ВЕРНУТЬСЯ

       Қабағы қалың суық күз. Мұздай жауын мезі етіп, бөлме іші азынап тұр. Әншейінде топырлап жүретін интернат тәрбиеленушілерінің бәрі дерлік демалысқа үйлеріне сұранып кеткен. Шөмиіп, от жағылмаған бөлмеде дірдектеп қалғандар таза жетімдер мен әке-шешелері жер түбіне көшіп кеткен қойшы балалары. 

 Сол каникулда ұлдар жақтан: Әбу, Рахмет үшеуміз, ал қыздардан Айнаш пен Шәрбанкүл қалды. Шәрбанкүл – Дегерес ауылынан, ағасы Жеңіс екеуі тұттай жетім. Екі жас үлкен ағасы Қордайдағы техникумға түсіп кеткен. 

 Ұзыннан-ұзын сыриған барақ үй-интернат, оның бір жақ шетінде ұлдар, қарама-қарсысында қыздар тұрады. Ортадағы кішкентай дәлізде түнге қарай күзетші Алмабек шал ауызы опырылған контромарка дейтін қара пешке түтіндетіп от жағады. 

 Кешкі астан кейін қарауыл Алмабек шалды үйірсектейміз. Сапсиған ыс шалған сақалын сауып қойып, газетке саусақтай жуан етіп ораған махоркасын рахаттана бұрқыратып тартып отырып, майын тамызып, әңгіме айтуға шебер. 

 Пештің алды жып-жылы. Ескі аңыз, батырлар жайлы сан түрлі хикаяларды сұмдық жақсы көремін. Қақылдаған қара суық бөлмеден гөрі ағаш тасып, от жағысуға көмектесіп жүріп, Алмабек шалдың әңгімесін тыңдау қандай ғанибет! «Қарамерген баласы Жоямерген» жайлы махоркасын түтіндетіп, анда-санда тық-тық жөтеліп қойып күзетші ертеде мына Қақпатаста болған оқиға деп майдай ерітіп аңызды айтып бітірді де: 

 - Қой, балалар, демалыңдар. Кәрі шалдың мылжыңдаған әңгімесі бітпейді. Мәссаған, мына Әбу пырылдап ұйықтап та қалыпты ғой, жатыңдар қарақтарым, - деген соң екі қыз өз бөлмелеріне, біздер тастай суық төсегімізді жылыта алмай, кетіп қалған балалардың одеялдарын үстімізге қабаттап жауып жатып қалдық. Денем қалтырап, дірдектеп көз іліндіре алсамшы. 

 Қарауыл тық-тық жөтеліп, қақырынып қойып, сыртқы есіктің ілгегін салды, бізге кіріп, аспалы шаммен бір қарап шықты да, өз орнына барып жайғасты. Сәлден соң шалдың қорылы естілді. 

 Биыл Құдай қаласа, мектеп бітіремін, ал Айнаш пен Шәрбанкүл бізден бір сынып төмен оқиды. Шәрбанкүлдің ағасы Жеңіс екеуміз дос болдық, өзі менен екі жастай үлкендігі болғанымен бір – бірімізді түсініп, көп сырласатынбыз. Ол қарындасы екеуі тұттай жетім. Шәрбанкүл – интернатта қалды. Сары, толықша келген домалақ бұл қыздың алтындай құлпырған шашы қандай, оны кейде жуан бір өрім, кейде қос өрім ғып жіберіп қойғанда алтынкүрең арқасында сиқыр әлем еркелеп бара жатқаны қандай?.. Шашы ғана емес өзі де тұп-тура толған айдай алқызыл өңді, қалың қасы қиылған, қаны сыртқа теуіп тұрған әдемі ерінді, кекілі үлп-үлп еткен, қыр мұрыны ерекше жарасымды-ақ. Жымиып күлсе оң жақ бетінің ұшында пайда болатын шұңқыры – ешбір қыз баласында жоқ-ау!.. Көзі ше, көзі деген тұп-тұнық судай, пәк, таза, әрі ғажап сыршыл, кейде мұңая ма, қалай өзі? Ұялса, екі беті албырап, қызарып, тіпті жайнап кетеді. Біздің жақта күз түсе бағбандар апортын жинайды, сол күнге піскен жас баланың басындай қып-қызыл апорт алманы көр де, Шәрбанкүлдің дидарын көр! Солқылдаған бойжеткенге не кисе де жарасып, құлпырып кеткенде – бүкіл бозбала, қырмасақалдар аузын ашып, таңдайын қағып қалады-ақ.

 Қордайға техникумға кеткенде ағасы Шәрбанкүлді таптап-таптап табыстап:

 - Нариман, сенің ақылың көп жігітсің. Екеуміз доспыз. Қарындасым ата-анадан тым жас қалып еді, жылатпай өсіремін деп әке-шешемнің әруағы алдында ант етіп едім. Енді саған аманат, қарындасыңды оң көзіңмен қарай жүрші,-дегенде басымды изей бергенмін. Ағасы жиі-жиі хат жазып, хабарын біліп тұрады, мен де Шәрбанкүлге шаң жуытпай сұқтанған бозбалалардан қызғыштай қорғап кеп жүргенім.

 Маған сүйеніп, қолтығымнан алып, періштедей болып, күлімсіреп еркелегені қандай, құлағыма сыбырлап, әлденені сыңғырлай күліп айтқанда бүкіл ер балалар іштеріне өрт түсіп, қызғанғандары қандай!.. 

 Бүгін далада алқын-жұлқын құйын жел соқты да, терезе әйнектері сықырлап, барып, жел көтеріліп, сытыр-сытыр жаңбыр жауа бастады. Бүкіл сары күз түскелі аспан асты безеріп, дым тамбай, әлем шаң көтеріліп, жер кеуіп, шаруалар көкке телмірген. 

