ВЕРНУТЬСЯ

     Әбу ала-бөтен  тұйықталып 
алып, тым сырт  жүреді. Бұрынғы
жайдарылықтан күрт айырылып, ешкімді қарсы 
сөзге келтірмейтін әдет тапты. Ашушаң болып алды.  Аз түтінді ауылға бригадир. Күн ұзын шаруа
қамы бітпейді-ақ.  Жасы келіп қалғанын талай
айтып көріп еді. "Сізден басқа ешкімнің ыңғайы жоқ. Өзіңіз  колхоздың 
бір тұтқасын  ұстап, көркейтіп
келесіз. Істің жүйесін білесіз. Сіз басқармағанда кім  басқарады. Болмайды оныңыз",- деп
басшылар  көнбей  қойған. Одан соң  өзі де қазірден  қол қусырып отырғысы келмейді.

Көктемнің  бір күнінде 
ол шаруашылықты аралап үйіне  кеш
қайтып келе жатты. Ойы  әлі де жұмыс
қамында.

Ертең  жер кеуіп кетпей тұрып егістікке тұқым сеуіп
бітіру керек. Жыртылған  егістік  басынан 
бергі  төте  жолдың 
бойында сиыр фермасы  бар.
Кеше  жанынан  жанай 
өтіп бара  жатқанда жусан  исін 
сезінді. Бойы балбырап, сонау  бір
кез есіне  түсті. Жігітшілік жасап, жар
төсегінен қанағаттанбай  талай-талай  түндері 
бейуақытта  оның терезесін  қағар еді. Ар жақтан  ағараң 
еткен  келіншектің  сұлбасы бір байқалады да, жайшылықтағы
жылауық есік  ақырын  дыбыссыз ашылатын. Қатираның ыстық білегінен
ұстайтын. Таң  елең-алаңда  оны аттандырарда Қатира:

- Ендігәрі  келмеші! Биғаннан ұят болады,- дейтін. Жесір
келіншектің  бұл  сөзінің 
өзі "тез келші" дегендей  әсер
ететін. Тағы да жұмасына жеткізбей атының басын солай бұратын. Енді бір ойлап
қараса, о да бір меймілдеп  толған
сағыныш, көлеңдей өткен  көлеңкедей  жанымен 
бірге жүрген  тәтті кез  екен ғой.

Әбу үйіне келді. Биған әлі ұйықтамай,
диванда  шілтер  тоқып отыр екен. Қызы ұзатылғалы бері
баяғы  ұмыт қылып тастап кеткен  кәсібін қайта қолға алып, майысып
отырып,  өстіп шілтер тоқитынды шығарды.
Әйелі айтпаса да, оның  бұл ісінің  ішкі 
сырын  сезіп жүр. Қызына  жасау апармақ.

Әбу балшыққа  белшесінен былғанған  былғары етігін, плащын  шешіп, төрге өтті. Сәлден  соң шам жарығында  жуынып 
жатып айнадан  өз келбетін  көріп 
шошып қалды. Бет аузы көлкіп ісіп, өсіп қалған сақалының  әр талы шоқ-шоқ болып,  түгін сыртқа беріпті. Көзінің алды қалталанып
кеткен. Әкелінген  тамаққа  тәбеті соқпады. Қайта қайнатылған қоңыр бұйра
шайдың  бір кесесін зорға ішті.

- Ауырып тұрсың ба? - деген
әйеліне де тіс жармады. Төсекке 
жатқанымен, қане ұйқысы келсеші. Әлденеге  ыза болып, көкірегі қарс айырылатын секілді.
Неге? Тегі өмірі дәл осындай  мойып,
өз-өзінен  түңілген  кезі 
болған  жоқ шығар.

... Баяғы  болып барады-ау. Тек, соғысқа  кететін 
түні қатты  қобалжып,
кәдімгідей  жүні жығылған. Онда
әке-шешесінің  екеуі  де тірі. Үйленгеніне  екі жылдан асып бара жатса да,  Биған бала көтермей жүрген. Әбу мен  інісі 
Сыздық екеуіне  бір күнде  повестка 
келді. Соғысқа  аттанарда  сырттай 
сыр бермегенімен  өткен-кеткенін,
қазіргі хал-жағдаяттарын  ойлап қатты
мүжілді. Әсіресе, әкесі  майданға  барашақ 
екі  баласының  маңдайынан 
кезек-кезек  сүйіп тұрып: - Мен  атадан жалғыз едім.Құдай  қос қарашығымды аман қыл. Жатсам да, тұрсам
да ақ  тілегім  сендердің 
үстіңде. Сендердің  жолдарыңа  біз садаға,- дегенде  көзінен 
аққан  жасты  тоқтата алмады. Ырым  деп 
таба  нанды  інісі 
екеуі  екі шетінен  бір-бір 
тістеп,  ауылдан  ұзап бара 
жатқан  ырдуан  арбаның 
соңынан  кете  барды.

Анау қалып  бара 
жатқан  үркердей  топтың 
арасында  қаудиған  шал-кемпір 
көздерінен  кесек-кесек  жас домалап, 
екі шетінен  оймақтай  тістелген 
нанды  құшақтаған  қалпы көп тұрды. Төменгі Қаракөтермеден
асар  кезде  екеуі 
тағы да ауыз жаққа  соңғы  рет қарады. Түтіні  түзу 
ұшқан, қалың  ағаш  көмкерген 
ауылдың  төменгі иек тұсында  қыбыр-қыбыр топ біртіндеп тарай
бастапты.  Сонда көздері  жасқа буланып,  шәпкілерін 
қосарлана бұлғаған, Әбу өксіп жылаған інісін құшақтап тұрып: "Қой, жаман
ырым көрсетпе", - деп тоқтау айтқан... Тағдыр 
әкесін  содан  кейін 
қайта  көруге  жазбапты.

