ВЕРНУТЬСЯ

      Беркімбек Тілешов аяқ астынан өмірмен қош айтыса жаздады. Тілешовтің шынында ауруханаға жатқысы келген жоқ-ты. Осы бір ауыл сыртына қоныс тепкен үш қабатты сұрғылт үйден әбден жүрегі шайлығып, запыс болған. Әке-шешесінің екеуі де осында дүниеден қайтқанын қалай ұмытсын? Әсіресе әкесі ұзақ, екі жылға жуық төсек тартып, әбден қиналды. Сонда осы сұрғылт үйдің табалдырығын тоздырды емес пе? Әкесі қайтқан кезде отызға жетпеген ортан жіліктей шағы еді, енді қараса бәрі баяғы болып барады. Ала халатты киіп, сол ауруханада енді өзі арлы-берлі кезіп жүр. Соңғы бірер жылдың жүзінде кей-кейде жүрегі түскір қаздың бөтекесіндей лүпілдеп, сәл-пәл нәрседен секем алып, түн баласы кірпік айқастыра алмайтынды шығарады. Әсіресе әлденеге күйінсе, екі-үш күн бойы мазасы кетіп, жоқ нәрсеге шарт ашуланып, оңала алмай әуре-сарсаңға түседі.

 Жол-жөнекей өзі жазылып кетер деп жүре берер еді, бір төтенше жағдай болмаса. Өзі құралпы, әзіл-қалжыңы үзілмейтін Жақсылық деген жігіт аяқ астынан қайтыс болып кетті. Үлкен колхозда партком секретары еді, сол күні жиналыс өткізіпті. “Бүгін жүрегім шаншып тұр” деп кеуде тұсын анда-санда уқалап қойып жұмысында жүре беріпті де, үйге келе жығылған. Содан тұра алмай Жетіқарақшы көтеріле үзіліп кетіпті.

 Осы оқиғадан кейін өзі уайымшыл келіншегі маза бермей Тілешовты дігірлеп дәрігердің алдынан бірақ шығарды. Обалы не, дәрігерлер әбден-ақ сылап-сипап, тексеріске алды дерсіз, ақыры дереу жатқызды.

 Оны екі төсегі бар арнайы палатаға орналастырды, жанында сақал-мұртына әлі ұстара тимеген уыздай жас жігіт. Тексере келе жүрек бар болғырдың кеудеге симай атқылауы біріншіден ерте тоза бастаған жүйкеден, екіншіден тамақтың ауруынан деп тапты. “Көп ашуланбау керек, күтіну керек, дене қимылын көп жасау керек”…

 Көңіл жетер жора-жолдастары жиі келеді, телефон шалады.

 -Беркімбек Тілешұлы, сізді телефонға шақырады,- деп медсестралар да бәйек. Қайда болса өзінің, қызметінің салмағын сезініп, көңілі марқая түскен. Ұйқысы да түзеліп, жақсы ұйықтап тыңайып қалған.

 Ертеңгісін аралап шыққан уыздай дәрігер жас жігіт:

 -Аға, бүгін сізге система саламыз. Ол күш қосады,- деп айтқан. Мейлі. Ақыр емделуге таза бейімделіп жатқан жан.

 Түске салым жіңішке медсестра келіншек шұбатылған аспаптарын көтеріп әкеліп, мұны жатқызып, инесін қолындағы күретамырға тығып, тамшылатқан сұйық дәріні денесіне жібере бастады да, палатадан дереу шығып кетті.

Беркімбектің ойында ешнәрсе жоқ, қаннен-қаперсіз жата 

берген. Кенет жүрегі өрекпіп, бүкіл жон арқасы түгел ұйып, шымырлай жөнелсін. Бас құйқасы тартылып, солқылдай, көзі тұманданып, тілі байланып, керіліп созылуға да келмей, қара құрт тигендей жиырылып бүгіле берді. Қарсы төсекте кітап оқып жатқан бозбала сәлден кейін ғана аңғарды? 

 -Аға, не болды?

 Тілешов бұл сұрақты естімеген еді, ол мүлде бөлек бөтен буылдыр дүниеде жүр еді.

 Есін еміс-еміс жиса төңірегінде ақ халаттылар толып жүр, үсті-үстіне уколды піспелеп жатыр. Қол-аяғы қоқайып жансызданып қатып қалған, бас көтертпейді, көз алды шелденген тұман. Қатып қалған қол-аяғын уқалап жатыр біреулері.

