ВЕРНУТЬСЯ

        Ойдым cop дөңгелене зымыраған

Көшкен үй аумағындай,

Көрінеді көне қамал құбыладан

Менің Сауранымдай.

Купелес түрікпен қисса шертеді кіл,

Мен дағы құштар
жан ем ойы ізгіге.

Үстімен аңыздардың, ертегінің

Зулайды пойыз міне.

О, Дарған,

ата Дарған,

Дарған,

Дарған,

Демеймін күйі бөлек,

өлеңі жат.

Парасат,

ерлігіңе таң қалғаннан,

Әму де кете алмапты сенен ұзап.

Ғасырлар ап қашады сені бізден,

Соңында қорым-қорым мола қалып.

Шыңғыстың мыртық қолы ішегін... үзген

Дутарлар жатты-ау мұнда домаланып.

...Жол ұзақ,

Жүрдек поезд.

Кешкі дала.

Жел мынау сақа бие саумалындай.

Әмудің жағасында ескі қала

жанымды ауыртады...

Сауранымдай.

Парсыдан - әнші,

түркіден мерген алдырып,

Кәнизәктердің
талдай да белін талдырып,

Жалаңтөс батыр жасағын ертіп шықты аңға,

Сал Самарханның даласын,

тауын даң қылып.

Жыныстың ішін жолбарыс салып аралап,

Жын көрген сынды аулығып жатты бар алап.

Құтырды бектер,

сарбаздар санынан жаңылып,

Мүйіздің қанын сусынға ішкен шаралап.

Тажалдай болып жаны бар тұяқ-қанатқа,

Қап-қара толқын жайылды таңнан алапқа.

Атының басын тартты оқыс батыр, мінеки,

Жалғыз көз мерген жармасты бұхар садаққа.

Жалт қарап еді, жым бола қалды мерген де,

Томар бас уәзір

тоқта деп бұйрық берді елге.

Ақ ала таңда аспанға азан шақыртып,

Ақ қаздар ұшып баратты

алыс жерлерге.

Тізбесін бұзбай,

тізіліп ұшқан құс міне,

Кереге құрып,

келеді төніп үстіне.

Төртқаралардың ауылы бар ғой ол жақта,

Тізерлей кетті,

баһадүр аттан түсті де.

Ұмтылып көкке, бұлтты ембек болып керік тау,

Мұндана қапты миуасын жерге төгіп бау.

Төртқараларға
төрткүлдеп ошақ қаздырып,

Төбел де бие сойғызар күзі келіпті-ау.

Үрмеді иттер,

тыпыршыған жоқ ат дағы,

Үрейде халық,

Жалаңтөске не жақпады?

Жартастай жауырын дірілдеп кетті неліктен?

Жарты құдайға жақындауға ешкім батпады.

Сусар да бөрік жасырып дымқыл жанарын,

Кері бұрылып,

кенеді батыр тамағын:

- Ештеңе етпейді,

әшейін... жай бір,

айтпақшы,

Өтінем, бүгін

ән салмаңдаршы, қарағым!