ВЕРНУТЬСЯ

     Палатаның есігі тық-тық етті
де, есіктен Ермектің сорайған мұрыны, одан соң кепкісінің күнқағары көрінді.

            -Рұқсат па? - деген іле
жасқаншақ дауысы естілді.

            -Кір-кір, - дестік көршім
екеуміз қосамжарлана.

Ермектің
түр-тұрпатын көріп күліп жібердім, ол қысылып, кепкісін шеше қойды. Қазандай
басындағы анау-мынауға көнбес жылқының қылындай қайратты қара шашын ұстарамен
тап-тақыр сыпыртып тастапты. Айырдай 
қолымен сол үрленген қарындай жалтыраған басын әлсін-әлсін сипалай
береді. Ананы-мынаны білуге ынтық боп, әңгімеге шөліркеген маған жарытып ештеңе дей
қоймайды, ыржиып, бәрін келте қайырады.

Сәл
отырғаннан кейін қибыжықтап кетуге ыңғайланды.

            -Тағы келем ғой... Жүрек - мотор,
онымен ойнама...

            Әр келген сайын айтатыны осы.
Бірақ та осы бар болғыр өстіп сасып-салбырап, бензиннің өткір иісі мүңкіген
үстіне  үлбіреген  ақ халат киіп 
палатама  кіргенде  сенесіз 
бе  күншуақ  төгілгендей 
әдемі сезімге  бөленіп сала  берем. Жанымдағы  жатқанға 
ала көзін  адырайта  бір бүйірлеп 
қарап  қойып:

            -Моторды да  анда-санда 
майлап, бұрандасын  бұрап қояды...
Жөндеп қарат... - дейді  ақылын айтқансып.

Ол
кеткеннен кейін де  көпке  дейін бір 
көңілді  әуен сәулесі көкірегіме қанат  жайып, 
сүйсіне жадырайтыным бар. Сол 
дәудірлеген  Ермектің  бүгінгі 
келісінен  кейін, қайта  елі 
көшкен  күзгі  жайлауда 
жалғыз қалғандай  құлазыдым  кеп.

            -Таңат  кеше 
Қаратауға  қайтып кетті, -
деді  есіктен шығып
бара жатқанда қайта бұрылып  маған  естілер-естілмес кінәлі үнмен. Сыр бермей
еріксіз күлімсіргенсідім. Ермек  шығып  кеткеннен 
кейін де  бензиннің  өткір иісі көпке  дейін бөлмеде 
тұнып қалды.

 

***

            Қапалы  ойлар 
кеміріп, екі көзімді  қақ  төбеге 
тесірейтіп сұлқ жаттым да қойдым. Кәдімгідей  әл жинап, сырқатымның  беті 
қайта  бастағандай
мынаусы  тағы  соққы болды. Енді 
жаңағы жаңалық...

            Таңат! Мен құйттайынан  білетін 
Таңат  болса  мына 
айқайласаң  даусың жетер  тұстағы ауруханада  жатқан 
маған  құрығанда  бір соғуы 
тиіс еді-ау... Әй, мен білетін Таңат 
болмағаны  ма, шынымен?..

            Міне, құрдастарым әлі
жастықтың отынан шыға алмай жүрген шақта 
мен аурухананың  төсегінде  сары жамбас 
боп  жатқаныма айдың жүзі ауды.
Таңаттың  демалысқа  келгенін 
естігем. Келіншегім де "Әлгі 
аузыңнан тастамас  Таңат  досың 
кепті келіншегімен  демалысқа"
деп  қуана  хабарлаған. Содан  есік 
сықырласа  болды дәл сол  кіріп 
келердей  елеңдей  күткенім-ай...

Енді
кеп, жанды жегідей  жеген сол қиялыма
опындым. Қалай ғана  бәрін, сонау базарлы
күндерді ұмытады? Аман-сау  болсам  бір сәрі, қозғалуға зар боп телмеңдеп  жатыс 
мынау,  бүкіл денемнің  бір жағы 
өзіме  бағынбай жалғыз  жүрекпен 
арпалысты, енді-енді жан бітіп, 
тіршілік белгісін таныта бастаған 
өз жартыма өзім  мәз боп, қалқиып
басымды көтеріп  отыратын  әлетке 
жеттім  бе дегенде... Буыны ұстамас  жас сәбидей 
былқ-сылқ  бөтен дүние, бөгде
өмір. Құдай басқа салмасын, арқыраған 
нар шағыңда  мүсәпір  күйге түсіп, тәулік бойы  сарсылып 
кереуетке  таңылған  тірі өліктей, 
жатасың да аласың.

            Тек  ойың 
ғана  сан  тарапты 
шарлап, шықпайтын  шың,
бармайтын  жер жоқ сияқты, бүкіл  әлемді 
кезесің  де кетесің, өткен
күндерді  қорғасындай  салмақтап, таразылайсың, әлденені  уаныш 
етесің, күтесің ...

 

***

            Маған  соқпаса онда 
мен  білетін, он  жыл 
бойы  бір партада қатар отырған,
біріміздің  үйімізде  біріміз 
құшақтаса  ұйықтайтын, екі
елі  ажырассақ  сағынып 
көрісетін  Таңат болмағаны  да 
сірә?..

            Мектеп  бітірісімен 
Таңат  институтқа  түсті де, мен Армия  қатарына 
шақырылдым. Қолдың  жеміне  үйренген 
үй кептерлеріндей  хаттары  күнде 
демей-ақ қояйын  өте жиі  кеп тұрды. Өзімізден бір класс  қана төмен 
оқыған, кезінде  шалбар киіп
жаяу  жарысқа  түсіп 
жүретін Сәбира  деген қызға  ғашықтығын жазады, оқуының  қиындығын, "Сопромат" дегеннің  миына 
кірмейтініне  қиналады,
стипендия  ала алмай, жағдайының  ауырлығын 
айтады. Баяғы тоғызыншы 
кластағы  алған  пальтосы 
қысқарып кетсе де  әлі киіп
жүргенін, оқу бітірген соң  күреп ақша
табатынын жыр қылады: "Сен білесің бе, геологтар бір айда мың сомға  дейін 
табады екен, егер қазба байлық тауып қалсаң, ақшаның астында қалдым дей
бер" дейді қиялдап. Бір шабаданның 
ернеуін  лық  толтырған 
оның  кез келген  хатын 
алып оқысам  әлі күнге көңілім
елжірейді...

            Жеңіс мерекесі күні сендердің  үйлену 
тойларың  болды.  Кәрі 
әке-шешең  сүйектері  сыртылдап жалғыз буаз сиырын  былтырғы торпағымен қосып,  Ұзынағаштағы базарға  сатып, пұл жасап, ел  қатарлы 
тойыңды  өткізді. Сәбираның  оң жақ қолтығында мен  жүрдім күйеу жолдас  боп.

            Дүние  ғапыл 
деген рас та. Мен  сені  сонда 
әлемдегі  төрт  құбыласы түгел, мейманасы асқан нағыз  бақытты жан-ау  деп 
ойлағам. Қатарыңнан озып студент болдың, үлпілдеген  келіншек алдың, шалқытып той  өткіздің... Әр сенбі  сайын қаладан 
сендердің  келулерің  бізге, осы Ермек екеумізге  кішігірім мереке-тұғын. Әскерден келе
салып  қолыма балта ұстап  құрылысшы 
болып кеткенмін,  ауылдың
күншығыс  иегінде  сиыр қораларын саламыз.  Ермек 
шофер, күркілдеуік  кәрі
шалдай  жүруінен  тұруы 
көп  машинасын  жөндеп 
әуре, қашан көрсең  көзі  ғана 
жылтылдап  бет-аузы,  үсті-басы май-май  машинасының 
астында тырбаңдап жатқаны. 

