ВЕРНУТЬСЯ

      Астананың іргесіндегі белуарын шырша мен қарағай көмкерген тау сілемінің біріне орналасқан демалыс үйінің тар бөлмесінде бұйра шашты, қоңқақ мұрын, сүйекті келген Жомарт деген жігіт екеуміз жатамыз. Екеуміз де бір-бір аудандық газеттің жауапты қызметкері болғанымен, қазіргі кезде университетте сырттай оқитын студент қанамыз. 

Кешқұрым жайылып кеткен шашын ұйпалап қойып, көршім сұрау белгісінше иіліп отырып өлең жазады. Сол күзде ол жаңа сатып алған қыры бір елі қалың дәптерді толтырды. Бәрінің де ортақ тақырыбы “Сен” немесе “Саған”. Жазғанын ә дегенде ала жүгіріп оқытпайды, жасырып әуре. Мінезін бес саусақтай зерттеп алғам, оның бұл құпиясы көпке сақталмайтыны бесенеден белгілі. 

Түс ауа лекциядан шыққан соң: 

 -Жөке, шөлдедік қой, Каспийдің дәмі бар ма? – деймін. Ол жымың –жымың күліп, қарынын белдікпен тартып тастаған буылтық сөмкесін ашып, майы сыртына шыққан қызыл балықтың құйрығын шығарады. 

Сыраханаға барып, екі-үш тостақ сыра ішкенсін Жөкеңнің мұрнының ұшына майда-майда шып-шып тер түзіледі. Өзі көңілденіп, желпініп, әңгіме соға бастайды. Ақыры айналып келіп, күндегі әдетінше кеше түнде көз майын тауысып жазған өлеңін екпіндей оқып береді. Сын күте жаутаңдай қарайды, ал мен сыраның бұрқыраған көбігін үрлеп қойып, деканның студентке айтқан ақылындай мардымсимын, кейде көңілі үшін бірерін тұзы татырлық деп баға беремін. Артынан оған “Қыз алдында батыл бол. Олар ержүректерді, ашық айтқанды тәуір көреді”- деймін. Ол тараққа көнбес шашын сипап, үнсіз күлімсірейді. 

***

 Жомарт, Гүлжан үшеуміз де бір курстанбыз. Жомарттың ықыласы осы қызға ала бөтен, іштей күйіп-жанады. Бірақ соны ептеп сездіруге келгенде су жұқпайтын сынаптай нәтижесіз. Артық сөзі жоқ, тоң-торыс отыратын жігітке кім жалпақтай қойсын? Әйтеуір ебін қиюластырып, бірде екеуін әдейі ертіп шықтым. Ағаштардан аткөпір жапырақ төгіліп, тротуар бойын араб кілеміндей түрлендіріп тастаған. Сәлден соң қыз жігітті оңаша қалдырып, басқа көшеге бұрылып кеттім де, такси ұстап демалыс үйіне тарттым. 

Жомарт кешке дейін келмеді. Түн болды, жоқ. Таң атты, жоқ. Ертеңгісін сабаққа баруға қамданып жатсам тасыр-тұсыр кіріп келді, сақал-мұрты тақырдағы сексеуілдей тырбиып өскен, өңі қашқан тек көзі күлім-күлім етеді. 

 -Ау, Жөке, не болды?

 Ол миығынан күлді де, төсекті солқ еткізе отыра кетті.

Ешкімге айтпауымды ескертіп, болған жайды қысқаша баяндай жөнелді. 

 Бәрі де кинодағыдай. Қыз мұның өлеңдерін естіп таң-тамаша қалыпты, ол да шет жағасын сезеді екен. Тысы бір елі қара дәптерді оқып беріпті де, бойжеткенін құшыпты. 

 Сол түні сыртта болып, келер таңды қарсы алуға келісіпті. Қуанышқа әрі жылынуға деп жеміс шарабынан екі бөтелкені қалтаға салып, ішетін орын іздейді. Ақыры орталықтағы сәкілердің біріне жайғасыпты. Қыз ішпепті, тек екі-үш ұрттауға әрең көндірсе керек. Өзі екеуін қотарып, көңілдене әңгімелесіп отырғанда қайдан сап ете қалғаны белгісіз, милиция қызметкерлері келіп, босаған бөтелкелерді көріп, әрі мұның қызулығын байқап, ай-шайға қарамай машинасына отырғызады. 

