ВЕРНУТЬСЯ

      Реонимация деген палата - өлі мен тірінің арасындағы майдан алаңы іспетті. Бұл палатада жатқан жандар да о дүние мен бұ дүниенің шекарасында тұрған деп есептеңіз. Екі адамдық палатада ұзын бойлы, шашы ерте ағарған, құс мұрынды көршім тұнжырап жатады да қояды, анда-мұнда уһ деп кеудесін жара күрсінетіні бар.

 Ары-бері жүрмеген соң адамның іші пысады, көршіңмен әңгімелесіп уақыт өлтіргің келеді. Жақауратып қасыңдағыны сөзге тартсаң жарытып жауап ала алмай мысың құриды.

 Үшінші күні ғана ол құрықтай ұзын мойнын көтеріп, төсегіне шоқиып отырды. Көзіме алғаш ілінгені жоғары-төмен жүгірген өндіршегі, қатпар-қатпар тері, рабайсыз ұзын мойыны.

 Жіп-жіңішке саусақтары сөйлегенде тыным таппай, екі алақанын ысқылай береді. Көршімнің аты - Әмір. Дырдай министр. Мен көп жазушының бірімін. Бүгін ғана әңгімеге ықыласты бола қапты.

Сенің неге жүрегің ауырады? – деді ол бір жас үлкендігін

пайдаланып бірден сенге көшіп.

Титтейімізден жетім қап... Бар зіл ауыртпалық жалғыз жүрекке түскен ғой...

Ім-м-м... – Оның саусақтары тынымсыз сыртылдап алдына 

сыймай кетті. – Ал, жүрегім өмірі ауырып көрмеп еді. – Ол ащы мырс етті. – Жалпы мен ауру-сырқат дегеннің не екенін білмей өскен жанмын. Осыған сенесің бе? Әке-шешем де бар, алты бауырымның бәрі үлкен қызметте.

 Мен көршіме іштей қызғанышпен қарадым, қандай ғана жанның төрт құбыласы түгел болады, қандай ғана жанға бәрін үйіп-төгіп бере салады. Алдында ата-анасы бар, аға-әпкесі, соңында шұбырған бауырлары барларды көргенде жалғыз тасмаңдай жетімдігім есіме түсіп, өзегімді өрт шалып кетеді-ай... Әне, әлде-біреулер аурухананың не екенін білмей өссе, мына сүйегі ашылып қалған ми секілді үркек жүрегім бар болғыр атқақтап аузыма сыймай жылына бірер мәрте жетектеп әкеп, осы төсекке таңып тастайтынын қайтерсің. Қалтамнан дәрі үзілмейді, сәл шаршап, жүйкем талса кеудеңді керіп жіберердей ар жақтан қамауда жатқан арыстандай дімкәс жүрек тоқпақтап шыға келеді. Оқ тиген жаралы аңдай қансырап қашанға дейін созылып жүрерің беймәлім? О, тәңірімнен жалбарынып сұрарым, мына балаларыма менің кебімді кигізе көрме, олар жетімдік, жоқшылық тақсіретін тартпай-ақ қойсыншы!...

Мені ауыртқан не екенін білесің бе? Махаббат!– деп көршім қойып 

қалғанда өз ойыммен арпалысып кеткен мен селк ете қалдым. – Неге күлесің, сенбейсің бе?

Еркімнен тыс жайылып кеткен езуімді тез жия қойдым. Біреуге бас қайғы, біреуге мал қайғы. 

 Үш күн бойы аузынан үш ауыз жөндемді сөз ала алмаған көршіме ықылас білдіріп, көтеріліп отырып, тыңдауға пейіл таныттым.