            Таңат  пен Сәбираның 
келгендерін  аялдамада әр сенбіде  ұза-а-ақ тосамыз  дерсің, олардың  жайылма 
сары автобустан  түсіп келе жатқанда  екеуміз 
жапа тармағай   тарпылдай
жүгіреміз. Екеуінің қалаша модымен киінгені 
қандай! Қолында  қолатыры белі  үзіліп кете сақтап,  бізге сыңқ-сыңқ еркелей Сәбираның
күлгені  қандай! Кеудесі  аяққаптай 
Таңаттың  "О, бауырларым" деп
қапсыра құшағына   алғаны қандай  десеңші?..

            Қыстан қалған  қарын шөптей 
олардың  жанында  оң жағына 
бір,  сол  жағына 
бір шығып  біз жүреміз,
әкелген  сөмкелері  біздің 
қолымызда, таласа-тармаса 
ауыл  жаңалықтарын  айтамыз.

            -Машинамды  жөндеп алдым, қатырып, зырғып тұр!-
дейді Ермек.
Әр сенбі  сайын  өстіп 
бөсіңкіреп  айтатыны  бар, кеше 
ғана  астына  түсіп мықшыңдап  жатқан. Сәбира  жұмсақ қана жымияды, "өтірік  айттың-ау, алдап тұрсың-ау" демейді  сонда да. Одан әлгі  Серіктің 
ала бас  сиыры  егіз ұрғашы  бұзау 
туғанын, аттестат  ала сап Рәсілдің  қызы күйеуге 
қашып  кеткені  сияқты, жамырап, бітпейтін  ауыл хикаяларын  соғамыз. 
Бұрын мұндайда  "Апырай солай ма?"
деп таңданып, ежіктеп  қайта  сұрап 
жататын Таңат, бипазданып,  жерді
өкшесімен  қазып  қозғалатын мінез тапқан. Үйленгелі салқындау
ма, кейде  жатсынып қалатынымыз да бар. Оны бізден  мына 
құмырсқа  бел сиқыр күлкілі  Сәбираның 
тартып  алғанына  қызғанғандай 
боламыз ба-ау...

Бұрынғыдай  әлдеқайда 
барайық десек те:

            -Әлгі Сәбирамен ақылдасайыншы...

            -Cәбираға  айтайыншы, - деп кеп жүргені. Үшеумізді де

Сәбира  ерке қылығымен  билеп-төстеп алған.

            -Ермек, үйде су жоқ екен ғой, -
десе  болды.  Ерекең 
күрек

тісін
ақсита  ыржиып,  екі шелекті екі қолына ұстай сала өзенге
қарай  құлдыраңдап бара жатады.

            -Самауыр қояйын  десем отын жоқ қой, - деп мен жаққа қараса, ұшып тұрып балта іздей
бастаймын дереу.

            Бізді  алай-бұлай 
шаруа  қамына  шапқылатып қойып Сәбира  шифонердің 
есігіндегі айна алдына барып бүкіл иығын көмілдіріп шашын тарайды, біресе
олай, біресе бұлай түйіп,  одан
қайта  тарқатады, бәрі де әсем жарасымды.
"Қалай ұнай ма?" десе үшеуміз үш жақтап мақтай жөнелеміз. Сыңқ-сыңқ күліп жүріп
ас әзірлейді деген  тек аты ғана: Таңат
кәртөшке
аршиды, мен пияз тазалаймын, Ермек  бұл
кезде нанға дүкенге жүгіріп бара жатады екі 
балағы делеңдеп.

            Аласа  дөңгелек үстел  басында қақ төрге  Таңаттың 
ата-апасын  отырғызып қойып,
етсіз  қуырылған  кәртөшкені 
ортаға  ап, қасығымызды жалаңдатып  соғамыз-ау кеп.

            - Сәбираның  пісірген асы 
балдай дәмді,-деп шетімізден 
мақтау үйеміз. Үзіліп кете сақтап майысып шай құйып жас келін отырады
лып-лып қызарып. Лып-лып қызарғаны қандай!..

            Ой, сол  жылғы 
жаздың менің иығыма салған батпан ауырлығын айтпаңыз тегі! Қайтсем де
институтқа  түсем деп жатпай-тұрмай  дайындалып 
жүргенімде, аяқ астынан шешем, мына бізді жарық дүниеге әкелген  жан анашым, мәңгілікке  көз жұмды. Көңіл  жетім құлындай  кісінеп 
сенбегенімен шыққыр көз көрді, үстіне сап-сары алтындай топырақтан  төмпек 
жауып, ауыл шетіндегі  төбеге апарып
жерледік қой. Артында  ботасы өлген  аруанадай 
аңырап  бес бала қалдық, ең үлкен
бас көтерер тұңғышы- мен, екеуі мектепте, екеуі бауырын  көтермеген балапандай тіпті жас, балабақшада.
Әншейінде  алдындағы  асын 
әзер алып ішіп жүрген әкем тіпті 
божырап, бой-бойы шығып, сәл нәрсе болды көзін жасқа шылайды. Кейде ішіп
алатынды, қолы қалт етсе  дүкен
төңіректейтінді шығарды. Соғыстағы әскөлке тиген жерлері күн бұлттанса  сыздап ауырып, кейде төсек тартып  қалатыны 
да бар. Өзіме лайықты жеңілдеу шаруа-ау 
деп  мұраптық кәсібін  тастап, колхоздан  ат мініп, жекеменшік  сиырларды 
баға қалмасы  бар ма?

            -Әр  сиырға 
айына  екі сомнан төлейді.
Ауылдағы жүз  елу сиырға  бір айда 
үш жүз сом табамын, - деп есек
дәме есеп жасаған. Бекер жатқан дүние қайдан, "сиыр бақтым, сидаң қақтым"  демекші, әкем таң азаннан кетеді,  содан қызыл іңірде көзі  ішіне түсіп, 
бұратылып әзер жетеді үйге. Оқыра деген қызыл көз бәле шығып,  мама сиыр да, бала  сиыр да 
жын қаққандай  ойнақтап,
қырдан-қырға  жосып, соларды қуа-қуа  астына мінген 
аты болдырып, арқасы тесіліп жауыр болды. Өзеннен суды бұрып алып,  кетпеніне сүйеніп тұратын  жан ілмиіп 
тозды-ақ. Сөйтіп жүргенде зоотехник Құсбек  дегеннің қағынғыр келгір  тоқал қара сиыры  жоңышқаға түсіп, іші кеуіп, пышаққа ілінді.
Кекірейген Құсбек  сүйегін сыртынан санап
алуға болатын ыңыршағы шыққан сиырының 
етін де, терісін де  алмай:

            -Күніне екі шелек күрпілдетіп
тұрып сүт беретін сиырым еді, құны-жеті жүз сом! Тауып  әкеп бер! - деп  зіркілдеп отырып  алсын жер 
тепкілеп. Салым-салымы шыққан 
әкем  мөлиіп  кете 
барған. Адамды  бір сүріндірмесін
де, шешем өліп, қайғымыз  басымыздан  асып жатқанда 
әкеме  сиырға мініске берген,
колхоздың құйрық-жалдан жұрдай  арық сары
аты жоғалды. Күнде кешқұрым  көрші
Тұрысбек  деген шалдың  торы биесінің 
жанына тұсай салатын. Арқандаулы 
семіз торы  бие  орнында 
шөпті күрт-күрт  шайнап тұр да, құйрық-жалдан тұттай
тоналған  көтерем сары ат ұшты-күйлі жоқ. "Е, е,  мына алма ағаштың  ішіне ұзап жайылған-ау"  деп бақ 
ішін  сүзіп шықты әкем, ертесіне
бәріміз жабыла іздедік.