 - Ол кінәсіз, мас емес, кешіріңіздер! – деген Гүлжанға қайта өзі тоқтау айтыпты. Қыз алдында кеудесін даладай кең ұстаған Жәкең талтаңдап алға түсіп кете барады. Ленин ескерткіші түбіндегі орында арақ ішті, мас болды деп айықтырғышқа түнетіпті. Айыбын төлеп, әрең босанып шығыпты. 

 Ол бөлмеде демалуға қалды да, лекцияға жалғыз тарттым. 

Гүлжанды абажадай коридорда жолықтырдым. Ақшыл өңі дуылдай құлағына дейін теңбілдене қызарды. Лекция үстінде есік жаққа жаутаңдай қарап дегбірсізденіп отырды. Үзілісте жаныма келіп естілер-естілмес:

 -Ол қайда? – деп, сыбыр ете қалды. 

Атын атап айтуға жүрегі дауаламады, жүзін төмен салды. Әне тағы қызарды. 

 -Үйде демалып жатыр. 

 Ол тез бұрылып, жігерлі адымдап кетіп бара жатты. Содан екеуі жұбын жазбайтын болды. Алатаудың қызы мен Каспий бойының жігіті Алматы күзін тамашалап, ұзақ серуендейтін. Киноға, театрға барарда жандарына қоқайтып мені қосып алады. 

***

 Дәл үшінші курсты тамамдар тұста екеуі нілдей бұзылды, тырс етіп, үндесуден қалған. 

 -Жөке-ау, айтсаңшы не болғанын? 

 Алпамсадай жігіт төсекті сықырлатып, теріс қарап жатып алады. Екі күн бойы сірескен соң Жөкеңді әрең көндіріп, базардағы сыраханаға апардым. Екі-үш саптаяқтан соң Жөкеңнің мұрнының ұшына көп тамшылар тізілді. 

 -Шарап ішейікші. 

 Оның ұсынысына құлдық ұрып, болғарлық шишаны әкеліп, тығынын әзер суырып аштық. Бәрібір көңілі сергімеді, салыңқы қабағы кіржиіп, ашылсашы. 

 Төңірек тұнжырай қалыпты, сидиған ағаштардың соңғы жапырақтарын жұлып әкеткісі келгендей жел екіленеді. Сұп-суық.

 Жәкең күбірлей бастағандай болды, өлең оқиды-ау. 

 -Жеңімнен тартып, өзіне қаратқаны. Беті алкүреңденіп, үлкен танаулары таңырая қалыпты. Көзі тіпті өзгеше. Мен мәңгі білмеген де көрмеген, қанша қарасам да байқалмаған жанары жанып тұрды-ау. Жаурағаны ма, жоқ жан-дүниесінің сілкінісінен бе, безгегі келген жандай дірдек қағады. Күлуге шақ қалдым да, тыйыла қойдым, “Мұндайды тәлкек етуге болмайды” деген ой осып өтті. 

 -Жоқ, сен айтшы, ашығын айтшы?..

- Жөке-ау, ол сен дегенде үзілуге шақ қалады ғой. 

 -Ендеше оныкі не мазақ?  

 Ол жер сілкінгендей теңселіп, қолымен ауа қарманып, жантайып бара жатқан соң, жалма-жан сүйеп алып қалғаным. Екі-үш қадам жердегі сүметілген ағаштың аясында орындыққа әкелдім ептеп. Жабылған бәкідей жазыла алмай отырып қалды. Күзгі жапырақтай қалтыраған иегіне, түтіккен бетіне қарап зәрем ұшты. 

 -Не болды, дәрігер шақыртайын?

-Кер-рек жо-оо- оқ!

Ол тістене осылай айтты. Сәлден соң сәл-пәл еңсесін көтеруге жарады. Оң қолымен төсін уқалай береді. Қар аралас жаңбыр сылп-сылп жауа бастады, ауаның суытуы осы қарға көрінген екен ғой. Ол кеудесін кере тыныстап, біраз есін жиды да, түрегеліп жолға түсті.

 -Бейсенбай,- деді пальтосының көтерілген жағасынан су-су бұйра басын созып. – Ол неге түсінбейді? Келер жылғы осы уақытқа дейін қалай шыдаймыз? Қалай?

