ВЕРНУТЬСЯ

    Дәл кәмелеттік аттестат  алар күні 
бүкіл ұлдар  шашымызды  ұстарамен 
сыпырып тастағанбыз. Неге? Еріккендік пе, жоқ ержеттік  дегендік пе, әйтеуір біреуміздің ұсынысымызға  ду қосылғанымыз бар.

Үй саламыз деген қаржыдан
жиырма сомды әрең алып,  қалаға тартып
отырдым.

Ауылымыз астанаға  тиіп тұрса да,  онда небәрі 
екі-үш  мәрте  ғана 
болыппын.  Айналаның бәрі таңсық.

Екі құлағы  тақыртөбе 
баурайындағы  локатордай   желпиген, 
мойны құрықтай, аласа бойлы, 
жасқаншақ бозбала  тротуарда  айналаға 
именшектей  көз тастап
келеді.  Үстінде тор көзді  жасыл жейде, қолында  газетке 
қолайсыз ораған  бума қағаз.

Бұл - мен едім. КазГУ-дің
журфагіне  құжатымды  екі күн шұбырған кезекте  тұрып әрең тапсырдым.  Ондағы  
тоқпақтай келіншек  берекемді  алып, 
тіпті  тұқыртып тастады да, тілдей
қағаз берді.

Бұл жатақханаға  жатқызуға 
рұқсат қағаз болып шықты.  Бір
бөлмеде  сегіз абитуриентпіз. Тарих
факультетіне  келген  Кенжехан 
екеуміз бір ауылдан 
болғандықтан  жұбымыз  жазылмайды. 
Ол  мектепті  менен 
бір жыл  бұрын  бітірген. Денелі, пысық жігіт.

Кәдімгідей  жатақхананың 
абыр-сабыр тірлігі  басталды.
Анау-мынау қақ-соқтан  аулақ,  бар уақытты 
тек сабақ  оқумен өткізуге
тырысам.  Күндіз бөлмедегілер жан-жаққа
тарап кетеді де, жалғыз өзім кітапқа 
көміліп отырғаным. Бар арманым оқуға түсу «Әлгі сиыршының баласы да  студент болыпты-ау», - деп  елді таңырқату. Қолынан талай істер, ұлы
жеңістер келетінін, кейбіреулерге іштей дәлелдемекпін.

Аяқты төсектің жақтауына
сүйеп қойып,  жастықты бауырға басып,
«Қазақ тілін» аударыстырып жатқанмын. Алақандай жапырақтарын самал сипаған
зәулім бәйтерек терезеден төніп тұр. Көзім талса, сары қанат жапырықтарға
қараймын. Жүрегім сыздап, өлең жазғым келеді.

Есік тық-тық етті де, бір қыз
кіріп келді. Атып тұрып жалаңаш аяғымды жасырып әуремін. Босаға төрінде иттен
қорыққан лақтай бойжеткен тұр.  Иығынан
құлаған бұрымындағы бантигі жаңа келіп қона қалған  көбелектің қанатындай делие қалыпты.

Рұқсат па екен? - қыз  ернін тістей жымиды. Мен лекіте  күле салдым. - Үтігіңіз бар ма?

 А-а, бар-бар. Қазір-қазір.

Шифонердің ішін ақтарып, одан
төсектің астындағы  шабадандарды ары-бері
аударып, қағыстырып жатып,  әзер тауып
бердім.

- Рахмет! - Қыз сып беріп
шығып кетті. Түнгі найзағайдан жартасты көргендей, тағы да   сол сурет қайталанса екен деген  тіленші сезімде тұрып,  коридорға шықтым. Ары-бері асыққан,  аптыққан абитуриенттер. Әуелі, жаңағы  бойжеткеннің қай бөлмеде тұратынын
сұрамаппында-ау.

Кітап оқуға зауқым да
соқпады. «Қазақ тілін» қолтыққа алып, аллея ішін аралап кеттім.

Тамақтануға да кесте жасап
алғанмын. Ертелі-кеш  базардағы көк пен
әсіресе помидорды нанға қосып жеп, асханаға 
түсте ғана барамын. Әрі ақшаға үнем, әрі сергек жүресің. Сосын болашақ
студент болғандықтан, өзіңді-өзің 
қазірден тәрбиелеу керек. Есебім бойынша жиырма сом толық жетуі тиіс.

