ВЕРНУТЬСЯ

      Жағымсыз күлімсі иіс желке тұсымнан бұрқ ете түсті. Абажадай автобус ыңыранып, ары-бері теңселген сайын әлгі иіс ауық- ауық келіп, тіпті мазамды кетірді. Ақыры шыдамай, алдымдағы газетімді түсіріп алғансып түрегеп, бұрылып қарасам менен кейінгі ең соңғы орындықта өрімдей жап-жас қыз бен жігіт отыр.  

 Жігіт қылқиған ап-арық, беті көгеріңкі, көзінің төңірегі қарайып кеткен. Қасындағы бүйрек бет қыздың да жанарында ұшқын жоқ, семіп қалған жансыз қара тас дерсің. Екеуін көрдім де «Е, осылар екен ғой» деп кіжініп, қайта орныма отырдым. 

Тасбақадай мимырт жылжып, Қордай асуынан асқаннан кейін ырсылдаған кебеже қарын қызыл автобус аһлеп-уһлеп тоқтады да, ішіндегілер далаға ұмтылды. Жолаушылар асханаға кіріп, сусын ішіп, ас алып жатқанда жаңағы екеуі шеттеп тасалау жерге барып темекі тарта бастады. Сексеуілге қақталған қызылкүрең майы сорғалаған кәуапты құшырлана шайнап тұрып, көзімнің қиығымен әлгілерге қарап қойдым. Жүрегім зырқ ете түсті, мәссаған, мыналар кезек-кезек түтінін сыртқа жібермей құмарлана сорғыштап тұр ғой. Әй сормаңдар-ай, екеуі де нашақор екен ғой. Адамнан ит боп туған шірік, бұралқы сорлылар-ай!.. Азғындар-ай!..

Екеуі ыржалақтай асханаға кіріп келгенде әлгі жерге барып, олар лақтырып тастаған темекі тұқылын теуіп көрдім. Баяғы «Беломорканал» папиросы. Әй, оңбағандар-ай. Лоқсып-лоқсып құса алмай жүрегімнің басы кілкіп, жайсыз күйге түстім.

«А-наша, а-наша! Өмір қандай тамаша!»..

Баяғыдағы сұмдық оқиға көз алдыма тіріліп тұрып қалды. 

* * *

Әскерде мен сонау Қиыр Шығыста, Хабаровск пен Владивосток деген қалалардың ортасында, кішкентай Лазо деген станция жанындағы заставада шекарашы болғаныма жарты жылдан асқан кез. Жаздың ыстық буған күнінің бірінде бізге екі жауынгерді әкеп қосты. Екеуі де мәскеулік, қызыл мұрын, ілмиген Вальдемар дегені мені өзіне жақындатып, артық ауыс тәтті беріп, күле сөйлеп, ішіне тартып барады. Он тоғыз жастағы тепсе темір үзетін аңғал да арда шақта, ешнәрсенің көп байыбына бара бермейміз ғой. 

Біз әлі түсімізде көрмеген электрлі сақал алғыш сыйлады, жиі-жиі әке-шешесінен посылка алады. Әрдайым маған ықыласы бөлек, түрлі конфет, шоколадтарға қарық қып тастайды. 

Бірде шекарада екеуіміз күзетте бірге жүргенімізде ол: 

- Сендерде анаша өседі ғой? – дегені. Естісем бұйырмасын. Білмеймін деп ақталамын. 

- Сен достарыңа хат жаз. Шу деген станцияда бұл өте көп, далада егіндей жабайы өсіп тұрады. Саған посылкамен салып жіберсін. Ақшасын беремін. Тіпті болмаса, сатып, бай болып кетеміз. Сатып алатындарды өзім табамын, - дейді. 

Шошып кеттім. Ол кезде шетелде нашақор, наша деген бәлекеттер бар дегенді еміс-еміс еститінбіз. Ал, тура біздің Қазақстанда егін-тегін өседі дегенге сенбеймін. Анаша деген сөз - алғаш маған «тозақ», «тажал» болып естілді. Сол сәттен бастап әлгіден қашып, сөйлеспей, жоламауға тырысатын болдым. 

Күзге салым шекарадағы бағандарды түзетіп, түптерін қатайтып, жөндеу үшін бөлімдегілерді бөліп-бөліп тастағанда Вальдемар екеуміз ең шеткі алыс түпкірге бөліндік.  

Вальдемар бізді әкеп тастағандар кетісімен төңіректі шолып шықты да, қызыл мұрнын ысқылап қойып, көзі жайнап, сақ-сақ күлді:

- Мә, мынаны қара! Мынау дегенің ғажап қой, керемет! Анау қайыңды алқаптан бері түгел анаша өсіп тұр. Жүрші, жүр көрсетейін, - деп аяқ-қолы жерге тимей дедектеген күйі жүгіре басып, алдымда кетіп барады. Ылғи, маужырап, мәңгіріп, ұйқылы-ояу жүретін жігіт қунақ қағып, лақтай секіріп, қуаныштан жарылардай болып жүр. Жаздың аптабына қақталып, сорайып-сорайып басындағы шоғыр-шоғыр бүрлері кеуіп қалған қалың қарасораның ұшындағыларын жұлып-жұлып алып, сиқыршыдай көзі аунақшып, саңқылдай күлгені-ай.

- Николай, қарашы қандай ен байлық! Міне, бері кел! - Қарасора басындағы үлпілдеп кепкен бүрлерімен қоса, қураған жапырақтарын жинап, гимнастеркасын шешіп, жағасын, екі жеңін буып, соған нығыздап толтыра бастады. 

- Бұл, а-наша! Енді кайф өмір сүреміз!-дейді өзеуреп. Маған таңсық, қызық. Адамнан бірнәрсені жасырсаң - көргенше құмартатын аңсар әдет бар ғой. 

