ВЕРНУТЬСЯ

       Этнографиялық әңгіме

      Су жаңа көкпеңбек испан поезы тасыр-тұсыр есіктерін дәлме-дәл жүретін уақытында жапты да, сырғи жүріп кетті. 

 Тар купеде екі-ақ жанбыз. Көршім екі бетінен қызылы тамған, шалғы мұрт, алпысты сірә алқымдап қалған кең иықты кісі үстіне киген қазақы тон, түлкі бөркін шешіп еді құп-қунақ домаланған жігіттей болып шыға келді. Танысып жатырмыз. 

 - Құм ішінде түйе өсіремін, - деп қойды өзін Темірбек деп таныстырған соң. Қылдырықтай жолсерік қыз үзіліп, шәй әкеп берді. 

 - Темеке, айып болмаса, айтыңызшы түйенің пайдасы бар ма?

 - Е, неге болмасын? Қазір елдің бәрі аққа бет бұрды. Қымыз, шұбат ішеді. Іздеп келіп, қотара сатып алып кетіп жатады. Пайдасы да шаш етектен, тек көзін таба біл. Бейнеті де жетерлік. 

 - Сіз, кешіріңіз, мен мына қазақтың салт-дәстүрін зерттеп жүрген көп ғалымның бірімін. Сондықтан да қазір өзі түйе деген жануар да көзден бұлбұл ұшып бара жатқандай көрінеді де тұрады. 

 - Оның рас. Совет Одағы тарар алдында колхоз, совхоз күйреді, басшылары байып, малдың бәрін құртты. Әсіресе, асыл тұқымды – мал төрелеріне обал болды ғой. Атам қазақтың бар байлығы сол емес пе!?

 Екеуміз түйдей құрдас болып шықтық. Биыл жазда алпыс жылдығын дүркіретіп той жасап өткізіпті, балалары жиналып, астына шетелдің ең қымбат жеңіл машинасын әперіпті. 

 Көршім түйе өсіру жайлы көсіле әңгімелеп кетті. Оның айтқанының бәрі - жүрекке қонымды, тек қаламымды жалаңдатып әй-шәйсіз жазып алуға ұялдым. 

 Жалпы мен сапарға шыққанды, ел аралағанды ұнатамын. Неше түрлі адамдармен кездесіп, біле бермейтін сан түрлі оқиғаларға куә боласың, аңызға бергісіз әңгімелер естисің. Біз сияқты қалам ұстап, ойдан қажыған жандарға дала деген неткен рахат, өзі сипатты аңқылдақ табиғи адамдары сағынтады, олардың біз білмес, хатқа түсіп, басылмаған зерделерінде ата-бабадан қалған құйма алтын-жауһар әңгімелері қандай?..

 Біз болсақ шаһарда тұрамыз деп мардымсимыз. Үй дегенің – төрт қабырға, жұмыс та сол төрт тас қамалдың іші – күнделікті көретінің белгілі бір адамдар, ойы да, қиялы да беп-белгілі, тірмізік тіршілік қамы. Ал, уақыт шіркін зырлап, көзіңді ашып жұмғанша алпыстан асырып, алып қашып барады. 

- Жатуға әлі ерте ғой! Жүр мейрамханасына барып, ауқат ішіп, қайтайық, - деді Темірбек құрдас болған соң сенге көшті. 

Мейрамхана іші жып-жылы, шуақты. Далада Арқаның ақ бораны ұлып тұр. Терезенің шет-шетін қырау көмген, қыстың ерте қамданатын кеші батып барады. 

 Шөкімдеп ащы-тұщысы аздау, нәрсіз ас ішемін, асқазаным көтермейтін, диета деген бәле шықты. Оған қарамай көршім тамаққа молынан тапсырыс беріп, үстел үстін толтырып тастады. 

 Екеуміз де ішімдіктен аулақ болып шықтық. Ол ғұмыры татып алмапты, менің де кінәратшыл денсаулығым көтермейді. 

 Асты асықпай мейірлене жеп, ара-арасында маған сұрақ қойып қояды. 

Қанша балаң бар?

Біреу.

Ұл ма, қыз ба?

Ұл.

Апыр-ай, ә! «Жалғыз ұлы бар кісінің шығар-шықпас жаны бар. Екі ұлы бар кісінің өкпе-бауыр, жалы бар. Үш ұлы бар кісінің Бұқарада малы бар, қорасында қолы бар. Төрт ұлы бар кісінің аспаннан салған жолы бар» демекші, неге тоқтап қалдыңдар? Әр отбасында кемінде үш-төрт еркек бала болуы керек. Ұл көбеймей, біз көбеймейміз. Білдің бе? Сонда ғана біз ілгерілейміз. Мына ұлан-байтақ жерімізге кім ие болады жиырма бірінші ғасырда? Дәл осы күнге дейін қазақ атамның ұрпақтары үзілмей мына сайын даламызды сақтап, баптап, бізге аманаттап берді. Ашаршылық, соғыс, қанша бәле-жала, зауал туса да, олар өсті, көбейді. Ал бүгінгі кезеңде біз көбеймесек, онда сол ата-баба әруағы алдында қарыздар болмаймыз ба? Мына берекелі сахарада кім көрінген жат жұрттықтар тайраңдап, қызығын көрмей ме? Жері байдың - елі бай. Неге бір баламен тоқтап қалдыңдар?

Келіншегім жұмыстан қалмаймын деп осы біреуін қиналып тапты ғой. Соның өзін әзер өсірдік,-деп ақтала бастадым. 

Қазір ше? Жағдайың қалай?

Қазір құдайға шүкір, үй-жайымыз жетеді, орталықта үш бөлмелі үй, қала сыртында коттеджіміз бар. Дача сатып алдық Қарғалыдан. 

Енді неге баланы көбейтпейсіңдер? Онда кім тұрады кейін? 

Келіншегім өзіммен жасты, қартайып қалды ғой. 

Бала тауып бере алатын жас ал. Қазір не көп бойдақ қыз – келіншек көп, тас лақтырсаң соларға тиеді. «Әкеден пұл қалғанша – ұл қалсын» деген ғой. Адамзат болып өмірге келдің бе, үбірлі-шүбірлі ұрпағыңды көбейт. Бұл – табиғаттың бұлжымас заңы. «Алты ұл туған ананы – ханым десе болады, ерін сыйлаған әйелді жаным десе болады». Білесің бе, сенің екі өмірің жоқ, ал сол жарық дүниеге келдің бе, бала-шағаңды өрбіт, өсір. Өнегелі отаудан сәбидің күлкісі үзілмейді. Тағы бір жас ал, жалғыз ұлмен қалай қақайып қаласың?

Оған кім рұқсат береді десеңші? Әйелімнің төбе шашы тік тұратын шығар! 

 Темірбек шалқалай рахаттана күлгенде екі иығы түйенің өркешіндей селкілдеп кетті. 

Өзің бір атадан қаншасың?

Жалғызбын. Бес қыздың ортасында жалғыз тал. 

 - Міне көрдің бе, жалғыз-жалғыз, андыз-андыз. Құрдас, өз қамыңды өзің ойламасаң кім ойлайды?

- Сонда, сіз маған тоқал ал деп отырсыз ба?

- Ал! Несі бар. Бес-алты бала тауып берсін. Байқаймын жалпы денсаулық, күш-қуатың жетеді, байлық қорың да бар екен. Сен кеткеннен кейін анау үйлеріңде кім тұрады? 

Енді, оған... ойланбаппын...

 - Ә, білдім. Әйеліңнен қорқасың ә? «Құралай бастаған көш оңбайды, әйел билеген үй оңбайды». Билікті оған бергенсің-ау. Жүрек жоқ. Жүректен бұрын ниет жоқ. Ғалыммын дейсің, салт-дәстүрді зерттеушімін дейсің? Ал ең көкейтесті мәселе, дәл бүгін ұрпақ көбейту емес пе? Бәйбішелер сәби таба алмады ма, онда күйеулеріне тағы да ұл-қыз көбейту үшін мұрсат берсін! Бәрібір осы бір қатынымен қатып-семіп қалған еркек кіндікті көрмедім, жіңішкелеп басқаға бәрі барып жүр ғой өздерінше білдірмей. 

Ол даяшымен есеп айырыса бастады. Вагон-мейрамхана іші манағыдай емес, адамдарға тола бастады. Әр үстел үсті – сықаған сыра, арақ-шарап, бөтелкелерге толы. Гүжілдескен, темекілерін ширата тартқан қызара бөрткен жұрт. Шаштарын селтитіп сап-сарыға бояп алған қыз-келіншектер де – қызу, жіп-жіңішке, ұзын шылымдарынан көк түтінді бұрқыратып, анайы күліседі. Қазір – шашты күлгін не сарыға бояу, темекі тарту – сәнге айналған, қысылу-қымтырылу жоқ, арақ-коньякті де қалыспай сілтеп отыр. Өздері шетінен шілпиген қылдырықтай – қайтып ана болады, бұлар қандай бала табады? 

Түтін буған, у-шу мейрамханадан шығып, купемізге кіргенде поездағы бар шам жарқ ете қалды. 

Қысқы сақылдаған сары аяз құрсаған даладағы ымырт. Астана-Алматы арасында жаңа пайда болған зулаған испан поезы. Кешке Астанадан отырып, таңертеңгілік Алатау бауырындағы Алматыға ентелей зырлап жеткізіп салады. Жайлы, тып-тыныш. Бұл өмірімде қаншама іссапарға шығып, сан түрлі поездарға, көліктерге міндім, талай-талай машақатқа тап болдым. Міне, ХХІ ғасырға да аяқ басып, өркендеудің тәтті дәмін тата бастадық. 

Аядай купеде кезек-кезек шешініп, жайғасқан соң көршім үзілген әңгімесін әрі жалғады. 

- Сонымен, құрдас, қалай жас әйел аласың ба? – деп төтесінен сұрақ қойғанда, сасып қалдым. 

- Ім-ім... Кім білсін? 

- «Кім білсін?» - Ол мырс ете түсті. – Кім білуші еді, өзің білесің. Әр адам өз тірлігіне өзі жауапты.Адамның жер бетіндегі басқа жан-жануар, мақұлықтардан айырмасы – оның ақыл-есі, ойлай білетіні, жоспар-қиялы барлығы. Ең басты парыз – ұрпақ қалдыру. Білдің бе?! Ұрпағың көп болса – шамдай жанарсың, аз болса бордай тозарсың. Бұған не дейсің? Ұрпағың жоқ болса - томпиған топырақпын десеңші. Баласы көп арлы болады, баласы жоқ зарлы болады. Бар бақытың – ұрпақ, ұрпақсыз жан – топырақ.

Не дейін мен бейбақ? Шіркін –ай менің де бес-алты қарағайдай-қарағайдай ұлдарым болса, олар да үйлі – баранды болып, немерелер сүйгізіп көбейіп жатса... Бір қауым жұрт – бір ауыл болып кетсек қой...

