім  өз-өзінен  тарқатылып 
жүре берді.

            Жұлдыздар себезгілеген  әдемі 
түн еді-ау  бұл. Ойымды  біліп, 
сайқымазақ  етіп күлгендей  көк жүзінде 
мың сан жұлдыз секіреді. Басымды 
даңғазаларға  толтырып
жіберген  мына  әртүрлі 
музыкалық  ырғақтар,
сапырылысқан  қуаныш  күлкілері, ой тасқыны  қатырып 
жібергендей. Жаңағы   ортадан жырақ шығып,  тастай 
қараңғы  түнде жалғызілікті сейілдеп
келуді жөн көрдім. Әп-сәтте жаным бейжай тартып сала берді.

 

***

 

            Ертеңіне
бәріміз  таң қалдық. Түнде  келгендіктен 
ешкім де байқай  қоймапты. Дәл  біз түнеген 
жерден өрге қарай  шаншылған  биік 
шың тұр.  Көкбұйраға  бопсыған 
беттің  жартысынан  жоғарғы жағы 
ақ қармен  көміліп, жаңа тұтанған  күнге шағылысады. Жүгіре  көтеріліп, мамыр айындағы  ақ шағыл 
болып  жарқырап жатқан  қарды көруге 
ұмтылдық. Сәлден  соң-ақ  таяқ тастам 
жерде  тұрған  соған 
жете алмай,  тынысымыз  тарылып, демігіп қалдық. Аяқ астындағы  өлең шөп су-су  етеді.

            Келе
уыс-уысымызға дымқылданып, шала  еріп
жатқан қарды  жентектеп,  бір-бірімізге атқыласа бастадық. Манағы
алыстан көрінгендей емес, сұр қар қоңыр тозаң екен.

            Қар
бетіне айран-асыр  ізімізді қалдырып,
мәре-сәреміз.

            Бағанадан
бергі жетсем, мына ми қайнатқан 
шақтағы  шың басындағы  ақ қарды көрсем  деген 
тәтті әуезді  әнді қомсынып
тұрмын. Ал, Рәгүл  басқалармен  бірге қар атқыласып  ойнап жүр. Түні бойғы аласапыран ой-сезімді  мына қызға 
сөйтіп, жеткізе алмадым-ау.

            Ақ
қар  үстінен  әлдене 
шағылысып өтеді. Әлгі араға 
тесіле қарадым. Қарадым да  өз
көзіме өзім сенбедім. Ақ қар 
арасынан  ақ үрпек  нәзік гүл өсіп тұр. Тұп-тұнық пәк қауызын  күнге бұрып, бұраң қағады. Рәгүлді  шақырып алып, 
шың басында  қарды жарып  шығып, шешек 
атып  тұрған  гүлді көрсеттім.

            -Еңлік
гүл ғой бұл аға! Қандай әдемі!- деді 
қыздың  қызыл  жиек еріндері 
дір-дір  етіп. Алақанымен  гүлді 
аялады. Мен іштей  сол гүлді  Рәгүлге 
мәңгілік  сыйлап тұрдым.
Үпір-шүпір  жиналған  топ мына 
ақ үрпек  гүлдің  қалай өскеніне таң қалды.  Әркім өзінше топшылау жасап,  тау гүлі туралы пікір таластырып жатты.  Арамыздағы 
Тілеміс  деген жігіт  әлгі гүлді 
жұлып алып,  өзінің қасында
отырған  бұйра шашты, ақ шалбар киген
қызға ұсынды.  Мен өкіндім. Түні
бойғы  қажау  ойларды топтап әкеп, мына  қызға 
айтпағаным не? Енді міне, қар астынан 
тапқан  гүлімді де басқа біреу
иемденіп кетті. Рәгүлдің бейкүнә жанарынан қаштым. Оның алдында, махаббат
алдында  дәрменсіз екенімді жаңа ұқтым.
Ұқтым да өне бойымда қайнап жүрген 
сезімнің  осы  күлдікөмеш 
болып жүргеніне  ыза болдым. Оның
алдында  мәңгілікке  «Аға» деген 
суық  аттан аттап өте алмай,
кеудемде  лүп-лүп  соққан 
жүрегімнің  қызыл  қанында 
қыз-қыз  ойнап  жатқан 
сезімімді  білдірмегеніме налыдым.