- Кел, Николай, көмектесіп жібер, - деп мені шақырды. Шекарадағылар менің қазақша атыма тілі келмей Николай деп атап кеткен-ді. Әлгі жинаған қарасораны алақанымен үсті-үстіне үйкелеп ысқылайды. Біраздан кейін қолымызға жұққан шайырларды қырғыштап түйіртпектеп жинап алғанда бөдененің жұмыртқасындай қап-қара шар болды. Оны алып, тас үстіне қойып, таптап-таптап ұрғыштап, иін қандырды. Содан кейін консерві қалбырына салып, астына от жағып, кептірді. Қытырлап кепкен қап-қара шайырдың шетін сырт еткізіп бір түйірін сындырып алып, бөлектеп газетке жақсылап үкті. Қалтасынан папирос шығарып, оның бір талындағы темекі мен жақсылап үккен үгіндіні араластырып, әлгіні папиросына қайта орап тыққыштап толтырды. Папиросты шырт еткізіп шырпымен тұтатты да, түтінін сыртқа шығармай екі алақанымен тұмшалай жауып алып, құмарлана сорғаны-ай!..

- Мә, сорасың ба! – дейді көзіне нұр жүгіріп.

- Жоқ, жоқ! Мен өмірі қолыма темекі ұстаған емеспін!

- Ех, Никола, Николай! Қандай рахат өмірден құр қалып жүрсің? Бұл рахат қой, ұжмақ, рахатстан. Міне, мына папиросты – касьяк дейді, ал – тартсаң – оны кайф деп атайды. 

Ол ораған бір темекіні тұтас бітірмей ұшын түкіріктеп өшіріп тастады. 

- Бір касьяк үш-төрт адамға жетеді, тұтас тартып алсаң көтере алмай өліп кетуің мүмкін. Нештяк! – деп қойып кеңк-кеңк күлді. Көзі жіпсиіп, қалжаланған әйелдей борша-борша терлеп жатыр. 

- Нештяк! – деп отырған орнында жантая жатып, рахаттана күлді. 

- «Нештяк» дегенің не? 

- Ой, соны білмейсің бе? Ол керемет жан рахаты деген сөз. Сен бір басқа әлемде жүресің. Ал, кайф - соның ұжмағы. Әй, айт, айтпа сен түсінбейсің, - деп қып-қызыл болып кеткен пұштиған мұрынын ысқылап қойды. 

- Мәскеуге әкелінген товар - нашаны айтам, таза емес, қоспа. Түрлі химикат, анау-мынауды қосып жібереді, таза оригинал емес. Удай қымбат, тексеріп жатуға уақыт жоқ, өліп-өшіп бара жатқан соң амал жоқ, қанша сұраса да бересің. Көп жастар пұлы жоқ, пұлы болмаған соң күні жоқ, ұлдар ұрлық жасайды, қыздар жезөкше болып, анаша сатып алып күн көреді. 

- Вальдемар, сен де ұрлық жасадың ба?

-Жоға. Менің әкем бүкіл Ресейдің темір жол бастығы, байлығы жетеді. Жалғыз тал ұлымын ғой, халықаралық дипломаттар даярлайтын институтқа түсірген. Онда кілең министр, генерал, бірінші хатшы секілді дөкейлердің балалары. Көбісі – наркоша тартады, бұзықтық жасайды. Мені де оқудан шығарып жіберетін болған соң, әке-шешем осында ешкім қатынамайтын түпкірдегі – заставаға әдейі жіберді.  

- Сен қашан үйрендің бұған?

- Бізде алтыншы, жетінші сыныпта оқитын оқушылар темекі тарта береді. Әке-шешеміз ылғи жұмыста, үйде жалғыз, ерігесің, жолдастарыңды шақырасың, темекі тартасың. Шарап ішесің. Жоғары сыныптағыларға еліктеп, наркоша тартуды үйрене бастайсың. Бұны бір үйрендің не қоя алмайсың, сағынып, іздейсің де тұрасың. Ерігіп, зерігіп алдында қызық үшін сорып жүрдік те, қалай нағыз наркошаның не бір түрлерін үйрене бастадық. Тартпай тұра алмайтын халге жеттім. Егер деміл-деміл уақтысында мұны тартып тұрмасақ онда ломка болады. Құдай сақтасын, ломкаға кірсең - сүйек-сүйегің сырқырап, сынып, уатылып жатқандай, сіңір еттерің тартылып, бүкіл іш-құрылысың кеуіп, ішіңе қара тас тығып алғандай ауырлап, миың шанышқылап, бас сүйегің жарылардай қақсап, жаныңды қоярға жер таппай дөңбекшисің. Екі көзің қанталап, не істеп, не қойғаныңды білмей, бір шөкім анаша үшін қылмыстың қандайына да барып, кісі өлтіріп жіберуден тайынбайсың. Оның ең жоғары формасы – экстаз-комаға ұшырасаң – ой-санаң өліп, сезімің жаншылып – тек қана анашаны зар қағып іздейсің. Басқа дүниенің құны көк тиын, сол үшін бәрін бересің. Не істеп, не қойғаныңды білмейсің. Дер кезінде тартпасаң жаның үзіліп кетуі де мүмкін. 

Ата-анаң сенің анаша тартатыныңды біле ме?

- Біледі ғой, жасырын емдетті. Емдеген дәрігерге де ақша беріп, тартып жүрдім. Оқудан қуатын болған соң, мені емдетіп, достарымнан ада қылайын деп осы жерге Армияға аттандырды. Қоя алмадым. Мынандай кайф-дүниені қайтіп қиясың, қайтіп тастайсың? Әй, бұл ұжмақ қой!  