Кешқұрым төрт көзіміз түгел
отырғанда есік тағы тақылдады. Манағы қыз үтікті қайыра әкепті. Кетісімен
жігіттер әдемілігін айтып таңдай қағысты. Бөлмемізде мұрт қойған сақа джентелмендер
де бар, қызғанып қалдым. Жоқ, бағым бар екен, ертесіне -ақ таныстым. Помидорға
тұз сеуіп қойып нанмен соғып отырсам, кіріп келгені бар емес пе!

-Мынаны алуға бола ма? - деп
аяғының астындағы шүберекке  қарайды. -
Кезекші едім.

Келіңіз, дәм татыңыз. Таңғы
ас деген...

Ол наннан шөкіп  аузына салды. Ерні қайымдасып,
Рафаэльдің  суретіндегі Мадонналардай
үлбірейді.

Қайда тұрасыз?

Мына  қарсыдағы қырық бірінші бөлмеденмін.

Соны айтты да, рұқсатымды
күтпестен шүберекті алып кетті. Демек, бұл да ауылдікі, биыл бітірген.

Сол күні  кешке  мен қарсы бөлмедегі  төрт қыздың ортасында отырдым. Ерлігім ұстап,
барымды киініп,  сөзбен жасанып дегендей
арнайы  дайындалып келгенмін.Шетінен  әзілқой, көңілді жандар  болып шықты. Ресми бөлімнен тез аттап кеттік.

Әлгі үркек лақ секілді таныс
қыздың есімі - Нұрпаш. Биофактің 
абитуриенті. Кластасы Фатима екеуі Аягөзден келіпті. Төртеуі  де Алматыны дәріптейді. Мені осы жерлік деп
қояды. Фатима  ерке, ашық мінезді,
толықша келген ақ сары қыз.

Нұрпашқа күй тартқызшы, -
дейді. Жинақы төсек үстінде домбыра жатқан, иесі Нұрпаш болды ғой.

-Қане, өнерін көрелік.

Қыз қызарақтады. Жан-жақтан
қоймаған соң қызыл домбыраға  қолын
созды.

Алғашында домбыра бағынбай,
үні іште дүңгірлеп, алып қашты. Қайта-қайта тиегін бұрап, бабына келтірген соң,
бірден  «Сарыарқаны» аңыратты. Кәдімгі
анау-мынау сауыққойға  алдырмайтын  адуын күй мына шынашақтай қыздың саусағынан
буырқанып, төгілді дерсің. Менің көз алдыма Сарыарқа емес, өзім көрген алып
таулар, ызалы өзендер,  аламан бәйге
елестейді.

Сіз тартыңызшы,- деп маған
ұсынғаны. Тыңдағанды тәуір көргенім болмаса, бұйырмаған өнер. Фатима да
желдірмелетіп, шерте біледі екен.

Бөлмеде болмағаныма Кенжехан
кәдімгідей абыржыпты.  Қайда болғанымды
тақақтап сұрап жатыр. Фатима саған лайық деген емеурін білдірдім. Енді екеуміз
ертеңді күттік.

Сәлеметсіздер ме? - деп  әр кеш қарсыдағы  бөлмені 
тақылдатып Кенжехан екеуміз кіріп барамыз. Қыздар үкідей ұшып тұрып
қарсы алады. Күнде күй тыңдаймыз. Кейде бойжеткендер сыңсып ән салады. Күй
құдіретін де енді-енді сезінгендеймін, қос ішектің бебеу қаққан үніне ғашықпын,
қызыл шанақты  ұрғылаған балғын
саусақтарға  қарай беруден жалығар
емеспін, анау айқастырып қойған,  күнге
тотыққан  толық балтырларға
анда-мұнда  ұры жанарым түсе кетеді,
ішпей-жемей мас болып отырып қолқалап, атын естіген бар күйді  шерттіремін дерсің.