            Бір жыраға құлап, үйелеп арам
қатпады ма деп іздемеген  сай,
шықпаған  төбе қалмады. "Жығылған үстіне
жұдырық" демекші, қанша іздесек  те
көкке  ұшып  кеткендей 
біржола  жоғалды.  Бұрынғы бұрынғы ма, әкемнің  шашы қудай 
ағарып,  көз алдымда  шөгіп, 
көзі жіпсіп, мәңгірді  де қалды.
Бұрын  бүкіл үй шаруасы  да, түз шаруасы  да шешемнің 
мойнында-тұғын, қалай  күн көріп
жатырмыз,  не  керек, не жетіспейді, әкемнің  онда түк шаруасы  жоқ, асын 
ішіп,  мәужіреп жүре беретін. Енді  міне, 
бар салмақ иығына  сылқ  ете қалғанда 
не істерін  білмей, жандалбасалап,
бардың  өзін  берекесіздендіріп,  әбден 
жел ұйпалаған шөптей 
әптер-тәптері шықты.

            Сұлу мұрт Құсбек  қалай 
арақ  ішіп алса болды,  тасыраңдап есік алдында  ат ойнатып кетеді, көк жорғасының  үстінде теңселіп тұрып қамшысын безеп:

            -Әй, қаңғып келген  жалғыз үй кірме! Ана  сиырдың 
құнын қашан  төлейсің, а? Өзі  асыл 
тұқым  еді,  өзін 
қырғыздағы  нағашыларым  бәсіреге берген еді, -  деп 
есік алдындағы ошақты  атымен қағып,
даңғырлатып, шаңдатып тұрып алады. Үйде 
үркердей  боп  шұрқырап 
мына сойқаннан  қорқып  көздері 
жәудіреп  балалары  отырады.

            -Құс-еке-ау, айналып  кетейін, сәл сабыр етші... болады...

Мына  бала 
да істеп  жүр  ғой... шыдашы сәл...

            Екі иіні салбырап, көзі
жапақтап  әкем күрмеледі.

            -Келер  жұмаға 
дайындап  қой, балтай-шалтайды
білмейім.

            Базардан  сиыр 
сатып алуым керек. Өзі асыл тұқым еді, өзін қырғыздағы  Тайекем бәсіреге беріп еді!.

Құсбек
есік алдын  шаңға  қаптырып, тапырақтап шаба жөнеледі. Әкем табалдырықта шөмиіп,
тыртық-тыртық  басын қасып, отырып
қалады. Кірме деп кемсітетіні - әкем 
мына көрші ауылдың адамы, ал шешем 
сол ауылдікі. Тұлдыры жоқ әкем 
соғыстан  қайтқан соң түп
нағашыларын  сағалап осында  келген, 
одан  шешеме   үйленіп 
біржола  тұрақтап қалған.  Шешемнің 
барында  не ішем, не кием,
бүгінгі  бар-жоқпен еш шаруасы жоқ, барды
қанағат тұтып,  алшаңдап басып жүре
берген  әкем байғұстың  шарадай 
басы  шақшадай  боп, 
сақал-шашы  қудай  ағарған 
шалға  айналып  шыға келді.

            Колхоз  басшылары да:

            -Астыңдағы  атыңа  ие болмай жүріп,  сиыр баққан 
неңді

алған, - деп 
жерлеп-зекіп сиыршылықтан  алып
тастады.  Жай алып тастаған жоқ,  жоғалған аттың  қып-қызыл 
пұлын мойнына  салып,  басқа ыңғайлы жұмыс бермей, қаңғыртты да
қойды.

Қолына басы 
артық  тиын-тебен  іліне 
кетсе  дүкен төңіректеп ішіңкіреп кеткен,  кейісең көл-көсір еңкілдеп жылағанда
жаның  қайысатын  әкемді, 
әзер дегенде  біз салып жатқан
сиыр қораға  күзетшілікке
орналастырдым-ау.

            Кешке мен жұмыстан, әкем күзетшілігінен, үлкен 
екі қарындасым  бақшадағы екі
кішкентай қарындасымды  жетелеп  үйге тұтас 
жиналамыз. Сылағы опырылып, 
түскен ескі  үйде ылғи бір
нәрсе  жетпей, орны толмай   тұрғаны әп дегеннен  бәріміздің жүдеу қабақ, жұпыны  түрімізден анық байқалады. Үлкендер жағы
үн-түнсіз тұнжырап бәрін ішке  бүккенмен,
кішкентайлар  әлі есін толық жия қоймаған
балапандай қарындастарым  сағынып, "Апа-а-ау" деп шырқырағанда, түн
баласы  "апалап" шыққанда  бордай езіледі екенсің. Әсіресе әлі  тілі шықпаған 
екіден жаңа асқан  Фарида,  шешемнің сүт кенже  ерке қызы - 
бір жыласа көзінен бүртік-бүртік 
жас сорғалап қане  тиылсашы,  тек апаммен жатып, апаммен  бірге тұратын, енді сол  иісті аңсап жүр-ау сәби  көңілі...

            Шешемнің
шаңырақтағы орны  үңірейіп көрініп - ақ
қалды.  Тірі адам тіршілігін жасайды:
балалар бірін бірі сүйреп,  бақшадан
әкеледі, кір-қоңын жуады, шыжылдатып күйілі-пісілі есік алдында ас  әзірлеген болады. Кейде өзара  томпаңдап ойнап та  кетеді бәрін ұмытып. "Қайтсем де студент  болам, мұғалім болам" деген қиялым
көзден  бұлбұл ұшты. Шідерлеулі аттай
ұсақ тіршілік  төңірегінде күйбеңдедім де
қалдым.  Біріне  тартсаң 
біріне  жетпейтін қу тірлік, ит
өмір.

            "Елге  бал ұрттатып, мен  дегенде қияс тартатын  бұл тағдыр итке не жаздым?  Ел қатарлы 
менің де  тұяғым бүтін, төрт
құбылам  неге түгел емес? Неге  мен де қалтаға жол  пұлымды салып алып,  Алматыға 
бармаймын... "Оу, әлгі   сиыршы  жәкемнің баласы  анау мынау емес, университетке түсіпті»  деп бүкіл ел 
шуласа, сенбі сайын студенттермен 
бірге  буаз сөмкемді  иығыма асып, автобустан түсіп жатсам..."

            Мына пешенеме  осы құрғырды 
жазып қойып па- деп балтаны 
сілтей-сілтей әп-әдемі  ағашты  кейде жаңқалап жіберетінім  бар. 
Бүкіл қаным  тоқтап  қалғандай 
ауыр  ойлар  қамаулап, 
денем ауырлап,  тұнжыраңқы   жүрем де 
қоям. Ешнәрсе  қызықтырмайды,
төңірек  түгел сұрқай.

            Тек 
сенбі-жексенбі  күндері ғана, онда
да  Таңат 
қаладан  келсе,  селт етіп сергіп, өзіме-өзіме келгендей
болам.

            Ермек екеуміз  әр сенбі сайын  түс ауа қаладан келетін автобусты  тосамыз. Егер ол келмесе екеуміз жұлдызы
жыпырлаған  түнгі көшеде  үн-түнсіз жүреміз де қоямыз. Әңгімеміз
де  жараспайды, кіржиген маңдайымыз да
ашылмаған күйі түннің бір уағында  селқос
айырылысамыз. Егер шынын айтсақ екеуміз де 
Таңатты сағынамыз, сағынамыз 
деп  құрғақ айта салу  аз, 
соның келуінен рахат өмір, 
қуанышты ғұмыр басталып жүре беруші еді-ау. Олар да шал-кемпірлерінің  халін білуге апта құрғатпай  келіп 
тұруға тырысатын.