Ол қып-қызыл мұрнын сипалап қойып әңгімесін гөйітіп, қалтасынан ақша алып маған ұсынды.

 – Николай, сен дүкеннен колбаса, сухарик, балқаймақ алып кел. Косьяктан кейін араның ашылып, тамақ ішкің келе береді. Ал, мен кайф ұстайын, - деп маужырап күздің жып-жылы күніне тершіп, қисайған орнында ұйықтап кетті. Приморьенің ызылдаған, ысылдаған қалың шыбын шіркейіне де пішту деп қарамайды. 

Заставадағы дүкеннен тамақтарды алып келсем, Вальдемар жауын құртынша ирелеңдеп тұрып, анашасын тұтатып жатыр. Құныға өліп-өшіп түтінін қалт сыртқа жібермей сора береді, жұта береді. Сәлден кейін былқ-сылқ еткен дене тіріліп, ырқ-ырқ ыржалаңдап күле бастады. 

Ғұмыры нашақор дегенді тұңғыш көруім. 

- Сен жан баласына мұны айтпа, соттап жібереді. Совет заңы қатал, шетелде рахат қой. Қай жерде қанша тартсаң да өзің білесің, ол жақта бұл тіпті арзан дейді. Мә, Никола, бірдеңе аларсың өзіңе, - деп үш сомды қалтама тыққыштап салып жіберді. Ол кезде шекарашыларға айына екі сом ғана беріледі, рубль-ақша өте құнды. Бұл бәлекетті айтып жын ұрып па, өзімді қосақтап, соттап жіберер. 

Кешке дейін шекарадағы қисайған бағандарды жөндеп, терлеп-тепшіп жұмыс істедім. Вальдемар косьягін тартып, сухарикті гүрс-гүрс шайнап, қарасуды қылқ-қылқ жұтып, ыржаң-ыржаң күліп жатты да қойды. 

- Мынау нағыз байлық қой. Мына қарасораның кепкен үлпілдек бүрі мен жапырағын үгіп қосып, жай темекімен араластырып тарта беруге де болады. Бірақ ол жағары сортты емес, шикізат тауар дейді, - деп Вальдемар қайтарда екі қалтасын толтырып алды. 

Біз күз бойы күзеттен бос кездері сол бағандарды, су шайған жол жиегін жөндедік. Күнде Вальдемар екеуміз нарядқа да, күзетке де бірге шығамыз. Ол сол бір ай бойы анашасын тартып, кәйіп болып жүрді де қойды.

Сол жылы қалың суық жаңбыр сіркіреп бір апта үзбей жауды да, соңы қарға ұласып, қыс ерте түсті. Тынық мұхиттан соққан суық зәрлі жел денеңнен өтіп, берекеңді алады. Заставаға көмір түсірілмей от жағуға әлі ерте деп, түн баласы дірдек қағып шығатын болдық. Денең түршігіп жаураған соң, ұйқы қашады. 

Вальдемар бастаған жауынгерлердің біразы кеш батысымен Ленин бөлмесіне жиналады. Ленин бөлмесі - түпкірдегі саяси сабақ өтетін көрнекі құралдар қойылған арнайы зал. Осы бөлмеде түн баласы гүж-гүж, саңқылдаған күлкі үзілмейді, бәрі топыр-топыр сонда. Кейде жылына алмай, көз ілінбей мұздаған соң бушлатымды киіп, қастарына барам. 

Дөңгелей отырған бес-алты шекарашы бір тал папиросты бірінен соң бірі алып, құшырлана сорады кеп. Қарқ-қарқ күліп, есіріктене мәз болып, сухарикті күтір-күтір шайнап, шәугімдегі суды шүмегінен жұтып алып, ахаһу-ехеһуге басады. Жүйелі әңгімелері жоқ, әйтеуір бәрі қыран топан есірік күлкі, мәз. Орталарында мұрны қып-қызыл болып отырған Вальдемар. Залдың терезесіне одеял тұтып, қараңғылап тастаған. 

Алдында төрт-бес жігіт еді, бара-бара олардың қарасы молая түсті. Қысқа қарай от жағылып, үсті-үстіне жауған қар тізеден келді. Кейде Вальдемар бастаған топ:

- Фронтқа барамыз, - деп түнде екі-үшеуі баяғы біз көрген қарасора алқабына тартады. Үсті-басы бозқырауға көміліп, жарым түнде қапшықтарын арқалап, тау қопарғандай мәз боп қайтады. 

Ленин бөлмесін көкала түтінге бөктіріп, түні бойы сайдың тасындай, тепсе темір үзетін жігіттер көздері қанталап, нашаға үйреніп, тек таңға жуық қана терезені ашып, желдетіп, өздері төсектеріне құлайды. 

Алғашқы айларда анаша тартқан жігіттер тамаққа тоймай, беттеріне әр кіріп, домаланып, жұмырланып, тіпті физкультурада ширатылып, шымырланып, бұлшық еттері бөлектеніп шыға келді. 

- Міне, көрдің бе, нағыз спортшысың қарашы айнаға, әлі күшті боласың. Бұл пайдалы дедім ғой саған, - дейді әлгі жауынгерге Вальдемар арқасынан қағып. 

Төрт-бес айдан кейін тартқыштардың мұрындарының үстіне қызыл дақтар пайда болып, көздері айранданып, өлімсіреп, кірпіктері суланып, мең-зең, жарты ес болып жүретін әдет тапты. Жарты жыл бойы үзбегендер тіпті жүнжіп, ұмытшақтанып, бұрынғы жастық құлшынысынан айырылып, көз алдымда тірі өлікке айналып бара жатты. Көбісі тор еттен ажырап, азып-тозып бітті. Ілмиген тірі әруақ, кілмигендер. 