... Сол күні  аттанған 
ауылдың  алты  арыс 
азаматының  үшеуі  оралмады. Бір жылға жетпей мертігіп,  Әбудің өзі келді.  Соғыс бітерден  жарты жыл 
бұрын  бір аяқтан  айырылып, інісі  Сыздық қайтты.  Шалдар оларға тоқтау айтып:

- Әкелерің  марқұм 
тілегі  ақ болып,  сендердің 
садағаларың боп кетті, - десті.

Сыздық бұрыннан тарпаң, ерке
еді. Кенжесі  болған соң, әке-шешесі де
шәйт деп бетінен  қаққан емес-ті.  Әскерден сыңар аяқпен оралғалы  мінезі 
тіпті  шайпау тартыпты.  Өзінің 
кеудесі толы  сыңғыр-сыңғыр  еткен 
орден, медаль. Ағасы  басқарма
болған соң ба, жылға жуық жұмыссыз  бос
жүрді. Әбу де көңілі қамығып, жарымжан болып 
жүр ғой  деп інісінің  бұл жүрісін 
сөкет көрмеді.  Сыздық  болса 
қалаға  барып,  сықыр-сықыр 
еткізіп  ағаш  аяқ киіп алды. Содан кейін  ай-шай 
жоқ  көрші ауылдың  уыздай 
бір қызын  алып  қашып 
келді. Көп ұзамай  өзі қойға шығып
кетті.

Әбу  інісімен 
қарсы  сөзге келуден  қашатын. Қанша  дегенмен 
дүниедегі  жалғыз бауыры ғой. Оның
үстіне  мүгедек. Бірнеше  әйел алғанымен  ұрпақ көрмеді.  Әбу өзінің тұңғыш қызы Майдангүлін  інісінің 
бауырына салып берген. Сүт кенжесі 
Серік  те екі  үйдің 
ортасында  тел өсті.  Өзіне тартқан. Тіл-көзден аман болсын, жақсы
оқиды, зерек.

... Ойды ой туғызады. Әбу
көзін  ашып алып, сұлқ  жатыр. Өз өзінен  ағыл-тегіл терледі. Көп ұзамай өне бойы  тұтас 
түршігіп,  тоңазып, жаурап сала
берді. Қайта қара терге  шомылып,  шөл қысты. Қарсыда  жатқан 
әйелін  оятып,  сусын 
сұрамақ  болып  оқталып барып: "Қой, ұйқысын  бұзып қайтейін", - деп  оқталып 
барып, бір ожау су ішті. Сап-салқын 
екен, маңдайынан  шып-шып  шыққан 
суық  моншақтарды  саусағымен 
сыпырып тастап, төсегінің 
үстінде  көп отырды.  Буыны босап, әлсіреп, күші кеткенін,
бүгін  әйтеуір денесін  зіл батпан 
қорғасын  басқандай кейіпке енгенін
жаңа байқады.

Соғыстан  қалған дімкәстігі  осылай 
әр көктемде  бір бой көрсетіп  қоятыны бар-ды. Онысына соңғы жылдары жүрегі
шаншып, белі ұйитыны қосылды. Бір нәрседен 
қорыққандай  жүрегі өз-өзінен  өрекпіп, 
түмп-түмп соғады-ай келіп. Белгісіз үрей билеп,  суылдап берекесін алады. Сыртынан қанша
қампайып  жүргенімен  де денсаулығы 
күрт  төмендеп  кеткенін өзі де байқап  жүр. 
Қартайғаны да болар,  бұрындар
ертеден  қара кешке  қанша ат үстінен  түспесе 
де,  сергек  жүре 
беретін-ді. Ал, қазір  сәл
жұмыс  басты болса, шаршап  шыға келеді... "Әй, осы  науқан 
бітсінші, сосын жақсылап бір емделсем" - дейді. Сосын бірте-бірте
тыңайып оңалып,  кетеді. Қауырт  істерден қолы босамай  онысын ұмытады.  Міне, 
енді науқасын меңдетіп алғанын қарашы. Осы  тұқым 
себуді  аяқтаған  соң  өмірі  алмаған 
демалысын  алып, курорты  ма, санаторийі ма  жөндеп тынығып келуі  керек-ақ. Майдангүл де "Дәрігерге  көрініп, емделсейші" деп талай-талай айтқан.

Майдангүл демекші, бұрындар
оны  Сыдықтың  маңдайынан 
сүйгенін де іштей  қызғанатын.
Енді ойласа  Әбудің  ішін өкініш 
тырналап, ыстық  от жалап-жалап
кетеді.

... Бәрі Майдангүлдің  оқиғасынан 
басталды. Сыздықта  жазық не?
Мектепті  бітірген  соң, бұл 
өсірген  қызын институтқа  түсірді. Енді-енді  диплом 
алады  деп жүргенде...

Әбу күрсінді. Аһ, деген  дауысы жарықшақтана  шығып 
кетті. Үстіндегі  көрпесін  кеудесіне 
ысырып, маңдайын  уыстап  жатты. Сормаңдай сезінді өзін.

Құдай  қос көрсе, Майдангүл  енді 
аз күнде  дипломын алады. Оған ана
замандастары  сияқты  үлкендерге бір, жастарға бөлек той
жасамақ  еді. Сосын  барып орталықта ашылған  мектепке 
жұмысқа  орналастырады. "Ей,
әлгі  бәленшенің баласы-ай",-дегенін
естісе ғой шіркін! Енді ойласа болды, өзегі өртенеді. Сол Майдангүл  күйеуге шығып кетіпті. Жігітін бірнеше
рет  ертіп әкеп, Сыздыққа  көрсетсе керек. Ол  келісімін бергенге ұқсайды. Оу, ақымақ,
бала  оқуын  бітірсе, жұмысқа  орналасса 
қайтеді? Тіпті, телқозыдай 
бірге  өскен  ағасымен ақылдаспай  ма екен? Білдей  қызын 
бір ауыз  сөз  айтпай ұзатып жібергені несі?