Олар маған өлең оқытады.
Жазып жүретінімді айтып қойған Кенжехан. Күнде жаңа, бәрін табындыратын
құдіретті жыр жазып келуге тырысамын. Тіл әдебиеті факультетінің  абитуриенті Фатима таңдайын қағып,  аһ ұрады. Белгісіз періште қызға арнаған
махаббат толғауларымды оқығанда Нұрпаштың жүзі алакүреңденіп, күлімсіреген  күйі төмен қарайды.

Бір-біріне  тиіп 
тұрған  емтихандарға да бұрылмай,
Кенжеханның ұсынысымен киноға бардық. Ортамызға төрт қызды алып, жігіт құсап, екеуміз
екі шетінде отырдық. Жанымдағы Нұрпаш фильмдегі бір қорқынышта  қолымнан ұстай алған. Біткенше
саусақтары  алақанымда жатты. Шам жарқ
ете қалғанда, байқамаппыз, мұнымызға екеуміз де абыржып қалыстық.

Қатаң кестені бұзып, қыздарды
анда-мұнда серуенге апаратын болдым. Балмұздаққа дейін сыңғырлаған тиын. Оған
қарайтын Бейсенбайың жоқ.

Алғашқы емтиханды мен беске
Кенжехан  үшке тапсырды. Ол енді
конкурстан өте алмаймын деп ауылға жиналды.

- Мә, әдейі оқуға деп алып
кеп едім, жол болмады. Қыздарды қыдыртқаныңа қажет етерсің, - деп отыз сом
тастап кеткені. Әй, дүниеде жаны жомарт, мәрт жігіттер кездеседі-ау, үшеумізді
бір күн қаланы әбден аралатып, сыйлады. Кенжеханды  автостанцияға 
дейін шығарып  салыстық.  Ол кетісімен 
шұбырған емтиханды тапсыру басталды. 
Үшеуміз де түп-түгел сөре басына аман 
жеттік-ау.

Нұрпаштарға конкурс болатын
корпусты торуылдап көп жүрдім. Қолымда бір шоқ гүл. Шақырайған түс болды, есік
көзінде  оны күтіп мен тұрмын. Әйтеуір
күн батысқа құлар тұста екі қыздың 
ортасында келе  жатыр екен. Өзара
күле әңгімелесіп, қуаныштарын жасыра 
алар емес. Ол студент! Жанымнан өте шықты. Көбелек түстес бантигіне
дейін еркелеп бара жатқан сияқты-ау. Өкшелеп соңынан түстім. Дүниеде гүл
сыйлау,  құттықтау азап екен. Жиған-терген  ой шашырап, өне бойымды  ұяңдық басты да алды. Әне ол екеуінен  бөлініп 
тротуарға жеке түсті. Қарсы бетке өтті. Ентелей жүгіріп жете  бергенімде әдемі  бес қабатты сары үйдің подъезіне кірді де
кетті.  Ал, саған!

Жатақханаға салым суға кетіп
қайттым. Бөлмедегі сегіз абитуриенттен 
екеу ғана қалғанбыз. Ертең біздің конкурс.

Кешке  қыздар бөлмесіне келмеді.

Шет тілінен үш алған едім.
Сол кесір болып,  әрі мектепті жаңа ғана
бітіргенім бар, қабылданбадым. Басқа қаладағы институтқа барсаң қайтеді деп
көрді.  Жоқ,  мен тек 
осы университетте ған  оқитын
болам!

Құжатымды құшақтап қайту
қамына кірістім. Бөлмеде  кешегі шоқ гүл
әлі тұр.  Үлбіреген оны көріп,  көңілім май ішкендей  кілкілдейді-ай келіп. Қыздардың есігін
тарсылдатсам:

Кіріңіз, - деген жігіт даусы
шықты. Қақ төрдегі  орындықта қолына
домбыра ұстаған шашын шалқайта тараған жігіт отыр. Шашы бұйра, киімі де құйып
қойғандай шап-шақ. Өзі өңді-ақ. Күйден күй шертеді, онысы да жарасымды.
Қыздарды ынтықтыра  түскісі келгендей
пернені  сылқым тербетіп,  әуезді шертпе 
күйді қалайды. Кербез тартысы 
жүйкені әлдилеп, сылап,  сипап
тоқтады.

Бейсенбай, танысып қой,
Сәрсен, біздің жерлесіміз,- деді Нұрпаш.