 Жөкең екіленді, қызулана келе бәрін жайып салды. Кәрі-құртаң әке-шешесі бар, енді тездетіп келін түсіру керек. “Төрімізден көріміз жақын, жуық арада келін түсіресің бе, жоқ па?” деп шал-кемпір ертелі-кеш құлағына тыныштық бермейді. Қыз іздеп көріп еді, тапты ғой. Тапқанда қандайы десеңші! Ал ол қызы “Әзір осылай жүре тұрайық” деп, ат-тонын ала қашыпты. Енді не істемек?

 Мұндайда көсемси жөнелу де қиын, бірдеңені ушықтырып алуың мүмкін. Үндемедім.

 Жаңбыр қойып, қар жапалақтады. Үлбірек аққылаулар жерге түсісімен еріп, шолпылдаған көлшіктерді молайтуда.

 - Жүрегім бұрыннан ауыратын. Әкем мен шешем және үш жасар інім аудан орталығында мені интернаттан алып қайтуға жеке меншік машинасымен келген. Онда оныншы класта оқитынмын. Қайтып келе жатып, машинамыз қарсы келе жатқан тракторға соғылып, бәрі тіл тартпай кетті. Әлі таң қаламын, төрт мүшем дін аманмын, тек мылжа-мылжасы шыққан өліктерді көргенде ауық-ауық тала беріппін. Содан бері жүрек дегенің анда-мұнда өзінің бар екенін өстіп сездіріп қояды. Ал, кемпір-шалды сол қайғы әбден сілелетіп тастады, ендігі соңғы үміті – мен.

 Көп қылжаққа салып, қалжыңдай беретін Жомартым сап-салмақты суық дауыспен осыны айтқанда менің де жүрегім дүрсілдей соға жөнелмесі бар ма? Егер де сол жол апаты болмаса, сол қасірет мына бұйра бас досыма бұйырмай-ақ қойса жүрегі ауырмас еді. Гүлжан екеуі қалаған кезде үйленер еді-ау…

 Қой болмас, бұларды қосу керек екен, мына жігітті жүнжіте бермей, жүрегінің ұстамасын жиілетпей, солай еткен жөн болар. Осы қорытындыға бекем бел будым. Әйтеуір екеуін самолетке бір отырғызсам...

 Жөкең емтиханнан ұшып түскен, оқуға мұршасы болмады. Ол үшін емтихан қып-қызыл машақат. Тапсырып шыққанша берекесі кетіп, моншаға түскендей қара терге шомылып, біліп отырғанын ұмытып қалатын жаман әдеті бар. 

Ертесіне құлаған емтиханын тапсыруға кіріп еді, іштен өрт сөндіргендей түтігіп шықты, жолы болмады-ау деп шошып едім, жоқ үшке ілініпті. 

 Сыраханада отырып жоспар құрдық. Гүлжан кеше ауылға қайтып кеткен. Ақыры нар тәуекелге көштік.

   

  ***

 Әйдә деп такси жалдап Шелекке тарттық та кеттік. “Шешінген судан тайынбас” деген ой. Шелекке жақындаған сайын Жөкең емтихан тапсырардағыдай қызарақтап, шүмектей терлеп, божырай бастады.

 -Ай-шайсыз үйіне не деп барамыз? Әке-шешесінен ұят тағы?

 Ішімде боран соғып өткендей, бойымды әлдебір үрей билегендей. Дегенмен, қарсы тұрып, сыр бермеймін. Адам тұрмақ біреудің тауығын ұрласаң да жауапқа тартыласың. Біздікі тым асыра сілтеу емес пе? 

 Адрес бойынша қиыршық құм төселген жолмен селоның шетіндегі шатырлы үйді қиналмай таптық. “Сен кір, мен кірмен” сәл-пәл кідіріп, ақыры аласа қақпаны аштым. Аулада ит көрінбеді, ақырын басып, ағаш үйдің есігін тықылдаттым. Есікті бөтен кекілді қыз ашты. Мен әке-шешесі болмаса деп едім, ол тілеуімді беріпті. 

 - Гүлжан … бар ма екен? 

 - Қазір, - деп кекілі жалбыраған сары қыз жүгіріп қайтып кіріп кетті. 

