ВЕРНУТЬСЯ

     Демалыс үйіне автобус
сирек  қатынайды. Іргедегі ауылға күн
құрғатпай барып - келіп тұратын маған 
қиын соқты.

Жарық сыздықтап үлгермей
жатып жолға түсіп төмен қарай бет аламын. Сағат тоғызда келетін автобустарды
күтіп тұратын  уақыт жоқ.  Жолдың екі қапталы  қалың алма ағашы. Бүрі толып, қабығы
жасаңсыған  ағаштардан шайыр иісі шығады.
Ылдиға қарай жүру де жеңіл. Қала шетіндегі  
көшеге дейін алты шақырымдай 
жерге  күн кірпігін  көтермей жатып жетіп барамын.

Сырттай оқитын студенттерге
шіркін, жатақханадан қиын не бар? 
Ауылдан келгеніме екі  күн болса
да  бір айға уақытша тұратын пәтер  таба алсамшы. Қонақ үйлерге бас  сұқсам, қай-да-а-а, маңына жолатпайды.  Орын жоқ, құлақтандыруларды жыртып алып,
көше-көшені қыдырып, аяғымнан таусылып, 
бір күн вокзалда, екінші күні 
өзі  әрең орналасқан  курстас жігіттің  пәтерінде түнеп шықтым. «Демалыс үйіне
ақшасын түгел төлесең жатқыза береді» деген 
қауесетті  естіп,  жолдан бұрыс қатынау  қиын болса  да 
осында келгенмін.

Бұл ара  демалуға 
шынында  да тым  жайлы екен. Екі адамға  бір бөлме, тау іші,  айнала маужыраған тыныштық.

Біз орналасқан күннің
ертесіне жапалақ-жапалақ  қар жауды.
Таңертеңгілік  ат шашасынан келген  ақ көбік 
қарды көріп, жанымда жатқан көршім:

- «Қардың басын қар алады,
ханның басын хан алады». Бұл  да
ұзаққа  жатпас. Қыстың соңғы қоқан-лоқысы
құс қанаты ғой,- деген-ді.

Шынында да  күн шақырая шығып, қар суын  сай-салаға 
қуды. Жылымық  дүние бу кеулеп,
жас көңілге желік бітіреді.

Айналаң  осындай 
болып  жатса да бөтен іске,
бөгде  қылыққа  қарайлайтын 
уақыт жоқ. Кейбір қатал 
оқытушының  сабағынан қалмау,  қара тізіміне ілікпеу, бірінің соңынан бірі
шұбырған  емтихан - сынақтарды  тапсыру 
қажет. Сол үшін  сағат сегізде  аудиторияда 
қадалып отыруың қажет. Төрт пар сабақты тауысып, түс ауа діңкелеп,  оның үстіне 
жылы  жерде  маужырап, сағатына  бір қатынайтын  автобусты сарғая  күтіп, 
топырағы  ми  балшық 
аялдамада тұрасың.

Осындай  күндердің 
бірі болатын. Қолымдағы портфелімді 
бұлғаңдата  кей жері  құрғап  
шаңы көтерілген, кей тұсы былапыт өңезденген  балшық суға 
толы ирек жолға түскенім  сол
еді,  сон-но-о-дайдан  алда кетіп бара жатқан  бір қызды 
көрдім.  Жарық сәуле  енді-енді 
сыздықтап келе жатқан әлеті.

Қуаныш ой  лып 
етіп,  көкейде  оны 
қалайда  қуып жету керек деген
құлшыныс  тілек оянды.  Арамыз 
жақындаған  сайын  айнала ашылып, дала сүт түске енеді.

Көктем таңы.
Қараңғылықты  қуаласымен-ақ көп
күттірмей  жаңа піскен шелпектей  күн қызарып шыға келеді.  Сай ішін кернеген самал да  бағытын 
өзгертіп,  жылы  леп 
желпиді.