Әкем де – қаратұяқ сопайған жалғыз. Ашаршылық жылдары алты бауыры бірдей аштан қырылыпты. Ағасы Рысбек соғыстан қайтпады. Соғысқа қатысқан мүгедек әкесі ішіп алса «Менің үрім-бұтақтарымды ашаршылық пен соғыс жалмады. Сен енді көбейіп, өсесің» - деп кеп отыратын. Ұл болса екен деп тілегенімен бұдан кейін кілең бес қыз тапты. Ақыры жоқ-жітіктен ажырамаған әке-шешесі ерте көз жұмды да, шиеттей қарындастары мұның мойнында қалды. Бұл туғанда атын «Өлген атам тірілді» деп ырымдап Атагелді деп қойыпты әкесі қуанғаннан. Сырттай институтта оқып жүріп, көлдей-көлдей мақалалар жазып көзге түсті, ғылыми мекемеге жұмысқа шақырды. Қаланың тікаяқ институтта істейтін қызына үйленді. Қайынжұрты беделді болды, келіншегіне пәтер берді. Келіншегі жүріп-жүріп бір ұл тапты, оған да шүкір. Қайынжұртының арқасында өсті, қазір директордың орынбасары. Жағдайын әбден түзеп, күйленіп алды. 

Тек мына шалғы мұрт түйешінің сөзі ескі жараның аузын ашып, көкірекке тікендей қадалып, сыздатып алып барады. Жалғыздық. Жалғыздық құдайға ғана жарасады. Неге мен жалғызбын? Неге балам сопайған біреу ғана? Неге? 

Аласұрған тіршілік қамы, өкіметтің шаруасы деп шапқылап жүріп егделік атты самарқау тартар әлемнің есігін ашып, төрлетіп бара жатқаныңды да байқамай қалады екенсің. Аш-жалаңаш өскеннің зардабын енді тартып, мың сан дерт атой беріп, солармен арпалысып кеткен жайы бар. Дімкәс жүрек, тозған жүйке, алабұртқан күпті көңіл... 

Зыр жүгіріп, кешке діңкелеп үйге кірсең шаңқылдаған суырдай әйелің жер-жебіріңе жетіп, жеті атаңды қазып, қысыр жыландай улы, үрейлі зәрін төгіп, шаптығып қарсы алғанда қарадай жасып, жерге сіңіп кете сақтайсың. «Анау өзге әйелдердің байы ақшадан көше алмай, күреп табады. Сен болсаң көзілдірігіңе сүрініп, ақ қағазды қажап, терінің иін жалаған сиыр құсап бір ғана айлығыңа қақталып жүргенің. Ойпырмай, ең құрыса, менің айтқаныма көнсең қайтеді?!»

Әңгіредей сұп-суық үйде әзірейілдей дода-дода шашы қобыраған әйелі шаңқылдап сүйегін уатып, көңілін жасытып, жер-жебіріне жетіп жатқаны. Қос қолын төбесіне қойып, безіп кетейін десе барар жер, басар тауы жоқ. 

Сонау бір қиын-қыстау жылдары, елдің бәрі құсап бұл да айлап-жылдап айлығын да ала алмай, қара суға қамалып, сүмпиіп қалған сәтте әйелі белін буып, қытайдың ала дорбасын арқалап, сауда-саттыққа шығып кетті. Бәленбай жыл істеген жұмысын да тастады, жалғыз ұлды да жылатып, қартайған шешесіне апарып тапсырды. Сол ала дорбасын сүйреп Қытай асты, Түркияға барды, қара шаңырағы базар иісті – қоймаға айналды. Бұл да буынып-түйінген әйелін қарсы алып, шығарып салып, жүктерді тасушы болып алды. 

Кеше ғана томпиған әйелі калькуляторды сырт-сырт санап, ақшаны белбеуіне, долларды кеудесіне түйіп, үйде байыздап тұрмауға айналды. Гонконгтан зат әкеп тастай сала, Эмиратқа ұшуға дайындалады. 

- Алик, мынаны анаған, мынаны анау көкбазардағыға, ал әнебіреуді Бішкектегілер келіп алады, - деп қалың дәптеріне жазып, қолына ұстатып кетеді. Мұның Атагелді есімі тек куәлігінде ғана, ауызекі бәрі «Алик» дейді. Қап-қап жүктерді реттеп, күзетіп, көтере сатып алушыға өткізіп беруге көндігіп-ақ кеткен, өзінің дағдылы жұмысынан да қалмайды. 

Жалғыз ұлы – Диарды каникул-демалыстарында ғана көреді, үйіне әкеліп, анда-мұнда аралатқан болады. Ол ол үркек қояндай, томаға тұйық. Көлеңкеде өскен шөптей құп-қу, көзінде мұң, қазақша сөйлей алмайтын қауқиған құрсүйек бөтен, мүлде жат жан. Үйінде екі-үш күннен артық бола алмай ауырады, дімкәс. Дереу нағашы әжесіне қайта апарып тастайды. 

Тек, әлгі түс әлетінде тамақтанарда буфетші қыз Танакөзді көргенде жаны жадырап сала береді. Кейде содан қарызға ас-су ішіп тұрады, анда-санда жалақымнан қайырып беремін деп пұл сұрап алады, оны әрине уақтысында қайтарады. Ерекше жылы қабақ, жарасымды әзіл, мейірім шуақ төгіліп тұрады осы Танакөзде. 

Ағасы-ау, неге қабағыңыз түсіп кеткен? – дейді ақжарқын әдетімен. 

Танажан, неменеге қуанамын? Айлық жоқ, үйде кемпірім жоқ, бала да жоқ үйде...

Жоқ-жоқ деп айта бермеңіз, ағасы. Жоқ деген жанға жоқшылық жабысып қалады дейді. Айда да дақ болады,- дейді әзілдеп. Күлгенде ақ қаладай тістері жарқырап, тіпті әдемі болып кетеді. Ананы-мынаны сылтауратып буфет алдында айналсоқтап жүріп алады. 

Үйге қайтқым келмейді. Үйім үй емес қара түнек зындан секілді, көңілім құлазиды, - дейді бұл Танакөзге сырын ашып. 

Онда аға, киноға барыңыз, сергисіз. 

Кіммен барам?

Шақырсаңыз, біз де барамыз.

Шының ба, кел, бүгін барайықшы.

 Уәде бойынша Абай атамның ескерткішінің алдында кездесіп, «Арман» кинотеатрында қатар кино көріп отырды. Атагелдінің кино, театрға бас сұқпағанына не заман, кинозалы әп-әдемі, жинақы. 

 Фильмнен кейін аспан асты аспалы жолмен Көктөбеге шықты. Көктөбеден бүкіл түнгі Алматы жарқырап, алақандағыдай көрінеді. Қыз сықылықтап күле береді, иығына түскен шашын сілкіп тастағаны, бұған риясыз пейілдене қарағаны қандай!..

 Бір қараса Танакөздің қолын ұстап барады, енді бірде ол ерекелей келіп мұны қолтықтап алды. 

 Екеуі аптасына бір-екі мәрте серуендеуді әдетке айналдырды. Ол бар жерде әзіл бар, әдемілік бар. Дүние түгел жайнап, құлпырып кетеді. Танакөз де үйренісе келе суыртпақтап сырын ашатын болды, келер жылы жасы отызға келеді. Жас жігіттерден өлердей көңілі қалған, бәрі өтірікші, суайт, ішін құрт жеген ағаш секілді, сырттарынан жылтырағанымен рухы дертті сумақайлар өңкей. Құрбысы екеуі жеке бір бөлмелі пәтерді жалдап тұрып жатқан жайы бар. 

 Танакөзді ойлайтын, сағынатын, іздеп тұратын әдет тапты. Әйелі алысқа сапарлап ұшып кетсе Танакөз мұның үйінде түнеп қалады. 

 Жаны жадырап, көңілі тасығаны-ай. Үйді айнадай ғып жуып-шайып, әрін келтіріп, екеуі жұмысқа бірге қатынап жүрді. Әйелі келсе, басқа жерде кездеседі, Танакөздің жалдамалы пәтеріне барып, пора-пора шәй ішіп отырады. 

 Ылғи ыбырсып, бей-берекеті шығып жататын үйінің әрі кіріп, тамағы дайын, өзінде де бір құлшыныс пайда болып, ал Танакөздің көзі нұрланып, тіпті құлпырып жасара түсті. Буылтық-буылтық болып, денесі олпы-солпы үсті-басы күлімсі тер сасып жүретін әйелі артынып-тартынып қап-қап жүктерді алып келгенде тезірек осыларды өткізіп, тағы да сапармен кетсе екен деген мысықтілеу пайда болды. Іркілдеген толық денесі жайылып, баяғы тоқпақтай қалың да ұзын шашы қырқа-қырқа еркектікіндей едірейіп, оның өзін бірде күлгін, не күрең, не сарыға бояп-бояп, түбі жидіп түсіп ербиген, әлемтапырақ бірдеңеге айналды. «Мынауың не сұмдық?» деп көріп еді, шайтаны басына шығып, жарты сағат шәңкілдегенде бекер –ақ тиіскен екем деп ойлады. «Шашты тарап, күтуге уақыт жоқ. Бізде уақыт – ақша. Менің подругаларымның бәрі қазір шашты осылай ыңғайлы қысқартып алған» - деп бетбақтырмады. Жүрдім-тұрдымға ыңғайлы деп шалбарланып, басына кепкі, үстіне мәйкі киініп, беліне салпыншақ-түйіншекті белбеу тағынған қара көзілдірікті тікірейген қысқа шаш әйелінде бұл күнде баяғы кездің жұрнағы да жоқ, басқа планетадан келген бөтен құбыжық секілді. Үсті –басынан арзан иіссу, жүктердің қоламта сасығы кетпейді. Соңғы кездері шаршағанды басады деп арақ ішу, жүйкені жөндейді деп темекі тартатын әдетке бой алдырды. Жайылып іркілдеген денесіне шалбар кигенде тіпті сорақы, уыт пен түтін иісі қолқаңды алып, қасына жатпақ тұрмақ, жолай алмайсың. Өзі еркекшораланып, небір әлемет былапыт боқтауларды қарша жаудыратын болып алды. Кейде өзі тектес сапарлас әйелдермен бас қосып, арақ-шарап ішкенде тіпті анайы қылықтарынан, былапыт әңгімелерінен безіп кетесің. Ал, оның күндіз-түні ойлағаны – қу дүние, пұл, байлық!..

 - Ақша тапқаныма қуансаңшы, сормаңдай! Арқа етім арша болып жүгіріп жүрмін. Әлі-ақ байып кетеміз, - дейді әйелі қарақотырланып, сүйелдене бастаған сұқ саусағын шошайтып. Келуінен кетуі жылдам. 

 Үш бөлмелі үй сықасқан жүк, үйілген ала қаптар. Саудасы да дүрілдеп жүріп-ақ кеткен сыңайда. Коттедж бен саяжай-дачасында да тұрмайды, бөтен шетелдіктерге жалға өткізіп, олардан долларын санап алатын да әйелі. 

 Жаз өтіп салқын леп бетке соғып, күз түскенін білдірген жауынды күннің бірінде Танакөз: 

 - Ағасы, - деді даусын өзгертіп. – Ағасы, бірдеме айтсам ренжімейсіз бе?

 - Жаным-ау, неге ренжимін. Айта ғой. 

 Қыз мұңая, мойылдай көздері жәудіреп, бұған ұзақ қарады. Айтсам ба, айтпасам ба екен деген көкейіндегі көп сұрақ маздап, жанарында тұнып тұрды. Неге ғана мұңайып, ренжіп жүр екен? 

 - Жаным, айта ғой...

 - Қалай ғана айтарымды білмей жүрмін, ағасы. Ағасы демей, енді отағасы десем де болады. Аяғым ауырлап қалды. Дәрігерге көрініп, тексеріліп келдім. 

 Жылан шаққандай селк ете түсті, даусы тіпті қатты шығып кетті. 