Бұл хабарды естігенде ауылдың
басында тұратын  інісінікіне тұра шапты.
Есігінің  алдында  атын ерсілі-қарсылы  ойнақтатып тұрып:

            - Әй, Сыздық, - деді сызданып.- бір емшекті емген төл
едік қой. Мынауың не, елге  қарабет  қылып, қуанышыңды  айтпай жасырғаның. Адам деп,  аға деп санамағаның-ау бұл!

Сыздық та ақсаңдай басып  келді де, қақпаны ашып жіберіп:

- Әбу, жолың  әне! - деп 
таяғымен  нұсқады. Сөйтті де: "Әлі
күнге дейін есігімнің алдында ат ойнақтатқан 
ешкім жоқ. Адыраңдама өйтіп. О, несі? Аман-сауыңда  жолыңды тап", - деді  бірден шарт етіп.

Бірі атты, бірі жаяу
ағалы-інілі  қатты-қатты  сөздерге 
барысты. Ашу үстінде бар міндерін беттеріне айтып, от қарығандай
басып-басып жіберді.

- Ерні  жібімеген жаман едің. Сол қара
ниеттілігіңе  бастың, ә, иттің баласы!-дегенде
ызадан  қалш-қалш етіп нарт қызыл боп
кеткен  Сыздық  таяғын 
сілтеп  кеп қалды. Отыз  жылдан астам 
серігі  болған  таяқ 
шарт сынды. Ауыздықпен 
алысқан  ат ашық  қақпадан 
атып  шығып, көшедегі  бар итті 
соңынан ертіп,  заулап барады.
Соңында  дың-дың  еткен інісінің  боқтығы 
аралас  ашулы  сөздері 
еміс-еміс  естіліп жатты.

Сол аққан  бойы 
Қаракөтермеге  жеткенде  барып есін 
әрең жиды. «Қап, есірген  иттің
баласы. Адам деп есептемедің-ау»,- деп күйіне 
күбірлеп, қар әлі  толық  еріп 
үлгермеген далада  бет алды  сандалып жүріп  алды.

Содан бері  ескі жара 
сыздап жүр. Сан мәрте 
шақырған  Майдангүлдердің  үйлену 
тойына да бармады. Сыздық  та  қыздың 
өлі-тірісін  Әбусіз таратты.
Ішек-қарны  бірге  боп, ыдыс-аяқ араласып жүретін  ағайынды 
екеуінің  арасы бүгінде  тым-тырыс. Майдангүлге  деген өкпесі 
де қара  қазандай. Іштей
елжіреп  тұрғанымен  намыс қысады. Мына  таяқ тастам 
көрші  ауылдағы  күйеу 
баласыныкіне  де ат ізін
салған  жоқ. Жылап-сықтап, бұған  ұрсып 
жүріп Биған барып келген. Оған ауыз аштырып, не болғанын  сұрамады да. Тастай безеріп жүрген күйеуіне:

- Бір-біріңнен бәрібір
безбейсің. Қойсаңшы енді аға болып, ақылға келіп, ініңнің алдына  бар, - деген 
әйелін  жазықсыздан-жазықсыз  біраз сыбап алды.  Содан 
бері ол да  жым болды.

Қанша қаны қарайғанымен де
мұнікі  дұрыс емес  сияқты. Ойлап қараса, Майдангүл  де 
бойжетіпті, әрі-беріден 
кейін  бәрін қыздың өзі шешеді
ғой. Мұныкі не көкірек сонда?  Жарты
ғасырдан астам әй деп бетіне қарамаған, бір құрсақтан шыққан бауырын  пышақсыз бауыздап кетті ғой.

Ол  байғұс 
не көрді?  Аяғын соғыста берді,
бала да жоқ,  не өмірінде бәтуалы әйел де
болмады. Қой, жылқы бағумен  ғана келеді.
Ең құрыса  мынау ағам  еді-ау 
деп алақанын  жайып  жалбарынғанын көрген жоқ.  Өз тіршілігін 
үнсіз ғана күйттеп, біреуге масыл болғысы келмепті. Қара шаруа
болып,  баз дүние кешіп барады.  Болып, толып тұрған кезде, қол ұшын берді ме
тіпті. Не жақсылық істеді екен өзі оған?

Соғысқа  барған соң, үш айдан  кейін 
екеуін  екі бөлімге жіберетін
болды. Ой, сонда  өзінің  ботадай боздағаны  қайда? Үш жылдан кейін мүгедек  болса да 
аман оралғанда  бірігіп  әкесін 
жоқтамап па еді. Шешесі марқұм:

-Сыздығым, айнымаған әкесі,
тура сөйлейді,- деп  отырушы еді. Тіпті,
үлкен шаңырақтың  отын өшірмеймін
деп  солардың  қолында қалды. Жал-құйрығы  бар болғаны 
қандай жақсы. Әй, қу өмір!

Әбу қамықты. Іші-бауыры  езіліп, көзіне  моншақ-моншақ 
жас тізілді. Кірпігін қақса-ақ боп, ыстық тамшылар  лек-легімен 
саулай  жөнеледі.