 Бір инеден өліп қала сақтап, көп инеден тірі қалды. Ой-түйсіксіз бірқауым сұлқ жатты да қойды, жастығының астында қол айна болушы еді, алып қараса күп болып ісіп кеткен, ал көзі… көзінің орнына екі қып-қызыл шоқ тұр, қан толып кеткен. Өз әлпетінен өзі шошынды.

 -Бір тәулік бойы түк қозғалмаңыз, дене қимылын жасамаңыз, - деп таптап-таптап тапсырды.

 Қас қарайғанша қимылсыз жатты. Бағанағы медсестра келіншек кінәлі пішінмен қайта-қайта кіреді, бас дәрігерден бастап бәрі халін сұрайды. Түнге қарай ұйқтататын уколмен ұйықтады. Ертеңіне жас дәрігер:

 -Аға, өлімге жарты минут қана жетпей қалдыңыз,- дегені ашығын айтып. Міне, сөйтіп мына жайраң қағып жүрген өмірмен біржола қоштаса сақтапты. Бұрындар, дәл осы жасқа дейін өзі жайында, өмір мен өлім жөнінде бағамдап, бағалап, ойына сап, салмақтап көріп пе тәйірі? Оған қым-қуыт тіршілік атты жағдаймен қолы тиді ме?

 Бұл ес-түссіз жатқанда есік-терезенің бәрін айқара ашып

тастапты, содан оңбай тымау тиді. Үш-ақ күнде сүзіліп, бетінің ажары сөгіліп, құлағы қалқиып, сөмпиіп әзер түрегелді. Көшеде “ауру” атты терминнен мүлде бейхабар жүздері жадыраңқы, қаннен-қаперсіз адамдар ерсілі-қарсылы кетіп барады. Олардың денсаулығының мықтылығына тәнті болып қызығасың, қызғанасың. Кеше ғана өзің де солардың қатарында жүргенде әлдекім ғаріп боп ауруханада жатыр десе “е-е-е” деуден әріге бармай, оның хал-жағдайын ойлады ма екенсің?

 Дәрігер айтпақшы, “өліп-тірілгелі” бері кеудесіне бір запыран мұң сыналап кірді. Өз-өзінен сескенеді, жүрегі алабұртып, сан күдікті ойларға тізгін береді. Осы аз күн ішінде басына не келіп, не кетпеді десеңші, бәрі-бәрін салалап, салмақтап, таразы басына қойып, биіктен бір көңіл таразысынан өткізді.

 Алақандай ауданда, әрине мұның ауруханаға түскені, одан

осындай халге душар болғаны тамыр-танысына әп-сәтте-ақ жеткен болар. Дос-жаранның көбісі көңілін көтеріп, әңгіме-жаңалық айтып дегендей, келіп-кетіп-ақ жүр. Тіпті өзі күтпеген кейбіреулер де ас пісіріп, арнайы келіп тұрғанын көргенде еріксіз жүрек-бауырың елжірейді. Бірақ жасыратын не бар, тым жақын тартып жүретін ең жақын жолдас санайтын Сырлыбек, сонан ана бірге оқыған Қанат екеуі міне ат ізін бір салмай-ақ қойды. Қанат анада жиналыста айтқан сынды көзір ғып, “Тілешов өлмесе өмірем қапсын, жүрегі неге жарылып кетпейді екен” деп көйітіпті. Мұны есіткенде бір түн ұйықтамай кеудесі шаншып шықты. “Көргенде қорлықты жақыныңнан көресің” демекші, сонда мұны оқтың ұшына байлап, бәленбай жылғы достықты тәрік етіп жібергені ме? Жұмыс үстінде ұрсар, сұрар, ренжір. Ал бірақ адамдық қасиет қайда сонда? Ал, Сырлыбектің неге келмегенінен бейхабар, мүмкін ол да әлденені қоңырсытып, бақай есеп жүгіртіп жүрген болар.