Сен, күле бер. Иә, мені ауыртқан махаббат! Махаббат

дегеннің осыншалық заһар екенін кім білген? Уһ!... – Сен тыңда, ішім жарылып кетер әйтпесе. Мен отызға дейін үйленбей бойдақ жүрдім. Не ішейін, не киейін демедім. Бәрі бар, бәрі жеткілікті. Бірақ, қыздарға келгенде жолым болмады, біреулерін өзім ұнатпадым, ал біреулерге мен жақпадым. Сөйтіп жүргенде қатарымның бәрі үйлі-баранды болып, сопайып жалғыз қалдым. Институт бітіргем, тәп-тәуір қызметім бар. Ғұмыры әйел баласына жақындап көрмеген еркекте жасы ұлғайған сайын жүрексінетін жаман әдет пайда болады екен, іштей өзіңе-өзің күмән келтіре бастайсың. Өстіп жүргенде бір қызға өлердей ғашық болып қалдым. Аты қандай әдемі – Айтолы! Ол кезде мектеп бітірген топ түгел фермаға, қойға бару модаға айналып, науқангершілік болып тұрған кез. Айтолы да фермада сауыншы, үзіліп түсердей он жетіден асқан әп-әдемі бүлдіршіндей қыз. Уһ! Мен аудандық комсомол комитетінің хатшысымын, комсомол-жастар бригадасының жұмысын көрейік деп барып жүріп етене жақын болып кеттік. Әкесі қойшы, қарапайым ғана қыз. Ылғи “Сіз” деп сызылып тұрады.

 Қыстай фермаға барғыштап жүріп, әбден батыл болып қалыппын . Бауырыма басып, құшақтап алғанда аңқау кейпімен монтиып отырғаны қандай, жас сәбидей бәріне сенгіштігі қандай! Оған менен асқан оқымысты, білімдар адам бұл әлемде жоқ, маған телміре қарап, әр сөзіме таңданып, тамсануы қандай! Кездескен сайын оның сонысын аңғарып, түрлі-түрлі бәлелерді айтып қоямын. Өзімнің бойымда мансапқорлық буы да бар. Бәлен деген бастықпен бірге болдым, түгенмен сөйлестім деп бөсіп те жіберемін! 

 Еһ, Айтолы-ай!.. – Ақыры көктемге қарай үйіне бардым, әке-шешелері көктеуге көшіп-қоныпты. Серектас деген жер күнгейі қаптаған қызыл тасты аңғар, ал, теріскейі жусанды алқап. Соның қапталына киіз үй тігіп отыр екен әке-шешесі. Мамыр мерекесін өткізген соң бірінші хатшының машинасын сұрап алып тартып кеткенбіз. Айтолы алдын-ала айтып қойса керек, шешесі өте ақжарқын кісі екен, жайдары қарсы алды. Тек, әкесі тіс жарып үндемеді, амандасқанда ернін жыбырлатты. Бір қойды тыпырлатып алып ұрып, сойып, жіліктеп тастап, өріске кетті.

 Шешесі менен тамақ істей жүріп ананы-мынаны сұраса, Айтолы:

Тәте, қойсаңшы, ұялтпай, - деп шешесіне бір, маған бір 

еркелей қарады. Маған анасы ә, дегеннен ұнады. Қайран ана-ай, - қуаныштан жарыла жаздап жүр-ау. Уһ! Айтолы шешесінен ештеңені бүгіп-жасырмайтынын аңғардым, екеуі сырласатын көрінеді.

Құдай қаласа енді әке-шешем құда түсіп келмекші, осы айдың

соңында үйленсек деген ойымыз бар.

 Қуырдақ жеген соң көкке қойдың шетіне шықтым. Сақпан бітіп, қой-қозы бірге жайылып жатқан отар бүкіл алқапты алып, жамыраған, маңыраған қызық тіршілік бір. Дала мамыражай, жып-жылы мамық жаныңды әлдилер самал еседі. Тотияиындай тас-жақпарды жарып жусан қылтияды, иіскесең басың айналады. Маужыраған рахат әлем, шыр-пыр ұщқан құстардың үні қандай? 

 Қыздың әкесі, менің болашақ қайын атам көктемнің маужыраған жып-жылы күніне қарамастан қалың киініп, әлі басындағы ескі тұмағын да тастамапты. Қызы бағана біз келгенде киінсеңші дегендей болып еді, шыбын шаққан құрлы қыңбады. Екеулеп отарды, қойдың бәрін сай табанындағы жыбыр-жыбыр баяу ағып жатқан жалтыраған өзеншеге суарып шығардық та, биік шоқының үстіне келіп отырдық. Бұл арадан төңірек түгел көрінеді. Жота үстіне күнге қақталып торғылданған қып-қызыл тастарды үйіп тастаған.