 Үлкен-үлкен гүлді қызыл халат киген Гүлжан шықты. 

Сенер-сенбес пішінмен басымнан аяғыма дейін түгел қарады да: 

 - Қайдан жүрсіз адасып? – деп қайталай берді. -Үйге кір! 

 - Кім бар үйде?

 - Біз … сіңлім екеуміз.

 - Онда Жөкеңді ертіп келейін. 

  ***

 Таксист ұзақ күте алмайтынын айтып қиналған соң, жолақысын ұстатып, қайтарып жібердік. 

 Үн-түнсіз үйге кіріп, шешініп, отырдық. Екі альбом әкеліп берген, соны ақтарыстық. Созып пісірген дұнған кеспесін іштік, құйған арағын да қиналмай көтереміз. Жөкең тілін жұлған қоңыраудай үннен айырылған. 

 Бағана есік ашқан кекілі жалбыраған сары қыз Гүлжанның тете сіңілісі – Торғын оныншы класта оқиды екен. Әпкесінің алакөзденгеніне қарамай ерке мінезбен жанымызға отырып, Жомартқа альбомдағы суреттерді таныстыра бастады. 

 Қарға адым күн де батып, ымырт үйірілді. Торғын далаға шығып кеткенде өз-өзінен қысылып жүрген Гүлжанға: 

 -Жинал тез, біржола алып кетеміз Атырауға! – деп, қойып

 қалдым. Тура біз келіп сау ете түскендегіміздей таңданды да қалды. Сосын кішкентай болғанымен өзіне жарасымды мұрны жиырылып, кеудесі көтеріліп басылып, екі беті ақ қағаздай бозарып, сұлқ отырды да қойды. 

Жөпелдетіп айтып жатырмын, айтып жатырмын.

 -Бүгіннен, дәл қазірден кешіктіруге болмайды, міне самолеттің билеті 

де қалтамызда, тек тездетіп жүріп кетуіміз керек. Әйтпесе…

 Жөкең орындығына шөгіп, сіңіп кеткен. Мөлиіп қарайды, үн жоқ. 

 -Әй, айтсаңшы Гүлжанға жүр деп!

 Арақтың да қызу шарпуы бар, қыздың үндемегені де көңілге медет.  

 -Гүлжан … жүрші … біздің ауылға-а!

Жомарт осыны жалынышты үнмен үзіп-үзіп әрең айтты, пора-порасы шығып тер көміпті. 

 Бөлме іші қараңғыланып барады, ешкім тұрып шам жақпады. Үшеумізге де жарықтың қажеті жоқ сияқты, адамдар қараңғыда еркін, ұялмай жақсы сөйлеседі.

 -Жомарт, мен саған жауабымды әнегүні кесіп айтпап

едім?

 Күйіп кеттім, бағанадан бері айтқан әңгімем желге ұшқаны ма? Ат арылтып әдейілеп келгенде мұнысы несі бұлданып? Қадалып қатты сұрадым. 

 -Жүрмейсің ғой бізбен?

 -Бара алмаймын, түсінсеңдерші…

 -Жүрмейсің ғой?

 -Бейсенбай, сен түсінші…

 -Мұнда түсінетін ештеңе жоқ. Жаңалықтың бәрі ашылған. 

Жүресің бе, жоқ па? 

 -Бара алмаймын …

Шырт ашуға ерік бердім, даусым да көтеріліп кетті. 

 -Тұр, Жомарт! Кеттік, қалаға, рахмет, бәріне рахмет!

 Сөлбірейіп иығы түсіп, Жөкең соңымнан ерді. Дәлізде бәтіңкемізді киіп жатқанда Торғын кіріп келіп жатып жабысты.  

 -Ағалар-ау, түнде Алматыға қайтіп жетесіздер. Демалып ертең қайтпайсыздар ма? – Үріккен тайдай селтиіп тұр, бізді жібергісі жоқ. Ұйпаланған кекілінен сипадым да: 

 - Қош бол, қарындасым. Күтусіз қонақ осылай қадірсіз болады, дедім. Торғынның көзі жапақтап қала берді, Гүлжан шамы жанбаған қараңғы бөлмеден аттап шықпады, бізге қош деуге де жарамады. 