            Қамшы
сабындай  уақыт дегенің  зыр қаққан қаңбақтай күндерді түндер жалғап,
зымырап  барады-ау. Сол баяғы Майтөбе
тауының  етегіне  енді 
араға  он жыл салып барып,  мамыр мерекесін Қырғызбай  ағаның 
үйінде  қарсы алып  отырмыз, міне.

            Келін-баласына  масыл 
болып,  алжыған қарттай  биылғы 
қыс сарбауыр  боп жата -жата  жаңа ғана кеткен, колхоз малы  да 
қары түрілген  жайлауға  енді-енді 
қоныстанып жатыр. Бұл  Майтөбеге  баяғыдан 
кейін  алғаш үш рет  келіп  тұрған  бетім.

            Керілген  кербез сұлудай асқақтаған  шың биыл 
шәлісін  жаңа түскен  келіндей 
төмілжіте  тартып  алыпты, көкшалғыны да тістесе жаңа-жаңа
көрпекөк болып келеді.

            Кешқұрым
желкем тұрды, таудың сай-саласын 
кеулей  соққан  қатқыл 
лепте  жілікті  шағар 
ызғар  бар.

            Біз
қуырдаққа мелдектеніп қалдық. Ал жаңа сойған қой еті дәу қара қазанда шіреп,
шүрк-шүрк қайнайды.

            -Анау
Қали  атаңның үйі, - деді екі жотаның
түйісер тұсындағы  киіз үйді  нұсқап. Қой қораланар  тұста ол кісінің  өзі де келді.

            Қали
қарт әлі қутыңдаған ширақ қалпы, кемпірі 
қаза болып,  үш төрт жылдан
бері  қайта  күйі кетіңкіреп қалға  түрі. Сонда 
да  екі бетінен  қызыл тамады, тісі  бүп-бүтын, тек ұстара  тигізбейтін 
сақал-мұрты  күмістей.

            Шай
ішілді, шылдырлап шөлмек ашылды, бір құмыра арақты  сен ал, 
мен  алмен  түн ортасы 
ауса  да бітіре  алмай 
әуреміз. Қали осы өңірдегі  мен
білетін  кәрі құлақ  қарияның 
бірі  кеудесі тұнған  шежіре. Тыңдайтын  құлақ болса, әңгіме  айтудан әсте жалықпайды, сөйлегенде  майын тамызады дерсің.

            -Мен  он бес 
жыл аңшы болдым, онда 
аңшының  колхозы болатын. Мына
тауларда баяғыда  қалың аң  көп жүретін, аршалы  сайларды аюлар  мекендейтін, шөп  дегенің 
аттылы  кісіні  көрсетпей, жайлауға  тұмсығы 
тиген  мал  күп 
семіріп,  майдан  шайланып 
қалатын.

            Біздің  елдің қай  қариясымен  
әңгімелессең  де айтары  осы. Қарасирақ  бала кезімізде  соның 
бәрі ертегідей көрінетін. Асан қайғы 
атамыз  таңырқаған «Балдырғаны
білектей,  бүлдіргені жүректей» қиял
елін  кезіп кететінбіз.

            Егер
таудың өзіміз көріп өскен  кескін
-кейпін  данагөй қария  болған 
шақта  жас  жеткен ұрпаққа  тәптіштеп 
айтар болсақ, оларға да бұл ертегі көрінер  ме екен, а?

            Қол
жууға далаға шықтық. Түн салқындап кетіпті, денені  тітіретер 
суық бүрістіріп, үйге қайтып қуып тықты.