Бұны неге шоқайтып үйіп қойған? – дедім бетінен қызылы 

кетпеген қойшыдан.

Бұны-оба дейді. – Серектастың обасы деген осы. Әр жердің 

өз аты бар, әр биік төбенің басына осындай обалар үйеді. Әне анау екі обалы төбе – Қосқұдық, мынау сайдағы су баратын келесі сай – Қызылсай, мына шетіміз – Қақпақты, анау бұлдырап тұрған – Буырлы...

 Неге Серектас дегенін білесің бе?

Ертеде Серік деген көркем жігіт Айманкүл деген қызға ғашық

болыпты дейді. Екеуінің үйлену тойы болып жатқанда ел шетіне жау тиіпті де, тойы бітіп, ақ шымылдығына кірмей жатып, бүкіл ер азаматтармен бірге жорыққа аттанып кетіпті. Айманкүл күнде келіп, өзінің отауының жанына бір тас әкеп қоя беріпті, қалай беріпті. Күн өтіпті, ай өтіпті. Жылжып жылдар өтіпті. Серіктер жауды қасиетті Түркістаннан әрмен қуып барады деген хабар жетіпті. Айманкүл күнде бір тасты көтеріп қалай береді, қалай береді. Оны көрген күйеулері жаугершілікте жүрген әйел-келіншектер де ырым ғып күнде бір тастан әкеп тастай беріпті. Серіктер елінің жауларымен қырық жыл соғысады, 40 жерінен жарадар болыпты. Уыздай жас жігіт 60-тан асқан қалжырап, қансыраған шал болып елге қайтыпты. Сағыныштан әбден қартайып кемпір болған Айманкүл қалаған тастар 40 жылда биік тауға айналыпты. Күнде сол таудың басына бір тасты көтеріп апарып қойып күйеуі кеткен жаққа көзі талғанша қарайды екен үздігіп. Сөйтіп қарап отырғанда қайындары айқайлап, сүйінші сұрап шауып келеді. Сол хабарды естігенде Айманкүл осы өзі қалап жасаған тас шоқының үстінде жүрегі жарылып өліп кетіпті.

 Серік келіп жарының басын көтеріп отырып көзінен жасы алты тарам болып бір күн, бір түн жылапты да ол да үзіліпті.

 Содан осы шоқы “Серіктің тасы”, “Серіктас”, “Серектас” болып аталып кетіпті. Ары-бері өткен жүргінші жолаушылар сол екі бейбақтың басына бір-бір тас әкеп қалайды екен, сен де балам бір тас әкеп мына обаның басына қой, - деді Айтолының әкесі. Уһ!.. Жарықтық осы әңгімені маған неге айтты екен деп соңғы күндері қайта-қайта ойлаймын кеп. Неге айтты!?..

 Уһ-!.. – Бір тасты көтеріп шоқының басындағы обаның үстіне қойдым. Айтолының үйінен ет жедік те қайтып кеттім. Қайтар кезінде Айтолының әкесі: “Қарағым, тойларың өткенше, құда түспей тұрып қайын-жұртқа күйеу келмес болар” – деді. Уһ!

 Бір жұма өткен соң мені военкомат шақырды, ол кезде әскери заңның қатал кезі. Қолыма повестка беріп алты айға жаттығуға жібергені, жарты жыл бойы керзі етік киіп Новосибирскіде жер тепкіледім. Құда түсу, үйлену әрине уақытша тоқтап қалды. Еріккенде хат жазам, хатын алып оқу да қызық. Аңқауым менің... Не деген сезім, мөлдірлік десеңші?...

 Әскери жаттығудан күзде қайттым, келген күннің ертесіне жұмысқа шықсам Айтолы телефон соғады. “Қазір жетем” – дейді. Мына Шиенде тұрады. Түске таман кеңсеме кіріп келді. Сағынып қаппын, бас салып құшақтасам, солқылдап кеп жылайды, көз жасының мөлтілдеп төгілгені-ай!..