 Жастық деген - аусар шақ, бәріне әуесқойсың. Есіріктене қарқ-қарқ күліп, гүжің-гүжің етіп отырғандар саны молая түскен сайын қызықтап жандарында айналсоқтап жүресің. 

Туған күнім – наурыздың қақ ортасында. Ленин бөлмесіндегі жігіттерге консерві, тәтті тоқаш, сухарик сатып әкеп беріп отырғанмын. 

- Кел, Николай, туған күнің ғой, тартып көрші. Бір-екі рет қана сорып байқашы. 

- Ой, бұл косьяк дегенің нештяк!

- Кайф ұста! Туған күніңде сені аспанға көтеріп әкетеді. 

- Міне, былай сорып көрші, қандай рахат! Туған күніңмен! Юбилей! Жиырма жастасың! Өмірден түк көрмей өтпекпісің? Өмір не үшін керек? Осындай қызық, думан тамашаны көру үшін, рахаттану үшін беріледі. Кел қане, - деп алматылық жерлесім Сергей деген зіңгіттей мұртты жігіт қолақпандай ораған косьягін қоярда қоймай ұсынды. Қасымдағылар жапатармағай шулап, кеу-кеулеп қышап алды да кетті. Дәмін татып жүрген шекарашылар бұл нәрсенің керемет дәрі, ғажап күші жөнінде дәріптей жөнелді. 

- Ержігіт қыздан және косьяктан құр қалмауы керек! 

- Біреуін тартып жібер!

- Азамат бәрін көруі керек.

- Ах, наша, А-наша! Өмір қандай тамаша, - деп бәрі хормен әндете жөнелді. 

- Бір сорып көрші, ұнамаса қоясың ғой! Николаша, мә туған күніңмен! – деп Вальдемар бастаған топ өзеуреп жуан оралған папиросты қолыма ұстатқанда, қалай аузыма салғанымды білмеймін. 

- Ішіңе сор! Қайран бағалы түтінді қор қылма! 

- Қане, қане тез! Тез! 

- Әй, жарайсың! Тағы сор! Тағы!

Бәрі шулап, күліп, қол шапалақтап жатыр. 

Аһ-наша, анаша. 

Өмір қандай тамаша!..

 Үш-төрт мәрте сорғаным есімде. Қақалып-шашалып көзімнен парлап жас ағып, тықпыштаған соң, сора беріппін, сора беріппін. 

 Кенет дүние билеп кеп кетсін, әлем асты-үстіне түсіп, шыр айналды. Тұра сала тәлтіректеп, төсегіме қарай ұмтылдым. Діңкем құрып, жете алмай екі мәрте шалқалай құладым. Жүрегім аузыма тығылып, көзім ұясынан шығып, ешнәрсені көрмеймін. Шыр айналған қып-қызыл шеңбер ішінде өртеніп барамын ба-ау, жоқ құзар-жартастан шыңырауға тік төмен құлап келе жатам ба, әзірейілдей албасты тұншықтырып, зілбатпан үстімнен жаншып, баса ма, әйтеуір жанұшырған алас-елес сәт. Азу тістерін сақылдатып, қолдың басындай тыр жалаңаш қыз кейпіндегі мың-миллион сайтандар сақ-сақ күліп, «Ажал! Ажал! Ажал!» - деп төңірегімде сайқымазақтайды. 

 Өкіріп жылайын десем үнім шықпайды, қара жер шыр көбелек айналып, жүре алсамшы. Бүкіл қолқа-өкпем аузыма тығылып, лоқсып-лоқсып құсып жатырмын, құсып жатырмын. 

 Біреулер мені ит сүйрегендей дырылдатып, сүйреп апарып, дәретханада шешіндіріп тастап, шлангімен аққан тастай сумен шомылдырдай-ай кеп. 

 Үстіме мінген жын-шайтандар суға шапылдай секірісіп, сақ-сақ күліп, асыр салады. Бүкіл ішек-қарным түгел ақтарылып кеткен шығар, ішімде ештеңе қалмаса да, ықылық атып, лоқсимын кеп. Жанымды қоярға жер таппай бетон еденде ары-бері дөңбекшісем үстіме лақылдата су құйып тұрған жауынгерлер рахаттана қызық кино көргендей тамашалайды. 

 Түні бойы алас қағып, айқайлап, не істеп не қойғанымды білмей, таңға жуық есімді жисам, мені төсегіме тас қып байлап тастапты. Қаталап шөлдеп, қаным кеуіп, өліп бара жатырмын. 

 Кезекші келіп:

 - Есіңді жидың ба? – деп қорқа сұрады. - Өй, сен нағыз бой бермейтін жынды екенсің ғой. Әрең дегенде әйтеуір байлап тастадық, - деп қол-аяғымды шеше бастады. 

 Буылған жерлер қанталап, көгеріп ісіп кетіпті, бір жақ көзім ашылмайды. Кеудемді көтеріп, тұра алсамшы. Кезекші әкелген күрешке суды сіміріп алып едім, қайта сылқ ете түсіп, ұйықтап кетіппін. 

Суық тиіп қатты ауырып жатыр, - деп таңертеңгісін маған тиіспепті. Түске салым оянсам, әлгі қаудырлақ кезекші маған іш тартып, болған жайды айтты.

- Мә, тамағыңды іш, әл жина. Әй, сен ана шайтандардың азғырғанына көнбе. Анаша тартқан адам азып-тозып өледі, өмірі қиылады. Шайтандар түтінмен бірге кеудеңе кіріп алады да, бүкіл ішкі дүниеңді кеміріп жеп тастайды. Сен мыналарға қосылма, мүлде бөлек адамсың, көп оқисың, қой оны, - деп қаудырлаған Рашид есімді татар жігіті ақыл айта бастады. 