 Көшеге шығарымызды шығып алып үй жаққа алаңдап, күбіжіктеп кідірдік, қазір-қазір Гүлжан соңымыздан жүгіріп шығып, бізді шақырады, жанымызға келеді, ең болмаса жөндеп қоштасармыз-ау деген үмітпен ағаш үй қақпасына телміреміз. 

 Дірдектеп, көп күттік.

 Жоқ, ол келмеді.

 Жанар-жағар май таситын бір машинаға мініп қалаға дел-сал күйде қайтып кеттік. 

***

 Ертеңіне Жомартты шығарып салуға аэропортқа бардым. Кешегіден соң Гүлжан жөнінде жақ ашпағанбыз. Ұшар алдында ғана былай дедім: 

“Игіліктің ерте-кеші жоқ” деген, хат жаз оған. 

Жауап бермеді, терең күрсінді де, қолын сілтеді. Ақылымды жақтырмағаны. Қазбалап ары апармадым. 

 Көк сүйір самолет жерден көтеріле берді. Ішінде кеудесін сағыныш мұңы буған аңқылдақ досым бұлттарды бөктерлеп Атыруға ұшып барады. Ол төмендегі жер бедерінен Шелек деген ауылды, ондағы шеткі көшедегі Гүлжан деген қызды іздеп төменге көз тіккен болар…

***

 Екі жұмадан соң хат келсін, Жомарт үйленіпті! Гүлжанға емес, әрине. Бөтен қызға. Дарияның арғы шетінде тұрады дейді. Мен дария дегенін әлі көргем жоқ, өзенді солай атайды-ау деймін. Таң тамаша қала жүріп, құттықтау телеграмма жібердім. 

 Он айдың жүзі болды – ау дегенде ұлды болып, атын – Бақыт қойыпты. Тілдей хатында осыны ғана жазыпты. Артық-ауыс сөзі жоқ. Жомарттың күрт шешімге келіп, үйлене салғанына айран-асыр болдым. Сан-сапалақ ойларға беріліп, “неге?” деген сұрақтың шешуін таба алмай қиналдым. 

 Ана қаусаған қарттардың қолын жылы суға маламын деп осылай бел буған-ау, шамасы. Сонда өзін, өзіндегі әлдилеген сезімі қайда? Оны құрбан етуге дәті қалай берік болды? Жоқ, әлде Гүлжанға ерегісіп, намыс буып, әдейі үйлене салды ма екен? Жарық дүниеге жаңа келген жүрек жарды тұңғышының есімін тірлік тауқыметінен қысылмай өтсін, бақытты болсыншы деген ниетпен Бақыт қойған шығар. 

 Енді аз күнде сессия, сонда кездесіп бәрін жіліншігіне дейін шағып, біліп алармын. Гүлжанмен кездесуі қалай болар екен? Екеуіне дәнекер де, кейін шытынаған сынаға да себепкер едім. Былтыр осы мезгілде бір-біріне өліп өшетін екі жас, тосырқап мүлде жат болып кете барар ма? 

 “Өмір доңғалағынан жұлқынып шыға алмадым, үйленіп тындым. Өлмелі кемпір-шалдың қуаныш-ниетіне бола тағдырымды теріс айналдырдым. Өзінен көрсін кеттік, деп тұрғанда қол ұстасып жүре бермеген”- дер Жөкең. 

 “Махаббат кепілі – күту, сағыну. Міне, бір жыл да ұршық басындай зыр етіп өте шықпады ма? Күтуің керек еді. Жақсы жандар, көңілінде кіршік тұрмайтын жандар кешірімді келеді. Сүйе білген түсіне де біледі”- деп Гүлжан ақталар. 

 Жапалақ-жапалақ жауған ақша қар астында екеуі екі айырылар, содан мәңгі сөйлеспес, ақтық әңгімесі осымен тәмәмдалар. Осынау екі ғұмырдың бар ұяты мен арын арқалаған тірі куә мен қалармын қайсысына қалай деп ақталарымды білмей.  

***

 Сессияға екі күндей кешігіп келдім. Редакторым аяқ астынан ауырып, уақытша орнына қалып, газет шығаруға басшылық етуге тура келді. 