Бұл қалай сонда?!

Алла осылай аманаттап, ұйғарыпты. Балалы болатын болдыңыз, отағасы. 

 - Қой, бұл мүмкін емес! – деді әзәзілдің алдында тұрғандай қалшылдасын. 

 - Ағасы, жо-жоқ, отағасы! Сіз осындай ма едіңіз? Сабыр сақтаңыз, сабыр. Енді не істейміз, соны екеуміз жақсылап ойланайық. 

 - Не істеуші едік? Не істейміз? Дереу алдыртып тастау керек ол пәлені! – деп қойып қалды. 

 - Не дейсіз, ағасы! Не дейсіз! Не сұмдықты айтып отырсыз. Тіліңізге ие болыңыз, күпірлік болады, ағасы, - деп Танакөз ботадай боздап жылап жіберді. - Неге өйтесіз, ағажан. Жалғыз тал ұлыңыз Диарға серік болсын, өмірге келсін! Сіз үш күн ойланыңыз, ағажан, ақылға салыңыз. Мен бәріне дайындалдым, ағасы. Сіз менен жиырма жас үлкенсіз, көпті көрген, ақылды азаматсыз. «Алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық» деген аталарымыз. Сіз қалай десеңіз, солай болады. Сіздей асыл жанмен жарастырып, бойыма құрсақ көтергеніме Аллаға мың да бір рахмет. Бізде не ақыл болады, мойынұсынып көнеміз де. Көз жасымызды көлдей етіп, жылап алып, қалай десеңіз солай болар, ағасы. «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деген ғой, біз суға салған қара қайыстай созылып, бәріне көнбіс халықпыз ғой. Жаным сізбен бірге ағасы, - деп солқылдап, өксіп-өксіп айтқаны әлі күнге есінен кетпейді. 

 Ойпырым-ай,мына қыз қалай-қалай дәмдеп, мәштеп сөйлейді, қай қияға тартып барады? Неге ғана ботадай боздап жылайды? Ойы онға, санасы санға бөлінді. 

 Танакөз басын мұның иығына қойып, солқылдап жылап алды да: 

 - Ағасы, ұрғашылар өстіп жылап, көз жасын төгіп алса ғана іші босап, жеңілденеді, әйтпесе құса боп өлерміз. Іштегі тас шемен шерімізді көз жасымызбен жуып кетіреміз. Әйел жолы – жіңішке. Не істейміз, үш күн ішінде жауап беріңіз. Көңіліңізге алмаңыз. Біз еркектердің тырнағына да татымаймыз ғой, - деді де бетімнен шөп еткізіп сүйіп, жауынға да қарамай жалаң бас күйі қоштаспастан қалт бұрыла, жедел басып жүріп кетті. Мен болсам балбал тастай мелшиіп қаттым да қалдым. 

 Астаң-кестеңі шыққан өз қиялыма тұншығып, үн-түнсіз қатып қалыппын. Пері соққан жандай есеңгіреп дәмханалардың біріне кіріп, уытты арақ ішкені есінде. Қанша ішсе де есінен айырылып, мас бола алмады. 

 Миының ішіне мың-мың ара кіріп кеткендей, ызың-ызың, ештеңені көрмейді, ешкімді елемейді. Ойсоқта боп, үйіне әбден қалжырап, су-су боп келіп, құлады. 

 Егерде Танакөз іші шермиіп жүкті болса ел пыш-пыш етіп, өсек өрттей қаулап, мұның бетбақ әйеліне жетпей ме? Ал, долы қатынының жынды мінезі өзіне мәлім, жай күннің өзінде тұрса томпақ, отырса опақ қылып, шаңын қағып алатын. Онда басына шәй қайнатып, екі қолын төбесіне қойғызып, тентіретіп жіберер. Қызылкүреңденіп талаураған беті көгеріп, сазарып, сексиген шашы тікірейіп, тегенедей бөксесін аударып-төңкеріп, мұны шауып жіберер жынды сайқалдығына салып, аттанға ойбай қосар. Одан бәрін күтуге болады, жұмыстан да, үйден де бәрінен тырқыратып қудырар. 

 Ал, қайтсем де бойыма біткен баланы табамын, сен өз атыңа куәлігін аласың деп тепсініп, бедірейіп қасарысып отырып ала ма деп Танакөзден сескенді. Ойнақтап жүріп от басқаным-ай. Қалай ғана құтылады бұл тұзақтан? 

 Қызметінен өзі сұранып Түркістан жаққа екі айға іссапарға кетті де қалды. Танакөзге айтпады да, хабарласпады да, ізім-қайым жоғалды. 

 Күн өтіп, жел қағып қаракүрең боп оңтүстіктен оралса, Танакөз жоқ, буфетші қыз ауысып кетіпті. Орнында сылаң қаққан қаз омыраулы толық орыс келіншегі ол жөнінде ештеңе білмейтінін айтқанда тіпті састы. 

 Таксилетіп Танакөз жатқан ықшамаудандағы пәтеріне барса, жанындағы құрбысы қарсы алды.  

 -Танакөз, кеше кетіп қалды! – деді бұған суық қарап. - Маған жылап жүріп жан сырын ақтарып айтты. Сізде еркектік намыс, жүрек жоқ! Сіз адам емес екенсіз! – дегенде қара жер қарс айырылып кетсе деп, кірерге тесік таппады. – Мә, мынаны сізге бер деп тапсырып еді,- деп қолына хат беріп, есікті асығыс тарс жауып, кілттеп алды. 

 Далаға шыққаннан кейін біраз сенделіп жүріп, ағаштың көлеңкесіндегі сәкіге отырып алып, хатты оқыды. Бұл хаттан бомбадай шошынды. 

 «Аға!..

 Сіз осындай ма едіңіз? Үш күн емес табандатқан алпыс күн күттім ғой. Іздесем таппадым. Неге менен қаштыңыз, неге шошындыңыз? Мен де бала емеспін, бәрін-бәрін білем, түсінемін ғой. Қалай айтсаңыз да мақұл деп көнетін едім. Ақылдасуға, екеулеп келісуге болатын іс емес пе, аға! Қайтемін енді? Әпкеммен сөйлестім, сол жаққа кетіп барамын. Алланың рахметі түскен бөпеміз – ұл! Дәрігерлер анықтап берді. Оны алдыртсам, қарғыс атып, баласыз қубас өтермін, аға! Осындай ұлдың әкесі Сіздей адамзаттың сұлтаны – ғалым болғанына шүкір! Сол үшін мың рахмет! Білесіз бе, мен Сізді керемет жақсы көремін ғой. Сүйемін! Мәңгілік Сізді жүрегімде әлдилеп өтермін! Мені іздемессіз, іздесеңіз де таппайсыз.  

  Сіздің Танакөзіңіз».

* * *

    Хатты мың мәрте оқыған шығар. Танакөздің ауылы Ресейде Астрахань облысында. Оған іздеп баруға қауқары қайда, телефон, нақты тұрағын да өмірі сұрамапты. 

 Ине жұтқан иттей қанқұса болып, өзі бір хабарын берер-ау деген жылым үмітпен күндер жылап өтті, айлар аңсаумен өтті. 

 Бірде күтпеген жерден әлгі мұны ұрысып қуып шыққан пәтерлес құрбысы телефон шалғаны: 

 - Танакөз ұл тауыпты! Құтты болсын! Атын Сіздің ұлыңыз Диарға ұқсатып Дамир қойыпты! Сіз мешітке Танакөзді ертіп апарып, некеңізді жасырын қидырып алып, екінші әйеліңіз етіп ұстауға болар еді ғой. «Баланы да өзімді де өзім бағуға күшім келеді, тек еркек болып келіп-кетіп жүрсе ғой. Атекең», - деп армандап жылап-жылап кетті ғой қайран досым. Сіз намысы жоқ, еркек емессіз!.. – деп таудан тас домалатқандай ірі-ірі сөйлеп, жер-жебіріне жетіп барады.  

 - Танакөздің телефонын, адресін берші, айналайын, - деп жалына бастады. 

 - Танакөз жылына бірер мәрте ғана қалаға барып өзі телефон шалады, оның ауылында телефон жоқ, адресін білмеймін! – деп зіркілдей трубканы тастай салды. 

 Бір-екі айдан кейін Танакөздің құрбысын іздеп барса, ол да пәтер ауыстырыпты, жер сипап қалды. Жүрегіне ине қадалғандай өкпе-бауыры түгел сыздап, кеудесі қарс айырылып, аһілеп-уһілейтін әдет тапты. 

 Дамир, мұның бел баласы, ұлы қандай ғана болды екен? Қазір шауып жүр, ә! Өзінің төл перзенті ғой, өзі қанынан жаратылған – мұрагері! 

 Өзін-өзі мүжіп, іштей іріп, жан баласына осынау жан сырын ақтара алмай өкініштен өртеніп, көкірегіндегі бітеу жарадай құпиясын аша алмай, қанқұса, тірі тұлыптай ілбіп жүр. 

 Диар қалқиған, арық сүйектері саудырап, кешке дейін телевизор, компьютер, радиоланың алдында қадалып отырғаны, шөпиген құп-қу. Міне, он жылдан асып барады оқтын-оқтын мұрнынан қан саулайды, алдында айына бірер рет болушы еді, енді апта құрғатпай есті алады. Дірдектеп қаны тоқтамай, апармаған жер, қаратпаған дәрігер, көрсетпеген емшісі қалмады. Аллергия дейді, суық тиген, тамыры жарылған, тіл-көзден дегенмен дәл емі жоқ, жазылмай-ақ қойды. Сүмпиген құр сүйекті сорайған тұйық, көзілдірігінің ар жағынан суға шыланған дәу көзі мұң-шерлі ұлы жүдеп-жадап барады. Керсендей іркілдеген әйелі былапыт тілдеп, мұны адам ғұрлы көзіне ілмейді, жерлеп, жекен суына жетіп, кемсітіп, кекеп-мұқап отырғаны. Есіл дерті – баю!.. «Алик» мырзаға да әртүрлі кеселдер жабысып, жүрегі сыр бере бастады. Қыңқыл-сыңқылы көп. Есіне жиі-жиі Танакөз, Дамир есімді жұмбақ ұлы түседі.  

 Неге ғана, мен сұрқия, баламнан қаштым, неге сонша шошындым?

«Ұясынан шошынған құс оңбас, баласынан жерінген ата-ана оңбас» - дегенді оқып, тура өзіне айтылған деп ұқты. Сырты – бүтін, іші – түтін, өмірі - өксулі. 

 Айналайын Танакөз, егер сен менің ұлымды жетектеп келсең қос тізерлеп, бөркімді алдыңа тастап, жылап тұрып кешірім сұрар едім-ау... 

 Қалай ғана қидым десеңші? Өмір бойы өкініштен өртеніп өтермін мен бейбақ?!

* * *

Купе іші қоңыр салқын.  

Көршісі жеңіл спорт киімін киіп алыпты. 

- Әзір жата қоюға ертерек,- деп ананы-мынаны сұрастырып біраз отырды. Екеуі де соғыстан кейін бір жылы туған, түйдей құрдас. Әкелері соғысқа қатысқан. 

- Егер соғыс болмаса біздер ертерек туып, қазір жетпіске жеткен ақсақал болар едік. Қаншама аға-аталарымыз ұрпақ көрмей соғыста мерт болды. Солардың аманаты болып біздер қалдық қой, - деді Темірбек. 