Үстіме құйған судан өкпеме суық тиіп, госпитальдан бірақ шықтым. Хабаровскі қаласындағы үлкен әскери ауруханасында ай жатып, сопиып азып, аузы-басыма ұшық қаптап, жүдеп кеттім. Ештеңеге зауқым жоқ, көңілім пәс, мең-зең, ұйқылы-ояу жүрем де қоям. 

Көктем ол жақта кештетіп шығады, Уссури тайгасындағы қалың орман түбінде сартап қар көбесі сөгілмей жатып алады. Тек күн әбден қызғанда шылқылдаған қызыл су көлкіп, бүкіл алқап кеппей жаз бойы қорылдаған саз-жылымға толады. Көлкіген шалшықтың беті көгеріп тұрғанымен түбі ұйық-саз, ал күн ыстық болса мың сан шыбын-шіркей, маса, сона дегенің тұмандай өріп жүреді. Ашық денеңді удай ашытып, талап тастағанда жаз бойы қотырланып, үсті-басың қызыл шақа жарадан көрінбейді. 

Жазғытұрым, күн ыси бастағанда заставаға госпитальдан келген менің тұрпатымды көріп бәрі шошып кетті. 

- Құр сүлдең қалыпты. Сені періште қақты. Әйтпесе нашақор болып бітетін едің, - деп Рашид мені оңашалап жақын тартып, көп әңгіме айтты. – Сен үлкен оқымысты боласың. Әруақтарың күшті, солар жаман әдетке жібермеді. Мен молда баласымын ғой, білемін бәрін. Бісміллә, Алла деп жүр ішіңнен. 

Құдайдың құдіреті, әлдебіреуден нашаның иісі шықса бірден сезе қоямын. Әлгіден қарадай жиіркеніп, лоқсып тұра қашамын. 

Түнге қарай гүжілдескен Ленин бөлмесіне қадам баспайтын болдым. Өліп-тірілген әлпетімді көріп, Вальдемарлар қайтып мені мазаламады. 

Наша тартпай, есірткіге еліктемей аман-есен туған еліме оралдым. Арада міне, қаншама жылдар өтсе де әлдебір жерде есірткі жатса, не нашақор кездессе иісін бірден сезіп – біліп қоятын қасиет таптым. Әлгі, үйретілген, иісшіл иттер секілді, автобус, троллейбустарда, аялдамаларда сан-сапалақ нақұрыс нашақорларды жазбай танимын. Қазір қадам басқан сайын бұл бәлекетті тартатындар қаулап, көбейіп барады-ау. 

 

***

Міне, мынау уыздай екі жастың осы бір кесапатпен айналысып жүргеніне қаным қарайып келеді. Сонау бір жастық желегіндегі Қиыр Шығыста өзімнің де абайсыз ұрынып қала жаздағаным есіме түсті. Періштем қақты ма, әруақтар қолдады ма, өлім мен өмір шекарасына барып қайтқаным рас. Егер, сол жолы нашадан кәйіп ұстап, жаныма жаққанда бұл өмірмен баяғыда қоштасып, өлексе болып өксіп бітіп, нашақор болып тұздай құритыным хақ еді-ау. Нашаға үйренгендер он-он бес жылдан артық өмір сүре алмай, ғұмыры қиылып түсетінін кейін білдім. 

Автобустың менен кейінгі артқы орындығында отырған қыз бен жігіттен күлімсі, сасық иісі бұрқ-бұрқ танауыма келіп, жиіркендіріп өлтіріп барады. Кекіріп, лоқсып барып қайттым, құсып жіберсем, масқарам шығады. Кім түсінеді оны. 

Артымда отырған екеуі кәйіп ұстап ыржың-ыржың күліп, мәз болып, өлетін балапандай шиқ-шиқ етеді. Несіне мәз болады бұлар? Қасіреті қалың сормаңдайлар ғой, бұлар! Әке-шешелері бар шығар, олар білер ме екен?

Адам түріндегі айуан ғой бұлар. Титтей бір атым түйіршік үшін ештеңеден тайынбайтын жауыз қанішерлер. Суға салған терідей сілікпесі шыққан тірі тұлып. Өріп жүр ғой, қара құрым қаптап кетті. 

Мектепте де, институт, қызметте де осылар жеткілікті. 

Апырым-ау ХХІ ғасырда еліміздің тұтқасын кімдерге сеніп тапсырамыз. Біз болсақ алпысты алқымдадық, жан алып жан беріп қызмет істедік, таза айлықпен күнелтіп, арымыз да жанымыз да таза деп келдік. Ал, мыналар ше? Бұлар ештеңеге қызықпайды, ештеңеге елең етпейді. Көкейлерін тескен анаша – у – түтін, сол үшін бәрін садақаға шалып жібереді. Ресейде әрбір төртінші студент, оқушы наша тартады дегенді оқып, қатты таңғалғаным бар. Ал, бізде ше?

Әр аула, әр ауыл кімнің наша тартатынын біледі, сезеді. Бірақ үндемейді, көре тұра көрмегенсиді. Ол обырлар, басқа жастарды жалмап, тартып барады. Шіркін, баяғыдай қатаң заң қолданса олардың бәрін көз-көрмес, құлақ естімеске алып кетіп соттап, жөнге келгендерін емдеп, ал беті ары қарағандарды біржола көзін бозартып, қамаққа ұстау керек. Олар бәрібір адам болмайды. Іштен ірітетін жегі құрт қой. «Ауруын жасырған өледі» демекші асқынып, әбден қабынған бұл індеттен тез арада бүгін құтылмасақ – болашағымызға тажал! Әуелі мектепте топ-тобымен тартып жүр. Көбісі өзіміздің қазақтың балалары. Біз кең қолтық, бәріне құшақ аштық, жақсыға да жаманға тез еліктегішпіз, тез бейімделеміз. Жапа, зиян шегеміз-ау деп ойламаймыз. Қазір ауылдың ұл-қыздары жөңкіліп қалаға ауып келіп жатыр, жұмысы жоқ, пұлы жоқ, тұрмысы ауыр, күнкөріске шыдамай түрлі топтардың торына ілінеді. Біреулері ұрлықты кәсіпке айналдырады, жезөкшелікпен айналысады, порнобизнеске кіреді, рэкэтсымақ болады, әйтеуір ақыры өздері бірге жұтылып, бітетін қалың сорға тұншығады. Арақ пен темекінің арты айықпас дерт – нашақор болып, ақыл – есінен алжасып, барынан айырылып, құрдымға кетеді. 

