ВЕРНУТЬСЯ

    Рейс тағы да бір сағатқа
кейінге шегерілгендігін  естігенде
жолаушылардың ұнжырғасы тіпті түсіп кетті. Дүниеде күткен қиын. Амал жоқ,
аэропорттағы ең жылы да, тыныш жер - ресторанға кірдім. Бұрыштағы столға
жайғасып екі шөлмек сыра алдырдым. Жаныма егде кісі келіп отырды. Жүзі күнге
тотыққан. Тершіген маңдайын ысқылай сүртіп тастап, араққа тапсырыс  берді. Омырауындағы  гвардияшы белгісі  соғысқа қатысқандығын байқатады. Өзі көңілді,
әңгімешіл тым. Ә дегенінен ақ шүйіркелесіп кеттік. Арақтан маған да құйды. Күз
жаңбыры терезені тырс-тырс соғады, сыртта суықтан бүріскен жандар қол
шатырларын көтере сеңдей соғылысады.

Жып-жылы бұрыштан шыққың
келмейді. Көршім қарсылығыма қарамай бірер рет маған да алдырып жіберген. Ол
кісіге шынымды айттым. Көкшетауға болашақ жарыма бара жатырмын. Келісім бойынша
біржолата алып қайтпақпын. Телефон, хат арқылы сөзді әбден пісіргенмін, қыз
биыл жазда осы астанадан институт бітіріп еліне кеткен.

Көршім қуанышыммен құттықтады.
Оң жақ қолының соңғы екі саусағы жоқ екен.

- Соғыстан қалған белгі ғой,
қарағым. Айтпақшы, келін бала қалай өзі, мінезі жақсы ма? - деп қадала сұрады.

Әлиманың ашу дегенді білмейтін,
кейде өзім шоқ басқандай жеңілтектене қалсам, төмен қарап, жай ғана сөйлеп
әп-әтте жадыратып жіберетін, жұмсақ мінезіне риза едім.

Көршім риза болып, Әлиманың
денсаулығына тост көтерді. Өзінің үйлену тарихын айтты. Он сегізге
толар-толмасында әкесі көрші ауылдағы жекжатының қызын алып беріпті. Қазір жеті
баланың анасы болған ол кісінің іс-мінезі біраз әнгімеге тиек болды.

Ұшу алаңына қызу шықтық.
Екеуміз де бір рейспен ұшамыз. Самолет салонында қатар отырдық.

- Қарағым, саған бір әнгіме
айтайын. Жақсы жолға аттанып барады екенсің, манадан бері екі ұдай пікірде
болып айту-айтпауды ойлап ақыры айтуға бекіндім. Бұл жайды мүмкін ғұмырымда
ешкімге айтпас та едім.

Көршім темекі тұтатты.

 

***

 

Қарағым, мен қара қасқа
кедейдің баласы едім. Өзім атадан жалғыз болғасын әкем көзі тірісінде
үйлендірейін деп, жеңгеңді ерте әпергенін жаңа айттым. Менімен титтейінен бірге
өскен Сағымбек деген жігіт жастай қалада оқып, ерте қара танып, кейін ауданға
қыметке келді. Келді де мені жанына шақыртып, белсенді ғып алды.

Жасы отызға да таяп қалса да,
үйленуге қолы тимеген Сағымбек аудандық камсомол комитетінің хатшысы,
аупарткомның өкілі ретінде калхоздарды аралайды да жүреді. Жеке қалғанда үйлену
жайын сөз етсем, әзілге бұрады.  Біздікіне
келсе, кішкентайлармен ойнап мәре-сәре.

Сөйтіп жүргенде Көлқамыс
деген жердегі бір колхоз бастығының Айсұлу деген бойжетіп отырған қызымен сөз
байласыпты. Жұмыспен барғансып мен де көріп қайтқанмын. Айсұлу десе, Айсұлу:
орта бойлы, төгілген ұзын шашты қыз сызыла отырып шай құйған. Сағынбекте ес-
түс жоқ, көзін айыра алмайды. Ол кезде біздің үйдегі жеңгең кең - мол пішілген
сары қарын әйел болған. Ал, мынау періште дерсің.

Сонымен не керек, тойға
қамдандық. Аудандағы жалғыз ғана МК машинасын аупарткомның хатшысының өзінен
сұрап алып, Көлқамыс қайдасың деп тартып кеттік.