 Мына жауынды-шашынды суық күзде сонау Қаншеңгелдің аржағындағы қалың құмның ішінде қой бағып отырған әке-шешем қайтіп жүр екен!? Жүрегім елжіреп, оларды сағынғаным-ай. Титтей қарындастарым қандай болды, былдырлап шауып жүрген шығар? Жаздай жайлауда болады да, қойшылар күзге салым, төмен сонау аткөнге – алысқа бұйра-бұйра қалың қызыл құмның ішіне көшеді. Оларға тек қысқы демалыста – Жаңа жылға ғана барамын. Міне, әзірейілдей болып қыс түсіп келеді, аяғымда етігім, үстімде - пальтом, басымда - тұмағым жоқ. Әке-шешем пұл беріп жібереміз деген, күте-күте көз талды, әлі күнге жаздық киіммен дірдек қағып, бүрсеңдеп жүргенім. Жетім балаларға интернат күзге, қысқа деп киім-кешек үлестіріп беріп қойған, оларға жып-жылы, рахат. Ал, менің жеңіл сандалымның жұқа табанынан қапқан суық шекемді шағады. Міне, жаңбыр жауды, енді не істеймін? Біріне тартсаң, біріне жетпейтін тірмізіктеген қу өмір! Әкем, қанша бейнеттенсе де колхозға белшесінен қарыз. Жіліншігі ашылған тақыр кедейлік пешенесіне жазылып қалғандай ғұмыры жоқшылықпен өтіп барады. Соқталдай жігіт болып қалған интернаттағы ұлына киім әпере алмау не деген қорлық! 

 Қайран менің жалындаған өрттей сол бір балдәурен шағым - уға матырылған гүлдей - қамкөңіл, жаутаңкөз, тілеуғұмырым, іштей өксумен өтті ғой... Сол бір жоқ-жітік күндерімді ойласам әлі күнге дейін қабырғамды аяз қарып, екі аяғым мұзға қатқандай күй кешемін-ай...

 Қыстығып-қамығып жатып-жатып тырс-тырс тамған жауын саябырсығандай болғанда көзім ілініп кеткен екен, шым-шытырық түс көрдім. Егізбай атамның шудасы бұлттай, өзі таудай болған ақ бурасына мініп, боталарын ертіп Кішісазда жүр екен деймін. 

 - Нариман, қарағым, таңда ақ ботаның біреуін бәсіреңе, айтұмар ентаңбаңды саламын, - дейді бүкіл Әйтектің абыз ақсақалы. - Әлі-ақ жетілесің, балам! Қыстықпа, қысылма! Әлі көрпең ұзарады. Мә, жетеле, бәсіреңді! деп бір әппақ ботаны маған беріп жатқанда, алабұртқан қуаныштан көңілім өрекпіп, көзімнен жас төгіліп кеттіме-ау.

 Әлдеқайдан гөй-гөй, айқай-шу шықты. Өң мен түсті ажырата алмай мең-зең оянып кеттім. 

 - Шәрбанкүл! Шәрбанкүлді... – деп тастай қараңғы бөлме ішінде ағараңдаған Айнаш бақыра айқайлап жүр. - Өлтіріп кетті! Шәрбанкүл өліп қалды! Өлтірді аналар!..

 Тыриған үш бала атып-атып, тұра ұмтылдық. Қорбаңдаған аюдай алдымызда Алмабек шал:  

 - Қарағым-ай, не сұмдық болды? - деп айқай салды. Дәлізден екі қарғып өтіп, қыздар бөлмесіне анталап кіріп барсақ, сізге өтірік, маған шын, Шәрбанкүлдің үстінде аузы-мұрын, көзінен от шашқан әзірейіл отыр. Басы доп-домалақ, аузы-мұрнынан қызыл жалын шашады!

 - Ойбай, ойбай! 

 Алмабек шал талай қанқұйлы соғысты көріп қайтқан жан емес пе «Астапыралла! Бісмілла, тәйт-ай, тәйт шайтан» - деп қолындағы имек қара таяғымен әлгі бәлекетті қиғыштай періп кеп жіберіп еді, ананың күлпаршасы шығып, шашырап, быт-шыт болып, жан-жаққа жаңқадай ұшып кетті.  

 - Шәрбанкүл, айналайын, қарағым, - деп аспалы шамды көтере Алмабек қызға төне түсіп: - Шәрбанкүл, қарағым не болды? Тіпә, тіпә, кел таңдайыңды көтерейін, шошып қалған шығарсың. 

Алмабек шал даусы бұзылып, қыздың таңдайын көтеріп, әлек. 

 - Шәрбан, Шәрбан тұра қойшы, - деп Айнаш зар қағып, жылап жүр. Қыз былқ-сылқ, ес-түссіз. Шам жарығынан беті әппақ қағаздай болып бозарып кеткенін байқадым. 

 Шал қауқылдап, мұздай сұп-суық болып қатып қалған қол-аяғын уқалап, кеудесіне құлағын тосып тыңдап: 

 - Тірі екен, қарағым, тірі! – деп сақалы шошаңдап, кемсеңдеп кетті. 

 Есіміз шығып, сасқалақтап жүріп интернаттағы бар екі май шам, Алмабектің аспалы шамын парлатып жағып қойдық. Бәріміздің көзіміз алақандай. 

 Жан-жағымызға үрке қарап, бағанағы көзі-басы от шашқын әзәзіл не бәле деп тұрғанда талай соғысты бастан кешкен Алмабек таяғымен түртпектей бастады. 

 - Астапыралла, мыналарың не бәле! Мынаны қараңдар,- деп күзетші еденге шашылып кеткен «әзірейіл» дегеніміздің жаңқаларын жиыстыра бастады. Қорқа-қорқа біз де жақындап, көріп жатырмыз. Сұмырайлар! Пәшіст қой бұлар! – деп Алмабек шал бір боқтады. Айнаш ықылық ата жылап-сықтап жүріп көргенін айтып жатыр. 