 Айдап отырып Айтолымды ертіп Тілеміс деген жолдасымның үйіне бардым. Әйелі екеуі құрақ ұшып қарсы алды. Арақ-шарап ішіп думандаттық, енді болатын тойды өткізуді ақылдастық. Айтолы байғұс көзі боталап, мұңданып маған қарай береді, қарай береді. Әбден сағынған-ау байғұс! Көзінде мұң бар сияқты, намыс тұрғандай ма қалай? Сағыныш деген қиын ғой, шынында! Мен де сағынғам, енді біргеміз жаным. Біргеміз – деп қоямын іштей...

 Уһ-!... – Ол аһылап-уһілеп буындары сыртылдап орнынан түрегеп терезе алдына барды. Далада аңыраған аяз, түгел қырау. Алақанымен терезе әйнегінен сүзіле қарап бірқауым үнсіз тұрды. Нені ойлады екен? Сырықтай ұзын, ап-арық, жауырыны күдірейіп, телміріп қайта-қайта әйнекті үрлеп сыртына телміре қарады-ай кеп. Жүрек сырқатына негізінде толық, етжеңді адамдар ұшырайтын еді, мынаның артық қырым еті жоқ.

Уһ! – деп қойып төсегінің үстіне аяғын салбыратып жіберіп 

қойып әңгімесін жалғады. – Сол түні Тілемістікіне қонып қалдық, екеумізге төсекті бір бөлмеге салып берген, маған жерге, Айтолыға диванға. Тілеміс те, келіншегі де жымың-жымың етіп қояды әдейі көз үшін ғана осылай істедік дегенсіп. Ол шешінбей диванда сұлқ отырып алды, шамды өшіре салдым. Батылмын. Қыз қорғаншақтанған сайын өршелене түсем. Қасыма сүйрегендей ғып әкеп жатқызып, киімін шешіп тастадым. Қыз икеміме көне берді. Сөйтсе-е-е-м!?

 Уһ!... – Ол қос қолдай дударланып кеткен ағы қалың қайратты шашын сығымдай ұстаған күйі терең күрсінді. – Темекі болса ғой. Он жыл болды тастап кеткеніме, құштарлана бір тартқым келгенін қарашы. Уһ!.. Несін айтасың қыз ботадай боздап жылағаны-ай! Отызға келгенше мен қайдан білейін, тек қыз өзі солықтап отырып бәрін айтқанда төбе жүйкем шымырлап, аза бойым қаза болды.

 Сөйтс-е-ем?!.. Сиыр фермасы көктем көтеріле таудың етегіне көшіп қоныстанады, сауыншылар ауылдан күнде –барып келіп қатынайды. Сондай бір күні кешке ауылыңа апарып тастаймын деп завферма Қызылмұрын деген үлкен кісі, жасы елуге келген дейді. Шын атын ел ұмытқан үнемі арақ ішіп мұрны қызарып жүретіндіктен осылай атап кеткен. Жолда еңгезердей дәу бәле бауыздаған лақтай ғып дегенін істепті. Бұл өлемін деп өкіріпті, соттатам депті. Қызылмұрын айтыпты: “Жан баласына айтсаң басыңды қауынша шауып тастаймын” - деп.

 Бұл мен кете салысымен болған оқиға. Ертесінде сауыншылықты тастап, содан бос жүр, институтқа түсе алмапты. Сен кешіре алмайсың ғой, кешіре алмайсың ғой, жаным, - дейді бетін басып жылап.

 Сары таңға көз ілмедім, ол сары таңға дейін бүк түсіп жылай берді, жылай берді. Мен бейбақ, үндей алмадым, қара тастай қатып қалдым.

 Таң атар атпастан киініп, үй иелерін оятпай шығып кеттік. Ол кеңсеме шейін бірге келді де:

Әмір, құдай алдында кешірші, не өлтір мені. Мен сені бұ дүниеде ғана емес о дүниеде жақсы көремін сенесің бе, жаным! 

Міз бақпадым.

Енді мен саған жоқпын! – Сен мен үшін жоғалған адамсың!- деп былш еткіздім!