- Соғыс болмаса қазақ халқы екі есе, ал ашаршылықта қынадай қырылмаса қазір төрт есе көп болар еді,-деп өзінің оқымысты екенін көрсетіп қойды, Атагелді де. 

- Енді өсу тоқтап қалмаса десеңші, құрдас...

- Қанша түйеңіз бар? – деп әңгіме ауанын басқа жаққа бұрып еді, анау жақтырмай қалың қабағын кіржитті. 

- Қазіргі заманда – бәрі жекеменшіктікі. Ежелгі салт бойынша мал иесі қанша мал-жаны бар екенін айтпайды, тіл-көз тиеді дейді. 

- Дегенмен де... 

- Мыңға жетпейді. Уақжан да бар. Мен Қамбар атаның тұқымын да өсіремін. Қалың құм ешкімге керек болмай қалған сәтте Шудың аяғын, Мойынқұмдағы еспе құмды бір кәдеге жарар деп алып қойғанмын. Қора-жай салдым, тер төгіп біраз тіршілік жасадық. 

- Баяғыдан түйе бағасыз ба? 

Көршісі екі иығы селкілдеп, рахаттана күлді. Атагелді дәл осылай керіліп емен-жарқын, жадырап күле алмайтын қамкөңіл болып алғанына көзі жетіп, өз-өзіне таңқалды. Мылтықтың атқан оғындай зулата өте шығар өткінші өмір. Ғұламаның айтқаны бар: «Өмір - өлім алдындағы серуен». Міне, өзімен құрдас мына жан арқа-жарқа, бетінен қызылы тамып, реңі ашылып: 

- Мен бәленбай жыл гаишник болып, ала таяғымды шолтаңдатып, жолды торуылдаған жанмын. Біреулер ГАИ болу ғажап, күреп ақша табасың, дүрілдеп өмір сүресің деп ойласа, ол қателеседі. Күні-түні, демалыс – мейрам демей, қар-жаңбыр, боранға қарамай қара жолда дірдектеп тұрасың. Жиырма алты жыл өмірімді сол милицияға санап беріп, біржола демалысқа кеттім. Сырттай техникум бітіріп, сержанттан капитанға дейін жеттім. Аумалы-төкпелі заман туып, Кеңес өкіметі құлады. Мен сияқты өкіметтің айлығы мен пенсиясына қарағандар дал болып, далада сандалып қалды. Ары-бері жүгіріп жүріп, мал өсіруге кірістім. Сен білесің бе, малшы болу, төлінен түлік өсіру – нағыз машақат! Өте ауыр тірлік, бұған кім көрінген шыдамайды «Құланды да жыландай адам атады» - демекші малсақ бол, малмен бірге тұрып, бірге еріп, көзден таса қылмай жанкешті жүгірмесең – малдың жауы да дауы да көп. Бұрынғылар «малды жисаң - машақат, жоғалтсаң - өкініш» дегенді неге айтқан. Түйе өсіріп, шұбат ашыттым, сиыр сауғызып, сүтті базарға шығардым, өгіз, қой семіртіп, қалаға апарып ет саттым. Тиынды тиын құрайды. Алашапқын болып жүріп, бала-шағаның бәрін жектім жұмысқа. Біле білгенге, көзін тапқанға пұл аяқ астында, тер төгіп, ерінбей теріп ала біл! Анық еңбек етсең «бір қолымен сеуіп, екі қолымен терген» дегеннің өзі боласың. Соған жету үшін қаншама тосқауыл, кедергі кездесті. Қайсарлығыма басып алған бетімнен қайтпадым. Мал болған соң індетке ұшырайды, суықтан қырылады, ұры-қары ториды, бөрі-итқұс аңдиды. Папкі көтеріп, қоқан-лоқы жасап, қорқытып-үркітіп келетін әкімқаралар, тексерушілер қаншама! Мына басымыздан бәрін –бәрін өткіздік. Қора-жай салып, құдық қазып, электр жүргізіп, жол жөндеткіздім - қыруар шаруа бас көтертпеді. Кеткен күшіңді сұрамайды, бітірген ісін сұрайды. Енді айтуға оңай, көрмеген құқай жоқ. Өзім секілді алғыр көршілеріммен тізе қостық. «Бай қасына көшіп бар – байымасаң маған кел. Қу қасына көшіп бар құрымасаң маған кел» демекші жігіттер бас біріктіріп, тіршілігіміз оңала бастады. Бала-шаға бәрі тік тұрып, шаруаға үйренді. Қазір ғой, бәрін реттедім, әрқайсысының жеке шаруасы бар, көлік, үй әперіп қойдым. Құдайға шүкір, береке қайда барасың десе – бірлігі жарасқанға барамын депті ғой. Ұя бұзбай, өздері ие болып, дүрілдетіп алып кетті. Ғалымдармен бірігіп шұбатты жыл бойы сақтайтын әдіс ойлап тауып, Астанаға соған сертификат алуға келгенмін. Жаңалық, жақсылық десе үрке қарайтындар әлі көп, қағазбастылық басым, көрінгені – пара дәметеді, бір жұма жатып, ала алмай қайтып барамын. Министрлер қабылдамайды, төмендегілер шешпейді, сұмдық қой бұл!? Егер бұл технология бойынша шұбатты арнайы құтыға құйып сақтайтын комбинатты іске қоссақ, бұл өнімді тек Қазақстан ғана емес, басқа да мемлекеттерге шығарып сатуға келісіп отырмын. Интернетке шұбат, оның шипалығы жайлы төрт-бес тілде хабар жіберіп едім, қаншама ірі-ірі ел, фирмалар хабарласты, пікірлесіп, тек енді жауабымды күтіп отыр. Әттең, мына тасқамал қарсылар көп, елдің болашағын ойлауымыз керек емес пе, ә! 

- Малшылар жалдайсыңдар ма?

- Есіңде болсын малды тықықтап тексеріп, өзің бас ие болып бақыламасаң мал тұяғы өспейді, өнім бермейді. Бәрін бала-шаға қарайды. 

- Бәріне қалай үлгересің? Сонда қанша балаң бар? 

- Құдайдың бергені ғой, жиырма төрт.

- Қанша-а? 

- Жиырма төрт бала, он тоғыз немере сүйіп отырған жай бар. 

- Ойпырм-ай жеңгеміз батыр екен. 

- Айттым ғой, енді Алла қаласа, биыл екі нәресте сүйемін деп отырмын. 

- Тамаша екен, тіпті! Бәйбішең қаншада сонда? 

- Бәйбіше өзімнен бір жас кіші.

- Әлі бала көтере ме? 

Шалғы мұртын сипап қойып, мырс ете қалды. . 

 - Қайда-ан? Дана қазақ айтады «Бір қозы туса – бір түп жусан артық шығады, бір бала туса - өз несібесін ала келеді». Келіншегің жүкті болғаннан артық қандай бақыт бар! Бала - бауыр етің. «Балалы үй – базар, баласыз үй - мола-мазар». Баласы көп – озар, баласы жоқ – тозар. Бала деген барың емес пе! Мынаны қара қазір жүкті бола сала бала алдырту деген бәле шықты. Алланың хадистерінде айтады: бала алдырту - адам өлтіру секілді аса ауыр қылмыс, зор күнә деп. Бала көбеймей – ел өспейді. Қазір түсік тастату, қолдан бедеу болу секілді сұрқия әдет пайда болды. Сыртқы жауларымыздың зымиян саясаты бар мұнда. Бәрі тұқымыңды тұздай құртуды көздеп, мына шалқар даламызға сұқтанып отыр. Алланың бергенін - әр әйел жарық дүниеге әкелу керек. Әйтпесе құдайдың қарғысына, ауыр жазасына ұшырайсың. Мына бала алдырған немесе өзін-өзі тежеп таппай қойған қыз-келіншектердің бәрі дертті, жүйкесі тозған, ашуланшақ, айықпас науқас. 

- Апырым-ай, ә?

- Сәбидің күлкісі естілген үйге шайтан жоламайды, ібіліс айналып қашады. Бөпе желкесінен уыстап мытып жіберсе, жылан өлтіреді. Ол қаймықпайды ғой білесің бе? 

- Керемет екен, естімеген нәрсеміз. Темке, он тоғыз немереңді қосқанда жиырма төрт баланың бәрі сол бәйбішеңізден тараған ба?

- Жоға, - ол мұртын күлімсірей сипап қойды. - Қазір төрт әйелім бар. 

Көршімді жаңа көргендей, басқа планетаның адамымен алғаш кездескендей таң-тамаша қайран қалып, қадала қарап қалыппын.

- Қойшы, ей, шын айтасың ба?

- Шын, неге өтірік айтуым керек. Төртеуі – төрт жерде, біреуі - түйе өсіреді, екіншісі - сиыр фермада, үшіншісі – қой мен жылқылар бағады, төртінші кіші келіншегім – аудан орталығында дүкенімізді ұстайды. 

- Тату-тәтті тұра ма? Бұл жарықтықтар өзара қырқысып, жанжалдаспай ма? «Күндестің күлі де күндес». «Екі сиыры бар үйде айран көп, екі қатыны бар үйде ойран көп», - дегендей қалай бір-бірімен сиысып отыр?

- Несіне ұрсысады? Шаруа да жетеді, мен де жетемін. 

- Бір әйелдің әлегі де басты ауыртады, ал төртеуі қатар бір-бірінен қызғанып, дау туғызса сұмдық қой. 

- Атагелді, сен қызықсың, қатып қалған совет заңымен сөйлейсің. Есіңде болсын: жақсы әйел - жұмақ, жаман әйел – тозақ. Қазіргі қатындардың бәрі ашуланшақ, көк долы, жүйкесі неден ауыратынан білесің бе? Әне білмейсің! Өйткені олар - жаратылыс қағидасын бұзған, жаралыс табиғатын өзгертемін деп – күйгелек, дертті, жарымжанға айналған бейбақтар. Неге дейсің ғой, жаңа айттым. Қыз баласы күйеуге тигеннен кейін, рет-ретімен байламай жүкті болып, қанша нәресте бойға бітеді соншасын табуы керек. Ол ананың - қанын тазартады, тәнін жасартады, мейірім-шапағат береді, үйіне ұрыс емес ырыс әкеледі. Ал, жарық дүниеге келмей алдыртып тастаған, не қолдан әдейі бала тапқысы келмегендер Алланың қаһарына, жаратушының кәріне ұшырайды. Содан қатындар долыланып, түрлі кеселге ұрынады. Әуелі десең әйелдің бүкіл мінез-құлқы, қаны-жаны дағдарысқа ұшырайды. Кепкен балық қайта тірілмейді, құрсағы кеуіп, жан апатына – зауалға кез болады. Өзің байқашы, көп балалы аналардың – дидарынан мейірім шуақ нұры төгіліп, жайдарланып тұрады. Ал, бірлі-екілі бала тауып, өзін-өзі байлап, тежеп тастаған тасыраңдаған келіншектер келе-келе рухы қасіреттеніп, ішкі ағза жан дүниесі уланып, дерттеніп, әлемет жұтайды. «Долы қатын - жылауық, сұғанақ қатын - сұрауық» деген содан шығады. Шаңқылдаған ұрыс-керіс, көлдетіп жылау, шиқ етсең бажылдап күні-түні тоқтамай долданып жынданып кететін қояншық әйелдер – осы құдайдың берген сәбилерін таппағандықтан осындай ауыр науқасқа ұшырайды. 

- Темірбек, сен тіпті бұл саланың профессоры болыпсың ғой. 