            Жексенбі сайын  оларды 
шығарып саламыз баяғы. Іші түскен қауындай опырылып келген сөмкелер  аузы-мұрны 
пістелене  толы. Автобусқа мінген
соң терезенің ар жағында  олар, бер
жағында  біз дабырлап айқайласып сөйлесе
бастаймыз,  дәл бір  кешелі - бері 
айтуға уақыт болмағандай. Олар терезенің ар жағынан  жұмсақ 
жымияды қолдарын  шошайтып. Күрек
тістерімізді  ақсита  қос қолымызды көтеріп:

            - Келесі сенбіде келесіңдер  ғой, әлгі Әсімханның  туған  
күні. Келіңдер, той жасаймын деп жүр,- дейміз айқайлап.

            -Көреміз,
- дейді Таңат үшін Сәбира жауап беріп. Бізге  "көреміз" 
деген екі-ұшты жауабы келеміз деген 
сияқты дәп бір. Кейде  дәл  автобусқа мінер тұста Ермек  оларға 
қызыл он сомдық  ұсынатыны да бар.

- Қаладасыңдар
ғой, морожный ап жеңдер.

Езу
тарта елеусіз оны Таңат  төс
қалтасына  сұға  салады.

Ермектен
қалыспай менің де бергім бар, бірақ әманда 
қалтамның түбі тап-тақыр.  Алатын
жалақым  ас- суымызға әзер жетіп
жығылады, үстімнен  әлі әскери киімім
түскен  жоқ, моды тұрмақ жаңасын сатып
алуға жағдай көтермей, тақ-тұқ отырғанымыз ылғи. Осыныма   қарамай, оқымысты  студент 
досым үшін  кейде жалақыдан  жырып мен ұсынам бес теңгені.

            - Ой, бүгін байыттыңдар ғой.
Кейін  инженер болғанда  бәрін екі есе 
қайырам, - деп күле, Таңат 
қалтасына бергенімді  тықпыштап
жатады.

            - Он есе ғып  қайтарамыз, - дейді  оны түзетіп аппақ уақ тістерін  көрсете 
күліп, шашын сілке  кейін қайырған
Сәбира. Осындайда жүздері де балбырап, бізге мейірлене қарағаны қандай!..

            Осы кезде пыр-пыр етіп автобус
қозғалып-ақ кетеді,  автобустың
бүйірін  ала күрек тістерімізді
ақсита  әлденелерді  мәре-сәре айта  біз жүгіреміз. Олар да  қимайтын 
тәрізді, бізді қимайды-ау, енді 
арада атандай  ақырған  бір апта 
жатыр. Қайтсын-ай...

            Үйге келсең қапалы ойлар қамықтырып,
жегідей  жейді, бір алай-дүлей  күй кешемін. Қолдан келер не қайыр?  Ой кеміріп, мына бір құла өмірден  құтылар жол таба алмай,  дел-сал жүрем де қоям. Құрт жеген кеуек
ағаштай  сыртым - бүтін, ішім - түтін.
Егер мен жасығанымды  сездіріп, морт
кетсем, мына  шикі өкпе шиеттай
жанның  күйі не болмақ?  Сыр бермей тік тұрып, тік жүргенсимін.  Бірақ... Қайран жан ана, тіршілігіңде  сенің қадіріңді білдік  пе десеңші. 
Көгілдір  таулардың  ар жағында сары алтын  топырақ жамылып жатып,  бізді елеп - ескеріп жүрсіз бе? Жиырмаға
келген  өндірдей кезімде тағдыр
тәлкегіне  түсіріп тастап кеткеніңіз не?
Қалай ғана қиып кеттіңіз? Қалай, а?..

            Қазір бір үйлі  жанның 
ойында  жалғыз  сен жүрсің 
жан ана! Оңашада  мұңды  әндерді 
ыңылдап отырып, көзіңіздің жасын сығып алушы едіңіз - ау кейде?
Неге  қамықты  екенсіз 
сонда?! Біз  бұлдырық  жүрекпен: бір күні  анамыз 
келіп  қалардай, мәңгі  кетті-ау дегенге  әлі 
толық  сене алмай жүруші ек.
Бірде  түсімде  екен 
деймін, шешем  үйімізде  терлеп-тепшіп жадырап  шай ішіп отыр, төңірегінде  өзінің 
қоқыр-соқырлары  мәз-мәйрам. Ояна  кетіп, 
булығып жылағаным-ай.

            Тоқпейіл  жаз бітіп, жылауық  күз келді. Ессіз желге шашын  жұлған ағаштардан бой-бой  жапырақтар саулап төгілді дерсің. Көл-көсір  жапырағынан 
айырылған  ағаштар  сидиып-сидиып 
қалған  кезде  қыстың 
жақын  қалғанын сездіргісі  келгендей 
дүркін-дүркін  ақ жауындар  сіркіреді. Таудың басы  аламыштанып, түн баласы  салқын 
ұрды.Ел етек-жеңін жинап қымтана бастады.

            Сенбі сайын Таңаттарды күтіп алып,
жексенбі күні түске  таман  шығарып салып, автобустың соңындағы қалың
шаңға көміліп, Ермек екеуміз қаламыз.

            Әр сенбі - Таңат  келетін 
күнді  асыға, тіпті  зарыға 
күтетініміз - ай...

            Әкем асқа шыдамайды. Бірақ амал не,
енді міне,  ертелі кеш құр шай,
кейде  көже-қатықтық  ет  те  табыла бермейді. Аузынан сөзі  түсіп тұрған 
момын  мүсәпірді кім тыңдасын, ел
құсап қоймашыдан ет те жаздырып ала алмайды. Базардан килосын бес сомнан қашанғы сатып жерсің,
оған жетер шытырлаған пұл да жоқ.

Қара шайға қамалғалы әкемнің уһілі көбейді, іштен тынып, көзінің алды
күлтілдеп, өсіп кеткен сақал мұрты қылтанақтанып әбден арыды.  Бұрындар әліне қарамай жөн-жосықсыз кей-кейде
шешеме бақырауық түйедей тиісетіні бар-ды, енді міне... Тозығы жетіп, жейдесінің
жағасы терден кірлеп желіне бастаған. Кейде шешінбей күпәйкешең қисая кетеді, ояна кетсем
түрегеп балалардың үстін қымтап жауып жүргені. Анасының
көзі жұмылғалы жарты жыл толмай азып тозған өңкей  қылқи мойын 
балалар, үлкен қарындасым құйып беріп отырған  қара шайға лап қойған.  Тек 
әкем ғана  бір бүйірде  қара суға аузының  дәмі кірмей, күпәйкесін желең  жамылып, жабырқау  отыр. Қатқан  нанды шайға 
турап сылпылдата  соға бастағаным
сол еді есікті  сілке ашып:

            -Ассалаумағалей-ке-е-е-м!- деп,
даусын соға  біреудің  кіріп келгені. Есіл-дерті жоңышқаға  түсіп өлген ала сиырының құнын  өндіре алмай жүрген  Құсбек болмаса, біздің  үйдің есігін көптен ешкім ашпаған. Тағы  да сол 
Құсбек  пе  десе керек, 
әкем шошына селк ете қалды.

            -Таңат!

            Ұшып -ұшып  тұрыстық. Қақ төрден  орын ұсындық. Үйге нұр  шашылғандай,
жадырап сала бердім, күліп 
әңгімелесе  бастағанда  қыржиған 
әкемнің  де қабағы  ашылды.