 - Екеуміз дәу әңгіредей бөлмеде қорыққаннан қойындасып жататынбыз. Тастай қап-қараңғыда терезенің үстіңгі форточкасы сарт етіп ашылғанда, селк етіп, оянып кеттік. Сөйтсек сол терезе көзінен ұзын таяққа ілінген аузы-басынан от шашқан албасты бізге төніп келе жатты. Әлгі пәлекет: - «А - у - у- у! Сендерді тірідей жеймін» деп еркекшоралана сақ-сақ күледі. Кинодағы ібіліс секілді төбемізде ары-бері шайқалақтап есіріктене: «Мен шайтанмын, сендерді асап қоямын, сүйектеріңді шайнап, кеміремін» деп озбырланады. Қасына тағы бәлекет-сәлекеттерін ертсе керек, терезе түбінде нөкерлері қарқ-қарқ етіп мәз болады. Үнім шықпай екі көзімді жұмып алдым. Бір кезде тарс ете қалды. Көзімді ашсам әлгі шайтан Шәрбанкүлдің кеудесіне отырып алыпты. Шәрбанкүл жан даусы шыға шыңғырып жіберді де, сылқ ете түсті, содан қайтып үні шықпады. Мен тұра сап сіздерге жүгірдім, - дейді Айнаш ықылық ата шошынып, дір-дір етіп. 

 - Тіпә, тіпә, тұра ғой қарағым! Су әкеліңдер, су! – Аузына толтырып «фу-фуп» деп су бүріккенмен Шәрбанкүл ес жия қоймады. Қарауыл шашылып кеткен едендегі «шайтан» қалдықтарын жиыстырып алды да: 

 - Асқабақ қой бұл! Ішін үңгіп, тазартып, көз-ауыз тесіп, балауыз жағып, соны көрсеткен ғой, сендерге. Міне, қараңдар. Асқабақтың қабығы! Жүгермектер, ойыны осылғырлар жасаған бәлесі ғой, - қой ойбүй, Шәйкүлді шақырайық, Дәукеңе хабар берейін, - деп Алмабек шал есін жиып, бізді жұмсай бастады. Интернат бастығы - Дәуітбай Исағұлов - соғысқа қатысқан қаһарман кісі, орысша-немісше судай ағады, өзі интернатқа жапсарлас екінші жағында тұрады. Дәукеңе мен жүгірдім. Дала бозарып қара жер үлпілдеп қарға бөленіп қапты. Бір аяқтанған тауықтай сандалымнан су өтіп дірдектеп барып, шақырып келдім. Табаным тесік, қара суық қарып түсті. 

 - Не болды! Не боп қалды, мұндарлар-ау! Ай қарап, жұлдыз санап жүрдің бе охранник Алмабек жолдас! – деп күзетшіге айқайлай кірді. Бәріміз жым болып, күзетші шал белі бүкірейіп, құнжыңдап, кекештеніп, шашалып-қақалып, баяндай бастады. 

 - Алмабек жолдас, жауапқа тартыласың, терезе неге ашық болған, неге жауыздар кіріп кетеді, үкіметтің интернатына! – деп зіркілдегенде тіпті есіміз шықты. 

 - Мына айғақты ештеңесіне тиіспей жиып қойыңдар. Шәрбанкүл қалайсыз? 

 Әппақ төсекте айдай болған сары шашы жайылған хор қызы қор боп ес-түссіз жатқаны-ай!..

 Денесі түгел іркілдеп, екі иығынан әзер демалып, ақ халаты тырсиып әзер сиып тұрған ауылымыздағы медсестра Шәйкүл жетті. Қолындағы жарқ-жұрқ еткен ақ қобдишасын ашып, ішінен асай-мүсейін шығарып, қызды тексере бастады. 

 - Қатты шошынған. Сердце работает. Невростания. Қазір укол саламын, - деді Шәйкүл. Медсестра Алматының қызы, ауылдағы Сағындық ағамыз алып қашып келген. Аршыған жұмыртқадай толық жеңгеміз бір-екі баладан кейін жайылып толып, қалалығына басып орысшалап кететіні бар. 

 Көк тамырына ине тығып, дәрі салғаннан кейін сүт пісірім уақыттан соң Шәрбанкүл көзін ашып, алақ-жұлақ жан-жаққа қарап: 

 - Не болды? – деді естілер-естілмес қана сыбырлап. 

 - Ештеңе емес, ештеңе! – деп Исағұлов ағайдың өзі абыржып, сасқалақтап қалды. 

 Шәрбанкүл көзі боталап, жас шып-шып толады да, айғыздап жастығына тамады. Бетінен қаны қашып, боп-боз болып, мұрыны пысылдап, демігіп, топ-толық ернін қырша тістеп, сіресіп сұлқ жатты да қойды. 

 - Енді нормально болады. Қорықпа, - деп Шәйкүл медсестра асай-мүсейін жиыстыра бастады. – Пусть ұйықтасын. Все нормально, - деп артынан қуып келген шала мас ұзын Сағындық күйеуін қолтықтап қайтып кетті. 

 Шәрбанкүлдің қасынан екі елі ажырамаймын, сап-сары қалың шашынан сипаймын, маңдайы, денесі күйіп, ысып тұр. Танауы қусырылып, әзер демалып жатып, көз жасына ерік бергені-ай!.. Есіне нелер түсіп, нелер кетпеді екен жазғанның!..

 - Нариман, айтшы не болды? – дейді көзі шарасынан шыға жасы төгіліп. Суланған, лып-лып ысынып тұрған бетін сүрттім. 

 - Шәрбанжан, жыламашы. Қорықпашы. Қойшы енді. Бұзық жүгермектер ғой. Асқабақты ойып, ішіне от жағып, сендерді қорқытпақ болып, соны таяққа іліп, терезеден ішке кіргізгенде асқабақ домалап сенің үстіңе түскен. Сен шошынып қалғансың. Исағұлов ағай қазір, төңіректі түгел тексеріп, аралап жүр. Қар жауып, іздері жоғалып кетсе де, табады оларды, соттатады! – деп қалың алтынкүрең шашын сипай бердім. Сұп-сұр өңін көріп, бұлақтай аққан көз жасына қарап, өзімнің өзегім де өртеніп, өксік тығылды кеудеме. «Сұмырайлар-ай!» деп тістенемін, жылап жіберуге шақ қалып. 