 Осындайда қай-қайдағы еске түседі. Әкесі марқұм соғыстан қалған ескі ауруы қозып, ұзақ ауырды. Аяғының қыр жіліншігіне қадалған кішкентай снаряд жарықшағы қырық жыл бойы тып-тыныш жүрді де, аяқ астынан сыр беріп, күп болып кетті, оған басқа ескі аурулары қосылды. Беркімбектің қаратпаған дәрігер, жатқызбаған ауруханасы қалмады. Соңғы екі ай сарылып, төсек тартып үйде жатты. Әлі бәз қалпында, есінде:

 -Берікжан- деген әкесі. Бұл үндей қоймағанға ма – Балам! –деді.

 -Ау.

 -Балам, мына құрғыр науқас мені айналдырғалы екі жыл болып қалды. Екі аяқты кестірмей көрде де түгел жататын болдым. Бәрі де қу соғыстың кесірі де. Әйтпесе ендігі немере сүйіп қалар едім. Неге таңданасың, мен соғысқа бармасам ерте үйленіп, сен ерте тумас па едің? Бір атадан жалғыз едім, сен де жалғыз қалып барасың. Мен енді қайта қатарға қосыла қоймаспын, қаңтарда сиырдың жапасы қатқанға жетер-жетпесім белгісіз. Қазір сүйеп отырғызғанның өзінде қалқиып құлап қалмайын деп, әлсізбін. 

- Әкесінің кеудесі сырылдап ауыр-ауыр дем алып, көпке дейін үндей алмай қалды. – Сен неге жалғыз қалдым деп әке-шешеңді жазғырма. Оған да, қу соғыс кінәлі. Шешең сен туған соң екі жасқа толмай жатып маған прицепшік болып, соқа басына шығып кеткен. Соғыстан кейін еркектер жоқтың қасы, мен екі сменде трактор айдаймын. Түнде ұйқы қысып әбден қалжырап ұйықтап кетсе керек, соқаға құлап шешең байғұс өлім аузынан қалды. Операция жасап, әйтеуір бері қаратып алдық қой. Бірақ құрсағындағы сәби дүниеге келмей көз жұмды. Оған қоса өмір бойы бала көтеруді маңдайға жазбапты. Бәрі соғыстың лаңы да. Байғұс балам жалғыз болады-ау деп, көз жасын көл етіп боздап жылап та алушы еді. Содан жүрек ауруына ұшырады ғой.

 Әкесі демігіп отырып қалды. Ал, бұл болса әке-шешесінің

аузынан “сен жалғызсың” немесе “жалғызым” деген сөзді ғұмыр бойы естімеген еді. Тіпті санасына да келмепті. Әкесі булығып тұншыға жөтелді де айтар ойын тиянақтады.;

 -Мен екі жыл төсек тартып, сал болып жатқанымда бір 

байқанағым жарым-көңіл жандар кекшіл, намыскөй боп кетеді екен. Қатал тағдыр налытады ғой. Екі жыл бойы күтіп жатсам да сен білесің бе, көңіл жетер кейбіреулер халімді келіп бір мәрте сұрамады-ау.

 -Ой, папа, сен де не болса соны айта береді екенсің ғой.

 Қойсаңшы ондайды, ана келінің шошып қалады,- деген жақтырмаған кейіппен. 

 - Жоқ, балам адам аласы ішінде деген. Кімнің алыс-жақындығын басыңа іс түскенде ғана білерсің, оның бетін ары қылсын де. Әлгі біздің үйден шықпайтын жиенім Әмір ше? Босағамды бір аттамай қойды ғой, ол шірікті қаншама әлпештеп едік шешең екеуміз. Адамның көңілі бір атым насыбайдан қалады деген осы екен. Келген сайын барын аузына тосып, қалада оқуда жүргенде киіміне шейін біздің мойында еді. “Аға, екі дүниеде жақсылығыңды ұмытпаймын” деуші еді келген сайын. Саған айтайын дегенім балам, тектімен жолдас бол. Кек сақтамауға тырыс, кеуде сарайың кең болсын. Біреуге қатты назаланба, артыңа наза сақтама. Біздің тұқым әруақты тұқым, назаланасаң ешкімді құтқармайсың. Жақсылық істеуге тырыс қолыңнан келсе адам баласына. Бұл әкеңнің басынан талай ақымақтық өтті…

 Әкесі кемсеңдеп, үңірейіп ішіне түсіп кеткен көзіне жас алды. Ақырын басын сүйеп, қалжыраған науқасты жөндеп төсегіне жатқызғанда;

