ВЕРНУТЬСЯ

   Әкем фермада  сиыршы, 
шешем  сауыншы, жыл он екі ай
көшіп қонып жүреміз. Жайлауға шыққанда бір рахаттанамыз. Тұмса бұлағы  жыпырлаған Тәуке  сайының 
ішінде, мына шомбал  таулардың  балағында 
сиырлы  ауыл  отырады. 
Соның шеткі  үйі біздікі.  Сиырлы 
ауылда  асты ең  дәмді 
пісіретін, айранды 
кілегейдей  тәтті  ұйытатын - менің  шешем. Ең май татыған сап-сары құрт  та 
біздің  өредегі  шиде кептіріліп тұрады.

            Түсте  керегенің 
көлеңке  жағын  түріп қойып, шай  ішеміз. Шешем көбінесе  сүзбе 
кеспе істейді. Кеспесі қылдай 
жіп-жіңішке, бөлек-бөлек, бір-біріне жабысқан бір талы жоқ-ау.

Ал
иісі бұрқыраған  көмбе наны ше?!.. Бетіне жұмыртқа жағып
пісірген күн түстес, қып-қызыл  таба
нан  іргедегі  сандықтың 
үстінде  тізіліп тұрар  еді. Келген сайын интернатта  жатқан 
қарындасым  екеумізге  бір-бірден 
көтертіп  жіберетін.

Иә,
түсте  шай  ішкенде 
шешемнің  алдымен  мұрнының 
үсті жіпсиді, сосын 
маңдайынан  жыпырлап тер
үзіледі,  алдында  жатқан 
сүлгімен  анда-мұнда  сүртініп тастап, қаймақ қатқан бөрте шайды
баппен  ұзақ ішеді. Шөлі басылғанда,
жазылып, көңілі  көтеріліп, кейде өткенді
еске түсіретіні
бар. Сондай  кездердің  бірінде 
айтқан  еді бұл әңгімені:

            -Соғыс  кезі. Біз бір үйде төрт жанбыз. Нілжан  жеңешем тауыққа перме, апам қырманда  істейді. Жанат  кішкентай, мектепте. Жеті класс бітірген  біздерге 
бір-бір гектардан  темекі  бөліп берген. Өрімдей жас қыздармыз.
Күні  бойы  беліміз үзілгенше жұмыс істейміз. Түсте
құрғақ шай ішеміз, кешке  де сол.
Талқанның өзі көзден бұлбұл ұшады, көктемге салым әр үйдің  қабы 
қағылып,  ел тақ-тұқ  әрең-әрең 
күн кешіп  жатқан шақ.

            Егіске қи шашып, парникті
күтеміз. Қар  ерір-ерімес  шақта

ауылда  үлкен жаңалық болды. Соғысқа  кеткендерден 
тұңғыш  рет ауылға  Сайын келді. Ол бізбен бірге  істейтін 
Күлғайшаның  жалғыз ағасы.

            Кешке  бәріміз 
үйіне кіріп шықтық. Күлғайшада  ес
жоқ, безек  қағып жүгіріп жүр, бізге
қайнаған ақ су берді.  Дастарханға
үш-төрт  түйір құрт тастады. Нілжан  жеңешем 
Сайынды  көргенде  жылап 
жіберді.  Мені ылғи  еркелетіп отыратын,  жуас мінезді Тағайбай  ағамды 
керемет  сағынып жүрген менің  көзімнен 
де екі түйір жас ыршып кетті. "Хат-хабар, жоқ, қайда ғана
жүр екенсің жан
аға,  мына жеңешемді, күнде құмалақ  ашудан 
жалықпайтын  апамды  ойлап, аяп хат жаза  салсаң, қайтер еді" - деп ойлаймын.

            Ертесіне  түсте 
қыста  өліп қалған  ақ 
ешкінің  жетім қалған лағын сойып,
шал-кемпірлердің  батасын  алыпты да, 
Сайын басқармаға  барып жұмыс
сұрапты.  Ертеңнен бастап арбакеш
болмақшы көрінеді.

            Дәл сол күні Гүләйім:

            -Ертең Күлғайшаның  үйіне 
барып,  бастаңғы  жасайықшы,- деп ұсыныс  тастағаны.

            -Байғұстың ағасы  келгені  жаңа, үйінде түйір дәні жоқ.

            -Ештеңе етпейді, бір амалын табармыз.

Ақылдаса 
келіп төрт қыз түні бойы 
қырман  жанына  үйілген маяға 
барып,  сабан қақтық.  Көбісі бос қауыз. Күлғайша  ұялғаны ма, жоқ риза болғаны ма, әйтеуір  ертеңгілік 
бір-бір уыс бидайды етегіне 
саудыратып салып  бергенде,
бетімізден шөп-шөп сүйді-ай кеп.

            Біздің  үйде 
қол диірмен бар. Соған тартқанда  жарты дорба ұн
түсті. Кешке жұмыстан соң әлгі төрт қыз және бізбен істейтін екі-үш
келіншек  Күлғайшаның үйіне бардық. Сайын
тым жүдеу, өзі  госпитальда  ұзақ 
жатып,  жаңа емделіп шығыпты.

            Күлғайша  нан илеп, 
кеспе  жасағалы  жатыр. 
Үйді-үйімізден талқан  әкелгенбіз
тағы.

