ВЕРНУТЬСЯ

  Жоғалған

үміттерімді жалғадым,

өзімді-өзім

жас баладай-ақ алдадым.

Ақша қар!

Алақан саған жайдым да,

қиялда жүрген

қия белдерге самғадым...

Елес пе?

Түс пе?

Жалған ба?

Көзімнің алды:

Көк мұнар түн бе, арман ба?!

Әйтеуір, мынау

қыз-әлем

сиқырлы, сылқым

бір ғажап әнге салғандай,

жігіт-жырларымды

көгендеп мүлде алғандай...

Сорымнан ба әлде бағымнан,

алай да дүлей ағылды ән?!

Арбаушым ба әлде,

алдаушым ба әлде, білмедім,

қашаннан мынау

қыз-әлем мені сағынған?

Сағынған ерен сезіммен?

Ұшырып бұлбұл көзімнен?!.

Өте де шықты, жалт етті,

ұстатпай кетті,

тістедім бармақ, «Аһ» ұрдым,

аспанның

ақпан ашуын шақырдым.

Ақша қар!

Алақан саған жайдым да,

кеудемнен

ақ түтек боран сапырдым.

Еріп те кеттің ернімде -

қиялап қашып,

қыр асып кеткен күліктей,

жүректі жұлқып,

иықты сілкіп,

тас-талқан болған үміттей...

желтоқсан, 1974 жыл