 -Сағындым,- дегені қырылдап. Ол кезде Беркімбек бұған онша астар бере қоймаған. Ал енді, міне, өзі ауруханаға кіріптар болғалы сол әңгіме есіне жиі-жиі түседі. Марқұм кімді сағынды екен? Еркелігін де көтеретін жайсаң жандарды есіне түсірді ме, жоқ әлде жайнап, жадырап тұрған сәулелі кең әлемді сарғайып ойлады ма? Бірге тай-құлындай тебісіп өскен дос-жаран, туған-туысқандарын кезек-кезек есіне ала беруші еді. Енді, міне, өзі көңілі алағызып, әлдекімдерді күтеді, жетім құлындай телміреді, қай-қайдағы, жай-жайдағы ойлар дүбірлеп оянып, ұйқыны мүлде қуып жіберген. Мұндайда ең жақын, ет жақын жандар алдымен еске түседі екен.

 Армия қатарынан келген жылы дәл осы ауруханада анасы бір аптадай ғана жатты да жүріп кете берген. Үш күн бұрын кіріп шыққанда шешесінің мұрнының ұшы терлеп шай ішіп отырған, жайраңдап жаны қалмай қарсы алды. Ананы-мынаны айтып, жанында ұзағырақ болса екен деп жібергісі келмеген. Беркімбек шынында бір жігіттің туған күніне баруға дайындалып шыққан, тек жол-жөнекей кіріп қана шықпақшы болған, енді асығып отырған жайы еді.Палатадағы бес-алты әйелдің көзінше сонша айналып төңкерілгеніне қысылып, ыңғайсызданып, тезірек кетуге тырысты.

 -Бара ғой күнім, тек абайла, көп ішпе, төбелестен аулақ бол.

Үйге ерте кел, әкең сен келгенше ұйықтамайтынын білесің ғой. Сонша жеңіл киініп шыққаның не, түн салқын ғой қанша дегенмен, - деп, шешесі ылғи бір жаққа жиналардағы бұған айтатын жаттанды әңгімесін бастай жөнелген. Шешесінің әңгімесінің аяғын тоспай-ақ Беркімбек палатадан шыға берген, палатадан шығысымен-ақ ауру шешесін ұмытып кетті, алдағы көңілді кеш жөнінде әдемі ой қамалай берді.

 Кейін сол қылығына қаншама налып, жатып кеп өкінді десеңші. Шіркін-ай, өткен уақытты бір сәт болсада қайтарып ала алмайды екенбіз-ау, бір сәтке болса да?.. Сол күні неге ең болмаса маңдайынан бір рет иіскемедім, неге ғана мауқын бастыра сүйдірмедім, неге ғана жанында ұзағырақ отырмадым? Жүрегі қысылған сәтте ұлын көп іздепті, тілден айырылғанша атын атай беріпті. Соңғы үш күн бойы Беркімбек шешесіне бір де ауруханаға бармаған болатын, жастықтың әсері ме, той-томалақ, қызық думан көп, әйтеуір, мойны жар бермеді. Иә, өзін туған шешесінің соңғы күндері, соңғы сағаттарында жанында болып, халін сұрауға да “қолы тимеді” дейді-ау. Байғұс анасы екі көзі төрт болып, жалғыз ұлының тілеуін тілеп терезеге телміріп, мына қазіргі өзінің кейпі ғұсап, күтіп отырған болар. Бұл … бұл бозбалашылдықтың ырду-дырду шылауынан шыға алмай, ең басты парызын ұмытып жүре беріпті-ау. Ана көңілі соңғы сағаттарда қандай болды екен десеңші, ана көңілі… Ешуақытта сол үшін өзін кешіре алмайды, кейін қанша қара жер құшақтап өкіріп жылағаныңмен тіршілігіндегі бір сәтте қабағын жадыратып қасында болғаныңды алмастыра алар ма? Не айтып, нені аманатқа тапсырмақ болды екен, ғазиз ана? 

 Әке-шешеден айырылған соң-ақ бұйығыланып, қатарынан ерте есейіп кеткендей болды, той-томалақтан көбіне сырттап, жалғыз жарымдап жүріп оқыды, диплом алды, қызметте тез жоғарылады. Қатары ата- аналарының арқасында әлі жастықтың желпінісінен шыға алмай жүрген шақта аудандағы бір мекеменің бастығы болып шыға келді. Сырттай төрт құбыласы түгел жан көрінгенімен шашына ертелеу селеулеп ақ кіріп, жүрегі дімкәс жанға айналды, міне. 