 Ниеті мен көңілі ортақ бір мүддеге тоқайласар жандар топ құрып, етжақын араласады, алыс кетсе оларды сағынасың, кей-кейде ойыңа оралады. Мына сырттай оқитын елу студенттің ішінде досың да бар, әуелі әлденелерге бақталас болып, пікірің қайшы келіп, тобықтан шалғысы келер қарсыласың да табылып қалған. Елдің бәрі саған ұнауы, сен елге түгел жақсы көрінуің мүлде мүмкін емес қой. Шәлкес мінезі үшін біреуі саған жақпайды, өзіңнің қылығың біреудің жүйкесіне тиіп тұрады. Көңіл жақындарың талантыңа бас ұрса, әлгі қарсыласың түп-түгел жоққа шығарып, нөл қояды. 

 Солайы солай болса да, жыл он екі айда бір-ақ болатын сессияда курстастарыңмен кездесу деген бір мәртебе! Езуіңді жимай бәрімен қос қолдап амандасасың, тіпті кейбіреуімен сілкілесе құшақтасып, арқадан қағасың. Бұл да бір рахат дәурен-ау!..

 Жағалай сәлемдесіп келе жатып, Жөкеңді іздеймін. Сүйекті денесін шалқайта ұстап, риясыз күліп қайда тұр екен?

 Былтыр бір қызық болғаны бар. Алдын-ала Жомартқа балықтың уылдырығын алып кел деп, таптап-таптап хат жазғам. Өмірі шалқыған көл, айдынды өзенді көрмеген таулы өлкенің баласы бізге ол таңсық, дәмін татсақ деген дәме.

 Уылдырықты алып жүру – қылмыс көрінеді. Жөкең қағазға орап, білегіне таңып тастайды. Аман-есен алып келіп тұшына татып көрдім, ал Жөкеңнің үсті-басынан сол сессия біткенше балық иісі моншаға талай мәрте түссе де сіңіп кетпей қойды. Ол жылма-жыл кептірілген балық әкеледі, сыра үшін таптырмас тістеме. Мынау пәлен деген атақты да бағалы балық деп марапаттап жатады, бізге қызылы не, жоқ ана магазиндегі тұздалған көк балығы не, бәрі бір сияқты. Биыл да сөмкесін толтыра әкелген болар-ау.

Жүзі сынықтау көрінген Гүлжан соңғы партада жалғыз отыр. Сәлеміме ернін болар-болмас қимылдатты. Өңменімнен ата қарады, бойжеткеннің көзінен ызғырық ашу, жеккөру мен кекті байқадым да жүрегім май жұтқандай кілкіді. Тез бұрылып кеттім, жек көрмегенде қайтсін, екі оттың ортасында қалдым-ау.

Аудиториядағы бүкіл курстастарыммен сәлемдесіп үлгермей жатып шаңғарақтай қара көзілдірік таққан оқытушымыз кіріп келді.

Жан-жағыма алай-бұлай қараймын кеп, әлгі серейген Жөкең қайда жүр-ай деп. Әлде Гүлжанның алдында күнәһар сезініп, лекцияға көп қатыспай жүр ме?

 Артыма бұрылып, соңғы партаға көз салдым. Гүлжанның жанары боталап, кірпігін қамастырған күйі елжіреп, әлденені ойланған пішінде ту сыртыма тесіле қарап отыр екен.

Иә, оның есіне алатындай, өкінетіндей жөні бар. Жүрегіме у тамызып жібергендей шым ете түсті.

 Бәдуан деген бірге отырған жігітке тілдей қағазға “Жөкең қайда” деп жазып бере қойдым. Ол маған бағжая қарады, жүзінде таңданыс.

 - Ол - өліп қалыпты!..

Мұны естігенде көпке дейін дел-сал, ой-жүйемді жинап өзіме келе алмадым. Опат болған әке-шешесі мен бауырларының жанына ерте жетуге неге асықты екен? Ана атасы мен әжесі қабырғаға сүйеніп, бұл өмірде екі өліп, шаштарын жайып, қара жерді сабалап қалды-ау. Ешнәрседен қаперсіз борп-борп емген сәбиін қарап, бесікке асылып жары қан құсқан шығар.

 Лекциядан жүрегім ауырып отыр деп сұранып шығып кеттім. Дүние әппақ. Әппақ-әппақ қар қылаулап қонып жатыр, үздіксіз қонып жатыр. Былтыр дәл осы мезетте бұны шашуға балай-тұғынбыз.