- Жоқ, Атагеді, мына өмір үйретеді, таразылайды. Неге сайдың тасындай жігіт бір әйелмен тоқтап қалуы керек? Тыртақай жігітке жыртақай әйел кез болады. Еркектер баяғы айбынынан, отбасындағы отағасы атағынан ажырап қалған. Кеңес өкіметі «теңдік» деген желеумен, әбден санаңды улап, қатындарды қайқайтып төрге отырғызып, өз парыз- міндеттері - ана екендіктерін ұмыттырып, тасыраңдаған жын-періге айналдырды. Ықылым заманнан бері атам қазақ айтып қойған - «Ер -азамат, әйел - заты» - яғни, еркек ол ел-жұрттың, отбасының тұтқасы, әйел - ол ошақ қасының берекесі, үй-ішін, бала-шағаны тауып, өсіріп, бағып отыруы керек. Тұштақай, еркекшора қыз-келіншектер ер-азаматты тұқыртып, басынып, әбден иі етіп, мынау халықты есінен адастырудың құрбаны болуда. 

- Иә, егер әр отбасыға бір-екі ғана бала болса, онда мемлекетіміздің халқы өспей, кеми береді дегенді мен де оқығанмын. Дегенмен, көп бала бағуға жағдай керек емес пе? 

- Атагелді, сенің түсінігің қызық. Біздің алтын құрсақ аналарымыз, соғыс, зұлмат, жоқшылық жылдарының өзінде бала тууды тоқтатпады. Күйеулерінен он, он бес бала тапты, өсірді, бақты–қақты. Соның арқасында - ұрпақ жалғастығы үзілмеді. Кеудесінен нұр, балағынан бала саулап, он-он бес құрсақ көтерген сол бір шешелерімізді пір тұтуымыз керек. Астана мен Алматының қақ ортасында - Аналарға арналған ескерткішті қарашы бір баланы ғана көтертіп қойған. Бұл масқара! Төңірегінде он шақты баласы шүпірлеп тұрған әйел ғана нағыз Ана деген атқа лайық. Біз титтейінен жастарды сенің бала-шағаң көп болады, сонда ғана өрісің - ұзарады, мәртебең биіктейді деген саясатпен тәрбиелеуіміз қажет. 

- Ал, көп әйел алу жағы қалай?

- Бүгінгі әр-азаматтың бәрінің көкейінде жүрген сұрақ бұл. Баяғыда ата-бабаларымыздың әрқайсысы - үш-төрт әйелден алған. Несіне күлесің? Әуелі сен білесің бе, бұл өзі зерттелмеген үлкен тың тақырып, тіпті дала академиясының заңы болып қалыптасқан ғажап дәстүр. Отбасылық нағыз университет. Ал, айта қойшы, бірінші алған жарыңды қалай атайды?

- Бәйбіше.

- Дұрыс, мұны бәрі біледі. Есіңде болсын, баяғы атам қазақтың салты бойынша ұл бала дүниеге келер-келместен әке-шешесі оған қалыңдық іздеп, қызы бар жақпен құдаласып, баласы он үшке толғанда отау иесі деп, алғашқы әйелін – бәйбішесін алып береді. Екінші әйелді қалай атайды?

- Тоқал дейді ғой. 

- «Бәйбішені малын беріп алады, ал тоқалды жанын беріп алады» деген әңгіме қайдан шыққан? Жігіт – жиырма беске - екінші мүшелге шыққанда өзі қызды ауылды қыдырып, таңдап жүріп, айттырып, тоқал алады. 

- «Екі қатын алғанның құлағы тынбас, есекке мінгеннің аяғы тынбас». Екі әйел қайтып бір шаңыраққа сияды. Жалғыз күйеуге таласып құрымай ма?

- Атагелді, сенің санаңда советтік, батыстық улану бар. Қатыны жоқ еркек – келеке, көп қатынды үй - береке. Көп қатын алған еркек - өрісті болар, ұлдары - көп, қыздары келісті болар. Осындай ұлағаттарды жадымыздан шығарып, ұмыттырып жіберді емес пе. Ата салт қана емес, әуелі тіліңді жұтып, дәлдүріштеніп қалмадық па?

- Темке, үшінші әйелді қалай атайды? – деп әңгіме төркініне қайта бұрып әкелдім. 

- Бұл үшінші әйелді баяғыда еркектер қырық тоғызға толған мүшел жасында алған. Мына қызықты қара, бұл жолы баяғыда он үште үйленген бәйбіше балалары ержетіп, әкелеріне қалыңдықты лайықтап іздеп жүріп, солар әперген. Оны – майапа деп атаған. 

- Отыз жеті мүшел жасты неге аттап кеткен? 

- Мүшел жаста адам ағзасы түгел жасарады. Қаны ауысады, кәдікшіл, күдікшіл болады. Мүшел жас – жолы өте ауыр. Мүшел жастардың әрқайсысының атауы бар. Мәселен бірінші мүшел – он үш жас – сәби шақ мүшелі, осы мүшелде отау құруға болады. Екінші мүшел жиырма бес жас - ержеттік жас, нағыз тас шайнаған, мұз бүркетін шақ. Үшінші мүшел – отыз жеті жас – толықсу жасы. Төртінші мүшел – қырық тоғыз жас - орта жас мүшелі. Бесінші мүшел - алпыс бір – ақсақал мүшелі, алтыншы мүшел – жетпіс үште қарттық, ал жетінші мүшел - сексен бес жаста – кәрілік мүшел деп аталады. Бұл мүшел жастың бәрі де қауіп-қатерлі, кәдік жас. Дүниеден озып жатқандар, не бір оқыс жағдай байқасаң осы мүшел жасқа шыққанда, көп ұшырайды. Ал, отыз жеті жас - өте ауыр мүшел. Сүйегің де бордай бос, ақыл-есің де, мінезің де де құбылмалы. Сондықтан да отыз жеті мүшелінде қазақ әйел алмаған. Жалпы мүшелдің қай-қайсысы болса да қауіпті. Мүшел жаста сақтанып, алыс сапарға шықпай, көкпар тартпай, абайламасаң үзіліп кетуің, не жазым болуың кәдік. 

- Бәсе, мүшел жасқа кіргенде баяғыда әке-шешеміз киімімізді таратып, құдайы шәй беріп жатушы еді. 

- Ал, енді төртінші әйелді - бесінші мүшел жасқа жеткенде - «Атамыз қартайып кетпесін, жас иіс әперейік» деп немерелері жан-жақтан іздеп, алпыс бір жастағы атасына лайықты ибалы, көргенді жердің қызын айттырып, қалыңын төлеп әперетін болған. Оны «жас иіс» деп немесе «Кенжем», «Кенже ана» деп атаған. 

- Керемет екен. 

- Мұның кереметтігі – қазақтың дала академиясының дана теориясы. Нағыз көрегендік қой. Мынаны қарашы енді, бірінші әйел – бәйбішесін ата-анасы, екіншісін – тоқалды өзі, үшінші – майапаны – балалары, ал, төртіншісін – жасиісті – немерелері алып берген. Бәйбіше бар әйелдің, үй-түздің шаруасын реттеп отырған. 

- Әйелдер бірінің үстіне бірін алуға қалай көнеді?

- Бәрі отбасылық тәрбиеден. Қыз бала дүниеге келісімен оның құлағына ер азаматты қадірлеуге, бетіне қарсы келмеуге, оны ұлықтауға, айтқанына көніп, бетегеден биік, жусаннан аласа болуға таптап – таптап шешесі, әпке-жеңгелері тәрбиелей бастайды. «Ер жігіттің аты жақсы болса - бір бақыт, алған жары жақсы болса - мың бақыт». Көргенді текті жерге құда түсіп, ата-анасы, ата-бабасы қасиетті жердің қызына үйленген. «Таза сабаның қымызын іш, мейірман ананың қызын ал» - деген бұрынғылар. Шешесі қандай болса, қызы да соған тартады. Қарғаның ұясынан сұңқар ұшып шықпайды...

- Бәріне бәйбіше басшылық жасайды дейсің бе?

- Иә, жастай алған бәйбішесі қалған әйелдеріне, бүкіл бала-шаға тәрбиесіне, ішкі отбасылық іске басшылық жасайды. Көп әйел алудың тағы бір басты себебі шаруа баққан, көшпенді ел тұрмысында істелетін жұмыс көп. Мал сауу, отын-су алу, мал өнімінің толып жатқан керек-жарағын күнделікті пайдалану дегендердің машақаты бір үйде қанша әйел болсын қолын босатпайды. Қазаны оттан түспейтін қазақ үшін «... бәленшенің қызы қолын жылы суға малып отыр екен» деп мақтайтыны кір жуатын суына дейін жылтып беріп отыратын күтімі бар дегені. Қолмен ағаш жарып, су ысыта салу тағы басқа күні бойғы тірлік оп-оңай шаруа емес. Еркек төрт үйге салттан аттамай кезекпен-кезек түнейді. Төрт әйелдің әрқайсысының бір-бір баласын басқа әйелдерге біржола асырауға, бауырына салып беретін қатаң заң бар. Сонда төрт әйелге бай да, бала да ортақ, тепе-тең. Мәселен бәйбішенің тоқалға, тоқалдың бір баласын майапаға, майапаның бір ұлын кенжеапаға, оның тапқан баласын бәйбіше мәңгілікке асырап алып, өз бала-шағасынан артық болмаса кем қылмай өсіреді. Құрсағын жарып шыққан баласын бергеннен кейін, құшағындағы күйеуінің тілеуін тілеп, бәрі тату-тәтті, жарасымды болып, бәйбішенің айтқан шаруа – тірлігіне бас иіп, отағасына қалай жағуды, оны құрметтеп күтуді ғана ойлайды. Бұл – береке кепілі. Қарашаңырақ – кенжеапаның үйі. 

- Алпысбай, Жетпісбай дегендер содан қалған десеңші?

- Сексенбай, Тоқсанбай дегендер де көп болған. Көп әйелі бар еркек ұзақ жасайды, кәртаймайды. Олар алпыс, жетпіс, сексенде ұл-қызды болып, бүгінгі қазақтың көбі солардың ұрпақтары екенін біреу білер, біреу білмес. 

- Темірбек, біз болсақ жалғыз әйелден шарадай басымыз шақшадай болады. Төрт әйелдің тілін тауып, қалай ғана үлгересің, шыныңды айтшы. 