            Ішегіміз  шұрылдап тұрса да, дастарқандағы  талқанға 
кеспе дайын болғанша  ауыз
тигізбедік. Ол кездегі  ән шетінен  зарлы, 
көбісін  келіншектер  өздері 
жанынан шығарып алған. Әсіресе, Зейнәділ деген ауылдас  ағайымыз 
соғыстан  бір дәптер  өлең жіберіпті. Ол өте  алғыр, білімпаз, көп оқыған талантты
жігіт  болатын. Өзі  маған 
жақын  ағайын. Соны
жапа-тармағай  көшіріп, жаттап алғанбыз.

Алматы  мен Қарғалы,

Хат
тоқтады барғалы.

Жылап-сықтап  жүрміз-ау,

Аман
келсең болғаны.

     Шерлі  әндерді 
бастайтын келіншектер, оларға 
сыңсып қыздар  қосылады.
Кейде  ән айтып отырып, пора-пора
жылап  та 
алатынымыз бар.

Тауда
ойнайды таутеке,

Біздің
ауыл Тәукеде.

Жалғыз
ғана бауырым,

Хабар
берсең қайтеді?

     Соғыста  әр үйдің 
адамы бар. "Қызыләскер колхозынан 56 адам соғыста  қан кешіп жүр"- дейтін  жиналыс сайын сөйлегендер. Қазір 46 адам
дейтін болды. Тоғызынан  қарақағаз
келген, міне аман-сау оралғаны  жалғыз Сайын
ғана. 

            Дастарханға  бөртіп піскен қып-қызыл  қос күлше қойылды, дәу  шараға 
кеспе сүзіп  әкелінді. Үй ішін жаңа
піскен  нан иісі мен  бұрқыраған тамақтың  буы алып барады. Қысыла
қымтырыла дастарқанға  жақындадық.

            -Ал, ас  алыңыздар! - дейді Сайын.

            -Ұялмаңдар, жеңдер!- деп Күлғайша
көбелек болып жүр.

Дәл
осы кезде есік шалқасынан ашылды, аппақ буды арқалап Бименде
бригадир кіріп келгені.

            -Жұмыс істеудің орнына той-тойлап отырсыңдар ғой, неғып бұлар ертеңгісін
ұйықтап қалады десем...

Өмірі ұйқы-күлкі білмейтін өте ашушаң, шақар шал
еді.

            -Келіңіз
ақсақал, төрлетіңіз... - Біз дүркірей көтеріліп кеттік.

            -Әй,
Күлғайша, осыдан бір ай бұрын ұным бітті деп арызданып жүргенің қайда? Мынаны
қайдан алдың, а?-деп, шолтаңдаған қамшысымен дастарқанды нұсқады.

            -Ақсақал, тізе бүксеңізші.

            -Ұрлық қылып жүрсіңдер, сені ме! - деп, ол Күлғайшаға  қамшысын
шолтаңдатып тепсіне бастаған еді, ағасы шыдай алмады:

            -Әй, көртышқан сияқты сығыраңдамай жоғал, шырықты бұзба!

            -Ә, солай дедің ғой... солай дедің ғой...

Сары шалдың иегі секіріп, беті  қараталақтанып, мұрты жыбырлап кетті. Кенет  керемет жылдамдықпен дастарқан үстіндегі қос
күлшені іліп алып, мойнынан тастамайтын сөмкесіне сала қойды.

            -Әй, көртышқан! - деп, Сайын қутиған шалды бас салды.

Бименде соятын текеше бақылдап қалды,
қыз-келіншектер у-шу, Сайынды әрең ажыратып алдық. Ентігіп күп-күрең боп кеткен
Сайын қалшылдап тұр, бригадир зыта жөнелген.

            Бастаңғының шырқы бұзылды. Күлғайшаның көзі жасқа көмілді. Қорланған Сайын
күрсінеді, бұрыштағы кереуетте жатқан ауру шешесі кеудесін жара үһілейді. Біз
үн-түнсіз тарай бастадық.

Сол қос күлше Күлғайшаға бәлекет болып жабысты.

Бименде
оны қырманнан астық ұрлады деп жала жауып, жер аудартты. Мектепте сот болды.
Ағасы Сайын екеуі: "Егер бірігіп қырманда сабан қақтық десеңдер, бәріңді де
жауапқа тартады" деген соң үндемедік. Әлі шетіне тіс тимеген топ-томпақ екі
күлшені сот куәға тартты. Біз Күлғайшамен жылап
айырылыстық.

            Сол көктемде Бименді топыраққа тоймаған қарақұрт шағып, жер барып
жамандамағыр марқұм қаракүйе қарайып, көп
қиналып өлді.

            -Қазір Күлғайша қайда, апа?-деп, сұраушы едім мен.

            -Қарағанды облысында тұрмыста. Тұңғышы Шубай сенімен

 түйдей жасты екен, былтыр
жазда келіп кеткен. Ал, баяғыдағы өледіге жорыған шешесі құлан-таза жазылып
кетті ғой. - Балам, нанды ешқашан қорлама, оның қадір, қасиетін біл! - деуші
еді шешем марқұм кең дастарқанына қызыл-күрең бөртіп піскен таба нанды мол ғып
турап жатып.