Қызыл  пальтолы 
жан  соңындағы  мені 
таяқ тастам  қалғанда ғана
байқады. Бұрылып бір қарады да, жүрісін үдетпеді де, мүдіртпеді де.

Адымды жиі-жиі алып, сәлден
соң-ақ бәйгеден келген жүйріктей  танауым
пысылдай, өкпе  тұсынан  қатарластым. 
Машина жолының бір ізінде ол, екінші шетінде мен. Лайсаңға келгенде амал
жоқ, бір жағына  шығамыз. Үн-түнсіз қала
шетіндегі  қос қатарлы  асфальт 
жолға да жеттік. Әрине, әңгімені мен 
бастауыма  болатын еді. Бірақ әп
деп көргенде-ақ қыз түрі ұнаңқырамады.

Жап-жас-ау, жап-жас. Мектепті
де жаңа бітірген болар. Шашын  алдына
ию-қию  түсіріп,  көзінің төңірегін бөшкенің  ернеуіндей 
бояп,  бойжеткендерше  төңкере қарайды.  Дөңгелек жүзі қызылшырайланып, балаусалығын
аңғартып тұрғанымен, кірпігін маңғаз көтере немқұрайды  қадалған 
қос жанар  менмендіктің  үстемдігін, өркөкіректікті паш етеді.
Тіпті  жаратпайды-ақ.

Өзі қуыршақтай  ғана 
кіп-кішкентай. Киімі  өзіне  қонып 
тұр. Тек өкшесі  қалың  платформа 
туфлиді қыс кетпей ертерек 
киіпті.

Түс ауа  аялдамада 
күннің  себелеген  мың -миллион нұрына  шомылып, есінеп тұрғанымда, жаныма  таңертеңгілікті кішкентай  қыз келді. 
Екеуміз де зеріге  № 68-ші  автобусты 
күтіп тұрмыз. Анда-мұнда 
бір-бірімізге  ұры
жанарымызбен  қарап қоямыз. Тізе  бүгетін 
орындығы жоқ болғандықтан 
тұра-тұра аяқ талды.  Шыдамның да
шегін үзіп-үзіп барып, тау жолына 
икемді  сіріңке  қорабындай 
автобус та көрінді.

Ең соңғы орындық бос болды
да, жаңағы бойжеткенмен  еріксіз  қатар 
отыруға  тура келді.  Ол теріс 
қарап,  әйнектен  жүзін алмайды.  Шашын 
мен аңғармаппын, күнге күйген 
қырдың  шөбіндей  сәл-пәл сарғыш-қызғылт  рең тартыпты.

Ертесіне  тағы 
жолымыз  бір болды. Мен бұрынырақ
шығыппын. Сипақтап  жол сорабына  түскеніммен 
күндегі  әдетпен  екпіндей 
жүріп кетпей, кібіртіктей бергем.

Қылта бұрылыстан айнала бере,
дәл сол суретті көрдім. Жеңіл жүрісі, дүрдитіп алған жарасымсыз шашы. Көрдім
де,  сол арадан  күтіп алдым. Ыржалаңдай күліп берген сәлеміме
бүрілген гүлдей  ерні  жыбырламады да. Көз қиығын салмаған
қалпы  өзіне меншікті  мәшине 
доңғалағы  таптап  тастаған 
қос іздің  бірімен  кете барды.

Қитұрқым  ұстады. 
Сәлем берсең алмайды, білдей 
жігітті  адам-ау деп  есептемейді. Ой, кімсің  сонша? Қанша 
әдемі, сұлу  болғаныңмен  де биіктен 
секірген  тез мертігеді.
Шалқая  қарайды  ғой 
маған  келіп?

Іштен  тынған 
қалпы  баяғы аялдамаға келдік.
Содан демалыс  үйінде кешкі  асқа жиналған 
кезде кездестірдім. Әлі  күн мен
түн толық ауысып,  ақ түс қараңғылыққа
айнала  алмай  арпалысып 
жатқан шақ. Сай ішін  кеулей  ылдидан 
жып-жылы самал аңқиды. Ол көктем иісін, көк иісін  толқып-толқып 
әкеледі.

