ВЕРНУТЬСЯ

   Иә, осылай деп Кеңес өкіметі тұсындағы дәуірлеген
науқаншылықты айтар едік. Науқаншылықтың отызыншы  жылдардағы әпербақан бейнесі қазір өзгерген.
Қамшысын үйіріп, қызыл туын желбіретіп өткен кешегі талтаңбайлардың рухани
мұрагерлері де сол жарықтықтардың қылығына бүгін басқа елмен бірге жырқылдап
күліп отырады.

Бір ғажабы, бұл «балалық ауру» күнделікті өміріміздің қай
саласынан болмасын қылаң беріп, бой көрсетіп қалады. Дегенмен, өзінің жаны
сірі...

1991 жылы Семей облысынын бір аудан орталығынан Наурыз
мейрамын тойлауға келген ауылдастарымды көріп, қатты шошынғаным бар. Иін
тірескен ығы-жығы халықтың көз алдынан сән-салтанаты келіскен салқар көштер
өтіп жатқан... Бір кезде киімдері ит талағандай алба-жұлба, бет ауыздары
күйелеш-күйелеш бір топ адам «Елім-айлап» аңырап, жылап шыға келсін....
Доңғалақтары шиқылдап, қаңсыған ескі арбаның үстінде елдің бетіне қарай алмай,
жүзін төмен салып, ауылымыздың сыйлы аксақалы отыр...

Кейін білсем, жерлестеріме сценарий бойынша кедей ауылдың
қазақтарын бейнелеу жүктеліпті. Наурыз «шеруінен» соң жүлделі орын иемденген
ауылдастарым бағалы сыйлық тапсырылар сәтте сасқалақтап әбігерге түссін...
Сөйтсе, ауылымыздың «патриот» қариясы, бүйтіп алған бәйгесі құрысын деп, үйіне
қайтып кетіпті.

Жаңалығы бар жақсы істі көзі көріп, құлағы естісе болды, тек
жатпай араласып кететін науқаншылық ақындар айтысына да ауыз салды-ау.

Ел аралаған бір сапарда қоңсылас отырған екі шаруа қожалығы
«ақындарының» айтысының үстінен шықтық. Оншақты қонақ - тындаушы. Әділқазылар
алқасы - екі басшы. «Айтыстың» демеушілері де өздері. Біреуі - төраға, екіншісі
- президент көрінеді. Сол себеп болды ма, «президенттің» ақыны: «Біздің ауылдың
бүгінгі Абылайы осы кісі. Өйткені қызметінің президент аталуы тегін емес. Ал
сен мақтап отырған басшы шынымен мықты болса, ел неге оны төраға дейді?» - деп,
«жеңіп» кетті. «Президенттің» ақыны тай мініп, төрағаның «ақыны» екі жәшік
қытай арағын алды.

Жол-женекей аялдаған сол жерімізде енді байыз тауып отыра
алмай, аттанғалы жатқанымызда: «Қалаға барсаңыздар мені ала кетіңіздер», - деп
бас «ақын» кідіртіп қойды. «Жас» ақын екеуі үйді айналып кетіп еді, бір кезде
алып-ұшып жетті-ау. Жетегінде тайы жоқ. Екі жәшік қытай арағына айырбас
жасапты.

- Тай арзан. Ал қытай арағы «ходовой товар» ғой, - деді әлгі
інішек көлігімізге жайғасып жатып. Науқаншылықтың ішкі есебі, өз бухгалтериясы
бар екеніне көзіміз сонда жеткен.

Өлермендік ұятты қайтсін, науқаншылық басқаны қойып, енді
кәрінің иегіндегі сақалды саудалауға көшті. Тоқсан жастың тауына шыққан
халқымыздың қадірменді қариясы, белгілі ақын Шәкір Әбенов ата-баба жолымен
Қазақстанның  тұңғыш Президентіне ақ
батасын берген соң, әулиенің артын жынға айналдырғысы келген науқаншылық
жыбырлап, тыныш жата алмады. Облыс, ауданнан басшылар келсе, жергілікті белсенділер
ауылдағы ақсақалдардың мазасын алып: «.... Батаңды аяйсың ба? Риза болып
кетсін», - деп қыңқылдай бастайды екен.»

Бір қызығы, бұл кезекті науқан Шәкір ақсақалды айналып өте
алмапты. Ел аузында жүрген аңыз былай дейді. Семей облысының бұрынғы әкімі
В.Чернов Абай ауданының Құндызды ауылына келгенде, бір пысық жігіттер: «Осы
ауылда Президентке бата берген ақсақал тұрады», - деп үйіне алып барыпты-мыс.
Ұзын сөздің қысқасы, бата дәметеді. Тілі мірдің оғындай қарт ақын үндемепті.
Қазекең сөзді түрлендіруге қандай шебер. Бұл хикаяны айтушылар осы арада шыдамы
таусылған Черновқа: «Ақсақал, бата...», - дегізіп, қол жайғызады. Сонда қайран
Шәкең: «Қарағым, сен білмесең де, мына балалар білуге тиіс еді. Кәпірге бата
жүрмейді ғой», - депті.

Басшының дінін емес, жағымпаздардың мінін көзге шұқыған
Шәкең жарықтықтың бұл сөзі қазір кәрі-жастың аузында жүр. Науқаншылдықтың
жарамсақ ептілігін әр азаматтың бойындағы тектілік қана жеңеді екен-ау. Аурудың
емшісі дәрігер болса, қоғамның «дертін» емдейтін халықтың өзі ғой. Ендеше, қара
ормандай халықтың амандығын тілейік.