 - Қорықпа, Шәрбан. Асқабақ деймін, қабықтарын жинастырып қойдық. Исағұлов ағай Ұзынағаштан милиция шақырды, түбіне жетіп тексертеді әлі!..

 Ол қолымен менің білегімнен тас қып ұстай алды: 

 - Нариман, сен кетпеші, жанымнан кетпеші! Көзімді жұмсам әке-шешем айқайлап шақырады. Олар менің жеті жасымда өліп қалған ғой, білесің ғой! Екеуі әне терезенің арғы бетінен бозарып маған қарап тұр. Ымдап, қолдарын шошайтып шақырады мені өздеріне! Қорқамын! 

 - Кетпейім дедім ғой, қорықпашы тек!..

 Күйіп-жанып тұрған Шәрбанкүлдің қос қолын уқалап, шашынан сипай бердім, сипай бердім. Әп-әдемі уылжыған, бүкіл елдің көз құрты болған ғажап сұлу бойжеткеннің міне кеудесі көтеріліп, басылып, көтеріліп, басылып, тыншып барып, көзі ілініп ұйықтап кетті. 

 Ұлдар бөлмесінде Исағұлов ағай оқиғаны жіпке тізгендей бәрімізді тергеп, сұраққа алып жатыр. Әсіресе сіріңкедей шілбиген арық Әбуге қадалып алған. 

 - Әбу, сен бәрін көрдің, айт қане шыныңды!

 - Ағай, қуығым шыдамай түнде далаға шықсам екі-үш бала көшеге қарай қашып бара жатты. 

 - Кімдер, танисың ба? Түрлері қандай? 

 - Қараңғы танымадым. 

 - Екеу ме, үшеу ме?

 - Үшеу сияқты. Әлде екеу ме?

 - Әй, есектің миын жеген милау! Қане айт, жаныңның барыңда, кімдер олар? 

 - Тасқараңғы. Ажырата алмадым. Оның үстіне қуығым да шыдамай... 

 - Сен көргенсің, айт қане! 

 - Білмеймін аға, қап-қараңғы түн, тапырақтап қашты да кетті.

 - Ойбай, Шәрбанкүл, қашып кетті! – деп Айнаш баж етіп, айқай салғанда, селк ете қалдық. 

 - Астапыралла! Не дейді?, - деп Алмабек қолындағы таяғын жерге түсіріп алып, екі ұмтылып, үйелеп тұра алмады. 

 Бәріміз сыртқа тұра ұмтылдық. Интернат есігі шалқасынан айқара ашылған.  

 Дала сүт өңденген бозарыңқы, төбеден мың-миллион ақ түйіршіктер төгіліп жатыр. Тобықтан асатын қар бетінде қыздың жалаң аяқ ізі сайрап тұр. Сол ізді қуалай жүгірдік. Алыстан, өте алыстан саңқылдаған күлкі, иттердің ырылы, үргені естіледі. 

 Алғашқы қардағы жаңа түскен жалаңаяқ табан ізі мектепті айналып, Ұзынағашқа баратын жолға беттепті. Алдымда жұлдыздай аққан шидей шілбиген Әбу, одан кейін мен, соңымда Рахмет пен галифесі сартылдаған Исағұлов ағай... Алмабек шал шршап, шөкелеп отырып қалған көп ұзай алмай...

 Алыстан ағараңдаған қыз сұлбасы көрінді. Соңында қызға жақындамай үріп анталаған бір қора ит. Шәрбанкүлді мұнша жүйрік деп кім ойлапты. Ауылды қия тартып, қалың бейіті қалқиған жотаға қарай беттеді. 

 Қол-аяғымыз жерге тимей безектеп келеміз. Өрге қарай келгенде тығылып, ентігіп қалдық. Қашқан қыз дедектеп, ақша қарда еліктей секектеп, иттерді ұлардай шулатып, жота үстіне шығып кетті. 

 Аһлеп-уһлеп қалың мола қаптаған жайпақ жота үстіне шықсақ: әппақ ішкөйлекшең ғана Шәрбанкүл қызыл сирақтан келетін суық қарды елең қылмай ербең-ербең билеп жүр. Құтырған ауылдың көп иті қыңсылап, оған жақындауға бата алмай алыстан шәуілдеп үрген болады да, мысық табандап жата-жата қалады. Қыз оларға қарай тап беріп жүгірсе тайқып, құйрығын бұтына тығып, белін бүгіп тұра қашады. 

 Жалаң аяқ, жалаңбас, үстінде боз ішкөйлегі малмандай су болып, денесіне жабысқан бойжеткен белдерін орай тарқатылып кеткен шашы жалбаң-жалбаң етіп, бейіттердің ішінде секең қағып, безіп жүр.  

Шәрбан, Шәрбанжан!.. 

 - Аһ-һа-һу, ех-һе-һу, – деп есіріктенген сақ-сақ күлкі жүрегіңді шошындырады. 

 - Анаммен жүрмін, атаммен жүрмін, кетіңдер әрмен! – деп жасырынбақ ойнағандай қалқиған бейіттерді аралап секіріп қаша жөнеледі. Зу-зу етіп ұстатпай әуре-сарсаңға салды. Шілбиген Әбу қуып жетіп ұстай алып еді, жекіріп қағып жібергенде, әппақ қарға ұшып түсті. Рахмет екеуміз әзер қуып жетіп, ұстай алсақ, мұншама күш-қайратқа таң қалдым, екеумізді екі жаққа лақтырды. Қайта қуып жетіп, белінен тас қып ұстай алдым. Дудырап кеткен шашы да сорғалаған малмандай су, үстіндегі ішкөйлегі денесіне жабысып қалған қызды көтере алсақшы. Исағұлов ағай келіп, ауылдан кісілер қосылып, қалай интернатқа көтеріп жеткізгеніміздің бірі есімде, бірі есімде жоқ. Арбаңдап ентігіп жеткен Исағұлов кителін шешіп, үстіне жапқаны еміс-еміс есімде. 