Қыз бота-бота жылап, бұрылып кете барды. Уһ! Дүние-ай, десеңші!... Елге - жұртқа үйленемін деп жар салып қойғам! Амал жоқ аяқ астынан осы келіп жүрген жеңгеңмен бас қоса салдым, отырып қалған мұғалім қыз екен. Содан бері сенесің бе жиырма бір жыл өтті. Зулап жатқан уақыт. Ұмытып кеткем, ұмытып кете жаздап жүр екем. Тек келген хаты болмаса...

 Ол жастығының астынан қалтыраған қолымен дір-дір етіп маған конверт ұсынды.

Өзің оқышы – Дауысында діріл бар, жүрегі қатты соғып тұр-ау. Ауруханада көп жататын жанның өзі емші боп ауру-сырқаудың бәрін біліп, айырып тұратын бәлесі бар. Хат кәдімгі шақпақ жол дәптердің ішкі қос парағына жазылыпты.

   

  “Әмір!

Амансың ба? Халің қалай? Сыртыңнан бәрін естіп сұрастырып жүремін. Министр болғаныңды газеттен оқып, қатты қуанғанымды айтпа! Мен сенің көздегеніңе жетпей тынбайтыныңа сенгенмін, сенетінмін. Шіркін, сен бүгіндер қандай болдың екенсің!

 Мен хатты министрлікке, заказбен әдейі салдым тек өзің ғана ашып оқысын деп. Сен мені мүлде ұмытып кеткен де боларсың. Мен баяғы Айтолымын ғой. Серектастағы Жақыпбай қойшының қызы ше?

 Енді есіңе түсті ме? Айтолы неғып хат жазып қалды деп. айыпқа бұйырма. Айтайын дегенім... Не екенін білесің бе? Сенімен соңғы кездескен соң жынданып, не асылып өлем бе дегем. Өлі мен тірінің арасында жүрдім де қойдым, сөйтіп жүрсем... жүкті болып қалыппын, кімнен дейсің ғой, сенен. Сенен перзент сүйетінімді білгенде өмірге құштарлығым оянды. Сенен нәресте сүйетініме қуандым. Сен күлерсің, бірақ мені тірі алып қалған сол болды. Шешеме сырымды жайып сап айтып ем, ол байғұс та жылап ақылын айтты. “Әмір алмаса алмасын, босанып аламын десем”, есебін өзі тапты. Өзінің төркіні жақтан бір сұрбойдақты тауып қосып жіберді мені, екі айдан соң. Алты айдан соң мен босандым. “Шала туған нәресте” деп – елге жайдық та атын саған ұқсатып Әбіл қойдым. Сенен аумайды-ау, аумайды. Оның артынан тағы 6 бала сүйдім. Сөйтіп, 7 баланың анасы болдық. Күйеуім жуас, жақсы адам еді, былтыр қайтыс болды, қан қысымынан. Жақында жылын бердім. Өзімнің де басым ауыра береді, анда-санда сақинам ұстап жатып қаламын.

 Әмір! Мынау сенің балаң ғой, бұл әлемде құдай куә, екінші сен екеуміз куә, Әбіл балаң жаз шыға үйленгелі жүр. Ержетті, тура баяғыда өзің қандай сондай боп ұп-ұзын таралып өсті. Енді оған шындықты айта алар дәрменім жоқ, басқа фамилия, әкесі... Егер мен олай-бұлай боп кетсем – көз қырыңды сала жүргейсің.

 Сен Әбіл менің балам ба деп күмәнданып отырған шығарсың. Сенбесең байқатпай келіп көріп кетші. Түсіндің бе? Құдай-тағала алдында, өлген әке-шешем әруағы алдында айтарым - Әбілдің әкесі - Әмір сен! Егер өтірік айтсам әруақтардың әруағы атсын!

 Менің қарғысым жібермей Қызылмұрын сол жылы жол апатынан өліпті сұмырай! Итке ит өлім!

 Әмір! Мына хат сенің тек өзіңде сақталсын, кейін қартайғанда алда-жалда балаңды іздей қалсаң өзіне көрсетерсің. Мен сенің алдыңда кететін шығармын. Ал, мен тіріде балама да, маған да жолама, келме! Мен ол қайғыны көтере алмаймын. Түсінесің бе? Өліп кетемін! Ұяттан! Сағыныштан, күйіктен!.. Түсінесің бе?!