            - Ата,
еңлік гүлі бар ма біздің тауда? - Бұл сұрақты биыл бірінші сыныпқа баратын
қызым Еңлік қойып отыр. Шал қутыңдап қалды, кішкентай қыздың  «біздің тау» дегеніне  сүйсініс 
білдіргендей, көзін 
сығырайта  қарады. Былқып
піскен  қойдың басының  құлағы 
да соған бұйырды.

             - Бар қарағым біздің тауларда бәрі де бар.
Қарап  отырғанша  бір әңгіме айтайын. Ертеректе  осы өлкеде Еңлік деген ай десе аузы, күн десе
көзі бар керемет  сұлу қыз болыпты.
Бойжете келе оны көрген  бозбала  біткен 
көркіне сұқтанып,  есінен тана
ғашық болады екен. Қызды байлықпен, 
батырлықпен,  барымтамен  аламыз деп сан рудың  бетжуарлары атқа қонады. Кілең сен тұр мен
атайын деген  сайдың  сақпан тасындай жігіттер  Еңлікті 
бір-бірінен  қызғанып,  үлкен жанжал туады. Ел арасы бүлініп,
батырлар жауласып, еңіреген ерлер қанжығада 
көріседі. Жалғыз сұлу үшін  талай
апайтөс  нар жігіттер  мерт бола бастайды. «Егер кімде-кім
Еңлікті  алатын болса, басын  аламыз» - десіп,  батыр біткен 
сойылын сайлап, қылышын қайрайды.

            -
Еңлікті қайтсем де жар етемін,- деп 
жігіт желең бір-бірімен  өштесіп,
тістесіп,  еркек  кіндік 
біткен  түгел  құруға 
айналады.  Сонда  Еңлік мына 
Үшқоңырдың  тік басына  шығып 
алып, былай  деп айқайлапты:

            -Мені
іздемеңдер, мен  қарға айналам, гүлге
оранам. Мен  ешкімге жоқпын? - деп құздан
секіріп кетіпті. Алты  ру ел алты ай жаз іздесе
де сұлу қыздың  сүйегі табылмайды.  Содан бастап қар үстінде, шың басында  еңлік гүлі 
өседі екен,  оны көрген  жан бақытты болып,  баянды тұрмыс құрады дейді, иісін  иіскеген 
адам  тұмау-сымауға  ұшырамайтын 
қасиетті өсімдік екен.

            Қар
гүлі... Таудың басында өсетін өсімдік падишасы... Еңлік гүлі...

            Иә,
есіме  бұдан он жыл  бұрынғы май 
мерекесі қаз қалпымен  қайта
түсті. Сондағы  уылжыған  сәби сезімді Рәгүл,  шыңнан тапқан мүбәрәк гүл,  жастық шақтың қайталанбас алтын шағы...

            Рәгүл
ажарлы еді,  сұңғақ бойлы, жазық маңдай,
нағыз қарша беттің өзі, ылғи шашын қос өрім ғып өріп қоя береді. Онысы жанынан
өткенді  еріксіз  сұқтандырады.

            Біз  бір топ 
бозбала  арамыздан  қыл өтпес 
дос болдық. Не көп, түрлі сылтаумен жасайтын той-томалақ көп. Ай сайын
атап  өтіп жатқанымыз. Қаладан Рәгүлді
шақырамыз жолдастарымен. Ол ЖенПи-де 
бірге  оқитын құрбыларын ерте
келеді.

            Бәріміз
Рәгүлді әлпештейміз, төрге соны отырғызып, 
алғашқы сөзді  соған береміз,
қайтарында  автобусқа  билет алып 
жатқанымыз  жапырылыса.