 Төсегіне қане, жатқыза алсақшы. Бұлқынып, жұлқынып қолдан шығып кетеді. Мұншама алапат ересен күш қайдан біткен десеңші! Арпалысып жүріп, ішкөйлегі дар етіп айырылып кетіп, омырауындағы әппақ томпиған пәк, мінсіз қос алмасы жарқ ете қалғанда, еркек біткеннің көзі қарығып, теріс айналдық. Ел жиналып, әйелдер жағы шешіндіріп, үстін сүртіп, басын орап жатқызды. Оған да көнбеген соң кереуетке орамалмен байлап, таңып тастадық. 

 Таң сүттеніп, бозамықтанғанда екі милиционер келді. Олар интернаттың төңірегін тіміскілеп, қарап жүріп, ұзын, құрықтай қабығы аршылған ақ таяқты тауып алды. 

 Енді екі милиционер екі жағымызға отырып алып, жауап ала бастады. Әсіресе Әбуді оңашалап, көп ұстады. «Қуығым ауырады, шыдай алар емеспін» демесе тіпті жібермес те еді. 

 Шәрбанкүл жатқан жаққа алаңдап, бара беремін. Тас қып байлап тастаса да ол біресе есіріктене күледі, біресе бақырып жылайды, біресе «Ата-апа кетпеші, қазір барамын. Ата! Апа!..» деп елжіреп сыбырлайды кейде сандырақтап. «Кет, кет, әй шайтан азғын албасты!» - деп шошына айқайлайды. 

 Таң әппақ болып атқан шақта интернат бастығы шақырған жедел жәрдем машинасы келіп жетті. Шәрбанкүлді, Исағұловтың әйелін салып алып әкетті. Ал, милициялар Исағұловты, Алмабек күзетші мен Әбу үшеуін Ұзынағашқа – аудан орталығына апарып, сұраққа аламыз деп алдарына салып және кетті. 

 Милиция әкеткендер кешкі соңғы автобуспен қайтып келді. Әбудің беті құсеттеніп, көзі шүңірейіп, көңілі жасып қапты. 

  - Өңкей, шошқалар, мені қамап ұрды ғой, ұрды! – Бүйірімнен соқты, итше тепкіледі. Не айтам мен, не білем? Түк көрмегенім рас па, рас. Ант іштім, - деп сықырлауық ескі кереуетіне құлай кетті де, еңкілдеп жылады.  

 - Қой, қой Әбу! – деп қыр сүйек арқасынан сипап, әзер жұбаттым. 

 Бір тәулік бойы қапалақтап жауған қар тізеден асып, оқуға бара алмай интернат бөлмесінен шыға алмай, үш күн жаттым. Шәрбанкүлді қуамын деп табанымнан өткен суықтан тізем жазылса бүгілмей, бүгілсе жазылмай, ақыры Қарақыстақтағы ауруханаға түсіп, жиырма шақты күнде әзер жазылып қайттым. 

 Шәрбанкүлді Ұзынағашта, одан әрі Алматыға емделуге ауыстырды деп естігенбіз. Интернатқа келсем әке-шешем су жаңа сықырлаған керзі етік беріп жіберіпті, тек бірер размер қолқылдаған үлкендігі болмаса. Ұлтарақ сап, шешем тоқып беріп жіберген жүн шұлықпен киіп алып едім, жан рахаты осы екен! 

 Екі айдан соң жаңа жыл қарсаңында маған хат келді Шәрбанкүлден. Алматыдан емес сонау Нарынқол ауданы Сарыжаздан. Өңкей есі ауысқан, миы шайқалған жындыкөштермен бірге тұрып жатырмын дейді. Шөпиіп, қылдырықтай болып азып кеттім. Қазір көрсең танымай қаласың дейді. Шашың ауыр, қалың, ұзын кесіп тастаймыз дегенде шу көтеріп кестірмедім, шашым болмаса басқа Шәрбанкүл боламын ғой. Қордайдағы техникумдағы Жеңіс ағам автобуспен іздеп келіп кетті, мені көргенде солқылдап, еңкілдеп жылады депті. 

 «Жанбауыр, панам Жеңіс пен екеуіңізден басқа ешкімім жоқ қой менің. Сізді де сағынып жүрмін, Нариман!

 Менің Сарыжазда жындыханада жатқанымды жан баласына айтпашы, ешкім білмесінші. Мына хатымды оқы да, жыртып, өртеп жібер. Адресімді өзің ғана біл. Айтпақшы, мен қазір сурет салатын әдет таптым.Сурет салғым келіп тұрады, сурет салсам жаным жай табады. Кейін хатпен жіберемін кейбір ұнағанын. «Сен күліп жүрме тек!» - деген Шәрбанкүл хатын оқып, сең соққан балықтай есеңгіреп, жүрегіме у тамызып жібергендей көңілім жасығаны-ай!.. 

 Қайран періште, перизат Шәрбаным-ай!.. Сенің ғажап көркемдігіңе көз тиді-ау, керемет сұлулығыңа тіл өтті-ау!.. Күні кеше ғана ортамыздың ажарын ашып, берекесін келтіріп, гүлжазираға бөлеп жүрген сары алтын қыз жындыханада жатыр дегенге тіпті де сенгім келмейді-ақ. Қандай ғана жауыз, қаражүрек сені қорқытып, қор ғып қойды. Қандай ғана қатыгез сенің жастық гүлдәуреніңді солдырып, құртқысы келді!