            -Қарағым, Таңат! - деп, кесесін 
төңкерген досыма бетін бұрды. - Құдай 
бөлмесе, мына  баламнан  өзіңді 
бөлмейм... Айналайын... келінді  отқа
шақырып, басына  ағарған сала алмадық.
Мына  Күлиманның  жоқтығы 
да, әттең...

Әкем қамығып назарын төмен  салды, әкем
де Таңаттан мені бөлмейді. Ықыласыңнан
айналайын-ай, жоқ жомарттың  қолын
байлайды деген осы да. Мұндай  аталы  сөзді  әкемнен
күтпеп ем, разы болдым.

            Таңат
екеуміз  далаға шықтық. Күндіз  күн 
кәдімгідей елжіреңкі  еді, дала  ешкі етіндей тез  тоңазыпты.

            -Ау, қашан келгенсің?

            -Жүрші былай, - деді де  ол  алға түсіп 
кете  барды.

            Соңында  ноқталанған  бұзаудай 
еріп келемін. Қақпақтай жауырын,
шалқақ кеуде, сұңғақ бой - нағыз  ер
пішін. Мына  Ермек  екеуміз 
мыжырайып оның иығынан - ақ келеміз. Қарашы, аяқты нық басқан жүрісі
қандай, топ-толық денесімен дене етіп кие салған тар футболкасы қандай.

Кешкі қарбаласы саябырсыған ауылды жарып өтіп
шетіне шықты. Күншығыс тұсында кей жылдары колхоз бәрін қызылшаға бұрып алып,
табанының суы қақтанып құрғап қалатын өзен бар, өзен жағалай өскен кіл құрақ.
Біздің ауылдың малдары да кесірлі, қазір бұған мұрнын шүйіріп қарамайды, ал
көктемге сала көксіреуде шөп бітіп, ақыр түбі тақырланғанда кіріседі бұл
құраққа. Қызылша қазу бітіп, суды қайта салса керек, өзен арнасы шүпілдеген
толы.

Өзенге кеп тірелген жар басындағы жарты тұлғасы
жерге сіңген қой тасқа қатарласа отырдық. Бізді
күтіп тұрғандай Аспанқора тауының үстінен сығалаңқырап тұрды да жартыкеш ай
көтеріле бастады. Ортасын қақ бөлген сары құрттай дірілдеген
ай  сұлбасы шыға ілініп қалғандай. Жаураған жұлдыздар қара суға
тамып-тамып кеткендей. Мақпал түн. Арнаны кеулей тау жақтан аңқылдақ самал
саулады. Қанша құныға жұтсаң да шәрбаттай, көңіліңе қанат бітірер біздің таудың
керімсал сары желі-ай!..

Таңат үндемейді, қолына түскен қиыршық тасты өзенге
әлсін-әлсін лақтырып отыр, тас шолп етіп өзен бетіне түскенде әлгінде
жапырлаған жұлдыздар ізім-ғайым жоғалып, ғайып болады да, іле тұңғиық тереңнен
тіріліп қайта мөлтілдейді. Жәудіреген кілең мөлтең
көздер...

Таңаттың үндемегенінен шошынайын дедім. Бұл
сәрсенбі күні неге аяқ астынан келді, сенбіге дейін әлі табандатқан үш күн бар
емес пе? Неге сонша томсырайып, көңілсіз? Бірдеңеге ұрынып қалмаса жарар еді? Қалада жүлік көп дейтін. Өз күшін қайда жұмсарын білмей жүргенде біреуге
тиісіп, төбелесті ме екен? Бұл Таңат төбелессе, ой-хой ешкімді шыдатпас.
Есігінің алды түгел көк темір, соны терлеп-тепшіп көтеріп жатқаны, қашан барсаң
бұлшық етін шынықтырып жүргені. Ә, не болды екен?

            - Қайыркен, мен оқуды тастайтын болдым.

            Даусы құмығып шықты. Сасып қалдым,
мына үн менің ақ көңіл досымның үніне мүлде ұқсамайды.

            - О, неге?

            "Ә,
бәсе, бірдеңеге ұрынды деп ем-ау, төбелескен болды ғой".

            Ол
тағы да үн-түнсіз мелшиді де қалды, ауыл жақтан мас біреудің
дарылдағаны естіледі. Қадала қарағаныммен Таңаттың жүзінен ештеңе аңғара
алмаймын. Ол темекі алып тұтатты. Ақыры төзімім таусылды.

            - Не болды, Таңат?

            - Бітті бәрі. Оқуды тастаймын. Сенің қасыңда құрылысшы боламын.

            Кекесінді мырс етті, өзегін жегідей жеген мынасы несі?

Қандай
ғана қасіретке душар болды? Мына мен және қалқан құлақ Ермек екеуміз оқымысты
инженер болады деген пір тұтатын досымыз көз алдымда шөжіп, темекісін
үсті-үстіне боратып шерменде болып отырысы мынау.

            -Не болды саған, Таңат, айтсаңшы?

            -Оқуды тастаймын. " Жалғыз құс ұшып
сұңқар болмас" деген рас екен. Шіркін, көп ағайынды болғанға не жетсін?
Жалғыздық деген түбіме жететін болды, міне.

            Даусы зарлы ма, зәрлі ме жер астынан
шыққандай төбе құйқаны шымырлатты.

            "Неге
жалғызсың сен, мына біз бар емеспіз бе?"

            Тура осылай дейін деп барып, іркіле
қалдым. Мына қияметтің қыл көпірінен де қол ұстасып қатар өтуге әзір жолдасын
көзіне ілмегені несі? Көңілім пәстеніп, сырғып, теріс айналып отырдым. Біз ше? Ермек екеумізді бөлетін жөні жоқ қой. Өзімнен
гөрі осы Таңатты жақсы көремін емес пе? Жаңа әкем де айтты. Бүлк-бүлк етіп беті
сынап түстеніп өзен тұншыға сыбырлап, тұңғиықтана ағады.  Жағасындағы балапан құрақтар суыққа тоңғандай
болар-болмас діріл қағады. Таулар
ғана батагөй қарттардай тәкаппар, шалқайыңқы.

            -Институтты тастаймын, Қайыркен! Әттең... шіркін, қалай ғана
армандаушы ем... Саған шынымды айтайын. Тек ешкімге айтпа.

            -Қорықпа, қашан сыр шашып ем.

            Маған сенбей ме сонда. Не бұзықтық
жасап қойды екен?

            -Мына жалғыздықтың зарын тарттым-ау
әбден. Бәрін басынан
айтайыншы. Қалада әлгі Болғанбаев деген нағашым бар емес пе? Тойымызға келген,
архитектор ше? Шешем барып пәтер табылғанша деп соның үйіне Сәбира екеумізді
орналастырған. Жалғыз ұлы бар,  бұзықтың
бұзығы. Сонымен жұлдызымыз қарсы болды. Оған әке-шешесі қосылып отырсақ опақ,
тұрсақ сопақ етеді. Сәбира да күндіз түні әлгі үйдің бар шаруасын безек қағып
істеп жүрсе де жақпайды. Жорик деген әлгі баласы "Джинсиім жоғалды, оны Таңат
ұрлады" деп шатақ шығарып, жала жаппасы бар емес пе? Оған әке-шешесі жақ боп,
ұры атандырды. Жоригі жүрісі сұйық бала, өзі сатып жіберуі мүмкін. Қарадай бәле
жауып отырса қайтіп шыдайын, шарт-шұрт ұрсыса кеттім, тілімді тістеп отыра
алмадым. Ақыры сенесің бе, екі шабаданымды есігінен лақтырып, масқаралап қуып
шықты. Бәрінен
бұрын "қу тақыр, қара табан кедей! Сен үшін қып-қызыл жүз елу сомым шықты!"
дегені жаныма аяздай батты. "Ол не қылған жүз елу сом" дедім мен де ашынып.
Болғанбаев та тым ұсақ 
екен: -
Елу сомға тойыңа хрусталь ваза апардым ба? Апардым. Жатқан жатын жайыңа - елу
сом, ішкен тамақтарың және елу сом". "Міне, жүз елу сом"- дейді шімірікпей.
"Кәне, пәтер ақыны төлеңдер, қаңғырған қайыршы" дей ме. Сөзі сүйегімнен өтті
дерсің. "Төлеймін" дедім. Сәбира үн-түнсіз жылай береді, жеңімнен тартып.
"Қайдан табасың қу кедей" дегенін екі дүниеде ұмытпаспын. "Әкелмесең жігіт
емессің" деп қызарған соңымда бақырып ол қалды, екі шабаданды құшақтап біз
кеттік. Сәбира екеуміз аяғымыздан таусылып пәтер іздедік, қазір қысқа қарай
пәтер табыла ма? Әйтеуір бір кемпірге айына елу сомнан береміз деп әрең
көндірдік.