            Алдымен  оған Қайдар 
сөз айтты, қыз мойнын  бұрмады да.
«ИЖ-ін» ызылдатып Еркін  алты ай  жаз бойы 
қалаға  барып жүріп, мардымды  жауап ала алмаған соң, күдерін үзіп
тынды.  Тілек пен  Ермек те 
емеурін  білдіріп,  өзара 
бақталасты. Бұл екеуін де көзіне ілмеді. Одан  дамысын жүгірді  соңынан.

            Осылай
бәріміз сол қызды сыйлай тұра, жігітке тән көзбен қарап ұнататынбыз. Бірақ сол
сезімімізді  бір-бірімізге сездіруге
батпадық. Ақыры әрқайсысының  ұққаны -
бойжеткеннің  ешқайсысын  көңілі 
жақамайтыны,  өздеріне
бұйырмайтыны.

            Той-томалақ  сайын 
бәрі сол бір қыз көзіне  түсеміз
деп  тыраштанып жатады. Қалай  ұнаймыз 
деп арақты  аздан ап,
данагөйлене  сөйлеп, кей-кейде  жанына 
отырудың  өзін  мәртебе 
көреді.

            Қыз
бәрінен қашқақтай келіп, әлденеден  секем
алған үріккен  еліктің  лағындай 
маған тығылады. Паналайды. Бауыры, ағасы іспетті бейіл білдіреді.

            Ағатайлап
арқа тұтып,  еркелегеннің  өзі есті алады. Сөзін  сөйлеп, басқалардан қорғай отырып,  Рәгүл 
түпкі сан тарау  сапырылысқан  ой ағымымды 
байқап  қалмаса  екен 
деп  қысыламын.  Қорғар жанашырым  деп  ол
да бауыр баса түседі. Қаладан  келген
сайын басқаларға  қол ұшын  әрең 
береді де, мені «Аға» - деп  бетімнен
шөп  етіп 
сүйіп  алады,  ондай 
кезде жер баса алмас  бақыт  ұшпағына 
ілініп тұрамын. Бұршақ 
соққан  егіндей  ұйпа-тұйпасы 
шыққан  бұйра  шашымды 
еркелеп тарайды, кейде кеудесінде жатталып қалған, сақтап жүрген сырына
ортақтастырып,  мұңайып та алатын кезі
бар.

            Өзі
осы аудан орталығында  тұрады. Шешесі
мен  ағасы  ғана бар. Бұл әжесінің қолында өсіпті. Ол
кісі  бұдан  үш жыл бұрын 
қайтыс болыпты.

            -Әкең
қайда?

            Қыз
бұл сұраққа мүдіре береді, әлденені 
айтуға оқталады да, қиналған 
кейіппен ернін жымқырады. Кейін 
бір шындықты өз аузынан естідім. Әкесі 
тірі екен. Ол осы ауылдағы 
Сайлыбай! Иә, иә, анау жасы егде тартқан, шашын  ұстарамен 
үнемі  сыпырып  тастап, 
жаман кепкісін басынан 
тастамайтын, мас  болса
шынжыр  табанды тракторымен  көшенің 
қақ  ортасындағы дүкенге келіп
арақ алып  жүретін,сау болса бала мінез
жасқаншақ кісі. Ауылдың аяқ шенінде 
тұрады,  төрт-бес кішкентай
балалары  бар...

            Сайлыбай
кезінде  Рәгүлдің  шешесін менсінбей  тастап 
кетіп, басқа жас қызға үйленіпті. Көз жасын көл  етіп, 
тірі  жесір қалған  шешесі 
барын  беріп жүріп екі  баласын 
өсіріп,  екеуін де  институтқа 
түсіріп,  оқытып   жатыр екен.

            Рәгүл  осы ауылдағы 
Зағира деген  құрбысынікіне  келіп кетіп тұрады. Зағира  күзге қарай 
әлгі быртық, біз Коля  деп ат
қойып  алған  Тілекке 
тұрмысқа шықты.  Есік алдындағы
алма ағашының  ішіне палатка құрып, үлкен
той жасады, ел көп жиналды. Бүкіл курс қыздары түгел келіпті.