Үлкен  арқалықты орындықтың  шетін ала 
отыр екен.  Бұл неменеге  дүрдиіп жүр сонша? Өжеттік  керек деген 
ойды  нысана  еттім де, дәл жанынан:

- Қарындас, таңертеңгісін
қалаға тағы барасың ба?- дедім. Ол басын 
кілт көтеріп алды. Көзі боталап, мұң орнай  қалыпты. Өрлік пен өркөкіректілік, мендік пен  менменсігендіктің  отын шашып, 
өжеттік  рухын беріп  тұрған 
ондаған  найза  кірпіктер 
күзеткен  жанарда  енді 
моп-момақан  ұяңдық  ұялап, 
жас шыланып қалыпты.

Қапелімде не дерімді білмей
сасып қалдым. Өркөкірек  қызбен
бетпе-бет  сөйлесуге  жасақтанып 
келген жігітпін. Мына  жәбір
көрген сәбидей  монтиған  қызға 
не дей қоярсың?

- Сіз мені  қарғадыңыз 
ғой, деймін ағай? - Дауысы құмығып шықты. Ол жүзін  шам 
жарығына  төсеп, сұраулы  кейіппен қарады. Бұ несі  тағы?

- Жо-жоға, о не дегенің?

 «Ағай»дейді-ау тағы. Өзінен қанша  үлкен екенмін 
сонда. Ұзаса  үш жас, әйтпесе...

- Сіз ренжіп қалдыңыз ба?
Ырымшыл  қызбын ағай. Ол шашын сілікті.
Бәрі-бәрі әдемі-ау, тек осы шашы 
болмаса... Әттең  бұйралатпай-ақ
жәй тарап  жіберсе, немесе екі айырық
етіп өрсе...

- Сіз қызмет істейсіз бе,
ағай?

- Иә. Ім-м... жо-жо...

- Былтыр мектепті бітіре
салып келіп едім,  түсе алмай ақыры  сырттай оқуға қабылдандым.

- Ім-мм. Дұрыс  қой, дұрыс.

Кешкі ас  ішуге қоңырау соғылды,

Қазір биге келіңіз,- дедім
енді мен.

Сабақ оқимын ғой, ағай.

Сосын, сосын...-деп  оның даусындағы жасқаншақтығы  мен дүдамалдылығын  біржола 
басып  тастадым.

Демалыс үйінің жатын  орын, асханасы су жаңа  болғанымен, клубы тым ескі екен. Едені  ырсиып-ырсиып 
көтеріліп кеткен. Сәл-пәл 
топтана  билесе, шаңы бұрқырап
шыға келеді.

Танысым  тәуір билейтін болып шықты. Музыканың
лебі  жоғары  ырғағына 
бөленіп,  секіре билеп
жүргенде  жанары  қайта 
жайнап  шыға келді. Би үстіндегі әңгімеден  ұққаным: 
Баянауылдан келіпті, қыздар 
институтының  кітапханашылар  факультетінде сырттай оқиды, аты - Майкен,
үлкен әжесі  солай деп қойыпты.

Би бітпей жатып:

- Кетемін. Сабақ оқуым
керек,-деп  болмаған  соң шығарып 
салуға  тура келді. Менің  бөлмем 
өзеннің  шығыс шетіндегі  кішкене бөлек үйде, ал Майкендікі  су жаңа қарсыдағы  үш қабат 
жатын жайда. Ортада аспалы көпір.

- Сіз қарғасаңыз да,
қарғамасаңыз да, бүгінгі  алғашқы
емтиханымды  үшке  әзер 
тапсырдым. Үйден ұят та енді.

Бұртиып өкпелегендей  ме, қалай? Өзіміз  бүйтсек тәубе деп,  шәпкімізді 
аспанға  лақтырып  жүре беруші 
едік, мынауың қызық. Сырттай 
оқитындарға  үштік  дегенің жарты 
бақыт қой.