 Сен өзіңді өзің күт, мына балаң үшін, болашақ немерелерің үшін керексің. Естідім бірінші хатшының қызына үйленіпсің, одан қалаға көшіп кеттің, мен алысқа күйеуге кеттім. Қазір, шіркін қандай болдың екенсің?

 Жақсы, жаным! Сен мені әлі кешіре алмай жүрсің ғой. Білем оны қайтейін, мен сені сыртыңнан тілеуіңді тілеушіңмін, қарғамаймын, назаланбаймын, міне хатты тура үш күн жаздым, басым қатты ауырады бұл күндері.

 Жақсы сау есен бол жаным!

 Сәлеммен Айтолы”, - деп ары қарай өзінің қазіргі мекен-жайын көрсетіпті.

 Әмір ішіп-жеп жіберердей маған тесіле қарап қалыпты, кірпік қақпай өңменімнен өтердей жанары мұздай сұп-суық, жүрегім дір ете түсті, көзі шытынап тұр, түрі бұзылып, қанын ішіне тартып апты.

Не дейсі-і-ің? – деді.

Не дейін. Обал болған екен.

Кімге? – деп шап ете түсті. – Кімге обал. Маған ба?

Балама ма? Сен не білесің? 

Ол тар палатаның ішін әрі-бері кезіп, екі алақанын ысқылай берді. 

Ешкім білмейді. Мен бақытымды басқа тептім. Айтолы – менің

ырысым еді ғой. О, құдай! – ол қарманып халатының төс қалтасынан дәрі алып ішті. – Менде жүрек жоқ, ол баяғыда беріш болып қатып қалған. Айтолыны қуған күні қара тасқа айналып кеткен шығар. Біздер, адам деген мақұлықтар, аяу, кешірім, түсіну дегенді неге білмейміз? Неге? А? 

Министр ары бері жүре берген соң : 

Сізге жүруге, тұруға болмайды, демалсаңызшы – деп едім тіпті

құлақ аспады. 

  Бір кезде еліріп сыртқа шығып кетіп еді, сәлден соң медбике қыз жетектеп әкеп жатқызып, екеумізге дәрілерін салды.

Темекі тауып берші қарағым! – деп еді, медбике тік мінездеу екен: 

Сізге темекі шекпеңіз деп әйеліңіз табыстаған. Болмайды!-деп

төтесінен доқ еткізді. Көршім сәл-пәл тыншығандай көрінген.

Шіркін-ай, - деді тамсанып, өндіршегі жоғары-төмен қозғалып-

қозғалып кетті. – Мені ібіліс айналдырған ғой. Сен білесің бе? Сен білмейсің ғой, осы хатты алғалы мен бәрін сағындым. Кеудемді бір өкініш буып, жүрегім аузыма тығылады да тұрады. Өзегіме өрт толып кетті-ау, бүкіл ішкі әлемім бықсып, өртеніп кеттім-ау. Мансап, тақ, құрмет пен қошемет... дейміз-ау, не үшін керек соның бәрі, не үшін а? Егер сен өз ошағыңда бақытты болмасаң, түтінің әрмен жалғаспаса. Уһ, жаным-ай! 