            Іштей
өз-өзімді мүжіп, қызға сол күнгі жан әлемімдегі 
төңкеріс-өзгерістің  бәрін тәптіштей  түсіндіруге 
бекіндім, егер  дәл осы  түні ойымды 
білдірмесем, енді ешқашан 
көкейдегі  сезімді  айтып 
жеткізе  алмасымды  ұқтым.

            Тойда  ол 
қасыма  еркелей  келіп 
отырды.  Айтар  сөзді 
жұптап, батыл  болайын деген  ниетпен 
ептеп арақтан  алып,  томаға тұйық 
күй кешудемін.

            Қыркүйек  келгенімен 
шілденің  аптабы басылмаған,  жердің 
қызуы  қайтпаған  шақ. 
Түнге қарай ағаштың  шашын  тербетерлік қана қауқары бар жылы самал
толқиды. Айдан аса жаңбыр жаумай, түн болса болды аспан астына  топырлап шыға келген  жұлдыздарды көріп,  ел тағы 
да  жаңбыр жаумасын біліп бас
шайқасады. Үзіліс кезінде  Рәгүлді  жеке шақырдым. Ол ұсынысыма  таңдана 
қарады да, үнсіз келісті. Ауылдың 
қақ  ортасындағы  көше 
асфальттанған, оның  екі  шетін ала 
құшақ  жетпес  биік талдар мәуелей өсіп тұр. Біз сол көшеде
қадамымызды санап басқандай, үн-түнсіз жүріп келеміз.

            - Рәгүл,
саған көптен айтайын дегенім еді бұл. Мен сені 
баяғыдан ... қалай айтсам екен ...- Даусым  құмығып, жеті қабат жер астындағы
дыбыстай  бұзылып шықты.

            Қыз
қалт тоқтап, жалт қарады. Ол ендігі айтар сөзімді  түп-түгел алдын -ала  сезіп 
қойды. Тура электр жарығы бар баған 
түбіне тоқтаппыз. Ашулы көзқарасында жек көру мен  масқаралау, жиіркеніп мысқыл  үйірілген 
от тұрды. Жүрегіме найза қадалғандай 
сөзімді  әрмен  айта 
алмай  тұтығып  тұрып қалдым.

            - Сіз  де сондай 
жан ба едіңіз?!

            Ол
қанын  ішіне  тарта, 
жүзі ақ  қағаздай  болып 
кетті де сызданған үнмен дәл осылай деді. Ол мені біржолата жерлеп
тұрды.

            Рәгүл
бұрыла салып, той болып жатқан 
жаққа  тез-тез  басып 
кетіп қалды.  Состиып
жападан-жалғыз ұзақ тұрдым да  жатып кеп
қапаландым. «Осы қыз неге сонша шалқаяды, неге сонша асқақтайды». Бұл сұрақ
нөсер алдындағы  найзағайдай миымды
осқылай берді.

            Тойға
қайтып келгенімде Рәгүл  мүлде танымайтын
жандай теріс қарайды, әркіммен билеп өзінше мәз болады, мен жаққа көз
қырын  да салмайды.

            Қарадай
жыным келді. Әр жанның бір басына 
жетерлік  намысы  бар емес пе?! Ағашқа сүйеніп тұрған  орта 
бойлы,  томпақ бет қызды биге
шақырдым. Бір емес, бірнеше  рет  биледім. 
Үзіліс  біткенде  жаныма 
отырғызып, ананы-мынаны 
әңгімелеп, әзілдедім.

            Менде
де көкірек  бар. Қалаға  апта 
сайынғы демалыс  күндері  барып, әлгі томпақ бет қыз - Ақбөпеге  жолығамын. Ол институттың соңғы курсында
оқиды.