- Ойлаушы  едім, тек беске  оқимын, сосын күндізгі  бөлімге ауысамын, нағыз  студент боламын деп.

Жұлдызы тегіс көрінген  көктемнің 
ашық түнінде, самаладай 
шамның  жарығында  еркетотай  
жанарын  төңкере  тастап, 
ол қоштаспаған  күйі  бөлмесіне кетті.

Азанда  мен ерте 
шықсам  оны күтіп тұрамын
немесе  керісінше. Қайтарда  топырақ 
төгілген  аялдамада  тағы да 
кездесеміз. Мен басқа институтта үш курс жоғары оқимын. Алғашқы күнгі
әңгімеміз сол оқудың төңірегінен аспады. Келе-келе бұл шеңберден шығып, басқа
тақырыптарды сөз етісе бастадық. Ерке мінезді елік тұлғалы қызбен демалыс
үйінде де бірге боламыз.

Қаладан қайтарда кейде алты
шақырымға өрлеу болса да автобус күтіп тұрмай-ақ, жаяулап тартып кетеміз.
Көңілдене әңгімелесіп  қалай жеткенімізді
білмей қаламыз.

Қатарласып келе жатқанымызда
бір машина қуып жетіп, біз жол жиегінен шығып кеттік. Кенет жарқын да қуанышты
үнмен:

- Барлық, айтшы, менің
қолымда не бар? - деді ол қолын артына жасырып. Мен ойланбадым:

- Бақыт кілті.

Ол мәз болып, сәбише күліп:

- Бәй-ше-шек! Көктемім менің.
Он сегізінші бәйшешегім! - деді, кішкентай алақанындағы кіршіксіз гүлді иіскеп.

Марқұм шешем айтушы еді,
бірінші көрген бәйшешегіңді жұлма деп. Мен Майкенді өзімнің жүрегімде бүртік
жарған алғашқы гүлім деп есептедім. Гүл мен қыз. Бәйшешек пен Мәйкен. Махаббат
пен жастық. Бәрі егіз ұғым, маған ет жақын көгілдір сезімдерім ғой.

Гүлін төккен көктемім менің.
Сен болмасаң, осынау он сегізге енді іліккен 
балғын жүзді мына қызды кездестірер ме едім? Әгәрәкім мына қыз болмаса,
көктемнің биыл ерекше құлпыруын, жердің күрт түлеп, айналаның жаңғырып,
жасаңғырағаның байқар ма едім? Алғаш көрген мүбәрәк бәйшешекке сонша әсерленер
ме едім? Атыңды әжең неге ғана Майгүл деп, немесе Нұргүл, Гүлнұр, Гүлгүл деп
қоймады екен? Жо-жоқ, онда көп құрбыңның бірі болып кетесің. Маған Майкен ең
тамаша есім!

Ол күле береді. Мен сөйлеп
келемін. Күн де нұрын тас төбеден аямай-ақ құйып тұр. Қыздың туфлиіне шаң
жұққан, жүзі болса балбырап, біздің жақта тым кеш пісетін апорттай шырайланған.

Икемсіз барып қолын алдым.
Бәйшешек екеумізге ортақ, екі алақанның ішінде жатыр. Бір қолымда
үлкенді-кішілі екі портфель.

Талай-талай толқынды ойлар
легін селдетіп айтып тастар едім, әттең әншейінде зарықтырып қоятын автобус
ірге тұсымызға өз шаңын өзі қауып тоқтай қалды.

Кешке бірігіп киноға бардық.
Емтиханға дайындалу керек еді деп еді, мен бой бермедім. Иық тірестіре, жұмыр
саусағы алақанымда, ана фильмнен гөрі мына сезім мені әлдилеп, қуаныш ұсынады.
Өз-өзінен барып жанып тұрған отқа түсетін көбелек мен емес. Білемін, бұл қыз
тамаша жан. Білемін ол әлі жақсы мен жаманның, зұлымдық пен қатыгездікті бастан
кешірмеген, көрмеген, көргісі келмейтін адам. Неғып қана бұрын дәл осындай
сүйкімді, несімен екені және белгісіз жаныма жақын, жағымды қызды кездестірмегенмін.
Кездеспегені де дұрыс болған.