Үлкен шахматшы. Зооветте  оқиды, - деп Фатима  қосып қойды. Маған Сәрсен шахматшы да емес,
болашақ мал маманы да емес, артист сияқты көрінді. Мінезі мен  сөзінің қайсысы табиғи ажырату қиын.
Оның  сұғанақ жанары мен  тесіле қарасынан Нұрпаш қымсынып қалады.
Шашын  сілкіп тастап, бір кезде шығып
кетті-ау.

Қыздар мен ауылға қайтатын
болдым.

А-а, неге? - Нұрпаш орнынан  атып тұрды. Даусы да қатты шықты.

Екеуің бақытты студентсіңдер,
мен келер жылдың да абитуриентімін.

            Көзіме бұрқ етіп, жас тығылғаны. Көңілім босап бара
жатты. Сыртқа атып шықтым. Бөлмеде киіммен 
жатып қап едім, өздері кеп  оятты.
Ұйқы қайда, өтірік ұйықтаған болып жатырмын да.

- Жүрші,  емтихан-емтихан деп уақыт болмап еді, бір
қыдырайықшы, дейді Фатима. Жанымда мөлдіреген Нұрпаш. Өңі сынықтау, маған
кінәлі жанарымен қарайды. «Жоқтық жомарттың қолын байлайды» демекші, қалта
түбіндегі  жолдық қана тиын-тебен   жатқанын олар қайдан білсін.

Ымырт. Тротуар бойындағы
адамдар сұлбасы қараң-құраң көрінеді. Үшеуміз санап басып  қатар жүріп келеміз. Екеуі  көңілімді аулауға тырысады. Өкініш жаншыған
кеудемді көтере алмай зілдене түсем. Жасандылыққа  үйрене алмаймын да, сірә. Құрт жеген баладай
бұртиып, аузым ашылар емес.

- Бейсенбай, оқыған  өлеңдеріңнің бәрін-бәрін Нұрпашқа  арнадың ғой, ә? - оң жағымдағы Фатима  дүңк еткізіп қойып қалды.

- Иә-иә... Жо-жоға...

Сасып қалдым. Нұрпаш  мойнын 
иіп, төмен  қарады. Құрбысы
сыңғырлай  күлді.  Әлсіз жел 
тербеліп, төбеден  қалбаңдап
төрт-бес жапырақ жауды. Сап-сары. Күздің де 
келіп қалғаны-ау. Мына, студент 
қыздар  ендігі  бес жылдың 
жазын да,  қысын да, көктемін де
осында өткізеді. Ал мен ше?..

 

                        Жапырақтар 
жауған күзде нөпір боп

                        Жазалама бұл ұлыңды соқыр деп...

Байғұс жүрегім жырлай ма,
жылай ма? Әңгімеміз қиыспады. Жатақханаға таянғанда:

- Нұрпаш, тұра тұршы, - деп
біреу кес-кестеді. Сәрсен!. Теңселіңкіреп келіп Нұрпаштың білегіне жармасты.
Қызу көрінеді.

- Бейсенбай, қой деші
мынаған.

Тұра ұмтылып ем, көзім жарқ
етіп, топырақ қауып, дөңгелеп түстім. Көзім тұманданып, зеңгіп әрең көтерілдім.
Фатима шырылдап жатақханаға сүйреледі. Қыздардың бөлмесіндегі айнаға қарасам,
көзім шатырдай ісіңкі «Сиыршы жәкеміздің тұңғышы қалада бір ай болам деп жүлік
болып кетіпті!» - дейді-ау желсөзді кей жеңгейлер. Екі шынтағым сырылып,
шып-шып қан шығып тұр. Іле Нұрпаш ентіге жүгіріп келіп төсегіне етпеттей құлай
кетті. Иығы бүлкілдеп жылап жатыр.

Қаным мұндай қараймас.
Үндемей шығып кеттім. Әлгі ыздиған нақұрысты көрсем жеп жіберердей денем
қалшылдап, ал кеп ізде! Ұшты-күйлі жоқ. Қолыма ұстағаным, қайдан түскені
белгісіз, су краныңың тұтқасы.