Жақында бір үлкен министрдің баласын жерледік. Титтейінен наша тартып, кейін ине салатын ауыр кеселге ұшырап, артық доза алып, үзіліп кеткен. Екінші ұлы да емдеуде көрінеді. Әке-шешелері қызмет қуып, бала-шаға тәрбиесі бетімен кеткен. Көшенің жат пиғылды лас қаңғыбас балалары шырмап-матап байдың баласы болған соң сиырша сауып, анашаны соруға үйретіп, үйіріне қосып алған, жаман жүрісті жат қылықтардың ықпалында кеткен. Ана құрсағынан әппақ періште болып жарық дүниеге келіп, қара жер құрсағына қап-қара індет кесірінен қасірет шегіп, ғұмыры көрмеген, білмеген жаман кеселден масқара күйі аттанып жатқандардың обал-сауабы кімде? 

Қасірет-ай, десеңші!

* * *

Меркіге жете бергенде Аспара атты көкорай қамысты жерде вагон-үйлерге орналасқан қаз-қатар асханалар жанына автобусты тымау тигендей пышылдатып тоқтатқан гүжбан шойын қара шофер: 

 - Түсіп, тамақ ішіп алуға 30 минут, - деп гүж ете түсті. Обалы не, түстікке берген астары тіл үйірерлік дәмді-ақ. Оңтүстіктің асхана, дәмханаларының кез-келгенінің әзірлеген тамағы тіл үйірерлік дәмді ғой. Қымызы да бабында екен. Екі жанан ішіп едім, маңдайым жіпсіді. Дембелше келген қызыл шырайлы келіншек бәйек болып қолға су құйып, сүлгі беріп, елпілдеп кетті. 

 Баяғы интернат, одан әскердегі әдет бойынша мен тамақты тез-тез ішіп аламын. Бұл жолы да елден бұрын түстеніп, тамақ сіңсін деп ары-бері жүргіштеп жүргенімде қаптаған вагон-асханалардың артынан бағанағы қыз көрінді. Көзі қызарып, домбығып, томсырайып алыпты, сірә жылаған-ау. 

 Автобусқа түгел отырып, жүріп кеткенде де жігіті көрінбеді, қыз артымда шошайып жалғыз отырды. 

 Меркіде үйлену тойына келе жатқан автобустағылардың дені түсіп қалып, ішінде үш-төрт қана жолаушы қалдық. 

 Орнымнан тұрып, қыз жанына келіп: 

Жаныңызға отыруға бола ма? – дедім. 

Мейліңіз, - деді ернін болар-болмас жыбырлатып селқос қана.  

Меркіден ары қарай жол жөнделмеген, ойдым-ойдым, автобус зірк-зірк етіп, қолқаңды үзіп жібере жаздайды. 

- Қайда барасыз, қалқам? 

Ол маған жақтырмай бажырайып қарады. Мына үлкен кісінің не бұзық ойы бар деген таңданыс пен жеккөрінішті көзқарасты байқадым. 

Ванновкаға.

Қазір Тұрар Рысқұлов ауылы емес пе?

Иә, солай.

Жаңағы жігіт кімің, қарағым? 

Күйеуім. Неғылайын деп едіңіз? 

Жәй әшейін... - Ә, ім, келіншегі екен ғой. 

Ол әңгімелесуге зауқы жоқ, ерні шүршиіп сүлесоқ отыр. 

- Қарағым, неге наша шегесіңдер? – дегенімде келіншек орынан ыршып тұрып, қасқыр көрген еліктей маған шошына қарап, алақтап есі шықты. 

- Аға, ағасы. – Көке! Қайдан білдіңіз? Сіз кімсіз? Тартпаймын мен...

- Сабыр, қарағым. Отыр орныңа, тыныштал. Ақырын сөйле. Мен бәрін білемін. Сен де, күйеуің де наша шегесіңдер. Жалтармай-ақ қой. 

- Сіз кімсіз аға, ментсіз бе?

- Жазушымын.

- Органның адамы сияқтысыз.

- Жоқ, мен жазушымын. Бірақ мен бәрін білемін. Екеуің де құмарсыңдар, ол көптеп тартады, ал сен кейін жақында әуестенгенсің.  

Ол үндей алмай шөжіп, маған жаутаң-жаутаң қарайды.

- Органның адамы емессіз бе?

Жоқ дедім ғой.

Ант етіңізші.

Міне, қарашы сенбесең, - деп сөмкемді ашып, жолға алып шыққан соңғы шыққан екі кітабымды, жазушылық куәлігімді көрсеттім. Ол суреттеріме, маған қарап-қарап иланғандай болды. 

Тағдырларыңа обал ғой. Жастай қиыласыңдар ғой. 

Енді қайтем, қоя алар емеспін. 

Кім тартқызды саған?

Ешкім. Күйеуіммен ерегестім. 

Мен баяғыда әскерде анаша оқиғасын қысқаша айтып бердім. 