Кинодан кейін біраз қыдырдық.

- Шешемнің шешесін әже
деймін. Кішкентай інім бар. Алтыншы класта оқиды. Бұзық. Күнде ұрсыса береміз.
Тіл алмайды өзі. Бірақ өткен жылы осы Алматыға бір айдай оқуға түсем деп кетіп
қайта барғанда, алдымнан жылап қарсы алды. Қатты сағыныпты. Қазір де сағынып
жүрген болар?

Әкесі тракторшы екен.
Мектепті жақсы бітірген. Жанкүміс деген сыр жасырмайтын құрбысы бар. Оқуға түсе
алмай жүр, ауыл кеңесте жұмыс істейді екен.

Майкен өмірі туралы сұраусыз-ақ
әңгімелей бастады. Оң қолының бес саусағы менің иелігімде, сипаймын, салалаймын,
аймалаймын.

Бұл жолы қоштасып
айырылыстық. Дір-дір еткен шам жарығында көзін төңкерген жоқ, қос жанарда
байсалдылық орын теуіп, жылылық сеуіп тұрды.

Түні бойы дөңбекшіткен сол
бір қимас көзқарас, бала кейіпті жүзі, жарыла айтқан әңгімесі болды.

Аспан астын бұлт құрсаулап,
күнді тұтқындап тастапты. Бүгінгі таңда қара суық сызы бар. Майкен шашын
бопыратып жібермей көкшіл орамалмен 
байлап алыпты. Түрі сынық. Алғашқы айтқаны:

- Түнде біздің жатын жайда
қиын жағдай болды, - деді де тәптіштеп баяндай бастады.

            Екеуі жаңа үйленген жас жұбайлар екен.
Сырттай қарағанда керемет бақытты жандар деп ойлайтын былайғы жұрт. Кеше
жігіттің туған күні болыпты. Ол көрші-таныстарын шақырып, атап өтпекші екен.
Сөйтсе, келіншегі моншаға кетіп тым жай келеді. Бұған ренжіген күйеуі ұрсып
тастайды. Сөз сөйле десе, келіншегі үндемей қояды. Сосын елдің бәрін бөлмесіне
қалдырып, екеуі балконда біраз уақыт сөйлесіп тұрады. Бір кезде  шыңғырған 
дауысты бір-ақ естиді.

Үшінші қабаттан  құлап, есін әрең жиған  келіншекке:

- Не болды?- десе, өлімнің о
жақ бұ жағында тұрып:

- Абайсызда  өзім құлап түстім,-депті. Жедел жәрдем  қалаға алып кетіпті.

Мен қиястанып, жігіттің  ісі дұрыс дедім. Ол келіншекке  жақ болды. Бара-бара  екеуміздің 
ойымыз  бір нүктеден  қорытынды шығарды. Бақытты  болу 
үшін  жұбайлар  бір-бірін 
түсіну керек, сыйлау керек, жақсы көру керек дейміз.

Сол күні  кеште, көктемнің жылауық  жаңбыры сібірлеп жауып тұрған шақта, нән қарағайдың  түбінде 
оны ұзақ аймаладым.  Өзіне тән
иісі,  бойжеткеннің ыстық лебі мен  денесі самарқау  жүрегімді 
бұлқынтып, ынтықтырып, ынтызарландыра 
түсті.

- Майкенім менің,- дедім
жанымсың сен! Біргеміз мәңгілікке!- дегенім есімде. Ол сұлқ, көзін жұмар-жұмбас  күйде, еріні бүрілген  гүлдей көтеріле, күлімсіреп  тұр. Бағанағы 
сәттегі  қарсылық  өшіп, мендік болған. Күн бір  жауса, қарағай екі жауып, үстімізге
бүртек-бүртек тамшылар  тамғанына, су
болғанымызға, ептеп  жаурай
бастағанымызға  да қарар  емеспіз.