Сағымбек әке-шешеден ерте
айырылған тұлдыр жетім. Әкесінің жалғыз қарындасына тоқаш пісіртіп, қой
сойдырып, келін түсіруге қамдандырып қойдық.

Қыз келісім бойынша мал
қораланар тұста бергі шілікті өзеңге түсуі тиіс. Өзеннің жағасына күн батпай-ақ
жеттік. Айсұлуды ары күттік, бері күттік жоқ. Түн болды, жартыкеш ай көтерілді,
жоқ. Маса деген талап барады. Ақыры машинаны зырылдатып тура үйіне бардық.
Әкесі жолаушылап кетіпті, шешесі кірбиіп, салқын қарсы алады. Айсұлу бөлмесінен
де шықпады. Ұзақ созып, шайды берді. Қыз көрінбеген соң жүрек лүпілдеп, күдік
күшейді. Не болды екен?

Қыз бөлмесіне кіру үшін не
істейміз? Айланы шофер ойлап тапты, кемпірден машинасына ыстық су әкеп беруді
сұрады. Олар сыртқа шығып кетісімен Сағымбек екеуміз бойжеткеннің бөлмесіне сүңгідік
те кеттік.

- Айсұлу, а Айсұлу.

Қыз жетілік шамның жарығында
шілтер тоқып отыр екен. Кіріп келген бізді көріп, шымылдығын жабуға үлгермеді.
Селк ете қалды.

- Тұр, кеттік, неге келмедің?
- деп Сағымбек  білегінен  ұстай алды.

- Жүріңдер, тез-тез кеттік,-
деп дігірлеп мен тұрмын.

Қыз үндемей тұрып-тұрып:

Мен бүгін бара алмаймын...

Неге? Келісім  қайда?

Менің  әке-шешемнің 
алдынан өтіңдер.

-Ойбай-ау, уәде  қайда? Кейін 
келеміз ғой,- деп  Сағымбек
сылқ  етіп отыра кетті.

-Жоқ, бармаймын. Құда  болып түсесің.

- Айсұлужан-ау, не болды?

Сөз сөйлегенде  дүйім 
елді ұйытып тастайтын  ер
көңіл  аңқылдақ Сағымбегім  қыз 
алдында  жаужапырақша  дірілдеді де қалды. Жаным ашыды, сосын  мынадай 
серке  жігітті аяқасты  осы күйге 
душар  еткізген  қызға ыза болдым. Ай-шай жоқ бардым да,
бойжеткенді  бөрікше көтеріп алып:

- Ендеше осылай алып
кетеміз,- дегенімде  қыз аттанды  салсын. Сол кезде сырттан қыздың шешесі кіріп
келіп, ойбайлап көсеуді ала жүгірді.

- Таста, керегі жоқ! - деп
Сағымбек  айқайлап  жіберді. - Таста! Керегі жоқ! - Жаман мысықша
үсті-басымды тырмалап жатқан  қызды
төсегін қоя салып, атып далаға  шықтық.

Ауылға ай бата  жеттік. Жол бойы  ләм-мим демеген  Сағымбек кенет:

- Балғындікіне бұршы,-
дегені. Балғын - немере балдызым, жетім қыз. Оның Сағымбекті керемет  ұнататынын 
сезетінмін. Онысын келіншегіме сыр ғып айтып қояды екен. Сағымбек
біздікіне келсе, келіншегім сылтауратып 
Балғынды шай құюға  шақырта  қоятын. Бірін-біріне  сөз етсек қып-қызыл  болып кетуші 
еді. Енді мынасы несі?

Сыланбаған, төбесінен
қамысы  төгілген жер там ішінде
пілте  жаққан  Балғын 
көпіртіп кір жуып отыр екен. Сау етіп біз кіріп барғанда  қатты қысылып 
қалды,  дереу төрге өткізіп көрпе
салды. Аға, жеңгесі  Сағымбектікіне  келін  
әкеледі деп кетіпті.

- Балғын, - деді  Сағымбек даусы тарғылдана.- Киін жүр,
машинаға  отыр. - Қыз сасып қалды.
Қып-қызыл болып ұялып барады. Шофер екеуміз 
сыртқа шықтық. Сәлден соң екеуі қолтықтасып шықты.