 - Міне, нашаның иісін сонадайдан біліп қоятын ерекше қасиет содан пайда болды, қарағым. 

 - Аға, сенесіз бе, өлгім келеді, - деп ол сұлқ түсіп, маған көзін тесірейте қарап еді, жүрегім су ете қалды. Мына келіншек түбі өзіне-өзі қол жұмсауы кәдік. Өлі мен тірінің арасындағы бейбақ. Ол жұқалап, жайымен өмірін айта бастады. 

 - Күйеуіміз екеуіміз бір колледжде бірге оқыдық. Әдемі жігіт, әдемі киініп, әдемі сөйлеп жүріп, қалай уысына түсіп қалғанымды өзім де білмеймін. Онда топ-толық, зіңгіттей ірі болатын. Кейін ғой азып – тозып кеткені. Екіқабат болып қалған соң амалсыз үйлендік. Қарным шермиіп жүргенде байқасам ол наша тартады екен. Бала тапқан соң мені тастап кетті, жындана жаздап темекі шектім. «Қарабет көзімізге көрінбе! Күйеуіңнің табанын жала, сол босағадан өлігің шықсын», - деп әке-шешем жолатпады. Қуды. Ақыры белімді буып, баламды көтеріп, Алматыға келіп, іздеп тауып, қайта тидім. Ол «Кет, басыма бостандық бер!» - деп ұрса да, соқса да, шыдап бақтым. Ақыры, оның алдында күңі болып, көк тиын, қара бақырдай құным қалмады. Тірі өлік боп, темекі де уытымды қайтара алмай, өксіп-өксіп жүрдім ғой, ағасы. Ол оқуды біржола тастаған, араласатын жора-жолдастары кілең нашақорлар. Күні бойы пырылдап мысық сияқты терезені қараңғылап тастап ұйықтайды. Түн баласы шегіп алып, кәйіп ұстап, қаңғып кетеді. Не ақшасы жоқ, не пайдасы жоқ. Аш-жалаңаш, пәтерақыға белшеден қарыз боп, кішкентай бөпем екеуміз қосыла жылап дал боламыз. Қит етсең, ұрып-соғып тепкілеп тастау әдетіне айналды. Кейде бес-алты жігіттер пәтерміздің ішін көкала түтінге толтырып, кәйіп болып, кеңкілдеп күліп, ауыздарына келгендерін былапыт оттап отырады. «Тамақ әкел»-деп айқай салады, «жоқ» десем ит құсап, көкала қойдай, көкшымшықтай ұрып жығып, тепкілеп тастайды. Күйікке шыдай алмай, жылай-жылай көз жасым таусылды. Кейде асылып өлгім келеді, тек нәрестемді ғана қимаймын, соны құшақтаймын да ішім өртенеді. Бірде оның дайындап қойған жарты қорап косьяктарын тауып алдым. Қызықтап біреуін алып тұтатып тартып көрсем, тұманданып жүрген көзім шайдай ашылды. Көңілім сергіп, серпіліп, жадырап сала бердім. «Өлә, мынауың тамаша ғой» - деп анда-мұнда тығып тартып алатын болдым. Тартсам болды, бәрін ұмытып, рахаттанасың. Өстіп жүріп, қалай үйреніп кеткенімді де байқамай қалдым. 

Күйеуің қарсы болмады ма?

Ой, қойшы оны. Жатып кеп қуанды. Мені тағы ұрып-соғатын шығар сілейтіп тұрып деп ойлағам. – «Ой, жақсы болды ғой, енді екеуміз бірігіп іздейтін болдық қой» - деп қуанғанын көрсең. 

Апыр-ай,ә?

Кей-кейде түңіліп кетем. Өмір сүргім келмейді. Тек жаным – бір тал ұлым бар. Сол құлынымды қимаймын. Бір жасар, қазір төркінімде. Суретін көрсетейін бе сізге?

Көрейін.

 Ол қол сөмкесін шырт еткізіп ашып, алақандай ғана сурет берді. Уыздай сүйкімді нәресте талпынып күліп тұр. Періште күлкі.

 - Ұлың сүйкімді екен, періште ғой.

 - Ақылды. Төркінімде қазір ол. Мені іздейді, сағынады, күтеді. Қайта-қайта барып келуге ақшам жоқ. Анда-санда бір көремін. Міне, бүгін бетінен сүйіп, мауқымды басатын шығармын. 

 - Күйеуің неге Аспарада қалды?

 - Аға, күйеуіміз екеуміз бір күні тырайып қалатын шығармыз. Ол азып кетті, құр сүйегі саудырап қалды. Уақтысында тартпасам менің де қол-аяғым тартылып, жатып қаламын. 

 - Жігер-күш керек, қоясыңдар әлі. 

 - Әй, қайдам. Жорик, жүдә, құмартып алды, ине де салдырады. Менттерде учетта тұрады. Кейде түнделетіп алып кетеді. Бір түнетіп босатады. 

 - Соттап, емдетпей ме?

 - Менттерге бай клиенттер керек. Жорик сияқтылардан солардың аты-жөні, дерегін алып, қоя береді. Бұлар да түн баласы жортып жүріп, тапқандарымен бөліседі. Қу тақыр кедей мұны ұстап неғылсын ондағылар. 

 - Ойпырым-ай, мынауың қиын екен.

 - Достары жаман, бәрі наркоша шегеді, инеге отырады. 

 - Бәрі қазақ па?

 - Көбісі. Студенттер де бар, оқушылар да. Әке-шешесі үлкен қызмет, бай, бизнесмендердің ұл-қыздарын аңдып, соларды айналдырып, наркошаға үйретеді. Біреуі үш клиент табуы керек, сөйтіп топырлап көбейіп кете береді. Өңкей кеңкелестер ғой. Сіз көріпкел сияқтысыз, көке?