... Майкен  соңғы 
емтиханыма жанашыр болғысы 
келді.  Үлкен көзілдірігін
тастамайтын  тақыр бас  кандидат 
қырсықтана  сұрақ  қойып, ай-шайға  қарамай қанағаттанғысыз деп қуып шықты.

Ертеңіне  Майкен 
жолға жиналды.  Оның самолеті  ұшар шақ - құлаған  емтиханымды қайта тапсырар  кезіммен тұспа-тұс келді. Қиястанған  жас оқытушының  белгілеген 
уақытында  алдында  болмасаң, біткенің. Шынында да, қыз  деп соңғы емтиханға жете көңіл
бөлмегенім  де рас-ты.

Сырттай  сыр 
бермеген болам. Кешке  қыдыруға  шақырғаныма Майкен қарсы болды. Сабақ  оқығын деген соң, амал жоқ  қолға кітап 
алуға тура келді.

Баяғы жол. Жер жаңбырдан соң
ширап,  дегдіп  қалған. Өрік 
ағаштары  гүлдерін төге  бастапты. Оның  кішкентай 
сары  шабаданы қолымда.
Топырағы  кеуіп,  шаңы бұрқырап 
шыға келген  баяғы аялдама.

Ал,  келесі 
жылға дейін,-дейді Майкен.

Мүмкін ерте  кездесерміз,- деймін мен.

Шашымды сен айтқандай өсіріп,
өретін боламын,- деп күледі ол. 
Екеумізден басқа аялдамада  ешкім
жоқ. Көзі боталап, кірпіктері күміс шықтанып қалыпты.  Сағатыма қарағыштап, асыға бастағанымды сезді
ме:

Барлық, хат жазып тұр,- деді.
Бұдан  бірнеше күн  бұрын мүлде жат, өркөкірек  қыз еді, енді жанары жәудіреп,  қимай қоштасып қалып  барады. 
Ол ата-анасын, інісін сағынған. Мен жас кандидат  алдында екінші рет емтихан тапсырмақпын. Екеуміз
екі айырылыстық.

Иә, сырттай  оқитын 
студент  үшін сессия  дегенің ең ауыр кезең ғой. Бәріне үлгеруің
керек. Кеше ғана бір бөлімшенің 
білдей  веттехнигі  болып 
жүргеніңмен  мұнда ешкім  санаспайды. 
Оларға керегі білім. Өріп 
жүрген  құрт-құмырсқадай басқа
тілде жазылған  дәрі аттарын  жаттай-жаттай 
бас зеңгиді. Сессияның 
сыртында  пәтер  табу,  дос-жаранмен
кездесу, қыздар...

Енді оның бәрі артта.
Төртінші  курстың  студенті 
болып  ауылға  қайттық. Жұмыс  бабында. Тек 
бұл жолы Алматыдан  үлкен
қуанышпен оралдым.  Марқұм  шешем қайтыс болғалы  «Үйленіп, түтін түтет» деген ағайын-тумалардың  тілегін 
қабыл етіп, күзге салым Майкенді 
алып  қайтпақпын. Әбден ширатылып,
келісілген нәрсе. Анау-мынау емес Баянауылдікі. Әншейінде сөйлемейтін  ұяң қыз 
хатты  қалай  мәнерлеп 
жазады  десеңші?! Мен де  көп 
күттірмей  жауап  берем, Жанкүміс деген сырлас құрбысы біз
үйленгенде  қыз құрбы болатынын  ескерткен.

Шілде бітер  шақта 
қозыны енесінен  бөлу үшін  жайлауға 
шығып кетеміз. Содан жарты айдай 
жүріп ауылға түссем, хат келіпті. Хатты көргенде  қатты қуандым. Бірақ мұны  Майкеннің 
құрбысы, жан досы  Жанкүміс
жазыпты.