 Екі-үш қайтара хатты жүрегім езіліп, жаншылып отырып оқып алып, жылап-жылап, жылы сөзімді аямай хат жазып жібердім. Оның хатын жыртқам да өртегем де жоқ, шабаданымның бір бұрышына тығып тастадым. 

 Көктемге салым хатында ол шақпақ жол дәптердің екі бетіне салған екі суретті жіберіпті. Бірінде – сақал мұрты қаудиып, түксиген қара шал. Екіншісінде – жағасы жайлауға кеткен, қысқа шашты, қалқан құлақ, арық бала. Бұл – мен едім, бірден таныдым, тіпті көзімнің астындағы меңге дейін айнытпай салыпты. Жәй сия қарындашпен салған суретке үңіліп қарай беремін. 

 «Мынау – менің атам. Мен әке шешемнен үш жасымда айырылдым ғой, жеті жасқа дейін осы нағашы атам бақты бізді. Кейін ол кісі де қайтыс болды. Әке-шешемді сала алмай жүрмін, тек түсіме жиі кіреді, ылғи қол бұлғап мені өздеріне шақырады. Шаршадым мен. Қажыдым. Нариман, сен суретің өзіңе ұқсамаса ренжіме, тағы да саламын ғой. Сен үлкен, әйбат жігіт боласың. Жүрегіңде нұр бар. Жалғызыма, жалғыз бауырым Жеңіс ағама қарай жүр, досың ғой. Аспанмен ұшып келіп, жербауырлап жылап кетті ғой. Қара жер болды ғой жан бауырым. Езіліп, жылап жүрген шығар, соры қалың ағам. Сен ақылдысың ғой, көңілін көтеріс. 

 Сен жайлы көп салдым, Жеңісті де. Исағұлов ағай, Алмабек ата, Айнаш бәрі-бәріңді салып жатырмын. Салған суреттеріме бәрі аузын ашып керемет деп таңқалады. Шатпақ сияқты көрінеді маған. 

 Нариман, анау бұзақыны, мені түнде қорқытып осыған душар еткен бәлені даусынан таныдым! Кездескенде өзіңе айтамын. Ол бала қыр соңымнан қалмай көп жүгірді ғой сөз айтып. Алып қашамын деп қорқытатын. Қашып, жолама деп жолатпай қойғанмын. Содан қастасқаны ғой. Мұны білсе Жеңіс оны өлтіреді ғой. Оған айтпа! Өзі мүжіліп жүрген асқар тауым ғой ол менің! Сол аман болсыншы, сен аман бол!»

 Осы хаттан кейін оншақты күн өткенде «Шәрбанкүл қайтыс болыпты. Ағасы Жеңіс оны ауруханадан алып, Дегерестегі әке-шешесінің жанына апарып жерлепті» деген суық хабар төбемізден суық су құйып жібергендей, жүрегімді тіліп-тіліп тастағандай қан жылатты. Айнаш бастаған қыздар жаман түс көргендей сықсыңдап, көз жастарын сығып алысты. 

 Жеңіске, Қордайда техникумда оқып жүрген досыма сай сүйегім сырқырап отырып, зартілеулі, сартап сағынышқа тұнып тұрған жоқтау, һәм көңіл айту хатты жазып жібердім. 

 Жазда екеуміз Дегересте кездескенде, бір-бірімізді қойдыра алмай жылап жүріп, Шәрбанкүлдің бейітіне барып, одан әрі жайлауға жамағайын ағасына түнеп қайтқанша бір тәулік бойы көз жасымыз құрғамай, алтындай жарқыраған, періште кейпіндегі қарындасымызды айтумен, сағынумен, жоқтаумен болдық. 

 - Нариман, егер Шәрбанжанды шошытқан жанды білсем, өш алып, кегімді қайтарар едім! Сен біліп бер, балалар айтпай қорқып отыр! Шәрбанжанның тап-таза пәк аруағының алдында ант етемін. Ол қанішерден қалайда кек аламын! Тек сен тауып бер, нағыз досым болсаң!- деді ол қоштасарда оңашалап. 

 Қайран, Шәрбанкүл-ай, қыз біткеннің перизаты едің-ау!.. Біздің маңдайымызға симай мәңгілік сағым боп ұшып кеттің-ау!..

 Осы оқиғаға байланысты Исағұловты көп әуре-сарсаңға салып, интернат бастығынан алып тастады. Алмабек шал да жауапқа тартылып кете жаздап, соғыс мүгедегі екені ескеріліп, күзетшіліктен босады. Әбу бүйрегі ауырып, Ұзынағашта емделіп шыққан соң, Қарғалыдағы шұға комбинатына жұмысқа тұрып алды. Милиция, Исағұлов, бәріміз жабылып іздесек те қызды қорқытқан жан ізім-қайым табылмай-ақ қойды. 

 

* * *

Тойдың қақ төрінде бас қонақ болып отырғанмын. Ұзын қолындағы таяғына сүйенген тыриған арық қара шал қалт-құлт басып келіп: 

- Нариман, амансың ба? – деді. Шырамытыңқыраймын. Мынау шыңырау түбіндегі быламық судай жіпсік көзді қайдан көрдім екен деп қайран қалдым. – Танымадың-ау мені. Мен Әбумін ғой... баяғы интернаттағы.

- Өй, қалайсың? – деп қауқылдап қалдым. 

- Пенсияға шыққам. Екі тізем жүргізбейді, бүйрегім ауырады ғой баяғыдан. Міне таяқ ұстап қалдық, - деп ә дегеннен барлық аурушаң адамдардай кесел дертін түгендей бастады. 

- Апыр-ай, ә? Көрмегелі қанша болды, осы? – дегеніме жауабын анау берді. 

- Тұп-тура қырық бес жыл өтті ғой. Қырық бес жыл! Бала шағама сені сыртыңнан интернатта бірге оқыған құрдасым деп мақтанып қоямын. – Қой, мен үйге қайтайын. Науқаспын ғой, шыдай алар емеспін. 