  Ол тағы темекі тұтатты. Темекінің маздай
жанған шоғынан сазарыңқы жүзі жылт-жылт көрінеді. Әңгіме желісін үзбей мен де
тартпасам да темекіге қол создым.

            -Уақытша деп бір курстас
студенттен елу сом қарыз  алғанмын. Мені үйлендіремін деп, шал-кемпір
екі мыңға жуық қарызға батып қалыпты. Бәрінен бұрын Болғанбаевтың намысыма
тигенін қайтем? Өлсем де намыс үшін соның пәтерақы деген бәлесін апарып берейін
деген ем...Содан екі жүз сом ақша керек боп, құстай ұшып ауылға келген бетім еді.
Әшейінде көңілі жақын-ау деген жігіттердің біразына бардым. Бүгін тоғыз үйге
кіріп шықтым, сенесің бе, тоғызынан да құр қол қайттым. Барыстың әкесіне біздің
шал бұрыннан қарыз көрінеді. Тілеміс төмен қарап жер шұқыды. Тілек те "бар
болса бұйырмасын" деп қалтасын ақтарып көрсетті. Демесін де құр сөзбен шығарып
салды. Ермек  қана қалтасынан он сом
суырып берді, сатушы әкесі мойнына ақша мінген дей ме, бір бәлеге ұрынса керек.
Әке-шешесі бар, қорлы, осыларда ақша бар-ау деген тоғыз жігіттің біреуінен
несиеге екі жүз сом шықпады. Өзің білесің бәрі де жақсы тұрады, шын жаны ашыса,
тауып бере алатын жандар, көбісінің машинасы да бар ғой.

            Көкірегі қарс айрылғандай,
қаралы жандай күрсінгені-ай!..

 Жиырма бірге жаңа иек артқан өндіршіндей
досымның запыран жұтып отырғанын көргенде мен де аһылап жібергенім...

            Әр шаңырақтың, әр үйдің өзіндік
қасірет-қайғысы бар-ау.

Біз
ғой бұл Таңатты төрт құбыласы түгел, ең бақытты жан-ау деп ойласақ. Сөйтсек...
Қолдан келер дәрмен не, тұқшиып, темекімді тістелеп отырып қалдым.

            -Сенен сұрай алмаймын,
жағдайларың белгілі. Енді бірігіп құрылысшы боламыз. Сәбираны
оқытсам да жарар...

            -"Айналайын, арқар кеуделі,
арманшыл досым-ай. Мына мамырстан тіршілікте қарадай торығып келгеніңде
қанатымен су тасыған қарлығаштай болса да демеу болмағанымды қайтерсің. Өзім де
түңіліп жүргенде жер шөктіріп, шөкелетіп кеттің-ау, тығырықтан шығар жол қайсы?
Айырбас әбжыландай жоқшылық, тарығу бізге ғана, мына қасқа маңдайымызға жазып
қойғаны несі? Осындайда ғой мына бетінің әрін бес төгіп келген Таңатқа екі жүз
емес, бес жүз сомды ұстатып жіберсең. Әттең бар болса... Сенің даладай
көңіліңнен, маған деген, менің саған деген достығымнан садаға кетпей ме?
Қарсыласынан қалжырай жеңіліп, мүйізі сынған қошқардай мәңгіріп отырысы мынау.
Іштей елжіреп, егіліп, бар тініммен бірге екенім рас болғанымен, тырс етіп
ештеңе дей қоймадым. Не дейін?

Мылқау
түн. Желпіген самал да тынған. Көсе таулар да шалқая шыққан айдан бұға
түскендей. Денемізді тоңазытып орнымыздан тұрдық. Өзен де момақан қалпы,
құрақтар да өсегін тоқтатып мына екеуі не деседі дегендей құлақтарын селтите
түре қалыпты.

Алдымда
құздан құлар кәрі құлжадай басы омырауына түскен, жауырыны қушиып, бүкшиген Таңат.
Қатарына бара алмай соңында сүмелектеп мен келемін.

            Үйімнің дәл жанына келгенде
ғана оған тіл бітті.

            -Ұйықтай ғой, жақсы ұйықта.

            Екеуміз көңілсіз қоштастық. Ол
сол қушиған қалпы қараңғылыққа сіңіп бара жатты. Сілелеткен ой нөпірінен, жаңағы естіген
жайсыз әңгімеден қане, көз іле алсамшы. Кейбір біздің қатар құрдастарымыз
әке-шешелерінің байлығынан жер басып жүре алмайды. Сол аста-төк көмпиген
тірлікті көтере алмай құрдымға батып кететінін қайтерсің. Біз болсақ, міне...

            Жанымда пыс-пыс етіп төрт
қарындасым құшақтаса ұйықтап жатыр, арғы іргеде жерде жатқан әкем аунақшиды. Бүкіл жер шарының
бар салмағын иығына арта салғандай, аз күнде алжа-алжасы шығып, бетін әжімдер
бүрмелеп, есі кетті байғұстың. Бір үйлі жанның ендігі бар сенері - мына мен.
Тұңғыш ұл болу қашан да ауыр екен ғой. Алба-жұлбасы шыққан күтімсіз үй мынау,
үстіңе тартсаң шолтиып сирағың ашылар шолақ көрпедей тақыл-тұқыл
тіршілік анау...

            Екі жүз сом үшін есі кетіп,
иленбеген қоянның терісіндей алым-салым Таңаттың күні не болады? Қартайғанда жалғыз ұлының оқудан
шыққанын естісе, кәрі ата-анасы аңырап мүжіліп қалады-ау. Болғанбаев дегенді
той үстінде көргенім бар. Шегір көзді шикіл сары толық кісі екен. Иығына сүлгі
асып ап, борша-борша терін сүрткіштеп кеп отырған. Тоқпақтай қызыл галстук
тағынған тәкаппар, оқымысты кісі сияқты еді-ау... "Адам аласы ішінде" деген рас
шығар. Тойында Таңатты "Соңымнан ерген інім" деп мақтап сөйлегені қайда. Ол
тост айтқанда Таңаттың шешесі көзіне қайта-қайта жаулығының ұшын апара берді
емес пе? Осы шектен шыққан барлық, былқыған байлық барып-барып, таскөз
жүректілікті тудырады-ау деймін. Айтып отырса, осы әке-шешемдер жас кезінде
біріне тартсаң біріне жетпейтін шақта, бәрі де тату-тәтті, айрандай ұйыған
тәтті ғұмыр кешпеді ме? Қара суды қайғысыз ішіп, бар тапқанын ортаға салып, соғысты бастан
кешіргендердің бүгінгі ұрпағы - мына біздер не боп барамыз? Оқшау тірлік, оңаша
өмір, өзімшілдік өзіне тарту етек алып кеткен бе? Біреудің қайғысына екіншіміз
күлетініміз не, адамшылдық астамшылыққа ауысқаны ма шынымен?!

