ВЕРНУТЬСЯ

        Бозаңға біткен боз жусан,

Боқыраудың күні болғанда,

Бозарып барып солар ма,

Мен бозаңды құшып көз жұмсам,

Қара жер, қойның толар ма?!

Сөгілсе қыстың көбесі,

Желкілдеп шығар көк өскін.

Мен неге, Тәңірім, неге осы

Боз жусан ғұрлы
емеспін?!

Жүрегім толы өлеңмен

Ояна алмаймын ақ танда,

Бұлттар
мен жылдар төбемнен

Бұрқырай
көшіп жатқанда.

Жолдар да жолдар, жолдар-ай,

Жонастан асып, жон кезіп,

Жарыса тартты жосыла.

Жаныққан көңіл сондағы-ай,

Жеткен де жерің осы ма?

Жасыл да жасыл, жасыл бел,

Жайлаған болдым қарыштап,

Ұйқымды
бекер қашырды ол,

Жақындай түсіп, алыстап.

Сеңгір де сеңгір, сеңгір-ай

Сенделтіп қойған бұлттарын,

Он бесінен толған мөлдір Ай,

Өткінші екенмін - ұққаным.

Асқақтап кетті шың бірден,

Қызғалдақ алды өртенді,

Құлыншақ жүректі тулатып,

Құп-құрттай болып тұрмын мен.

Құп-құрттай төмпек ертеңгі.

Жабылған есік тас бекем,

Жаһаннан ешкім таппады.

Деген ем «кілтін әперші»,

Шындықты көрдім - ащы екен,

Өтірігің бар ма - әкелші!

«Алланың бұйрығымен
дінді білдім,

Алдияр,

«Кәлләм-Шәріп»

құлдық ұрдым.

Амалым таусылған соң мен зарлаймын,

заманым -

қызыл түлкі, мың құбылдың.

Бес жаста «Әптиекпен» таныс болдым,

«Мұқтасар»
- түбі терең ағыс көрдім.

Әу баста харам жерден аулақ жүріп,

Шәрінен шайтан малғұн алыс қондым.

Сәлем бер шеменді орда, шерлі есікке,

Бар еді төрт қабырға сол мешітте.

Бір қабырғасы - ұят,

Бір қабырғасы - иман,

Бір кабырғасы - обал,

Бір қабырғасы - сауап.

Төрт дос бар жеткеніңше жер-бесікке.

Төрт кітап көктен түскен - менен қалды,

Хақ сөзі - түсінгенге өлең мәнді.

Дүние, көрдім сені десем дағы,

«Сары алтын - сабыр түбі» деген бар-ды...»

Жайықтың жайын ұстар
жұтпасындай

Немесе алтын есік тұтқасындай,

Киелі көн Құранның
арасынан,

Сарғайған бір үзік жыр шықты осындай.

- Күйіндей шорт
үзілген домбыраңның,

Бұ да бір
жұқанасы мол мұраңның.

Қалғаны атамыздан осы-ақ, - дейді

Иесі түйекеш шал көн Құранның.

Мешін жыл мешітті әскер талағанда,

Кітабын теңдеп алып қара нарға,

Атамыз шығып жүре берген дейді,

Солдат кеп ақ орданы қамағанда.

- Уа, қайда?

- Бар ма еді өзі?

- Тірі ме еді?

Сенделіп сарбаз біткен жүгіреді.

Сенсеңіз, топты жарып өтіпті шал,

Көрмеген көп әскердің бірі де оны.

Жарықтық, оралмаған сол кеткеннен,

Содан соң жан баласы көрмепті елден.

Алдымда «Құран
Карим» жатыр көне,

Жиегі сары жезбен өрнектелген.

Ал ақын, батыл болсаң, толға, кәні,

Жетпіс жыл - мұнда
үкімет орнағалы.

Қараша үй,

Қарлы дала,

шал екеуіміз,

қара жол

ескі қоныс жоннан әрі.

Жұрты деп
кім айтады жиындының,

Ғұрпы деп
кім айтады үйірлінің?

Төрт жаққа құлап
түскен төрт қабырға,

Үстінде жел ойнайды үйіндінің.

Айналып ата салтын сақтау мұңға,

Даттаудың жөнін таппай, ақтаудың да,

«Ай, қазақ,
күнің сенің не болмақ?» деп,

Аһылап талай жайсаң жатты-ау мұнда.

Назар caп
мынаған да,

анаған да,

Елеңдеп мен отырмын қарап алға.

Шал келіп қалатындай жапан кезген,

Кітабын теңдеп алып қара нарға.

Ғайыптан Қыдыр
көрсең - сол дегейсің,

Оралып келмесіне сенбегейсің.

Мен күтем жолаушымды бір соғар деп,

Ей, дала, сен не дейсің?

Сен не дейсің?