Өмірде  інісі, бірге туған бауыры  бар екенін, оның ең жақын  адам екенін жаңа  ғана 
байқағандай. Асқар  белі  екен ғой. Ол да ағасын  әрдайым 
биік тұлға, қалқа  санаған  болар. Анықтап қараса, өмірдің  өн бойында 
араларындағы  белгісіз ағалы-інілі
 сезімі жылдар бойы  лаулап 
келеді  екен. Ал,  енді жай таба ма?  Бәрін-бәрін жаңа білгендей. Жылжып  өткен 
уақыт  безбеніне  әсте 
көз  тікпепті.  Күнделікті 
тіршілік  қамымен  күйбең 
өмір сүргеніне  мәз екен.  Адам 
болып  жаралғаннан кейін
қасиетті  ақ сүті  мен 
тәрбиесін  берген  ата-анамызға 
не істедік. Жылына  ең
болмаса  бір-екі  мәрте 
басына  барып, балалық  парызын өтеді ме? Кер  жорғамен әке-шешесі жатқан  Қостөбенің 
баурайындағы  жалғыз аяқ
ақтаңдақ  жолмен  сан рет 
ары-бері  өтсе де, ат басын
солардың бейітіне  соңғы кезде бұрмапты.
Жұмыс дейміз, жағдай дейміз әйтеуір әр түрлі сылтау айтамыз. Біздер, тірілер,
өзіміздің  өлген  әке-шешелерімізді, бауырларымызды, неге  тез ұмытамыз? Оларға көрсеткен құрмет -
өткенді  ұмытпағанымыз, еске
алғанымыз.  Осыны ойладық па, сірә?

Екі ұлы бірден соғысқа
кеткенде  қанқұса  болып, 
өздерін  солар үшін  садақаға байлаған  әке-шеше 
ұрпағына  өмір тіледі.  Әйтеуір ұлдары  тіршілік етсе, тынысы  кеңейіп, 
ата жолын әрмен жалғастырады деп үміттенеді. Атадан-атаға айнымас мұра
болып келе жатқан  қара шаңырақтың
құламауын, қара ошақтың  шоғы сөнбеуін,
киелі  бесіктің бос болмауын  ойлады. 
Сол үшін көз жасын көл етіп, бүкіл төрт баласы бірден шешектен
шетінегенде  шыдаған олар кейіннен туған
осы телқозысының бауырмал  болуы
үшін  қолынан келгеннің бәрін істеп бақты.
Көз тимесін деп екеуіне  екі түрлі ат
қойып, түрліше киіндіретін.  Бұлар
шал-кемпірдің ортасына сойталдай  жігіт
болғанша  бірге жатып жүрді. Шатақтаса
қалса, әділін  айтып кінәлісінен
кешірім  сұрататын. Шешесі  де өле-өлгенше:

-Қарақтарым, өздерің  көп те емессіңдер. Мына  көздің ағы мен қарасындай  екеуің 
ғанасыңдар. Бір-біріңе  кешірімді
болыңдар,- деп  сан мәрте  айтып еді. Бұл ананың ақ өсиеті екен ғой.

Ол кісі  де көзі жұмылған соң,  күндердің 
күнінде ағалы-інілі  екеуінің  тілге 
келерін  білген-ау. Сонда  әке-шешеден 
басқа  пәлендей  жаны ашып, 
басу айтып, бәтуаға  келтірер  адам 
табылмасын да болжаған  екен.
Енді  айдай  аға деген 
атты жамылып отырып,  інісінің
балалығын  кешіре салса-ау қайтер еді.
Араларында  жамырап, шуылдап жүрген  бала да 
жоқ.

Есіне  қайран Қатира оралды. Іші құйын  тұрғандай алай-дүлей  суырды. Жүрек тұсы  көтеріліп, дүрс-дүрс  соқты. Кей-кейде  бәрі алдамшы, күңгірт, жұмбақ  сияқты болып кететіні  несі? Жастықтың  уызына 
шомылып, отына  шарпылып жүріп,
үйіндегі  жас босанған  келіншегіне 
де  қайырылмай,  түнделеткен түндер легі  ше бір... Таң ата  оралғанда, Биған  байғұс кірпігі  күміс шықтанып, тырс  етіп тіс жармай, қызыл бұйра  шайды 
құйып береді. Әдемі келіншегінің ашу буған жүзіне  тура қарамай, тез-тез  ішіп кесесін 
төңкере салып тұрып кететін. Күні бойы ат үстінен түспей, сіресіп отырып
дән бастырған қырманға  барады,
шөпшілердің жұмысын көреді, сүт тартқан шалға ұрсады, өгіз арбадағы баланы  арқадан қағады, орталыққа  жиналысқа барады...

Күн қиястана  қызыл іңірленген  сәтте 
келіншегі әзірлеп қойған  тамақты
асығыс ішіп, тіпті кейде  бармай-ақ  ат 
басын  екі қырдың  астында 
жатқан  фермаға  бұрар еді. Ондайда  келіншегіне: «Түнгі  жұмыстарды көремін»,- дейтін. Сиқырлы  ауылдың 
иісі  мұрнына  келе денесі 
жадырап,  көңілі  көтеріліп сала береді. Күні бойы қалжырап,
шаршағаны  бәрі-бәрі  бірден ұмытылады.

- Әбеке-ау, неге  ерте келдің? 
Елден ұят емес пе? - дейді Қатира оның сауыс-сауыс сырт киімін  шешіндіріп жатып. Оның алды-артына
қарайтын,  ойлап барлайтын халі жоқ  еді. Өмірі соншалық базарлы, көңілді,  әсем 
сияқты.