Көрер таңға көз ілсемші.
Бәріне өкіндім. Гүлді иесіне табыс ете алмағаныма, әлгі «артистің» жағасын
жыртпағаныма, жаңа жылаған қызды жұбатпағаныма, ездігіме налыдым. Оқуға да түсе
алмадым. Келер жылы болсыншы, келер жылы!..

 

***

Ертесіне қыздарды көре алмадым.
Есік тарс бекітулі, ерте тұрып,  кетіп
қалыпты. Қап-ай, қап! Күзетке қойған сақшыдай соларды күтіп, коридорда
тал-түске дейін  жүрдім де қойдым.

Төсек-орнымды тапсырып,
әкелген бар кітабымды көтеріп есік алдына шықтым. Жан-жағыма жалтақ-жалтақ
қараймын. Кеткім келмейтін сияқты, бірақ жатақхана тек студенттер үшін ғой,
солар тұруы керек.

Жапырақ түн баласы  өте көп жауыпты. Сап-сарысы, қызылы, көгі де
бар. Сірә, дойыр жел соққаны ғой.

Шабаданымды көтеріп,
автобусқа мінгелі жатып та жаутаңдай қараймын, іздеймін  кеп көзбен тінткілеп. Өзегім  удай ашиды.

Ауыл топырағы  өз перзентін 
қалаға  қиғысы келмепті. Бірақ әсем
Алматыдағы   қыздарға, әсіресе
Нұрпаш  саған  талай-талай келермін.

 

***

Сам жамырағанда ауылға кеп
түстік. Көңіл-хошы жоқ, бет-әлпеті сау емес, оқудан құлаған маған алғаш
жолыққан да баяғы Кенжехан болды.

            - Нишево, ертең колхоз бізді Балқаш бойынан  шөп дайындауға 
жібергелі жатыр. Бірге жүр! - дегені мән-жайға қаныққан  соң.

Жан баласына көрінбей
Кенжеханның үйіне түнеп шығып, солармен бірге Балқашқа тартып  отырдым. Ай шамасынан  кейін 
әскерге шақыру қағазы келді. Кенжехан екеуміздің әңгімеміздің өзегі -
университеттегі екі студент қыз. Енді соларға соғудың сәті түскендей.

Армияға аттанарда
жатақханаға  Нұрпашты арнайы іздеп
бардым. Биология факультетінің  бірінші
курс студенттері Қызылорда облысына 
күріш жинауға кетіпті.  Ал, керек
болса!

 

                                                                                  ***

Арманшыл Бейсенбайың  Қиыр Шығыстағы әскери бөлімде  жауынгер болып шыға келді.

Нұрпашқа әдемілеп тұрып,  төрт бетті толтыра ішіне екі-үш шумақ   өлең қосып, хат жібердім. Жауап жоқ болғасын
және жаздым. Әскерде хат дегенің  жарты
бақыт қой. Ондай бақытты  тағдыр шіркін
маған сыйламаса керек.

Арада жарты жылдай  өткесін, ойда жоқта Фатимадан хат алдым.
Баяғы Нұрпаштың жерлес  құрбысы күлегеш
Фатима ше? Сол жазыпты.

 «Сенің хатыңның бәрін бірігіп оқимыз. Нұрпаш
жауап жазғысы келмейді. Бірақ,  онысы
дұрыс емес. Сосын мен жазып отырмын», дейді.

Алғашында түк түсінсем
бұйырмасын. Қайта-қайта оқып жатып,  ол
мені ұмытқан, ұмытқысы келген, керегім жоқ енді оған деген ой қорыттым.
Сонымен  хат жазуды да біржолата
тоқтаттым. Бірақ өткен шақтың өлең кездерін, абитуриенттік аз ғана өмірдегі
ыстық уақыт  табын  елжіреп жиі-жиі еске ап жүрдім. Нұрпашты ұмыта
алмадым. Егер мен де сол  жылы студент
болғанда... Кейін де күй тыңдасам болды, көз алдыма төсектің ернеуінде
қуыршақтай болып, жанға керемет ләззат беретін күй шертетін  баяғы Нұрпаш 
келе қалды. Ойың армандай болған сол күндерді аралатады.  Бірте-бірте қайта бастаған өкініш уыты
асқынғандай тұнжырап: «Қайда жүр екен сол елік тұлғалы қыз», дейтінмін.