- Сен, Атагелді, қызықсың. Төрт әйелдің кемінде екі-үшеуі жүкті болып жүреді, белі ауырып, балтыры сыздап, шұбырған балаларын бағады дегендей. Олар бұлқына алмай, табиғат заңымен өмір сүреді. Әйелдің кесапат, қасіреті – қысыр байтал ғұсап қолдан бедеуленіп, бала таппайтын болып алса сол пәле. Төлдемейтін, буаз болмайтын қысыр ұрғашы мал пышаққа ілінеді. Оны мал деп есептемейді. Мына, жаратылысты қарашы: бүкіл тірі жан-жануар, жәндік, тіпті өсімдік атаулы ұрпақ әкеледі, табиғаттың өзгермес ұлы заңымен өмір сүреді. Мың-миллиондаған жылдар бойы ана құрсағына біткен нәресте дүние есігін ашып, мәңгілік ұрпақ үзілмей сақталып бізге аманатталған. Бала болмаса – тіршілік жойылады, адамзат тарихы үзіледі, ата-баба аты өшеді. Әйелдер бала бітірмеудің небір сұмдық айла-шарғыларына құмартып, Алланың кәріне ұшырауда. Ақылы асқан сайын шаштарын қысқартып, бір тырнағының өзімен қанша әлек болып, қас-кірпігімен әуреге түсіп, сан түрлі дәрі ішіп, бедеуленіп, осындай лепіру салдарынан денелерін жалаңаштап қана қоймай, ішкі нұрлы әлемі тоналып, кепкен томардай қуарып барады. Некесіз әйелдердің еркекпен жақындасуы - жезөкшелік, сайқалдық! Ең ауыр – күнә! Арсыз қатын – сондай жексұрын қылыққа барады, некесіз табылған баланың күнәсі – ата-анасында! Некесіз дүниеге келген сәби - өмірінде жолы болмай, көп қатерге, ауыр пәлекеттерге жолығады, өйткені ол шата, толық адам емес, жарымжан, мүгедек, жан-рух кеселіне душар. Некесіз туғандарды шайтан азғырады. Некелескен отаудың ұрпағын – періште қорғайды, оң жолына салып отырады. Бұл бұрынғылардан қалған ғақлия, Алланың ақ адал сара жолы. Шайтан жолына түскен жезөкшеден сайтан азғырған рухани мүгедек бала туады. Жезөкше қатын – кәззап, түбі оның - азап пен тозақ. Шешесі етегінен қағынған сайтан болса – қызы қиялы бұзық сайқал болады. Айналасын былғап, дос-құрбысын бұзып жүреді. Көп қыдырған, талай еркекпен болған әйелдің жатырында – бір қуысында - сол тірі организмнің титтей бөлшегі қалып қояды да, бәленбай жылдан кейін бала көтерсе де, соған тартып кететінін ғылым дәлелдеді. Ол жынды ма, алқаш па, қанішер ме соған ұқсайды, соның жолын қуады. Ең ғажап, ең таза нәрсе ол – ана құрсағы. 

- Оның рас. «Әйел бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербетеді» дегенді оқығаным бар. Зерттеу бойынша елімізде төрт миллионнан астам отбасы бар. Ал, ажырасқандар саны бір миллион екен. Ал солардың ішінде жесір, ажырасқан әйел саны еркектен алты есе көп. 

-Сен оқығаныңды айтасың. Мен ауылдағы бұрынғы ақсақал-әжелерден естігенімді айтамын. «Ақырзаман боларда ешкі пұл болады, қатын би болады». «Заман бұзыларда - әуелі әйел бұзылады». Бұзылған қатын бұралқы. Әкем соғысқа қатысқан, тоқсан үш жас жасады, кеңес заманының өзінде екі әйелі болды. Соғыста қайтыс болған ағасының үйіндегі жеңгесін бір баласымен әмеңгерлік жолмен алып, одан бес перзент сүйді, кейін ол жеңгесі қартайып кетесің деп біздің шешемізді он алты жасында әперіпті. Ол кісі он бір құрсақ көтерді. Соның біреуі - мына мен.Ескі кісілер сонда осы көп әйел алу жайлы бұрынғы өткен замандағы салт-дәстүрді көп айтатын. Құлағымда, зердемізде бірлі-жарымы ғана сақталып қалды. Мақалдап-мәтелдеп, дәмін кіргізіп, ұйытып, айтатын небір асыл дүниелер солармен бірге кетті ғой. «Жақсы әйел жаман еркекті ер қылады, жаман әйел жақсы еркекті қара жер қылады». «Жақсы әйел алсаң – ай мен күндей жарасарсың, жаман әйел алсаң иттей ырылдасып, таласарсың». «Өнегелі отаудың- өрісі кең». «Жақсы қатын жарының жақсылығын асырып, жаманын жасырар, жаман қатын – берекесін кетіріп, ынтымағын қашырар».

- Әйелдер жөнінде көп айттық-ау, еркектер жайлы ше?

- «Қайрақ жақсы болса пышақ өткір болады». «Диірменнің астыңғы тасы жақсы айналса - үстіңгі тасы да жақсы айналады». «Ұл – қоныс, қыз- өріс». «Еркек үйдің – пірі, әйел – үйдің гүлі». «Әйел гүл секілді - жұпар, сонда ғана ері оған құмар». «Еркек – түздікі, әйел -үйдікі». 

- «Баласы көп батыр арыстан болады, баласы аз қорқақ сауысқан болады» дегені шынында да рас-ау...

- Бала- өмірге құштарлықты оятып, ата-анасын құлпыртады. 

- Адамдардың ақыл-ойы табиғаттың ұлы заңымен үйлеспесе онда ол бақытсыздыққа душар етеді, - дегенді бір оқығаным бар. Ал өзім жақсы көретін жазушы Максим Горький «Әлемде өзгермейтін үш-ақ зат бар: ол – ананың ақ сүті, күннің нұры, сәбидің күлкісі»- деген.

- Ал, атақты шайыр Ізтілеу Тұрмағамбетов оны былай деп жазып кеткен: 

- Әйел жерден шыққан жоқ,

 Ол да еркектің баласы.

 Ерлер көктен түскен жоқ,

 Әйел – оның анасы!

- Цицерон деген данышпан бала болмаса адамзат та, тіршілік те жойылатынын сонау көне заманда айтып кеткен өз өсиетінде. 

- Даналардан дана сөз қалады. Бала – бақыт дейміз де әріге терең ойланбаймыз. Көп балалы әйелге зер салып қарашы: дидарынан бал төгіліп, күндей мейірімді, айдай ажарлы, береке-құты арылмайды. Нәресте сүйген сайын әйел заты жасарады, әдемі де, шапағатты бола түседі, көкірегіне жақсылық – мейір нұры толады, ол ақ сүт болып перзентіне беріледі. Алла тағала олардың жолдарын ашады, мың-сан кеселден, бәле –жаладан қорып, қорғаштайды, береке-бірлігін сақтайды. Баяғыда ата-әжелеріміз өстіп айтып отыратын. 

- Барлық ауру-сырқау көңіл күйге байланысты дейді ғой. 

- Әлбетте. Бірлі-жарым ғана бала туып, өзін жасанды бедеу жасаған келіншек, әйелдердің барлығы дерлік дертті. Олардың жүйкесі ауырып, мінез-құлқы өзгереді. Жүйкесі тозған жан – аурушаң, тозығы жеткен арбадай қиқаң-сиқаң етіп, жөндеуге келмей қирап қалады. Үйінен дау-жанжал, айқай-шу кетпегендердің бәрі – кеселге душар болады. Ал, күндей жадырап жүргендердің күш-қуаты бойында, өмірге мығым, ұзақ жасайды.

- Алпысбай, Жетпісбайлар сол кезде көп болады десеңші! 

- Атагелді, жақсылармен жүрсең - күндей боласың, жаманмен жүрсең жындай боласың. 

– Темірбек, ол төрт әйел алған бұрынғылар қалай тамақтанған? 

- Жас иіс, төртінші әйелін бұрынғылар алпыс бірге шыққанда немерелері айттырып, таңдап жүріп, қыздай әперген. Ал, осы үйлендірер алдында аталарын ерекше күтімге алады. Оның да өз ерекшелігі бар. «Атамыз кәртайып кетпесін, үйкүшік болып үйде отырып қалмасын, жасарсын», - деп немерелері лайықты қыз іздеп тауып, қалыңын төлеп, тойға әзірленеді. Атасына да өзгеше қарап, шашын алып, суға түсіріп, саятшылық жасатып, аң қағып, құс салып, серуендетіп көңілін көтертеді, белін жаздыртады. Тамақ ішуіне айырықша мән береді. Ерте туған кепені сойып, жіліктерін шағып, қазанға салып асады. Піскеннен кейін, етті сүйегімен сүзіп алып, тағы бір кепенің ет-сүйегімен тұтас жаңағы сорпаға қайнатып пісіреді. Баппен піскен етті сүзіп алғанда қоймалжың тартқан сорпаға тік қойған қасығың тік тұрып қалады. Енді сол нәрлі де сөлді сорпадан атасына үш мезгіл үш жанан ішкізіп, шөлдегенде қымыз беріп мәпелейді. Атқа мінгізіп, сейілдетіп, тау-тасты аралатып, қызық көрсетеді. Екі беті нарттай қызарып, еті торланып, көзі шырадай жанып, қызылға түсетін қырандай дүр сілкініп, түлеп, жас жігіттей құлшынып, қайрат-күш бойына дарып, сүйегі майланады. Төмілжіп, мөлдіреп отауына кірген жап-жас қызды бүркіттей бүріп, жас иістің есін алатын ересен қуат бітеді. Ер кісілердің егде, ақсақал тартқан кезінде тудырған балалары ақылды да, алғыр, ақыл-ойы кемел болатынын білесің бе? Өзің байқашы, бәйбішенікінен гөрі тоқал балалары пысық, зерек әрі епті де есті. Ширақтығы – жас шешесіне, парасат – пайымы, ақылы әкесіне тартып туады. Төрт әйелінің де отауына кезек-кезек түнеп, аралап, шаруа атқарып жүрген отағасы да қартаймайды, одан кәрілік қашады. Барлық әйелдеріңе, бала-шағаңа шаруа істетіп, пайдалы кәсіппен, өздерінің бойларына шақ тірлікпен айналыстыр. Сонда ғана – олар жеп отырған нанының қасиетін біледі, әрі шаруақой, малсақ, тіршілік көзін табатын жан болады, оны өзінен кейінгі ұрпағына үйретеді. Той-тойлап, дәулет шашып, қызық қуып кетсе, оның арты берекесіздік, ысырапшылыққа ұрындырады, бала тәрбиесі бұзылады. Қатаң да қатал тәртіп - әкеден, жібектей есілген әдемі нақыл - шешеден. Сонда үйіңе ырыс келеді. Қазіргі қала адамдарының балалары - бос белбеу, секекбай боп өсіп жатыр, бұл іштен жеген жегі құрт. Олар дене еңбегімен айналысуы қажет, жүгіріп шаруа жасауы қажет. Жас кезінде алмаған тәрбие – қасірет. Біздің еліміздегі әр сатыдағы ұрпаққа ата-анасы күнделікті істейтін іс тауып беріп, қадағалап, соны әдетке айналдыруы керек. Міне даланың дана заңы осылай болып келеді. 

- Міне, қарашы атам қазақ қалай дәл тауып айтқан: Нәресте туғаннан жетіге дейін - сәби шақта - төреңдей күт! Ал, балалық шақ – жеті мен он төрт жасында – құлыңдай жұмса! Ержету кезеңі - он төрт пен жиырма бір арасында - құрдас-замандасыңдай сырлас! Ересек шағы жиырма бірден кейін балаңмен әкеңдей ақылас! – деген бұрынғылар. 

- Темке, мен де оқығанмын: Ибн Сина деген ғұламаға әкесі үш жасар ұлын жетектеп келіп «Мына баламды қалай тәрбиелеймін? Кеңес беріңізші, ұлы ұстаз?» депті. Сонда ғұлама: «Балаң қаншада?» деп сұрапты. «Үште» депті әкесі. «Онда үш жыл тоғыз айға кешіккен екенсің. Бала ана құрсағына бітісімен ұрпақ тәрбиесі жөнінде ойлануың керек. Жаман сөз, жаман әдет –ғұрып жасамаңдар. Бала үйінде не көрсе, кейін соны қайталайды» - деген екен ғұлама. 