 Сенің қалқайған бейітіңе сүйектері сыртылдап қарт атаң мен әжең келіп, ботасы өлген інгендей боздар-ау, саусағының көбесі сөгілгенше қарды аршып, жас топырағыңның үстіне тала құлар. Жесір қалғанына сенер-сенбес жас келіншегің де көгергенше талықсып жылар. Үшеуің, үш мұңлық жан серіктесіп, селбесіп үй мен бейіт арасын жалғыз аяқ жолға айналдырарсыңдар.

 Сал-сал болып үйге кіргенде пеш түбінде ешнәрседен хабарсыз балбырап құйып қойған әкесіндей кішкентай Бақыт уілдеп қуана қарсы алар.

 Алма-кезек бөпенің бетінен сүйіп, мауықтарын басысып, айналып-толғанып, шаңырақтың күнделікті күйбеңіне кірісер, сәби қуанышы бірте-бірте олардың бойларына тарар, тірлігіне тірек болар-ау сол Бақыт күлкісі. 

***

 Сенделіп жүрдім де қойдым. Біреу жаймен жеңімнен тартты. Гүлжан екендігін көргенде таңырқамадым, жек те көрмедім, бейтаныс жандай самарқау бұрылдым. Басында орамал жоқ, тарқатылып кеткен бұрымы су-су, иығына пышақ сыртындай қар түзіліп тұрып қапты. Сөзге кеп үлгергенімше басын кеудеме салып, өксіп-өксіп қоя бергені, денесі солқылдап, иығындағы қар үлпілдеп құлап жатты. 

 “Жыла Гүлжан, мына тағдырдың саған деген адал махаббатын қимағанына, көкейде қалған көп сұрақтарына шешуін таппағаныңа, кей адамды тірлігінде қадірін танымайтынымызға көз жасыңды төкші бір.

 Мен де тығылып тұр едім, саған қосыла ақ жүрек досым үшін егілейін, осылай екеулеп жоқтайықшы. Табиғатынан таңдантып келген жан еді, бізді де таңдантып кете барыпты. Мүмкін ажал деген қадамдай таяу қалғанда сені, сенімен бірге өткізген базарлы күндерін ойлап өткен шығар!”

 Махаббат дегенің дәл осылай жылатады да еңіретіп.

 Сен егер былтыр қол ұстасып Атырауға кете барғанда, Жомарт мүмкін ауыр науқасқа ұшырамас па еді. Ауыр ой адамды жегідей жейді. Өзі ақаулы жүрек кеудені жарып жіберердей дүрсілдеп қоя берген. Сағыныш пен қасірет буған сорлы жүрек тіл астына қойған кесек дәріге бой бере ме? 

 Ақыры есіл жігітті алып ұрып, әкете барды. 

 Мәңгілікке әкетті…

 Мәңгілікке!..

 - Ол саған ештеңе деген жоқ па? Соңғы рет…

Гүлжан жұлып алғандай осы сұрақпен маған жәудірдей қарады.  

 -Жоқ!

 Енді не дейін? Бұл жерде артық сөз алмас қылыштан да ауыр. Мына жаралы гүлді жазалай бермеймін, тіршілігінде түсініспеген жандар еді, енді не қайыр? Бәрі кеш. Әсіресе шуақты сәтті өткізіп алсаң уақыттан қымбат ештеңе жоқ. Өкініш уытына қанатын күйдіргеннен не түседі? Өкінбес үшін махаббатпен ойнамау керек, тәлкекке айналдырмау керек. 

 Отпен және махаббатпен ойнауға болмайды. 

 Мен үндемедім. 

 Қыз тық-тық басып жауып тұрған қар астында бұрымы тарқатылған күйі ебіл-себіл жылап, жалғыз кетіп бара жатты…

 Жалғыз…

***

 Автобуста ел ығы-жығы. Көбісі базарға баратын жұрт. Тұздалған балықтай кептеліп қалдық. Қарсы алдымдағы қыз бажылдай жөнелді. 

 -Соқырмысың, қарамай ма аяғына, не деген көргенсіздік!