Ол мені сырттай  жақсы таниды 
екен. Майкен  бәрін  айтыпты. Иә, қу тағдыр  менің 
бұл қызығымды  да хош көрмепті.

Майкен - аяқ астынан суға
кетіпті.  Жақсы жүзе білуші  еді дейді. Мүмкін біреу  әдейі лақтырып  жіберген 
болар деген  күдік  білдіріпті. Жерлегендеріне аптадан асып
кетіпті.

Құс келер  кездегі 
шалығы  ұстаған бақсыдай  жынданып 
кете жаздадым. Үйде жападан - жалғыз бір құмыра  арақты 
ішіп алып,  ботадай  боздап 
жыладым келіп. Екеуміздің 
демалыс  үйінде  түскен 
суретті   марқұм анамның  портреті 
жанына  апарып  іліп қойдым 
өксіп жүріп.

Жүректі  шабақтаған 
хабар дел-сал  тұралатып,  екі күн 
жұмысқа  бара алмадым.  Сосын 
бәріне қол сілтеп, 
Баянауылға  кетіп қалғым келді.
Тас  бекініп,  алам да, 
іле бордай  үгілемін. Ал бардым
делік. Ата-анасына не деймін, ел не дейді? «Болашақ  күйеу балаңыз 
едім» десем,  масқара етпеймін бе?
Қайғысына  қайғы жамап,  онсыз да 
жарым жүрек, қанқұса болған 
жандарды  күйретіп қайтем?

Қандай  ғана 
қатігез  жан оны  өлімге қиды екен? Ондайлар  аз  да
болса гүл  ішіндегі  алаботадай 
көлеңкесін  неге  көрсете 
береді? Түп-тамырымен құртып, орнына 
гүл көшетін  отырғызса ғой.

Есіме  баяғы 
демалыс  үйіндегі  оқиға 
түседі.  Сондағы  үшінші 
қабаттан  келіншегін  лақтырып 
жіберген  жігіт  туралы 
айтқандағы  Майкеннің балауса  жүзі өзгеріп, 
алғаш  көрген  қатігездікке 
жаны  ауырғанын, пәк сезімі  түршіккенін 
көріп едім. Енді  өзі  де солай, 
әуелім одан да  сорақы  қатігездіктің 
құрбаны болғаны ма?

Өмір  көші 
бәрін таптап,  жалмап,  жаңартып, 
жаңғыртып шулап барады. 
Үйленетін  болдым  деп жар 
салып  едім,  енді қайттім?

Үйге  келем де 
төр  алдында  ілулі тұрған, қырық  сегізінде 
және  он сегізінде  өмірден  
кеткен  екі адамның  суретіне 
қараймын.  Біреуі  анам 
менің, екіншісі... Қалай атасам екен? Оның суреті  біздің 
үйдің  төрінде  тұрғанын 
алыстағы  ата-анасы біле ме екен? Тетелес
өскен  жалғыз інісі ше? Мен ол  жаққа баруым керек. Ең болмаса, інісінің  маңдайынан 
сүйейін. Әпкесі өлгелі 
кекілін  ешкім сипамай,  бетінен 
ешкім сүймей, жетімсіреп  жүрген
болар. Жазда Жанкүміс  тұрмысқа  шығатын көрінеді. Соның  тойына барғансып, бәрін көрермін.

Міне, биылғы  кештеу 
келген  көктемде  кезекті 
сессиям  тағы  басталды. Баяғы  демалыс үйі. Жол да сол  бұрынғы 
қалпы. Тек күнде  ары-бері  жүргенде  жолдың 
бос қалған  екінші сыңарын  көрген 
сайын  жүрегім  уылжиды, көңіл пәстеніп, жетімсірейді.
Оның  екі шетін  ала 
дүркірей  бәйшешектер  шешек атты.

Мүмкін  бұл бәйшешектер  Майкеннің 
жас қабірінің  үстіне  де шыққан болар...