- Қазір әуелі ұлағатты сөз тыңдамақ тұрмақ, қасиетті елағаларынан, абыз ақсақалдардан бата алуды да білмейді. Кейінгі ұрпақ советтік шләпі киіп, кәмунист болған атеист сақал – мұртсыз шалдар бата да бере алмайды, дәмді ой салар өнегелі әңгіме де шерте алмайтынын қайтерсің. Көпшілік жиналған жерде - ғажап әңгімелер, тәрбиелік сөздер айтылуы қажет. Мәселен, тамақ жеп болғаннан кейін ет салынған табақты жаңа түскен келінге береді. Келін табақты бауырына алып, иіліп сәлем жасағанда ел қариясы, не киелі жан: «Ұл тап, қарағым!» - дейді. Келіндері сәлем салғанда қайынаталары мен қайынағалары әрдайым: «Ұл тап, келінжан қарағым. Қара ормандай өсіп-өн!»- деп ықыласын айтады. Батаны да қасиетті, өсіп-өнген, аузы дуалы, ел қадірлеген атақты адамнан баяғыда арнайы іздеп барып, алып қайтатын болған. Жақсының батасы – ырыс, жаманның қатасы – ұрыс. 

- Ұл-қыздарына да баға берген ғой ата-бабаларымыз. 

- Әлбетте. Қарашы ұл баланың үш түрі болады: ойшыл, қойшыл, тойшыл. Ойшыл бала – жемісті, тойшыл бала – керісті, қойшыл бала - өрісті болады. Қыздарды да үш топқа бөлген: көлеңкелі қыз, өнегелі қыз, берекелі қыз. Көлеңкелі қыз өссе – жаман қылығымен - күң болады. Өнегелі қыз ата-ана, ел-жұртына абырой әперетін – күн болады. Берекелі қыз - ісі мен мінезімен – шаруақой, ісмер, дәулетті - пұл болады. 

- Қыздарына қалай дәл баға берген десеңші?

- Өрісті де, келісті, дәулетті де сәулетті текті жерден қыз алсаң - шың боласың. Көргенсіз бен тексізден алсаң - жын боласың. Өзімшіл, өркөкірек, нысапсыздан қыз алсаң – құл боларсың. Бәрінен де жаманы – бедірейген бедеуге жолықсаң - тұл қаларсың. 

- Бұрынғылар көріпкел, әулие екен ғой, қалай тауып айтады? 

- Сонау арғы ата-бабалары қасиетті, киелі текті жердің тұқымы болса жарып шығады, тәлім – тәрбиелі, отбасының береке ұйтқысы солар. «Арсыз болса – қыз қорлық, ақымақ болса – ұл қорлық». Ұлы – ырысты, қызы – қылықты, шіркін-ай деп ел таңданатын ерлі-зайыптылар қашанда Алланың сүйген ақ пенделері. Мына Ақсеңгір деген ауылда он алты бала тәрбиелеп өсіріп отырған отбасы бар, бәрі дін аман, жаман жолға түскен біреуі жоқ, тату-тәтті. Басқа ұлт өкілдері болса әкімқаралар баяғыда әспеттеп, насихаттап алып төбесіне көтеріп кетер еді. Көп балалы және оған қайырымды тәрбие берген ата-аналарға айырықша қамқор болуымыз керек. Асыл тұқымды мал, тіпті текті ит пен мысықты да қастерлеп, ерекше күтіп жатамыз да, өз ұлтымызды көбейтетін әке-шешелерге неге мән бермейміз? Көп балалы үйдің балалары - қарапайым, көпшіл, инабатшыл, еңбекқор.  

- Құрдас, сен энциклопедист екенсің, бұл жағынан. Ғалым болсам да бұл жайлардан мүлде хабарсыз екенмін. 

- Қариялардан естідік жастай. Кейін өмірдің өз қағидасы дәлелдеп көрсетті. 

- Бұл ғажап дала философиясы ғой.  

- Кім біледі, адамзат көбеюі, дамуы үшін осылай жасалған шығар. Ер балалар жасында тым шетінегіш келеді, ал қыздар көп. Кейін түрлі зауал өтінде соғыс, әскер қатары, әртүрлі жағдайда еркектер көп қырылады да, әйелдер саны күрт артып кетеді. Өзің жақсы білесің, қазір бойдақ кәрі қыздар, жесір келіншектерден аяқ алып жүруге болмайды. «Бала таппаған әйелден – лақтаған ешкі артық». Дер кезінде күйеуге шықпағандықтан жеңіл жүріске бой алдырады, соған еті үйреніп, жезөкше болып шыға келгенін байқамайды. Онысын ешкім білмейді, сезбейді деп өзін -өзі алдаусыратқанымен, Алла бәрін көріп тұр, ата-баба әруақтары қалай қорланады десеңші! Некесіз бала табу, әкесіз ұл-қыз өсіру деген не сұмдық! Баяғыда ең ауыр қылмыс – осы қарабеттілік саналған. Бүкіл бір рулы елге қара таңба болып, әлгіні және әке-шешесін қатал жазалайтын. Етегінен қағынғандарды шаңыраққа шашынан байлап, асып тірідей өлтіретін. Мұндайды естіген – көрген, білгендер тәубасына келіп, ата жолын қастерлеп, қасиет тұтады. Ұлы - өнегелі, қызы – киелі болып келеді. Енді тарам-тарам арам жолға түсіп, азып-тозып бітпесек десеңші. Ұят, сауап, зауал дегенді білсек қой шіркін!

- Темке, әйел тәрбиесі жөнінде айтып қалдық. Жасыратын не бар, жалғыз қатынға ие бола алмай жүр емеспіз бе? 

- «Қатынды - бастан, баланы - жастан» деген. Ә деп алғанда айбының болмаса қатын деген басынып кетеді. Баса-көктеп, тәрбие көрмеген келін-кепшіктер басыңа от жағады, жігіттің жағасына жармасып, көкайыл қатын аталады. Ұрысқақ қатыннан – жұлысқақ қыз туады. Ақсақ қой – тырысқақ, жаман қатын – ұрысқақ. Жалғыз әйел болғаннан кейін өзі билеп төстегісі келеді, еркекті ығыр етіп, басып –жаншып ұстағысы келеді. Шыбыш бастаған қой оңбас, қатыны билеген - үй оңбас. Ал, үш-төрт әйелің болсыншы қыңқ етер ме екен? Шаруамен көміп таста, тіршілікпен айналысып, әрқайсысы он-он бес бала тапсыншы! 

- Кеңес өкіметі кезінде жесір әйелдерді қолпаштап, үйде бала тауып алған қыздарға кезексіз пәтер беріп, марапаттап, мақтап жаттық қой?

- Ең сұмдық осы. Әке тәрбиесін көрмей өскен бала – сусыз өскен ағаш секілді морт сынады. Олар - әйел мінезді келеді. Жесір әйел тәрбиелеген баланы қарашы – жігіттік жігер, намыс, өр рух болмайды. Әке көргендер «Ассалаумағалекум»- деп қос қолдап, айқайлап амандасады, шеше тәрбиесіндегілер «Сәлеметсіз»- деп қыздарша сызылады. Қанаты сынған құстай - әкесіз өскен бала – жасқаншақ, табансыз, томаға-тұйық, олар ұлы істер атқара алмайды, кеуделері басылып қалған, қылмыскерлер де солардан көп шығады. Көбіне келте, шолақ ойлы келеді. 

- Баяғыда жесір әйел, жетім бала болмаған ғой. 

- Әрине, әмеңгерлік салт болғанын жақсы білесің. Жетімін жылатпаған халықпыз, жесір келіншекті екінші, үшінші етіп ер-азаматтар алып, сіңіп кетіп отырған. Оның бұрынғы күйеуінен тапқан балаларын өз балаларынан артық бағалап, бәріне жел тигізбей, өзіне сөз тигізбей өсіру - жаңа әкенің басты борышы болған. Байсыз қатын – отқа жағар отын. Күйлеген сиыр - өрісте тұрмас, байсыз қатын – үйде тұрмас. Күйеуі жоқ келіншектен не тағлым алады бауырындағы балалары. 

- Әйелдерді тым жерлеп кеткен жоқпыз ба осы? 

-Мен бұрынғылардан тағлым-тәрбиесін, салт-дәстүрін айтып отырмын. «Әкесін көріп – қызыңды бер, шешесін көріп – қызын ал» деп бір-ақ сөзбен түйін тастаған ғой бұрынғылар. «Қызға қырық үйден тиым, қала берсе қара құлдан тиым» - деп қатаң тәрбиелеген. «Күлегеш қатын - жүрегеш», «Сылқым қатын - көптікі». «Арсыздан арамза бала туады». Міне, санаңа салып, ойлап қарашы. 

- Темірбек, қазір отырып қалған кәрі қыз, үйленбей жүрген сүрбойдақтар қаптап кетті ғой. 

- Кепкен ағаш жеміс бермейді. Гүл көктемде шешек атып, күзде жеміс береді. Қазақ атам былай деген «Ерте үйленген озар, үйленбеген қу томар». Мен өзімнің ұл-қыздарыма 18-20 жасында үй болыңдар деп титтейінен құлағына құйып келемін. Құдайға тәуба, ерте аяқтанып жатыр ержеткендері. Жаманнан «жаман» деген сөз қалады. Жақсыдан жақсы ұрпақ, көз қалады. 

- Мен мынадай мақал естіп жазып, жаттап алып едім:

Әйел алсаң түйедей, 

Қыз туады биедей.

Әйел алсаң сайтандай,

Қыз туады шайтандай. 

Атагелді, ол менің естуімше былай:

Қатын алсаң биедей,

Ұл табады түйедей.

Қатын алсаң сайтандай,

Қыз туады сайқалдай.

Әйел заты, қыз баласы толық, етжеңді, ірі болғаны жөн. Өйткені ол – көп бала табатын ана. «Қылдырықтай инелік секілді болсаң, әдемісің, арық қыз - мода» деу - сандырақ. Батыстық, шетелдік көре алмаушылық, зымиян саясат. Олар – доңыз етін жейді, бір бала табар – таппастан былшиып, тарбиып, іркілдеп семіріп кетеді. Терілерін қарашы түктерінің түбі бүртиіп-бүртиіп, үстерінен қолаңса – доңыз иісі мүңкіп тұрады. Ал, қазақ қыз-келіншектері тау суындай таза ғой, тек олар ақ ішу керек. Қымыз, шұбат, айран, сүт ішіп, қорегі мол ет жеп, сорпаланып, екі бетінен нұр тамып тұрса қандай ғанибет. Мыңдаған жыл бойы атам қазақ не ішіп жеді, соған бүкіл денеміз үйренген, бейімделген, ал көк-мөк – ол жел-құз. Нәрсіз, құнарсыз тамақ ішкен жан - әлсіз. 

- Арақ-шарап ішіп, темекі тартқанын қайтесің, кейбір қыз-келіншектердің? – деп есіме әйелімді алдым. Қайран жастығындағы өңінен айырылып, дода-дода, бет-ауызы күйген терідей жидіп, аузынан темекісі түспейтін, арақ сасыған оның қылығын көршіме айтпай жасырып қалдым. 