 Жол тастақ, сілкіп-сілкіп қалғанда аяқ тіреп тұрар жер таба алмай қаласың. Артымдағы әйеліме орын ығыстырып, торларын көтеріп алғам. Өзім де бұл ауылға қонаққа келгем, енді зықым шығып Алматыға жеткенше тік тұрып баратын түрім бар. Мені қойшы, аяғы ауыр келіншегіме қиын болды-ау. Оның үстіне мына біреуі шаптыға айқайлайды-ау тағы.

 -Ағай сәлеметсіз бе?

 Жаңағы бажылдақ қыз қарамасыма қоймай иығымнан 

түрткілейді. Ажырая қарадым, дегенмен дәл кім екенін анық танымадым, оның үстіне мынадай жерде әңгімелесуге де, білуге де құлық жоқ. 

 -Торғынмын ғой, аға. Гүлжанның сіңілісі. 

 Есіме сап ете түсті, ә, әлгі жалбыр кекілді ерке қыз ба едің? Түрі ептеп толып өзгергенімен, мінезі сол баяғы қалпы. ЖенПИ-дің филология факультетінің студенті болыпты. Ашық, салдырлап сөйлеп келеді. Келіншегім бұл қай қыз дегендей, мойнын созып-созып қарап қояды. 

 -Дәл сол жолы сіздер Гүлжанды алып кетулеріңіз керек еді-ау. Екеуіңіз екі жақтап желбіретіп қолтықтай жөнелсеңіздер, меніңше тартынбас еді. Көкезуленіп сөйлей бердіңіз, сөйлей бердіңіз. Қызға үйден шығудан артық қиын не бар? Түсіндіңіз бе? Немесе ана көрші үйге қонаққа кеткен әке-шешемді шақырып, осылай да осылай, ақ батаңызды беріңіз десеңіз, о кісілер де қауынша жарылмас па еді, ә? 

 Бетіме қарайды сұраулы кейіппен. Гүлжан да сөйтуші еді. Қарадан қарап қысылғаным. Бар кінәні Гүлжанға артып торсаңдай жөнеліппіз-ау. 

 Біздің әңгімемізді сол күні есік сыртынан бәрін-бәрін естіп тұрыпты. Жомарт ә дегеннен өзіне ұнапты. “Жездемнің сол екенін бірден сездім” дейді. 

 Үйден шыға жөнелісімізбен Гүлжан төсекке барып жатып алып, ертесіне кешке дейін тұрмай қойыпты. Жомарт үйленгенін естігенде оңашада қатты мұңайыпты. “Кейін ол аға өлді дегенде, өзім де қосылып жыладым”- дейді Торғын. 

 Сыбыр-күбіріміз көбейіп бара жатқан бізге келіншегім ала көздене қарады. 

 - Сіздер кеткен соң далаға шықсам үркер туыпты. Күн сондай ашық болды ғой. Ап-анық жарқырап көрінді-ау, ап-анық. Содан бері үркерді көрсем Жомарт ағай есіме түседі- деді қыз күрсініп. Оған Жөкеңнің Бақыт деген ұлы барын айттым. Автобус та жетер жеріне жетіп тоқтапты, қыз түсіп қалды. Қоштасып жатыр қолын бұлғап. “Гүлжанға сәлем айт” деуге де шамам келмепті-ау, қазір ол қайда екен?

 Үркер дейді-ау…

 Енді ылғи алқара аспаннан үркер іздермін, күннің ашық болуын тілеймін, үркерді көрген сайын Жөке сені, сенің шалқыған сезіміңді, бұлдыр-бұлдыр қалып бара жатқан жастық шақтағы сон-ау күндерді еске алармын. 

 Уілдеген сүт иісті Бақыт есімді бөбегің қаз басып жүрмей жатып-ақ жетім атанды, келе-келе ол да әкесін жоқтап, қам көңілденіп, оңашада талай ойға батар, есейген сайын аялы әке алақанын, әке ақылын сағынар-ау, ол кісі қандай болды екен деп қиял бесігіне бөленіп, көрер таңды кірпік айқастырмай атырар. 

 Есің кірген шақта ауылыңа барып, дарияның бергі шетінде өзіңмен қатар тұрып, үркерлі түнде әкең туралы ұзақ таңға айтармын, Бақыт… Әкеңнің досын көр де, өзін көрші сол үркерлі түнде…