Көктем көп күттірген еді сол
жылы. Күн бірден қатты  ысып, сүр
қарларды жырып,  кер белдерден
құлдыраңдап бұлақ ақты.  Береке басы
көрінгенге  жақында ғана   орден алған 
бригадирдің көңілі  тасыды.  Сол 
күні ол батыстағы ақжелең 
бұлттарға қызыл қан жүгірмей тұрып, 
Қатираның үйінің жанындағы мамаға 
атын байлап жатты. Келіншек 
салғырт қарап, жүдеу қарсы алды. 
Состиып  бұрышта  тұрған 
бойы алакөбең  үйірілген үйге  шам да жақпады. Әбу болса сөйлеп жүр. Бүгін
ерекше қуанышты. Құдай қаласа,  биыл  да өнім шаш 
етектен  болады,  көнекөз 
шалдар  солай айтады.  Қар қалың 
жауды.  Аз күнде  тұқым сеуіп үлгереді.  Сөйтіп олар тағы да тек колхоз  ғана емес, 
аудан  бойынша  озат 
бригада  атанады. Иә,  сөзсіз сөйтеді.

Қатира үн-түнсіз,  келідей 
ғана  дөңгелек  темір пешті 
төңіректеп, шай демдеді. Шай үстінде:

-Сен енді  келме! - деп солқылдап  жылап жіберді. Ә дегенде  Әбу абыржып қалды.

- Қатира, Қақаш-ау, сені  ренжіткен 
кім? Кім ол, айтшы? - Әп-сәтте түтігіп шыға келді.

- Ешкім, Әбеке, ешкім,- деп,
бетін орамалмен  жасырған Қатира  оқыс 
мырс  етіп  күліп жіберді. Күліп жіберді де іле:

- Әбеке, сүйінші, балалы
болатын болдың. Иә,  ойынымыздан өрт
шықты,- деді де кілт  тұрып  төргі 
үйге  кіріп  кетті.

Әбу болса сол сілейген қалпы
отырып  қалыпты. Өзіне-өзі келе алмай,
дел-сал  есеңгірегендей  болды. «Қалай сонда? Тағы да  балалы болдым ба?» Өзегінде  екі ұдай 
ұшқын өршіп  тұрып алды.  Өз-өзінен үрікті. Түпкі үйдің есігін ашып еді,
о жасаған, Қатира  қос тізерлеген
қалпы  төр қабырғадағы  соғыстан қайтпаған  күйеуінің 
шыныдағы суретіне  қарап,  жалбарынып отыр екен.

- Мені кешір, Мұқан! Кешір
мені. Сенің алдыңда кінәлімін. Күңіренген 
даусы  сай-сүйегіңді  сырқыратады. Бетінде  қан-сөл 
жоқ. Арқасын  жапқан  шашы 
қап-қара  орамал  сияқты. Қобырап жайылып кетіпті.

Әбу үн-түнсіз етігін киді де,
аттанып кетті. Алау-жалау  өртенген  көңілі 
қырық жамау. Сан ойдың  соқпағына  ұрынып, не істерін  білмеді. Бар тындырғаны  жаңа басталған  көктемгі егіс 
кезінде  күн-түн демей  жұмыс басында болды.

Бәйшешектер  өте қалың 
шыққан еді сол жылы. Жолдың екі жағы, кейде тіпті  табан 
астында  да жып-жыпыр шешек  атқан 
нәресте гүлдер  әсіресе, азанда
әдемі-ау. Шық толған  нәркес  қауызын 
сілкіп  тастап,  алау-алау 
өрт  оранған  шығысқа 
мойнын  бұрып  тұна қалады.

Жалғыз аяқ жолмен  ертемен 
атын  әкелуге  барды. 
Қора басындағы  жылқышы  оған 
тор  жорғаны  ұсынып тұрып:

-Қатира көшіп кетіпті-ау,-
деді самарқау.

-Қайда, қашан? - Даусының
қатты шыққанын Әбудің өзі де байқамады.  

-Күнгейге, нағашыларына
кетіпті. Түнде көшіп кетсе керек,- деп жылқышы 
шал  жаңа  атып келе 
жатқан  күнге  көзін сығырайтты. Сосын  қалай 
дегендей бұған  тіктеп  қарады. 

            Алты ай бойы бақытқа тұншықтырған сол бейнені ұмыту  қиынға түсті. Өзегіне  шоқ түскендей 
өртенді де жүрді. Запыран  өкініш
кеудесін қысып, өзінің  ездігіне,
қайта  айналып келмес  алтын 
уақыттарын  оралта  алмағанына 
қатты  налып,  қарғыс 
айтты. Жаны  жай  таппай сыздайды. Безіп  кеткен 
жар төсегіне  қайта оралып,  сүт дәмді 
Майдангүлді  ойнататынды шығарды.

            Ауыл 
төңірегіне  көк гүл мен
қызғалдықтар қаптады.

            Қырқым басында отырған 
інісінің  үйіне  бара қалғанда:

- Әбе-ау, - деп  атады 
ол баяғы  әкесі сияқты. - Әй,
Әбе-ау, бекер істедің. Ең құрыса, ана  өз
төлімізді  алып қалсақ болмас па? Бекер,
бекер болған...

Сыздықтың бұлай салмақты да
сабырлы сөйлегенін  көрген емес-ті.
Өз-өзінен  қара жер болып, қатты
қысылғаны. Бауырының сол жалғыз ауыз сөзі 
бітеу жара болып,  сыздайды да
тұрады. Кейде  айлар  бойы 
ұмыт болып  кетеді де, Қатира
есіне түскенде  бебеулеп қоя береді.

Көңілі  келгенде 
төсектің  басында  ілулі тұрған 
әкесінің шауып  жасаған ескі
домбырасын  тыңқ-тыңқ тартатыны бар.
Шаруа саусағы шанақты  соққылап, пернені
дірілдеткенде, көзіне  ішкөйлекшең
күйдегі Қатира келеді. Бауыры елжіреп, ұл ма, қыз ба белгісіз  баласын ойлайды. Беріш болып қалған інісінің  сөз астарын кейінірек  қана түсінді. Артында  әлі 
тұяқ жоқ. Сол  екен-ау оны
жай  таптырмай  жүрген.