 Иә, иә... Сен білесің бе менің балам жоқ. Бір сүт аңқыған бөпені құдай маған қимады ғой, қимады. Ернім жібіп нәресте сүймей, соңымнан ұрпақ қалдырмай қу бас өтемін бе бұл жалғаннан деп едім... Соған мойынсұнғам мүлде... Енді қайтем? Уһ!.. Ауданның бірінші басшысының қызын алған соң-ақ қызметім дүрілдеп өстім де кеттім. Не ішейін, не жейін демейміз жарты әлемді аралап көрдік, еркін сайрандап, қыдырдық. Бірақ, келіншегім бала көтермеді, жыл өтті, екі, бес, он... Оның қаралмаған дәрігерлері қалмады. Ақыры ол әбден тексеріліпті. Енді кінәрәт менде секілді. Атақты бәленбай деген профессорға ертіп апарды, әйелім екеумізді екі-үш мәрте тексеруден өткізді де сұмдық хабар естіртті. Тексеріс қорытындысында бар бәле менде, бұл ғұмырда менен ұрпақ болмайды. Әйелім сап-сау. Он құрсақ көтеретін денсаулығы бар. Бәріне мен кінәлімін. Енді қайттім? Шынында да әйелім борықтай топ-толық, бетінен қаны тамып тұр, мен міне көтерем түйедей ілінген арықпын. Қатты күйзеліп қорланғаным-ай. “Мен сенімен ақыреттік біргемін, құдай қос көрмесе қайтеміз, өстіп жарасып, бір-біріміздің қабағымызға қарап өтейік” – деп балаша әлдиледі. Енді не істеймін. Уһ” Бала асырып алсам деп детдом жаққа да барып көріп жүрегіміз дауламады, ата-анасы қандай жан екенін кім біледі. Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді дегені рас, көндігіп екеуміз бәріне бас иіп, жарасып кеткендейміз. Өмірімізге мойынұсындық. Жараның аузын аша бермейін деп ол да, мен де бала жөнінде әңгіме қозғамаймыз. Ау, бұл құдай, адамзаттың бәріне дерлік беріп жатқан, бір шикіөкпе немесін неге маған, мен қубасқа неге бере салмады, неге? Қатарларымның балдырғандай ұлдары, сыбызғыдай қыздарын көргенде ішім уылжып, өзімді-өзім жеп, әйелімнің алдында айықпас кінәлі сезініп, қара жер болатыным-ай!...

 Осыған әбден сеніп қойғанмын. Қу тағдырға мың лағнет айтып, іштей мүжілсем де сыр бермей жүруші ем. Айтолының хатын алғанда есімнен танып қала жаздадым. Сенейін бе, сенбейін бе? Бір емес, мың мәрте қайталап оқыған шығармын-ау... Сенейін бе, сенбейін бе? Ұлым бар дейді. Онда мен әкемін ғой, Әке! Ұрпағым жалғасады. Табиғат заңы бұл. Ал, бірақ профессор маған сен, әке болуға жарамсызсың дегені қайда, туа біткен кеселің бар демеп пе еді.Қайсысынан көрейін, шынашақтай басым шарадай болды. Уһ! жаным-ай! Ақыры ойлап-ойлап, тағы да жасырынып дәрігерге көрінсем ... сенесің бе сап-саумын. Оған да сенбей тағы да басқасына барсам – ол да айтады “Сіз 100 процент саусыз”, - деп қолыма мөрі басылған қағаз да берді. Көзім ежірейіп баяғы профессорды іздедім, ол қайынатамның жақсы досы еді, қартайып сал болып үйінде төсектен тұра алмай жатыр екен. Әлгіге мөр басқан қағазды көзіне көрсетпек болып тас-талқан ашудан қалшылдап келген едім. Ол мені бірден көргеннен-ақ “Балам, кел тізе бүк” деді де жылап жіберді. – Менің санаулы күн ғана өмірім қалды, сенің ғұмырыңа қиянат жасаған мен едім. Әйелің мен қайынатаң қайта-қайта өлердей болып қолқа салған соң – сені алдай салған едім. Негізінде – бедеу әйелің. Қайынатаң қызы байсыз, сендей дүрілдеген күйеубаласыз қалады деп қорқып, бой бермей жүріп, өлердегі сөзін айтып көндірген еді. Ақырет алдында өтінерім кешіре алсаң, кеш. Не өз қолыңмен буындырып қазір өлтіріп кет. Оған тіпті ризамын. Сонда мен көрде тыныш жатам”, деді әбден қаусап, біткен профессор қырылдап, төсектен басын көтеруге әлі келмей жылап жатып.