Балғын машинаға отырған соң,
солқылдап жылады. Ол байғұс  мына
кенеттен келген түс сияқты  бақыттан  жылады, мына бұйра бас райком жігіттің  өзінікі 
болғанына  сенер-сенбес  болып, тұзды өмірін  ойлап 
жылады. Бұрынғы ғұмырына 
өкініп,  болашағына қуанып
жылады.  Оны жұбатып отырып
Сағымбектің  де даусы  дірілдеді. Ол нені ойлады екен? Менің  де көзіме жас тірелді.

Келін  күткендер 
қатты таң қалды. Райком  жігіт
колхоз  басқармасының  қызын алып келеді деп  отырса, әлгі 
жылқы соңында үсіп өлген  сақау
Сәкіштің  Балғын деген  жетім 
қызын  әк-ел-іп отыр.
Жұқалтаң  той өткізіп, келіннің  бетін 
ашып, ертеңіне ауданға жүріп кеттік.

Сағымбек  ер жігіт емес пе, Айсұлу  туралы тіс жармады. Он күн  өткен соң, Айсұлу  кенеттен қайтыс болыпты деп естідік.

Сағымбек мұны естігенде қатты
мүжілді. Балғын оған марқұм  қыздың  басына барып қайт деп  сан рет 
айтқан. Илікпеді. Кейін  бір
жылға  жетпей  тұңғыштарын 
көрді. Айсұлуды  мүлде ұмытып
кеткен-ау деп жүргем.

Сағымбек қалаға ауысатын
болды да, бірде екеуміз ғана  жекелеп
Көлқамысқа  барып қайтайық деп шақырды.

Баяғы өзен, баяғы үй.
Екеумізді көргенде баяғы кемпір бетін жыртып, сұңқылдап жылады-ай кеп. Қане,
қойдыра алсақшы. Өлеңдетіп, термелетіп жоқтайды.

- Жалғызым-ау, сорыңа  мен қалдым-ау, бақытыңды  қиып 
өміріңе  тосқауыл  болдым-ау. Өртеніп кеттің-ау, өкініштен  кеттің-ау...

Отағасы кешігіп келді.
Қазаға  көңіл айттық. Ел сыйлайтын  қарт ештеңе демеді. Дәті  берік жан екен. Қой сойдырып тастағанын  кеш білдік. Қарамай  аттанып 
кетпекші  едік, үй иелері  көнбеді, әрі жарымжан  көңілдерін қимадық.

Тамақ піскенше  Айсұлудың 
басына бардық. Паң кеуде  қыз
міне  енді  қос құлаш қара жер қойнауында жатыр. Сен
қанша  аяқ астынан  нілдей 
бұзылып, уәдеңді  сақтамасаң да  мына жігіт, өзіңді  құлай сүйген 
жан басыңа келіп тұр. Адамдар 
кешіре  білуі  керек. Қол алысқан жандар  отпен 
ойнамауы  тиіс. Мен осыны  ойладым.

Қаралы  үйде қайбір 
ас ішесің? Ас емес, тас 
жегендей  болдық. Кетер кезде  басқарма 
Сағымбекке:

Жаңа  қызметің құтты болсын, жолың  болсын қарағым,-деп бетінен  сүйе беріп, 
еңкілдеп жылап жібергені. Кемпір тағы сұңқылдап дауыс салсын.

Біз ұзай бердік. Есік
алдында  Айсұлудың  қарт әке-шешесі  қаудиып, біз көрінбей кеткенше  соңымыздан 
үзіле қарап тұрды. Олардың  еңіреп
жылап  тұрғанын,  өткенге өкініп тұрғанын, жалғыз  қызы Айсұлуды 
ойлап тұрғанын  екеуміз де  сездік.

 

***

Көршім әңгімесін аяқтап  тағы темекі 
тұтатты.

Қазір Сағымбектер қайда?

Алматыда тұрады. Сәкең -
замминистр, Балғын  бес баланың  анасы. Солардікіне  қонақ 
болып қайтып бара жатқан бетім, қарағым.

Иллюминатордан төменге  көз салдым. Ақшаңқан бұйра-бұйра  бұлттар 
үстімен  ұшып  барады 
екенбіз.