            Сүйегіне  біткен ұяңдығы  мен 
биязылығы, адамды  жақын тартып
тұратын жымиысы, сосын  алғашқыда  сөкеттеу 
көрінген  томпақ  бет қыз ұнап 
қалды да, ақыры ол  оқуын  тәмәмдар 
тұста  үйленіп  алдым.

            Келер
жылы дүниеге келген  Еңлік атты  тұңғышымыз биыл мектепке  бармақшы 
енді.

            Міне,  баяғы  мамыр
мерекесін  өткізген  Кішісазға 
арада он жыл  салып, енді Ақбөпе,
қызымыз үшеуміз  келіп  тұрған 
бетіміз. Түнде  жеген  тамаққа 
әбден кептеліп қалғандікі 
ме,  ұйқым қашып,  дөңбекшіп 
ұйықтай алсамшы. Үй іші түгел қаннен қаперсіз ұйқы құшағында.
Сыртта  енесін  іздеген  
қозылардың  аракідік  маңырағаны 
естіледі, қойшының  сақ  иті 
анда-мұнда әупілдеп үріп қояды.

            Иә,
сол Рәгүлді  баяғы  Тілектің тойынан кейін қайтып көрмедім,
көргім де келмеді. Әлдебір  жиын -
тойда  оның  бар екенін білсем, әдейілеп бармай  қалам, ол жүр-ау  деген жерлерді айналып өтемін. Бірте-бірте
сол ақмаңдай қыз да көңілден ұмыт  бола
бастаған.

            Баяғы
жолдас  бозбалалардан  сүр бойдақ болып қалғаны  жалғыз Еркінбек. Қыста  үйге келіп,  түней жатып қонақ болып қайтқан. Түндегі астан
кейін Ақбөпелер ұйықтап қалған сәтте екеуміз асханада отырып алып, таңға
әңгімелескенбіз. Өткен-кеткенді еске алыстық, талай-талай  ұмытыла бастаған  қызық жайттарды  санамызға қайта тірілттік. Еркінбек Қарағандыда
шахтер, үйлену туралы өз теориясы бар: келесі жылы  сырттай 
оқитын  институтын
бітірмекші,сосын көре жатпақ.

            - Кеше
қаладан автобуста Рәгүлмен  бірге келдім.
Баяғы Рәгүл емес, түрі ескіріп, қартайып кеткен секілді. Бәрімізді сұрап жатыр.
Әсіресе сенің жағдайыңды көп білгісі келеді.

            Үндемедім.
Мен тірі жаннан дәл осы күнге дейін Рәгүлдің халі қалай екен, қайда  екен деп сұраған емеспін.   Туа біткен тік мінез, біреуден көңілім қалса,
қаратас  боп қатып қаламын.

            Рәгүл
институтты бітіре салып, тұрмысқа шыққан, тойына шақырған. Бармадым. Осы  Еркінбек 
барып,  алған жігіті өзімен  мектепте 
бірге оқыған  ауылдасы  екен деп 
қайтқан.

            Қазір
күйеуімен өте нашар тұратынын, оның ішкіш боп, оқуды тастап, азғындап жүрген
біреу екенін, екі қызы бар,  соны
қимай  жүргенін шет жағалатып  айтты.

            Дәл  осы арада 
Рәгүлді  қоса  жерлеп, жамандайды-ау дегендей Еркінбек
әңгімесін үзіп, темекі шекті. Рас, ондай ой ұшқыны көңіл түпкірінен  атойлап 
шыға келді де, лап етіп сөне қалды. Оның 
орнына  мүсіркеушілік, аяушылық  сезімі 
оянды. Өмір жолы  бес
саусақтай  белгілі ғой, енді  Рәгүлдің 
өзі де шешесінің  жолын
құшып,  тірі жесір қалмаса  екен, жары 
есін жиып, отбасы  тәттілігін  жоғалтпаса  екен 
деген тілекке  байырқаладым. Егер,
Рәгүл әлі сол  тәккаппар  күйінде бақытты  ошақтың 
иесі болып отырса,  онда  мен 
мүмкін  басқаша  ойлауым 
да ғажап емес еді.