 Дөңгелеген қызметі де, ұйыған отбасы да бар, бәрі жеткілікті. Дегенмен … көңілі селкеулене береді, сәл нәрсеге секемшіл кекіліктей байыз таппайды. Кейбіреу тез өсті, мансапқор деп күндеп, көре алмайтынын байқап жүр. Олар қайдан білсін мұның түн демей ең төменгі қызметтен бастап бәрін жан-тәнімен беріле істеп, барлық баспалдақтарынан мүдірмей өтіп, осы әдетке жеткенін. Енді қарап тұрса ұлының осындай ел қадірлеген сәтін әке-шешесіне көруге жазбағанын ойлағанда іші ашиды. Олар мүмкін, жалғызы еркеліктің соңынан әлеулайлап қатарынан қалып қояды-ау деп қамығып кеткен шығар. Әйтеуір есесін жібергісі келмеді, қолынан келгенін аянбады, күншілдер күңкілдей берсін мейлі. Алдына біреулер жәбір көріп, запа шегіп келсе, немесе жетіммін, жесірмін дегенді естісе қолды-аяққа тұрмай дереу шаруасын шешіп, барынша қамқорлық көрсетуге тырысады. 

 Міне, өзі де “өліп тірілді”, мұны медицинада “клиникалық өлім” дейтін көрінеді, әйтеуір көрер тіршілігі бар екен, талқаны таусылмапты. Соған да шүкіршілік. Кей-кейде асып-тасып, осынау алаңсыз қамсыз бойда қуат, үйде берекелі отырғанымызға тәубе етпей, қолымызды айға созып, күпірлік етіп, біреуді жөн-жосықсыз жазғырып, барға қанағат тұтпай асқақтап кететініміз бар де бар-ау. “Отбасымыздың берекесін бере көр, осыңа да тәубе, кешегі қан соғыстан қайтпай қалсақ қалай болар еді” деп отырушы еді марқұм әкесі.

 Өзінің екі-ақ баласы бар: бірі – ұл, бірі – қыз. Ұлы Алматыда арнаулы мектепте, есепке жүйрік-ақ, тек каникулында ғана алып келеді. Енді сол Ерігін сағынып жатыр, шешесі “сабағынан қалады” деп, тыз-тыз етеді, мұның түн баласы кірпік ілмей сол балаларының маңдайынан бір иіскеуді армандап, жаны жай таппай жатқанын, арғы-бергіні ой елегінен өткізіп, ұрпағына әке көзімен қарап, әке сөзін, ата өсиетін айтқысы келетінін қайдан ұқсын? Қызы тіпті алыста. Петербургта балет училищесінде оқиды, анда-мұнда сол Аидасымен телефонмен сөйлескендеріне ғана мәз. Осы екі баламен ғана тоқтап қалған келіншегіне ренжіді, қазір құлаққа ұрған танадай құлазып тұр, үйден гөрі түз жақсы, жұмысында ылғи абыр-сабыр. Ал үйде… көп қабатты тас үйде әйелі екеуі шошайып тамақ ішеді, дағарадай румынның екі төсегінде екеуі екі кітапты құшақтап жатады да, ұйқыға кетеді. Осындайда алданыш болар, күндізгі аласапыран жүрекке түсер салмақ жүкті сылып тастарлықтай жас сәбидің уілі, не баланың күлкісі, періште иісі болса ғой, шіркін?

 “Балам, баланың қадірін балалы болғанда білерсің” демекші, сыртта жүрген балаларыңа соңғы тілегіңді айтқың десе не дер еді? Жеті сынып бітірген әкесі қандай ұлағатты ой айтқан, сол айтқаны бүкіл ғұмырына жолбасшы болды емес пе.

  Ал, көзінің ағы мен қарасындай ұл-қызы шіркін бұларды ойлай ма екен, соғыстан кейінгі ұрпақ талқанның тауқыметін тартып өстік, ал бұлар нанның қадірін біле ме, әуелі? Айтсаң “Папаша, да ну, лекцияңды” дейді тік мінезбен қызы да, ұлы да жақтырмай.