            Аунақшып-дөңбекшіп көзім әзер
ілінгені. Құрылыс
учаскесінің прорабы сіріңке қара, темекіден тісі сап-сары болған Иван Иванович
Бейрут деген орта жасқа келген кісі екі сөзге келмей:

            -Жағдайың ауыр екені рас. Арыз
жаз давай. Қысқа отын керек шығар, оны да жаздырып ала ғой,- деп қазақша судай ағып, ақтарылып
түсті.

            Прорабқа бұрыштама қойдырып,
кассирден екі жүз сомды санап алып, Таңаттікіне құстай ұштым. Санап алатындай
да дәнеңесі жоқ, жүз сомдықтан екі жапырақ қағаз ғана. Осы екі қағаз менің
досымды сансыратып қойды емес пе. Бейрутқа да разымын, болашақта айлығымнан
ұстарсыз деген едім, сөзге келмей босатты ғой.

Қуанғанымнан
аяғым жерге аннан бір, мұннан бір тиіп танауым делдиіп, Таңаттікіне жетсем,
атасы-апасы үшеуі дөңгелек үстелді қоршай ертеңгі шайды жаңа алдарына алған
беті екен. Бәрі қауқылдап, төрге өткізді. "Кешегіні айта көрме" деп Таңат
құлағыма сыбырлады.

Екі
шыны-аяқ шәйден соң атасы ас қайырып, сақалын сипады, біз сусып есік алдына
шықтық. Ешбір мән бермегенсіп, алақанымды оттай қарыған екі қағаз - жүз
сомдықтан екеуін Таңатқа ұстата бердім?

            -Оу, бұл не? Бұ не?..

            Таңаттың аузы ашыла, көзі
шарасынан шыға таңырқағанын айтпа? Оның жүзінде албыраған қуаныш та, мұны қалай тапты дегендей таңырқау
да бар еді.

            -Қайдан алдың мұ-мұ-мұны?

Қолтықтап
оны үй сыртындағы баққа алып кірдім, оның осынша толқығанына орай мен
салмақтана түстім.

            -Алшы сен. Оқуыңды тастамашы...
Құдай басыңды салбыратпасын де...

            -Оу, қалай сонда, а?..

            -Неменеңе "оу-оу" дей бересің.
Досың аман болсын де, бәрі табылады,- деп кеудеме мақтаныш көрігі лаулай
жөнелді. Ол өз көзіне сенбей, екі жапырақ ақшаны ары-бері төңкеріп, телміре
қарайды кеп.

            Сонан соң... бас сап мені
құшақтай алсын, оның кең даладай құшағына сүңгідім де кеттім, еңкейе екі бетімнен сүйіп жатыр.
Қуанғанынан ба, басымды көтерсем көзіне меймілдеп жас толып қапты.

            -Рақмет, бауырым,- төгіліп
кеткелі тұрған көз жасын көрсеткісі келмей, ары бұрылды. Тек сәлден соң жалт
қарай:

            -Ау, өзің... өздерің қалай
күнелтесіңдер?- дегені жұлып алғандай. Әбден дайындап алған жауабымды
қайтардым.

            -Қорықпай-ақ қой. Мынау, не
тәйірі, бір айлығым ғана...

Елеусіз
нәрседей қолымды сілтей салдым.

            -Досым!- деді сонда Таңат даусы
бұзылып, қайта мені қапсыра бауырына тартып. Бұл ақшаңды жазда сысоға (ССО -
құрылысшы студенттер отряды дегені) барып келген соң қайырамын.
Жо- жоқ, керегі жоқ деме. Саған бір қоралы жан қарап отыр. Сенің  досым бұл 
жақсылығыңды екі дүниеде  де  ұмытпаймын.  Рақмет, рақмет достым!.

            Ол асығыс жиналып, қалаға
жүріп кетті. Сенбі күні келгенде оңаша шығарып, қалай болғанын рақаттана, айызы қана айтып берді.
Кешқұрым бұл барғанда Болғанбаевтар түп-түгел үйінде екен. Кіріп барғаннан-ақ:

            -Ә, қайта келдің бе? Мүмкін
әлгі бізден шыққан - жүз елу сомды әкелген шығарсың?- депті мысқылдап. Олар
мұны қаңғып-қаңғып, кешірім сұрауға келді деп ұғыпты. Таңат ләм-мим демей,
қалтасынан ширатылған ақшаны алып, орауын асықпай жазып, алдындағы жылтыраған
үстел үстіне шиырып лақтырып жіберіпті. Далбаңдаған қарақұсша қалқып барып
қонған жүз сомдықтарды көріп, аналар тіпті таңырқапты. Сонда Таңат паң,
немкетті дауыспен: "Артығын қайтарыңыздар" депті. Аналар ақшаны алып түпкі
бөлмеге кіріп, өзара күңкілдесіп, келісе алмай біраз бөгеліпті. Ақыры, шиқандай
қызарған Болғанбаевтың өзі шығып, кілең бес сомдықтан елу сомды қайырып
беріпті. Ал, әйелі жылап қалған сияқты дейді. Таңат сол тәкаппар қалпы есікті
сілке жауып кете барған. Содан екеуміз мәз бола қиқ-қиқ күлеміз кеп.                

 

***

            Бұдан соң екі ай бойы  біздің үйдегілер қара шай мен  қара нанға қамалып, қарындастарым үрпиіп
қызылсырап,  көрші үй шыжық қоңырсытса
бітті  қыңқылдап, көрген құқайымды
сұрама! "Әй, сенің жалақың қайда?"- дейді әкем ондайда. "Вешірге қостым, қатарымнан
қалғым келмейді" - деп құтылам. Әкем құнжыңдап,  іштен тынады.

            Әр күні  жылға 
татитын  сол бір ақыр-тақыр  аңызақ 
жаз  бен жылап тұрып алған  суық күзді ғұмыры ұмытпаспын-ау!...  Қара жерге алғаш
әппақ  қар жауған күні  сақал-мұртымды  қырып  жатып
көмірдей  қара шашымның  ішінде екі тал ақты  көріп, 
таң-тамаша қалғаным бар. Сол бір  жыл 
көкірегімде  беріш болып  қалды ғой.

            Арада  аттай  
алты жылдан  кейін барып  үйлендім. Қаратауда инженер  болып істеп 
жүрген Таңат пен Сәбираға шақыру қағазын күн ілгері жібергем. Той
қарсаңы қарбалас: шаруа бітер емес, бәріне 
зыр қағып, өзің жүгіресің. Жаңа 
түсірген келіншегімнің ешнәрседен 
хабары жоқ.  Мені
миллионердің  баласы  көреді 
ғой  деймін:

            - Алтыннан сақина,  парчадан 
көйлек, француз  туфлиі керек
тойға  киініп баруға. Тойға кемінде  мен жақтан елу шақты адам болады, - де-е-еп
отыр. Намысыма  басып,  сыр бермей 
несие сұрап  сидаң қағайын.