 Содан жынданып кете жаздадым, әйеліме де, қайынатама да үндей алмай, жанымды қоярға жер таппай кешке шейін кеңсемнен шықпай ешкімді қабылдамай, басым қатып сансырап жүріп, кешке машинама мініп жатып, құлап түстім. Міне, инфаркт деген пәлекеттің жүрегіме кірген тұсы. Уһ! жаным-ай десеңші?... Не дейін, осыдан шығайын, ол сұрқия құпиясын ашқанымды сезбейді-ай, сезбейді. Балама бұл хатты көрсетемін, осыдан шығайыншы. Еһ, шіркін-ай десеңші! Балам бар! Мен тездетіп жетем балама! Өзім үйлендірем, бар шығынын өзім көтерем. Жас болдық, мас болдық, бірақ сен менің қанымсың, ажырамас жанымсың деймін Әбіліме. Айтолыдан айналдым, осы хабарды менің тіршілігімде жеткізген, аяғына жығыламын, етегінен сүйіп, бөркімді алдына тастаймын. Оның тырнағынан садаға кетпеймін бе мен сорлы! Мен бір ағыл-тегіл жылай алмай жүрмін, егер ботадай боздап жылап алсам жүрегім жауыннан кейінгі гүлдей жайнап, жадырап-ақ кетер еді. Шіркін-ай, Айтолыны көріп, Әбілдің бетінен сүйгенде ағыл-тегіл жылаймын, сонда, ішіме жиналған беріш сел боп ағып кетеді, бәрі көз жасыммен, бірге төгіледі-ай дерсің. Содан сап-сау жазыламын. Сен осыған сенесің бе? – деп екі көзі шоқтай жанып қарағанда жүрегім дүрсілдеп дәріге ұмтылдым.

Сенемін ғой, әрине сенем! – Ол көзін жоғары қадап, еміне түсіп, елжірей қадала қарап қалды.

“Балам міне, - әкең келді алдыңа, мынау Айтолы - шешең” деймін. Балам да өкіріп жылайтын шығар. Екеуміз құшақтасып, әй бір құмарымыз қанғанша жылармыз да, арқасынан қағып, дудар шашынан сипалап, иіскелеймін құмардан қанғанша, – деп жымиып жұмсақ қана сыбырлап, сөйлегені қандай!... Кемсеңдеп, дауысы бұзылады, бірақ көзінде бір тамшы жоқ. Ол делқұлы жандай өз өзінен күбірлеп, ұзақ отырды да:

Мен баламды өлердей сағынып жүрмін, – деді маған қарап ыржия

күліп. Сөйтті де жантайып жатып хатты тағы оқуға кірісті.

* * *

  Түнге қарай жүрегім өрекпіп шаншулап, инемен ұйықтататын дәрі салдырып, әзер көз ілдірдім.

 Түннің бір мезетінде бойым мұздап, түршігіп, жүрегім суылдай әлдене жаманат сезгендей суық тер көміп ояна сап, терезеге қарасам, әйнектердің беті қалың қырау. Бозарып жатқан Әмірдің төсегіне көзім түсіп, жетіп бардым.

 Әмір шалқалай созылып, керілген қалпы сіресіп қатып қалыпты, көзі шарасынан шыққан қалпы денесі тастай, сұп-суық. Тым ұзарып кеткен секілді. Жансыз тастай денесін жұлқылай беріппін.

А-а-а-а?! – десем үнім шықпайды.

Жүрегімді ұстай палатаның есігін айқара ашып жіберіп, айқай салдым:

А-а-ау!...

Біреулер бері жүгіргендей болды, ағараңдаған сұлбалар мұнартып көлбең-көлбең ұзап бара жатқандай көзім мұнарланып, аппақ шымылдық тұтыла берді. Қайта өз орныма жете алмай есімнен танып құласам керек.

 Тас төсекке таңылып, одан ұза-а-а-ақ, үш ай бойы сарсылып жатып, дімкәс жүректі ілдалдап жөндеткен болып, ауруханадан шыққаным жаңа.

 Әмір есіме түссе болды жон арқамнан қара тер бұрқ ете қалады, қол-аяғым ысиды. Оның орнына жаңа министр тағайындалғанын радиодан естідім. Ал, баяғы хат қайда? Айтолы байғұс не істеп жүр?

 Бәрінен бейхабармын. Әмір о дүниеге аттанып кетті, тірі куә мен қалдым. Маған бұ фәниде таусылмас борыш арқалатып кетті. Ақыреттік парыз.

 Осы жазғанымды оқып, Әбіл әкесінің кім екенін білер-ау. Әкесінің ұлына айта алмай кеткен ақыреттік парызын өтегенім бұл. Әбіл, балам, сен қайдасың?... Еркек тоқты жат жұрттық болмас...

2009 жыл

Медеу.