Ақыры  Биғанмен келісіп, Майдангүлін інісіне  берді. Кейін келіншегі бір ұл тапты да, мүлде
көтермей кетті.  

Інісі бір рет былай деді,
ең  соңғы рет өле арақ ішіп,  ең соңғы рет көз жасын көрсеткен болатын
сонда.

            -Менің өмірімді 
сұм  соғыс жойды. Соғыстың  лаңынан 
ғой  бәрі. Балам жоқтығына  әйелдерім 
емес, өзім  кінәлі! Соғыстың  зардабынан дейді. Атаңа нәлет  соғыс кімге 
ұшпақ  әпердің? Сен
бақыттысың  бауырым, балаларың бар. -
Сөйтті де ағасын бас салып, жаңа көргендей 
жылап, сүйді-ай келіп. Әбудің  де көңілі  босады. Бір жағынан әйелінен де ұялып барады.

            Сыздық мас болғаннан кейін  көпке шейін 
ағасына  көрінуден  қашып жүрді. Ұялғаны болар. Міне, ширек  ғасырға жуық уақыт  болып барады 
екен. Қатирадағы перзентін де 
көрмепті. Жастық шақ дегеннің  албырттығымен  аңсарыңды аунатады да, қадау-қадау жылдардан
тез өткізіп, самайға ақты сыйлап бере салады. Сосын егделік  деген кемеге 
отырғызады. Бұлтаратын жол жоқ. Төтелей алға асыққан сайын бұл дәурен
күндер май гүліндей құлпырып, көңіліңнің түкпіріндегі қозды түрткілеп,
қоздатады да жатады. Енді өзің емес,ойың ғана сапарға аттанды.

Жалғызілікті жолаушыдай санаң
сан тарауға түседі. Шиыр-шиыр соқпақтың өне бойы тарих, өкініші көп, қуанышы
одан да мол. Сол бір реніш, қобалжудың өзі де адамның қуанышы  үшін баспалдақтар екен ғой. Қуанышы үшін...

Ол тағы қаталап шөлдеді. Тілі
аузына симай жатыр.

- Биған! Ау, Би-ға-ан!

Әйелі жастықтан басын
көтереді.

 - Не болды?

- Сусын әкелші!..

Әйелі толысып, шау тартқан
денесін көтеріп, мамырлап барып шам жақты. Көп ұзамай шараны толтырып қымыз
әкелген.

Ішкісі келген жоқ.

- Тағы да ауырыпсың ғой.
Денең жанып барады. Мен қазір газға шай қояйын,- деп әйелі бәйек  болды.

Қаншама жыл өмір сүріп келеді
осы әйелімен. Ауыр айтты, қатты айтты. Бәрін-бәрін түсінеді. Балаларының анасы.
Іші жылып сала берді. Көңілін көтеріп бір жақсы сөз айтқысы келді.

Әйелі қайта-қайта ұйый берген
саусағын сипап жатыр. Құдайым-ау, бір ауыз сөз айта алмау  қандай қиын. Тек бұршақ -бұршақ жас, көңіл
жасы, ыстық тамшылар.

- Дәрігер шақырайын, ә? Әйелі
үстіне төніп тұр. Ернін қыбырлатып, басын шайқады. Ыстық шай кеуде сарайын
тіліп өтті. Тілі де бірден икемге келді. 
Мұнысына өзі шошыды.

-Керегі жоқ,  тәуір болып кетермін.

Таң сызаты терезені сыналап
ене бастапты.

Бүгін  бұрын-соңды 
байқамаған ұйқы-тұйқы  бөтен  күйде. Көңіліне еш нәрсе сияр емес.
Өзінің  өмірі  жайлы айтсам дейді.

- Биған, біз қосылғалы қанша
жыл болды осы? - деді ол кенет. Әйелі оған 
таңырқай қарады. Күбірлей саусағын бүгіп:

-Биыл Майдангүл жиырма үшке
шығады. Сонда тұп-тура жиырма сегіз жыл. Иә, жиырма сегіз жыл.

Сөйтті де, терең күрсінді.
Нені ойлады екен. Ол да анау оралмас жастық шағын, уылжыған тәтті кезеңін
аңсайды. Сол күндерге қызығады. Осы 
Биғанды он тоғызға толмай алып қашпады ма?

            Онда есепші болып істейтін. Кейін бригадир қойды.
Одан  басқарма  болды. Колхоз темекі егеді. Ат үзеңгісін
соғатын  дақыл  көкпеңбек 
болып жетіліп қалған уақ-тын. Елдің бәрі қос басына  түскі ас 
ішуге кеткен болатын. Жылғадағы суды 
көрмек  болып егістің  шетіне 
кетіп бара  жатып,  мына 
шыжыған тал түсте жұмыс істеп жүрген 
осы Биғанды  көрді. Бригадир
сұқтана  қарағанда  басындағы 
күнге  күйген  қызыл 
орамалдай  қызарып сала берді. Кім
екен деп ат басын  әдейі  бұрып 
тіл қатты:

Түске неге  бармадың?

Жәйша...

Ұялып, теріс айналып кетті.
Ұзап бара жатып соңына бұрылды. Биған әлі қарап 
тұр екен.  Екі күннен  соң үйіне бір түнде алып қашып келді. Шешесі
есі кете қуанды. Сазайын мұнда  басқарма
берді.

Бір ауылды басқарып
отырып,  елге ақыл айтудың орнына  мұның не? Жетім қыз, жесір кемпірді
басынғаның  ба? - деп сілкілеп алған-ды.