 

                                                                                  ***

Кездесеміз-ау деген  кімнің ойында бар.

Мектепті жаңа бітірген  қарындасымның 
документтерін университетке тапсырып жатқанмын. Баяғы университет, ығы-жығы,
шу-шу еткен жалтаң көз абитуриенттер. Көбісін жетектеген бір-бір адам.  Алғырлық көрсетпесең  жатақханадан құр қаласың.кезекте бізбен
қатарлас тұрған келіншек  маған қарай
берді. Қарайды да күлімсірейді. Шырамытам, бірақ біздің  ауылда мұндай жан жоқ  сияқты еді...

- Бейсенбай, аман ба?  - деп 
әлгі қол беріп жатыр.

Танымадың-ау деймін. Алпыс
сегіздің  абитуриенткасы Нұрпаш ше?

Алдымда бәлекей келіншек тұр.
Жанары маздап жанған шоқтай нұрлана қалыпты. Балғын денесі  ашаңданып, сүйектеніп кеткендей. Дегенмен
сынын бермеген. Жүрегім төмен тартып, шым-шым ете қалды. Бұйырмадың-ау бұл
бейне маған. Сол Нұрпаш сияқты  және ол  Нұрпаш сияқты емес. Мынау  баяғы ұяң, жәудіреген біздің қарсыда тұратын
қыз.., жо-жоқ бұл самбырлап ашық - жарқын 
сөйлеп тұрған басқа, бөтен.

Көптен сытылып  бөлек шықтық. Елінде, былтыр  ғана тұрмыс құрыпты. Фатима да үйлі-баранды.
Аралда тұрады екен. Мен де төрт баланың әкесі болғанымды айттым.

- Әскерде жүргенде хат
жазсаң, маған бұйырар едің-ау, деймін. Әзілім сиықсыз шықты. Әзілдегенсіп, ащы
шындықты айтып тұрмын. Оның жанары  бастау
көзіндей тұнбаланып қалды. Уақыт өз дегенін істейді, жүзіне майда сызаттар
жүгіре бастапты.

- Бәрі менмендіктен шығар.
Студент болғасын өзімізді пір тұтып кетіппіз ғой. Сен болсаң мәңгілік
абитуриент сияқты көріндің де тұрдың. Кейін жоғары курсқа барғасын сен іздеп
келсеші  деп талай  армандадым. Үйленіп алғанымды  естігенде 
іштей мүжіліп өкінгенімді айтпа! Ұмыта алмайды екенсің. Сенің домбыраға
емес маған жалықпай қарайтының, соңымнан гүліңді  бере алмай 
салпақтай  жүргенің, Сәрсенмен
төбелескенің  бәрі-бәрі мен үшін еді
ғой.  Кезінде бар нәрсені бағалай алмай
уақыт көшінен өткен соң, оның шын қасиетін ұғады екенсің. Өзімнің жоқ жерден
пайда болған өркөкіректігімнің жазасын тартып, кейіннен, әсіресе соңғы
курстарда сағыныш дегеннің  не екенін
ұққандай болдым. Сан-сапалақ 
жігітсымақтарға көңіл толмай, 
есіме қалқан құлақ, тақыр бас Бейсенбай келетін. Фатима да саған хат
жазбағанымды жазғыратын көп. Ол  сенен
ұлы ақын шығады деп қатты үміттенетін. «Егер сен соған  қосылсаң, оны ұлы ақын жасар едің» дейтін
әзілдеп. Енді сен де өзгергенсің. Маған да таңырқай қарайсың. Сөзшең боп кетті
деп айыптама тағы. Мүмкін мына ағылып жатқан тіршілік осындай ірілі-уақты,
әркімнің өз жанының түпкірінде жатқан 
сыр деп аталатын уақиғалармен қымбат шығар. Еске алудың өзі - өмірді
ойлау, өткенді аңсау, сағыну...Қызық қой өмір дегенің, ә? - дейді Нұрпаш.
Анадай жерде Нұрпаштың інісі мен қарындасым шүйіркелесе қалыпты. Төңірек ду-ду
еткен жастар.