            -Көп
сұрай берген соң «сен Тоқтасынды 
сүйгенсің ғой деймін?» дедім. Ол маған 
ойланбастан-ақ: «Сендердің жолдастарыңның ішіндегі  адамды 
түсінетіні  Тоқтасын  аға 
еді. Ондай  жанның жары  болғанның арманы жоқ», - деп жауап берді.
«Онда неге  Тоқтасынға  шылбыр 
тастамадың?» дегенімде: «Ол ағамдай болған жан, сонан  кейін арзан күлкілі  сендер сияқты 
жүрегін  ұстай  жүгірмейтін» деп күрсіне берді. Шынында
да  ол сені керемет ұнатады екен.

            Еркінбек
қызып алды да, Рәгүлді жатып кеп сөкті дерсің. Ол айтты:

            -Егер,
мына біздердің  кез келгеніміздің  етегімізден 
ұстаса, ол  мұндай  бақытсыз 
күйге түспес  еді. Қай-қайсымыз  болмасын ол тілегімізді  қабыл 
алғанда  хан көтеріп, тек сыйлап
қана өтер едік, «Таңдаған қыз тазға жолығар» деген осы. Қанша тілі  жеткенше айтқанымен  де 
әлі  де қимайтыны, сыйлайтыны
білініп қалады.

            Мен
қоса кінәласпадым. Өзі де  сорлап,
маңдайын тасқа соққан  жанды келеке  еткеннен, сұқ 
саусағыңмен  безеп,  масқаралағаныңнан не шықпақ? Рәгүл екеуміздің
арамыздағы  соңғы әңгіме жайлы, оны  ұнататыным 
туралы  ешкімге  тіс жармаған 
едім, Еркінбекке де оны айтқым келмеді.

            Ертесіне  Еркінбек кеткен соң үйде ешкім  жоқ сәтте альбомды ақтарып,  Рәгүлдің суретіне қарап отырып, оның  бүгінгі тағдыры  үшін, өзімнің 
іздеп таба алмаған  тау гүліндей
сезімім үшін  жаным езілгендей  болды. «Асқақтаған әппақ  қыз қор болғаның ба? Алтын басыңды сыйламас
парықсызға  күнің қарап, жаның жасығанда,
көңілің  жүдеп, пәстенгенде  біздерді ойлай ма екенсің? Бала шақтың
қызығын оңашада еске түсіріп, алтын сақадай жігіттерді  сарапқа саларсың. Сонда  альбомыңды 
ақтарып,  мені іздейсің бе? Мені
еске аласың ба, қайран қыз?»

            Таңертеңгісін
өзектегі  бұлақтың  тастай 
суына  бет  шайып жатқанымда қызым:

            -Көке,
көке! Еңлік гүлін  таптым! - деді ту
сыртымнан. Шешесі шашына тағып берген 
екі бантигі  еліктің  қос құлағындай  делдиіп, жүзі 
жайнап, қызым жүгіріп келеді. Қолында 
бір уыс  кәдімгі көк гүл.

            Баяғыдағы  бұдан 
он жыл  бұрынғы  өзім тапқан 
тау гүлі  есіме  тағы түсті. Қарсы  алдымдағы 
қасқайған  шыңға  қарасам, 
күнге малшынып,  белуарынан  жоғарғы 
тұсы күміс  қанаттанып  тұр.

            - Қызым,
еңлік  гүл қашан  да биікте өседі. Оны табу өте қиын.

- Ал, мен еңлік 
гүлді табамын көке! - деді қызым.

- Іздей ғой, Еңлік, іздей ғой...

                                  

                                                           ***

            Рәгүл,
сен  сол күндеріңді  сағынып, біздерді іздейсің бе? Сенің  пәк бейнелі 
тау гүлі - еңліктей  әдемі  суретің 
менің  альбомымда әлі тұр.