- Апырым-ай, Әбу сені де көретін күн бар екен ғой. Күтінсеңші Әбу, керек болса ауруыңды профессорларға айтып, қаратайын, денсаулықтан артық не бар, десеңші! 

- Жүрші, есік алдына, шығарып салшы, - деп таяғына қос қолдай сүйеніп, әзер түрегеп тұрған әлсіз жан жалына сұрады. 

- Жүр, жүр!

Ол тұсаулы аттай кирелеңдеп, уһілей ме, күрсіне ме, демігіп әзер қозғалады. 

Қарғалы өзенінің бойымен төмен құлдилап келеміз. Жемісі піскен қоңыр күз. Аңылжыған алманың ашқылтым иісі бұрқырайды. Таудан шашыңды сипап, денеңді майдай сылап, жұп-жұмсақ жұпар салқын самал еседі. Көбігі бұрқырап, анадай жерде сай табанында айнадай таза өзен ағып жатыр. Жағалай тізілген теректер тіп-тік, шалқайсаң бөркің түсетін биік-ау, биік, жапырақтары күбір-сыбыр, күбір-сыбыр етіп жаныңды әлдилейді. Өзен бойы, тау сағасындағы ауа неткен саф таза, жұтсаң тоймайтын жұпар дерсің... Көңілің көтеріліп, рахат күй кешесің! Жан рахаты!.. Жер жаннаты, ұжмақ деген осы болар. Алматының көк түтініне қақалып, қорғасын жұтып ауа жетпей демігіп жүрген қалалықтар қадіріңді білер-ау! Шіркін, зейнетке шығып, ата-бабаның қасиетті мекені – ғажапстан осы ауылға үй салып, көшіп келер күн туар ма екен, шіркін?! Анау қол созымда басына сәлде ораған абыздардай таулар кеуделерін кере асқақтайды. Ірі елдің таулары да ірі-ау... 

- Нәке!.. Нәкесі!.. Саған айтар бір сөзім бар еді! - Ырсылдап, демігіп Әбу құрдасым таяғына сүйеніп қалт-құлт етіп дірілдеп, құлап кетуге шақ қалып, әрең тұр. 

- Иә, не, Әбеке!

- Нәке! Нариман! Саған бүгін айтпасам болмас. Кездескеніміз мұндай жақсы болар ма?

- Айта ғой, Әбеке! Не айтсаң да орындауға тырысамын, - деп мойнымдағы галстугімді босатып, рахаттана керілдім. Кеуде сарайым ашылып, сыңғырлап тұр. 

Әй, Әбу, жердің керемет төресі ғой бұл орта! Жұтсаң тоймайтын кәусар ауасы қандай, көкорайға малынған құтты таулары қандай, көкпеңбек мөлдір сулы ат өткізбес ашулы өзені қандай!.. Жерге тіреп сүйенсең қураған таяғың өсіп шығатын құнарлы топырағы қандай!..

Әй, Әбу-ай, мынандай ғажап жерде тұрып аурушаңмын дейсің-ау. Бұл сөздерімді дауыстап айта алмадым, әттең отыз екі тісімнің ар жағында тығып, сақтап қойып, түнгі тымық тылсым тұнған табиғат ғажайыптығына құмартып, елтіп, мастанып, маужырап тұрмын. Қасиетіңе құлдық киелі алтын бесік - атамекенім!..

Нариман, сен Шәрбанкүлді ұмытқан жоқсың ғой,ә!

Селк ете түстім. Рахат жан-күйімнің быт-шыты шықты. 

- Неге ұмытайын? Ол маған хат жазған әуелі. 

- Ойпырм-ай, ә. Нариман менің төрімнен көрім жақын. Мына баяғыдан жабысқан ауру-сырқат әбден қажап, ілініп құр сүлдем жүр. Дәрі дегенің – у емес пе! Міне, қырық жылдан астам сонымен қоректеніп,

денемді әуелі дәрі алмайтын халге жеттім. 

 - Әбу, емдетемін, Алматыға апарып... Күдеріңді үзіп, таусыла сөйлемеші тек!

 - Әй, оныңнан түк шықпайды. Өзім білем, мүжіліп біттім. Аз ғана күн тіршілігім қалды, оны сезем. Тек есімде сарзапыран боп, қатып қалған жайтты саған барып айтсам ғой деп сан оқталсам да жүрегім дауаламай жете алмай, бара алмай жермен-жексен боп жүр едім. Бұл тойға атақты академик сені келеді дегелі қуана күттім. Жанып бітуге айналған аз ғана ғұмырымда саған сол сырды айтпасам тірлігімде жарылып, өлермін, өлсем көрде тыныш жатпаспын.

 Мынау қайда қияс тартып барады. Жүрегім шімірігіп, денем тоңазыды. Шөлмектей бозарған ол пора-пора терлеп, қалта беторамалын алып сүртінді. 

 - Тоқ етерін айтайыншы. Мен Шәрбанкүлді кім өлтіргенін білемін!!! 

 - Не дейсің сен! – деп айқай сала әлгіге өкіре тұра ұмтылдым. - 

 Не дейсің сен құбыжық, өлімтік! Неге аузыңды буып келдің сүмелек! – деп бас сап тер жуған жіп-жіңішке мойнынан қос қолдай қыса ала түстім. – Кім ол? Айт жаның барында. – Егер айтпаса мойнын қысып жіберсем, сылқ ете түсуі хақ. 

 - Әлгі терезеден асқабақтың ішін үңгіп, білте қойып, албасты ғып шошытқан жанды білем!

 - Қандай ғана сұмпайы жан едің сен, Әбу! 

 - Шу шығып бәрің Шәрбанкүлге ұмтылғанда менің қуығым шыдамай далаға жүгіріп, үй айналсам қарсы алдымнан тапырақтап шыға келгені.

 -Кім, ол кім?..