 - Көбінесе айтқаным айдай келеді. 

 - Жорик, күйеуім, аман-есен келе ме? Айтыңызшы, көке? 

 - Тек бәрін түсіндіргің? Ол қайда кетті?

 Ол сыбырлап, басын еңкейтіп аузын құлағыма тақап еді, темекі, ыс, есірткі иісі бұрқ ете түсті. 

 - Жорик Аспарадан түсіп, өзінің достарымен Шуға - фронтқа кетті. 

  - Шуда не істейді?

 - Ол жақта наша дегенің теңіздей жайқалып өседі дейді. 

Соны жинап әкеліп, жасырып сатады. Ұсталса, сотталады, құриды. Ал, аман-сау алып қайтса, жырғап қаламыз, бар қарыздан құтылып, байып кетерміз мүмкін. Ал, қолға түссе – біткені. Өзі де титықтап әзер жүр, әлсіз. Осы жолы мол пұл жинап алсақ, емдетпесем болмас. 

  Келіншек екі қолымен бетін жауып, қамықты. Безгек болғандай иықтары селкілдеп, қалшылдап:

 - Аға, автобустың ана артқы есігінің алдындағы тепкішегіне барып, темекі тартып келейінші? – деп сұранды. 

 - Бара ғой...

 - Сіз тартпайсыз, ә?..

 - Баяғыдан кейін қолыма шылым ұстаған жан емеспін. 

 - Жүдә, ондай да адам болады ә?..

 Бүйрек бет келіншек, келте қиған шашын сілкіп тастап анадай жерде есік жақтауына сүйеніп, папиросын құныға сорады. Әлгі жас бұзаулар енесін емгенде басын шайқап, мекіреніп, рахаттанады емес пе!? Дәл солай, нашасын құныға сорып тұрып, шашын сілкіп-сілкіп қояды. Нашаның қолқамды қапқан сасық иісі келді, лоқсып әзер отырмын. 

 Келіншек сып-сып етіп қасыма қайта отырды. Көзіне жылт-жылт етіп, ұшқын бітіпті, беті албырап тұр, езуіне күлкі ілінген. 

 - Аға, ағатай, осы майданнан аман келсе Жорикті де өзімді де емдетем деп отырмын. 

 Үндемедім. Не дейін? Оның өз-өзін алдаған сөзіне қайтіп сенейін. 

 - Әке-шешең біле ме?

 - Бәрі де біледі. Ұрысты, анда-санда тәуіп, емшілерге қаратқан болды, Қырғыздағы атақты емшіге дейін бардық. Титтей де әсер етпейді, әбден денесін улап, жайлап алған. 

 - Өзің ше?

 - Өзіме енді бәрібір. Өмірім бар ғой, аға, түс сияқты. Басымның ішіне мың-сан маса-сона кіргендей ашып кетеді. Ұйықтасам болды жылан көрем. Быжылдаған ақ, қызыл, қап-қара жыландарды жалаң аяқ, жалаң бас жалаңаш кешіп, басып бара жатамын. Алғашында зәрем ұшып, шошынатынмын. Қазір үйреніп алдым. Ақ бас, сала құлаш жеңді білектей шұбар жыланым қайқайып жол бастайды, мен соңынан ере беремін. 

 Қайран ерте солған қызғалдақтай қыздар-ай, қайран қор болған ортан жіліктей атпал жігіттер-ай!.. Балғын, бағлан боздақтарым-ай!..

 Сендер қан соғыста мерт болсаңдар, ұжмаққа барар едіңдер. Ал, мына мыңдарды мисыздандырып, нақұрыс, кеңкелес ететін у дәрі үшін аттанып, соның жолында қыршыныңнан үзілгенде кім дейміз?

Аға, айтпадыңыз ғой, Жорик фронттан аман-сау келе ме, келмей ме? 

Қай түпкірде болмасын тілдері бір екен-ау... Баяғыда әскерде Вальдемар наша алқабына жорықты - фронт деуші еді. 

 - Әй, қайдам?..

 - Аға, білгем, білгем. Ол сормаңдай қайтпай, тұздай құриды десеңізші. Түс көргем, жаман түс. Барма деп зарладым ғой. Құриды ғой енді. Бітті десеңізші!.. 

 Жаңа ғана жымың-жымың етіп күліп отырған бүйрек бет келіншек көз жасын төгіп-төгіп, еңіреп жылап жіберді. 

 -Мен түсейін қарағым, Таразға келдік. 

  Қолымнан тас қып ұстап алған ол көзі боталап, пыс-пыс жылап: 

 - Ағажан, ол келсінші, келеді деңізші. Құлың болайын, - деп сілкілей бастады. 

 - Білмедім, қарағым. Жіберші, жүрегім лоблып тұр. 

 Автобустан түсісімен бұрылып қарасам ол терезе әйнегіне жабысып әлдене деп жатты. 

 Жүрегім аузыма тығылып,, басым зеңіп, аялдама бағанына сүйеніп тұрып қалдым. 

 Кебеже қарын қызыл автобус түтінін лақ-лақ құсып, ырсылдай жүріп кетті.

* * *

 Екі-үш күн бойы қызуым көтеріліп, ішкен асымды қайта құсып, жүрегім кілкіп, қолқа-бауырым аузыма тығылып, мұрнымнан анашаның сасық иісі кетпей зәрезеп болдым. 

 Екі-үш күн бойы теледидардан Шу алқабындағы нашақорлардың ірі тобын ұстағандары жайлы хабар қайта-қайта беріліп жатты. Ала қап арқалаған жақ жүні үрпиген жыланкөзденген, арық нашақор Жорикті бірден таныдым. 

Әй, соры қалың, тасмаңдай!..

Ыстықкөл, 2008 жыл.