Әу, сонда Биғанды ешкім жас
демеген  сияқты еді. Қайта: «Қыз бойжеткен
соң өзінің орнын тапқаны-ақ дұрыс», - деген 
еді  ауылдағы  қариялар. Енді  бақса өзі де сөздің тізгінін  тартар ауыл ақсақалы атанып қалыпты. Сонда
бұған  не жорық.? Жиырма үшке  келіп, 
күйеуге кеткен қызына  ренжіді.
Өмірі бетіне қарамаған інісінің  үйіне ат
ойнатты. Қазір мұны әлпештеп, қас-қабағын бағып жүрген мына әйеліне не істепті?
Кейінгі жылдары толысып, бәйбіше  болған,
аз да болса сөзбен  ықтырып алады.
Ауытқып бара жатса, тәк-тәктеп 
жөнге  салады. Көбіне байқап
қараса әйелінің  айтқаны да дұрыс. Баяғы
көкірекпен елді басқару, оларды жұмсау қиындап барады.  Орталыққа немесе аудандағы  белгілі бір мәжіліс, жиналыстарға  шақырылып, 
ана қара костюмін кигенде, Биған әдейілеп келіп омырауындағы  сыңғыр-сыңғыр еткен  орден, медальдарды бір түзеп қояды.  Сырттай сүйсіне көз тастайды. Ылғи:
«Демалсаңшы  бір» - деп жүргені. Тыныш
демалысын алып,  шаруа жай  бағу 
керек пе? Жоқ, оған  шыдай  алмайды. Кеше ғана  кірпігінен 
былшық кетпейтін ана 
Садырдың  Бейбіті агроном  болып 
келгелі тіпті тынышы кетті. Білгірсініп ананы, мынаны  айтып, алдын орап отырады. Бәрі дұрыс, ел де  сол жағына 
ауып бара  жатқан сияқты.
Мәдениетті  сөйлеп, білімділігін  бар жерде аңғартады. Кезінде  оқи алмағанына  сондай кездері  іштей налиды. Бар  болып тұрса да,  ана Сыздық 
та оқып жарытпады. Ол да 
өкінетін  көрінеді. Өздері  жете алмағанына  енді 
мына  кейінгілер  жетсінші 
әйтеуір.

            - Биған-ау, қоржынды 
дайындашы. Майдангүлдікіне 
барайық.

Әйелі көз жасын іркіп алды.

Әбеке-ау, денсаулығыңды  түзеп алшы. Аман болсаң барармыз.
Алдымен  Сыздықты үйге шақырайық.

Әбудің іші жылыды. Жан
дүниесі түгел егіліп,  жылап жатты.

Жүрегім жиі қысылады. Биған,
Сыздықты  шақыршы. Серікті оят, шақырсын!

Серік құс ұйқыланып
жатыр  екен. Тез киініп кетіп қалды.  Әбу інісін 
қалай  қарсы алуды ойлап,  дал болды. 
Сықыр-сықыр  еткізіп, ағаш  аяқпен 
келе жатқан інісін  бауырына
басып, емін-еркін жылайды. Сөйтіп тұрып, түні бойы сал-сал болып шыққанын  айтады. 
Есіне  әке-шешесін  салады. 
Дүниеге  келгелі  бергі өмірін 
таразы басында  қат-қат қойып  тізіп шығады. Сосын анау  қорадағы 
қойдың біреуін  сойып,  елге таратады да,  ертең інісі 
екеуі  құдаларынікіне  барады. 
Майдангүлі мен күйеу баласының маңдайынан сүйеді.  Төрде құда болып отырып, салауатты  әңгіме шертеді. Аттанар  кезінде құда-құдағиларына, қызы,  жо-оқ қарындасының  жақсы үйден шыққанын  айтып, 
арнайы  қонаққа  шақырады. 
Інісі  екеуі  көлдей шалқып,  алдағы 
іс туралы  жоспар жасайды.

Көңілі көтеріліп,  қиял кеңістігін  кезіп барады. 
Жаны жаз тартып,  тыңайып
қалғандай.

Әбеке-ау, тарықпашы. Не болды
саған?  Кел далаға  шығарайын,- деді әйелі  есі 
шыға  бәйек  болып.

Ұзын денесі сыриып, бір
түннің ішінде қаудырап қалған сияқты. Қоңқақ 
мұрнының астындағы қара мұрты салбырап, тағадай  имиіп, 
қозғалмайды. Маңдайы жиырылып, сұйық қабағы ғана жыбыр-жыбыр етеді. Көз
алдына бүйректей бетіне үрей 
жамылған  толық әйел ғана. Аяғын
басып тұруға әлі келмейді, былқ-сылқ. Мойнын былқылдатып, басын  шалқақтата 
береді.  Асығыс  кигізген 
малақайы  астынан  шашын тап-тақыр  етіп алдырған 
құйқасы  көрінеді.

Есік алдындағы  баяғы 
әкесі   отырғызған  бәйтеректің 
түбіне  киіз, көрпе төсеп,  соның 
үстіне  жатқызды.  Басына 
биіктеп,  жастық  қойды. 
Көктемнің  сал самалы  кеудесін 
шайдай ашты.

Інісі өзінің соңына
ерген  жан бауыры  Сыздықтың 
кейпі  көз алдына  көлеңдей 
қалды.  Тоқпақтай  болып, 
бездей  түйілген қалпы.
Әншейіндегі  сұлуша  келген 
қызыл  жүзі қара сұрланып
алған.  Қолында  баяғы 
ортасынан  қақ  бөлінген қара таяқ.  Омырауы 
түгел ашылып кеткен.  Бірдеңе  айтатын сияқты, аузы жыбыр-жыбыр етеді.