 - Кім болушы еді? Науан! Әлгі жоғары көшеде тұратын Науан ше? Сол. Қолындағы финка пышағын тақап тұрып: «Егер осыдан мені көрдім деп айтсаң, дәл осымен басыңды кесіп тастаймын. «Өлсең де бір жанға айтпа. Айтпайсың ғой?!» деді. «Айтпаймын» дедім қорыққанымнан. Ол төмен қарай көшеге түсіп жүгіріп кетті. Интернатқа қайта кірсем Шәрбанкүл ес-түссіз жатыр, сендер шулап жүрсіңдер. Дәл осы күнге дейін бір жанға тіс жарып айтпап едім. Шәрбанкүл өліп қалыпты дегенде өзімді күнә арқалаған күнәһар сезініп, оқуымды тастап, осында келіп, жұмысқа тұрып кеттім. Сендермен кездесуден қашамын ылғи. Мен айықбас аурудың азабын тұп-тура қырық бес жыл тартып келемін. О дүниеде Шәрбанкүлмен кездескенде не бетімді айтамын? Сені бір көрсем-ау, бәрін айтсам-ау деп тілеуші едім. Неге үндемейсің? Мен бейбақты боқтап, ұрып-соқпаймысың қан жоса ғып. Өлтіріп, Қарғалы өзеніне лақтырып кетсең де арманым жоқ. Неге үндемейсің?  

 Мойнында қарысып қалған саусақтарымды әрең жазып, су-су ылжыраған алақанымды ағашқа үйкелеп сүртіп жатырмын. 

 Тұншығып, булығып, жарылар бомбадай қалшылдап тұрмын. 

 Аспанда жартыкеш ай сығалайды. Ағаш біткен шулайды, еңістен жел көтерілген – ау шамасы. Өзен де бұлқан-талқан өкіріп жатыр. Тау да қап-қара өлген атандай шөгіңкі. Тілім аузыма симай тұтығып, тамағым құрғап, мылқау жандай үн шығара алсамшы. 

 - Нариман, қош бол, мен кеттім. Мен әлгі жіңішке ауруға душар болғанмын, тамақ сіңбейді, нәр татпағалы екінші күнге ауысып, өңештен қалдым. Көп ұзамаспын, өшкен, мәңгі сөнген жанмын. Бетім күйіп, өліп барамын. Сен кешіре алмайсың, білем оны. 

 Ол кирелеңдеп екі аттады да, кері бұрылды. 

 - Айтпақшы, әлгі бұзақы қанішер Науанды базардан екі-үш мәрте жолықтырдым ғой. «Жарайсың» деп арқамнан қағып, көрген сайын қалтама пұл салып береді. Мысы басады да тұрады сол бәленің. Мен сондай өлімтік болдым ғой, сұмпайымын. Құным – көк тиын. Шәрбанкүл өлгелі мені жаман үрей билейді де тұрады, түн баласы шошып оянамын. Қара кездік ылғи кеңірдегіме тақалып тұрады. Тірі –жалғыз куә менмін. Енді тыныш ұйықтайтын шығармын бірер күн болса да. Науан сұмырай қорықсын, сол үрейленсін. Кеттім, қош!...

 Ол бұрылып, екі аттап, бір тоқтап таяғын тық-тық еткізіп қараңғыға сіңіп ғайып боп жоғалды. Қаққан қазықтай сілейіп тұрдым да қалдым. 

 «Иттің ғана баласы-ай! Қандай асыл алтын қызды қор қылдың-ау, өмірін ғапыл еткіздің-ау!..»

 Өкініш ішкі әлемімді тілгіледі. Өмір дегеніміз - өкініш, сағыныш екен-ау.. Шәрбанкүл шырағым-ай, ай қараңғысында жоғалтып алған гауһарым-ай!.. Шұбырған ғұмыр тізбегінде сенің жолың да бөлек еді, қайтейін-ай!

 Жеңісті көрген сайын сені еске алатынбыз, кейін ол үлкейіп Дегерес совхозына директор болды, жүйріктер жүгіртіп, даңқы шыққан атбегі атанды, астына тұлпар мінді, кең сарайдай сегіз бөлмелі үй салды. Жетім өскен қомағай сорлы совхоз малына қолды молынан салып жіберіп, істі болып кете жаздағанда көмектескенім бар. Алғашқы әйелімен жараспады, екіншісі қайтыс болып, қызметінен түсіп, - әбіржіп кетті. Бір терінің астында адам мың толып, мың ариды. Осыдан үш жыл бұрын жүректен оқыста өзі де қайтыс болды.  

 Науан деген жоғары көшенің бұзақы жігіті, оқуды ерте тастаған жүлік, Чанкайши деген жанама аты бар, топ құрып балаларды зар қақтыратын. Жасынан түрмеден шықпай, көп көрінбейтін. Өткен күзде атшабыста кездестіргенім бар. Жылмиған қалпы, екі беті піскен қызыл қылшадай, күміс тісі жарқырап, таңқ-таңқ күледі. 

 Әбу бәрін айтты, қанішер сені білемін мен. Үрей енді саған көшеді, көлеңкедей сенің артыңнан қалмас, сен сол үрейден жүрегің жарылып өлерсің. Кек алу енді менің мойнымда! Жаралы жолбарыстай алас ұрып, тісім шықырлап, денем дірілдеп, үрей кіріп, өжеттене өшпенділікпен кек алуға біржола тас бекіндім. 

 - Академик ағай, жүріңіз, сізсіз той келесі отырысын бастамаймыз, қалың ел күтіп отыр, - деп той иесі інім мен келінім жарқылдай келіп, еркелей екеуі екі жағымнан қолтықтады. 

 Театрланған қым-қиғаш бетбақ өмір-ай... Үн-түнсіз шат-шадыман ол екеуінің ортасында тойға беттедім. 

 Тау өзені көкезуі аспанға шапшып, өкіріп ағып жатыр. 

Желтоқсан, 2007 жыл.

Алатау.