- Бұл да тәрбиенің аздығынан. Әуелі қазір наша тартып, маскүнем болып жатқан жастар қаншама. Арақ ішіп, темекі тарту - қасірет! Ақырзаман бастарына туғандай ұятсыз, көргенсіз, арсыз – олар қайтіп ата-ана болады. Әсіресе мас қыздар масқара қылыққа барады, ерте етегі ашылады. Баяғыда қыз болмай күйеуге тиген қыздарды - байлап, жатқызып қойып үстінен мың қой айдап өткізеді екен. Сонда қой тұяғы әлгі қарабет қызды тесіп, борша-боршасын шығарып күлталқан еткенін дүйім жұрт жиналып көріп тұрады. Оны көрген ел-жұртқа бұл сұмдық - сабақ. Қыз абыройы – бүкіл рудың, елдің абыройы болып саналған. Масқара болған қыздың ата-анасы елден біржола көшіп кетіп, мүлде жоғалады. Бұл жайында айтсақ, ол ұзақ, бөлек әңгіме. 

- Бала – ата-ананың бауыр еті, көз нұры, қуанышы, болашағы ғой, Темеке!

-Сен естімеген шығарсың. Әкемнен естіген бір мәтелді айтайын. 

- Оны мен жазып алайыншы, - деп қалам, дәптерімді шығардым. 

- Жазсаң жазып ал. Қайран асыл сөздеріміз ұмыт болып кетті ғой. Сен болашағың - бала жайлы айтқан соң есіме түсіп отыр. Ал жазғын: 

Баласыз жан – мүлдем сөнбек

Бір балалы үй - сынып қалар көнек.

Екі балалы үй - ащы-тұщы кермек.

Үш балалы үй – бала-шаға ермек.

Төрт балалы үй - асу бермес дөңбек.

Бес балалы үй - бір-біріне көмек.

Алты балалы үй – алтын жіпті өрмек.

Жеті балалы үй - абыр-сабыр еңбек.

Сегіз балалы үй - құдай бәрін бермек.

Тоғыз балалы үй – рахат өмір көрмек.

Он балалы үй - бір ауыл боп өнбек. 

Он бір балалы үй - ел «шіркін-ай» демек.

Он екі балалы үй - өзіне-өзі әбден сенбек.

Он үш балалы үй – алты алашты түгел жеңбек. 

Мынау бір ғажап сөз екен!

 - Міне, көрдің бе, қазақ бала жайлы он үштен кем ойламаған. Әкем айтып отыратын – Алла адамға тоқсан жас сыйлайды. Алғашқы отыз жыл – барахатты, келесі отызы - рахатты, ал алпыс пен тоқсан арасындағы соңғы отыз жыл – шарапатты деп аталады. Тек ниет, тілегің түзу болсын деп. Сол шапағы мол Алла қанша нәресте береді, соншасын өсіруің - әруақтың алдындағы аманатың дейтін. Сонда анау бейітте жатқан ата-бабаларыңның иманы шалқып, ұрпағына разы болады, шаңырағыңа қыдыр түнеп, қызыр шалады екен.

- Бұл да естімеген әңгімем екен. 

– Жалғыз бала өсірсең – қауын емей немене! 

Бес баланы өсірсең - қауым емей, немене?

Он баланы өсірсең - ауыл емей немене?

Он бес бала өсірсең – дауыл емей немене? – деген баяғыда. Тарқатып айтар болсақ, әңгіме жетерлік. Мейман болып, Мойынқұмға үйге келіп демалып қайт. Бала-шағалардың тірлігін көресің. Қызығып қайта-қайта сұрағыштап отырған - әйелдерімнің мына құрдасыңды төредей сыйлайтынының куәсі боласың. Мақтанбаймын бірақ, әкем айтып, әбден миыма сіңіріп қоймаса, мүмкін, мен де бір қатынмен қатып, семіп қалар ма едім. Иә, сен әдет-ғұрыпты зерттеп жүрген оқымысты деген соң, әрі құрдас екенсің, әдейі айтып жатқаным ғой. Жазып қалдырып, кейінгілерге таптап-таптап түсіндіруіміз керек. Сен ойланбасаң, мен ойланбасам онда кім ойланады? Әйел заты - өз жолын білсін, еркек кіндікті – баяғы арқар мінезді, батыр қаһарына мінсін. Әлде менікі дұрыс емес пе?!

- Кім білсін?! – деп міңгір ете қалғанымды өзім де байқамай қалдым. 

- Әй, Атагелді, сендерге оқу өтіп кеткен, советтің заң-закөні бойыңнан аласталмаған. Қаншама әңгіме, ғибрат айтып, түсіндіріп жатырмын десем... 

Ренжітіп алдым-ау, сірә? Өз ойымды ашық айта алмаймын не деген сорлымын осы? 

Темірбек күрсіне ойланып, отырып қалды. Сарыарқаның қысқы түнін қақ жарып испан поезы Астана – Алматы жолымен зулап келеді

- Қой, демалайық. Әңгіме қызығымен біраз отырып қалдық,-деп көршім төсек-жайын жөндей бастады.

 * * *

Сахараның шырттай ұйқыдағы қараңғы түні. Далада сақылдаған сары аяз, ал купе іші ұйыған жып-жылы. Көршім басы жастыққа тиісімен қор етіп, ұйықтап кеткен. 

Ойыма сан-сапалақ нәрсе түсіп, есеңгіреп жатырмын. Есіктен кіріп, төрге шыққанша болған жоқ, өмір өте шығыпты. Жалғыз ұлы – маңқа – мұрнынан қан тоқтамайды, дімкәс, әлі үйленбеді. Түгі шығып, көкбеттеніп алған долы әйелінің есіл-дерті – ақша! Бір дүкен, екі будкасы бар базар ішінде. Өзі қысы-жазы беліне пұл орап, түйіншек-буыншақтарын көтеріп, жер – жерден түрлі зат тасып әлек. Адал ас ішіп, әңгіме –дүкен құрмағалы не заман? Ақылдаспақ болып, бірдеңе десең жаман мысықтай баж ете қалады. Құтырған иттей екі көзі қанталап, еріні көгеріп, мұның жеті атасынан бергі бүкіл кемшілігін бетіне басып, арсылдап, ақыры ойбайға салып, сүмірейтіп жерге қазықша қағып кіргізіп жібере сақтайды. Екі қолын төбесіне қойып тұра қашқысы келеді. Қайда барып паналайсың? Серейген саудыраған қу сүйек баласы компьютер мен теледидардың алдынан шұқшиып шықпайды, құлағына әлденені тығып алып, жат тілдегі жат музыкамен ұйықтайды, сонымен тұрады, сөйтіп міне күні өтіп барады. Мыңқ деп сөйлемейді, әңгімелеспейді, орысша оқыған, қазақша білмейді, қан-сөлсіз, үн-түнсіз, көзілдірікті қалқиған робот секілді. Сан түрлі дәріні іше-іше, піспектеп дәрі салғаннан қаны бұзылып, артық-ауыс бірдеңе жесе денесі бөртіп, қышымаға ұшырайды. Қалшылдап, дірілдеп, көзі аларып, жуған шүберектей бозарып, құлап түседі. Ауруханаға жатқызып, дәрігер – емшілерге қаратып, қалқайтып қайта тұрғызып алып келгенмен айға жетпей тағы құлайды. Мұрнынан қарақошқыл қан дірдектегенде жанын қоярға жер таппайды. Әйтеуір, мектепті бітіріп, енді мамандық алады-ау деп еді, денсаулығы күрт түсіп, үйде мүлдем отырып қалды. 

- Менің арқа етім арша болып тентіреп жүріп тапқан ақшама семірейін деген екенсің, қу жетім! Жуынды ішіп семірген ит иесін қабады демекші, сен сілімтік құтырайын дедің бе?! – деп бала жайын ақылдасайын десе әйелі көкдолыланып, жарылатын шамдардай беті нарт қызарып, ойбайлағанда үй қабырғалары теңселіп кеткендей болады. Сомадай сорайған қу сүйек ұлы ол кезде көз жасы тарам-тарам домалап, құлағына наушник киіп алады тістеніп. 

Бұл үндемей құтылады. 

Ал, мына Темірбек қалай ғана төрт бірдей әйелге, бәленбей бала-шағаға ие болып жүр?

Жүрегі шым-шым сыздап, Танакөзді еске алды. Дамир атты ұлы қандай болып өсті екен? Ар жазасы – тән жарасы. 

Неге ғана өзінен жүкті болып қалған сол бір құлпырған, гүл жайнаған келіншектен сонша қашты? Жасырын барып, мешітке некесін қидырып алса, екеулеп жарық дүниеге әкелген нәрестесін күтіп-бақса, міне бүгіндері ол он жасқа келер еді. Бала екеуінің армандаған алтын дәнекері еді ғой, өз сәбиінен қашқаны қалай? Сол үшін тағдыр өстіп аждаһадай ысқырып, бұған бәлені үйіп қойған шығар. Дамир атты ұлы қара жер болып, әкесі тірі кезінде көре алмай, біле алмай жаутаңкөзденіп, тірі жетім болып жасқаншақтанып қайда ғана жүр екен? Атасына нәлет, бұл жалғанның, жер басып тірі жүрсем іздеп табайын, табамын оны. «Еркек тоқты жат жұрттық болмайды», еркек бала әкесін, өз жұртын табады, шешесі ақылды ғой он алтыға толғанда бар құпиясын айтатын шығар, мүмкін айтқан да болар. Қанқұса болып, әкесін іздеген менің қанымның жалғасы, ата-бабамнан қалған – мұрагерім менің – болашағым – сені іздеп табамын, балам! 

Шудаланған жіптей тарам-тарам ой түбіне жете алмай, әбден сілелеп барып, әзер көзі ілініп кетіпті. 

Бұл бір көкорай таудың етегінде ақбоз ат мініп тұр екен. Бұған қарсы Танакөз жүгіріп келеді, жетегінде ержетіп қалған ер бала бар. 

- Мә, ұлыңызды алыңыз. Сізге тапсырдым. Қайтсең де туған әкемді тауып бер деп мазамды алды. Сізді сағындық қой, сіз сағымға айналып кеттіңіз бе, жаным! Сіз неге мені екінші әйел етіп алмадыңыз, сізге салмақ салмай-ақ, бала-шағаны өзім-ақ бағар едім. Қаласаңыз, қошқардай тағы үш ұл тауып беріп, өрісіңізді кеңейтер едім ғой. Сізді ойлай-ойлай сағынып, жылай-жылай көз жасым құрғап қалды. Қазақ елін, жерін - өзіңді аңсаймын жаным! Біз қашанғы бөтен елде жүреміз? Балаңыз жат болып кетеді ғой. Міне, қарашы балаң өзіңнен аумайды, мә, - деп баласын бұған беріп жатыр. Ақ боз аттың үстіндегі ерге көтеріп, алдына мінгізіп алды. Бұл өзінің кішкентай кезіндегідей доп-домалақ баланы емірене өліп-өшіп сүйіп, бауырына басып, құшақтап, жұпар иісін құшырлана иіскеп, мауқы басылсашы, қане! Мұндай да рахат, ғажап сәттер болады екен ә! 

Ояна кетсе булығып, қыстығып жылап жатыр, екі көзінен аққан жас бет-аузын сулап тастапты. 

- Атагелді, тұр, Алматыға да келіп қалдық, - деп Темірбек мұны оятып, түртпектейді. 

Есеңгіреп, өң мен түсін ажырата алмай, есін жия алмай мәңгіріп әзер тұрды. 

Ыс-ыс еткен зуылдаған испан поезы Алатау бөктерін өрлеп, нән қалаға бозарған, ақсүттенген таңмен таласа кіріп барады. 

  Қаңтар, 2008 жыл. 

этнографиялық әңгіме