            Екі бөлмелі  үйдің 
біреуінде әкемнің сал  болып
төсек  тартып  жатып қалғанына  жылдан асты. Баяғы, баяғы ма, қу  сүйегі ақсөңке  саудырап қалған, шөмиіп, қалтылдаған басын
көтер алмайды кейде. Бойжетіп қалған 
қыздары  ас-суын  береді, келіншегім де дәрігер болғасын ба
жиіркенбей, тыжырынбай, асты-үстін 
тазалап, уақтылы  дәрісін егіп тұрады.
Келіншегімнің  әкеме  жылы 
қабағын  көріп: "Әй, осы  өмірімде 
бір-ақ рет  қайталанар  қуанышым шығар, екі үйленбеспін, тойымды  дүрілдетіп, 
ел қатарлы өткізейінші  бір"
деймін іштей. Қанша  кеуде
соққылағаныңмен, жыртықты жамағаның 
біліне кетеді, қалта түбі таяз, қарызға 
баттым да  қалдым. Кешке  шаршап келсем, түпкі бөлмедегі әкем шақырады.
Ауру  жанның  кіржіңі 
көп, тағы не  жақпай  қалды 
деп жүгіріп бардым. Әкемнің көзінен жас ағып, жылап жатыр. Жаным
шырқырап шошып кеттім, тіршілігінде еш жақсылық көрмеген  жарымжан әкем неден  қапа 
болды тағы?

            -Аға не болды?

            Алдымда  аға, әпке жоқ 
болғанға  ма, әкемді  мен 
аға дейтінмін, ал қарындастарым 
папа дейді.

            -Айнала-ай-а-йын-а-а-й...

Әкемнің  жастығын биіктеп, басын көтердім.

            -Қойсаңшы, аға. Міне, ертең той. Тұңғышыңның
тойын өткізейін  деп отырып, көзіңе жас
алып... жаман ырым шығарып... Әлі-ақ жазылып,
немерелеріңді  ойнатасың.

            Әкемнің  қан-сөлсіз 
ерінінде  болар-болмас  күлкі табы білінді де, басын шайқады.

            -Бәріне
разымын, сенің  тойың  өткенше 
тірі болсам, болды,

қарағым. Әкең саған  разы... Келін 
жақсы бала... Көңіліне қара... Мен сенің шешеңнің кейде көңіліне қарамаушы
едім ғой... Айтпақшы мә, ала ғой, - деп  ол
жастығының  астынан  бір жапырақ қағаз  ұсынды.  - Достарым  көп деп 
шабылушы ең...  алтын екен
жолдастарың. Әлгі почтаның  қағазы екен. - Мынаны қарашы. Әкем  әлсіз 
қу сүйектері  қалған  саусақтарын жазды, боп-боз  қан-сөлсіз 
алақанда  екі жапырақ  қағаз - екі жүз сом  жатты!..

            -Таңат досың  жіберіпті!

Почтаның қағазында  "Үйлену  тойларыңмен. Таңат, Сәбира"

деген 
ғана жазу  бар, ары-бері  қарағанмен 
бір ауыз  артық  сөз 
жоқ, әлдене жетпей, жеріне жеткізіле 
айтылмағандай  әлгіні  ары-бері 
төңкеріп қарай бердім.

            Дәл
баяғы  Таңатқа бергендей жүз
сомдықтардың  екі қағазы... Одан бері алты
жыл  желдей  есіп өтіп те кетті-ау. Ал мен баяғы  екі жүз сом 
хикаясы  туралы жан баласына  тіс жарып айтқан жоқпын. Таңат та ештеңе
демеді, келесі   жылы құрылысшы
отрядымен  барғанда  да мәз 
таппаса керек, ұсына қоймады. Оқуын бітіріп, жолдамамен Қаратауға  кетті. 

            Енді міне...  Тіпті сол екі 
жүз сомды  әкем байғұс  Таңаттың 
тойға қосқан шашуы  деп ұғып,  ағыл-тегіл босап жатқаны...

            -Достарыңнан айналайын... соларға
сүйен,- деді әкем үзіп-

үзіп.
Неге  екенін қайдам  сол екі жүз 
сомға  селт етіп қуанбадым. Қайта
намысыма  тигендей  ме, 
жылқы  майын ішкендей  жүрек басым кілкілдеп  бір жаман әсер берді.

 

***

 

            Тойға Таңаттар келмеді. Сол
жылы  қыста  әкем мәңгілікке көз жұмды.

            Ғұмырнама  бір сәтке 
болса да  саябыр таппай ағын
судай  ағып өте  береді, өте береді. Адам  өзінен 
өзі құтылғысы келсе де, сол өзі болып мәңгілікке  қалады емес пе? Апырым-ау, бұл Таңат
баяғы  сүйектері сыртылдаған  кәужіреген 
кемпір-шалдың  жалғызы емес пе,
тақ-тұқ  етіп, әзер-әзер  оқу бітіргендерін, жетер-жетпес  күнкөрістерін 
ұмытқаны ма? Жым-жылас, жауып өткен нөсердей өткінші  дәурен!...

            Міне, қырықтың  қырқасына 
іліге бере  тұтас  денем 
қақ  екіге  бөлініп, төсекке тас байландым. Жалғыз жүрек
соларды табыстырамын, өмірге  қайта  бұрып 
әкелемін деп аласұрып әуре. Әнеу күні Ермек:

            -Таңат  демалысын 
алып  ауылға келіпті.
Қап-қара  "Волга"

алыпты,
бір қойымды  сойып, қонақ жасадым,-
деген. Содан сарылып  бір ай  күттім ғой. Келетін шығар, досының, әрине  қазір де дос деп ұқса, мына мүшкіл халін
көретін шығар,  біраз болса да көңілімді
сергітер дегенмін.

            Содан бір ай жүріп, бір сағатқа  кіріп-шығуға 
уақыт  таппағаны  ма, апырым-ай! Беу, дүние десеңші, дүниенің  қызығы мен қыжылын басқа  ауыртпалық 
түскенде  ғана  аңғарады екенсің. Сәл тоғайсақ, жайлауға  шыққан малдай 
сыртымыз  жылтырап, бәрін ұмытып
кете баратынымыз қалай?

            Таңат  кейін 
Болғанбаевпен  татуласыпты. Әуелім
Болғанбаев  еңбек сіңірген  архитектор 
атағын  жуған  тойында 
"жалғыз ағам, ауылымның мақтанышы, Алатаудай  пана тұтар панамыз" деп жарты сағат  марапаттап, бетінен  шөп-шөп сүйгенін сырт құлақтан  естіп, 
зығырданым  қайнаған.

            Ал, мен болсам Болғанбаевқа  сәлем 
беруді қойғам. "Сиыршының қиқар баласы сәлем  бермек түгілі өзімді басып  кете сақтайды. "Бөрі  арыса 
иттігіне  тартады" деген  осы да" дейтін көрінеді. Мейлі. Кімнің
аузына  қақпақ  боласың. Бірақ  мына 
мен оның  қандай  жан екенін 
бес саусақтай  білем ғой. Оны көрсем  шартабақтай 
екі бетіне  екі жүз  сомдықтың 
екеуін жапсырып алғандай  жаман
күйге түсемін.

            Соңғы  бір апта 
бойы  өзінің бар жоқ екенін  білдірмей 
сұлу торы  аттай  жорға 
жүріспен бір қалыпты келген 
жүрегім қайта шанышқылады.

            -Сіз бірдеңе  ойлағансыз. Ештеңе де ойлауға, ренжуге болмайды
сізге, - дейді қылдырықтай  дәрігер қыз жүрегімді
тыңдап.

            Қалай ойламассың? Адаммын  ғой. Адам!

Сол
күні  түнде түсімде Таңатты
автобусқа  шығарып салып жүр екенмін
деймін. "Келесі сенбіде келесің бе, келесің ғой, біз сені сағынамыз,
сағына-а-амыз!" деп жатып оянып кеттім.