 Кең дағарадай екі қабатты үйде әйелі екеуі ғана. Күндіз-түн жұмыс, жұмыс!… Балалары сыртта өсіп, кісікиіктеніп, жатбауыр тартып бара жатқандай. От басының жылуына, әке-шешенің мейіріміне бөленбеген соң жат болып кеткендіктерінің де жөні бар. Ылғи асығып кейін айтармын, түсіндірермін деп жүріп, олармен де бір ашылып сөйлесіп, кең-мол әңгімелеспепті.

 Беркімбек Тілешов аурухананың балконына шығып, ұзақ тұрды. Ымырт. Өзі жасынан осы кезді ұнатушы еді, ауылда ғой бұл кезде өрістен мал қайтып, у-шу болып жататын тәтті шақ. Ал, аурухана төңірегі мамыражай тып-тыныш, көк жүзіне балқып ай шықты. Өзі қораланып туыпты. “Күн қораланса күрегіңді сайла, ай қораланса аяғыңды сайла” демекші, биыл бір береке болайын деп-ақ тұр. Көктем тым кешігіп шыққанымен қалың жаңбыр үсті-үстіне төгіп тұрып алды. Күн көзінің жылт етіп ашылғаны да жаңа. Көк иісі, көктем лебі бойын сергітпей, қайта жүрегін мұң қабыздай бастады.

 Сонау балалық шағын да сағынады. Бір жағынан қараса тым ерсі, бір мекеменің дырдай бастығы, жігіт ағасы болып қалған жан ымыртта өзі қатарлы жалаң аяқ достарымен бірге алаңсыз жүгіріп жүрген базарлы күндерін қимай еске алады. Қайда қалдың сол күндер, қайда жүрсіңдер сол достар? Қызыләскердің май топырақ көшесін, Жамбыл ауылының алмасы аңқыған түнін бірге өткізген қайран достар, қайдасыңдар? Сендер білесіңдер ме, менің мәңгілік жүрегімдесіңдер. Уақыт жағдайымен түрлі-түсті дос-жаран табасың, дегенмен сонау бала күндерің, періште таза күндеріңді ұмыта алмайды екенсің де. Әншейінде дастарқанының төрін бермей, дүрілдетіп ішіп, дүркірей күліп жүретін ағайын достарының әрқайсысының өзіндік баға, салмағы бар. Бірақ уыздай бала кездегі сәттер суреттей санадан ғұмыры өшпейтін көрінеді.

Осы жақын жерде тұрып-ақ мұның ауруханада бәленбай күн жатқанын жақсы біле тұра ат ізін салмай, келмей қойғандардан не опа табады? Қос-қостан машинасы бола тұра, тек қызметі үшін ғана “Беке” деп сызылып жүргендердің де бет пердесін сыпырып алғандай. Өмір бәрін үйретеді, таразылайды деген осы екен ғой. Егер өзі де осындай халге душар болмаса осының бәрін ойға салып, қорытып, қайысар ма еді, қым-қуат бітпейтін күнделікті күйбеңмен шапқылып жүре берер еді. Бүкіл ет жақын, бауырларын әр қырынан көңіл таразысынан тағы бір екшеп өткізді.

 Егер бұл жолы үзіліп кетсе ше?.. Көбісі көсемсіп сөйлесер, анау дер, мынау дер. Бірақ бір демдегі жарық дүниедегі сыйластыққа не жетсін?

 Жақында сауығып қызметке оралар. Талай-талай таныс, дос жаранымен кездесер. “Ағайынға өкпе жарасқан” демекші өкпесін айтар. Олар да сан-сапалақ бітпейтін тіршілікті сылтауратып, қарсы дауласар. Бәрі бәз-баяғы өзгермеген, бәрі бұрынғы қалыпта дөңгеленіп кете берер. 

 Жо-жоқ, кете бермейді екен, жүрек түкпірінде жасырынып бір дық қалады. Күнгей мен көлеңке басыңа іс түскенде белгілі болады екен. Басыңа ауыртпалық түскенде…

 -Беркімбек Тілешұлы, палатаға кіріңіз, күн салқын – деген кезекші медсестра даусы ойын бөліп жіберді.

 -Бір атым насыбай… - деп күбір ете қалды.

 -Не дейсіз. Беркімбек Тілешұлы? – Медсестра қыз таңдана сұрады.

 -Жәй… әшейін…

 Палатада жалғыз өзі. Жанындағы бозбаланы бүгін шығарған. Алда ұзақ түн.

 Ұйқысыз түн…