Тек-тек, ол бүйтпейді. Жақсы
адамның ашуы жібек орамал кепкенше ғана емес пе? Өзі ғой мұнда, көр-жерді  көңіліне көлеңке тұтып жүретін.

Беу дүние-ай!.. Қара
жердің  үстінде  алшаң басып жүргенде  асарың мен тосарыңды  байқай бермейтін  сәтте, 
бұл фәнидің  қадір-құрметін  білмейміз-ау. Бір терінің астында сан мәрте
семіріп,  талай аримыз. Біреуге бақыт
әперсек деп талпынып, әлдекімге тосқауыл қойып мертіктіруді  көздейміз. Ақты ақ деп айта алмай,
күбіжіктеген  кезіміз де болыпты.
Тіршілік дейміз, күйкілік дейміз, әйтеуір уақыт деген  алға қарай 
зымырап барады. Тура  келіп, тік
сөйлеу,  өз боямасымен  болу бұған ғана емес,  інісіне 
тән екен. Қабырғасы сөгіліп,  қаны
қарайған жағдайы жоқ. Әйтсе де,  реніші  мен қуанышы, 
жақсылығы мен  жаманы  кезектесіп жатады ғой.

Өзіне  тән ішкі сыры, тоң мінезі  бар-тын. 
Бірақ  соны  жоғалтып 
алып,  жалпақ  жұртқа жайдары жан, ақылды  кісі, 
ауыл ағасы атанып  келеді,  бұл оның мына әр талына дейін тері
сіңген  ауылын көркейтсем, гүлдендірсем
деген  ойынан  туған еді. 
Зейнетін көрді, көрмеді...  Көкейінде
өз ауылын өрге сүйресем,  көркейтсем  деген ниет болды.  Сол үшін біреуге қатты айтты, «әке» деп
мақтады да. Көптің көңіліне көлденең келген сәті де болған шығар. Бәрі игілік
үшін. Иә, иә ол неге  өйтпейді. Мақтауды
да  көп естіді, ардагер деп үнемі
президиумға  отырғызды, алғаш  сөз де берді. 
Алатаудың  басында тас мүсіндей  алып тұлға 
болып  мәңгілікке  қалған ешкім жоқ. Бірақ, Алатаудай  аты шыққан перзенттері  қаншама, олардың ұлы істері ше? Өмір деп,
қара жер үстіне  адам атын  жамылып келген соң, өзіндік  ізгілік, игіліті  ісін 
қалдыру  керек. Ұрпақтарың үшін  осылай жаса. Сонда ғана  болашағың 
кең, алдың жарқын...

Көкке  қарап еді, жұлдыздар сүттенген  көк 
жүзінен ізім қайым бір жолата 
жоғалып бара жатты.  Әрқайсысы
быт-шыт бөлікке бөлініп жатқандай мың түс елес 
береді. Ойы толқын-толқын, 
өмірдің  уызды, тұзды сәттерін
алма-кезек зу-зу  еткізеді.

Сыздық ағам «Өлмесең өмірем
қапсын бармаймын деді!» -  деген дауыс
құлағын жарып, миын солқ  еткізді. Жүрек
тұсы қатты соғып, бүріп шаншыды. «Апыр-ай, ә, тентегім не дейді?» Тұла бойы
бұршақ-бұршақ тер, дір-дір етеді. Аяғы мен 
қолының  ұшы  шымырлап, 
жансыздана  бастаған  соң, Әбу 
соңғы рет  басын көтерді де,  жанары сөніп жүре берді.

 

* * *

Аттың о жағына бір, бұ жағына
бір түсіп, «ойбай бауырымдап» ат қойып келген 
Сыздықты  көпке дейін  жиналған жұрт 
қойдыра алмады.

-Арманда кеткен  тел қозым! Сорлы жетімің соңғы тілегіңді  де орындай 
алмай  шерменде  болып 
қалды -ау. Қателегімді  кешіре
гөр, кеше гөр...

Белін бүгіп аңырады-ай дерсің
бір. Жас моншақтап бетін жуып,  сүйір
сақалын шылап, жерге шып-шып тамады. Биған 
екеуінің дауысы аза бойды қаза тұттырады.  Майдангүлдер келді дауыс салып,  олардың жоқтауларына  қатын-қалаш көздеріне жас алды.

            - Әбу дегенің нағыз ер жігіт еді ғой,- деді  көрші 
үйдің  көсе шалы.

            - Ауырмай өлген  де
бақыт  қой, - деді күрк-күрк  жөтелген қойшы шал жасаураған көзін сүртіп.

            - Көңілі  көл еді
ғой, шіркіннің. Топырағы  торқа болғыр
марқұмның,-деді ауылдың  ең үлкен  қариясы 
Жаңбырбай.

Былтыр күзде кесілген  бәйтеректің 
үстіне қаз-қатар  отырған  ауыл ақсақалдары  кеше 
ғана тірі  жүрген  Әбудің 
өміріндегі бар жақсылығын  тізіп
шықты. Әркім өз білгенін, естігенін, өз көргенін айтады.

Қырда  бәйшешек 
гүлдеп,  көктемнің  саумал 
желі  жұпар иісті  бұрқыратып әкеліп тұрды. Шым-шым  көтеріліп 
келе жатқан  шөп те  жап-жасыл, аспан  әлемі 
де тұп-тұнық. Алабұртқан  күн
ғана  қып-қызыл  болып көтеріліп  келеді.

            Сол күні  жиналған
көп жұрт  таяққа сүйенген  Сыздықтың 
сықыр-сықыр  еткен  протезін тастап, шалбарының бос  балағын беліне қыстырып қойып, сыңар  аяқпен 
тұрғанын  тұңғыш рет көрді.