ВЕРНУТЬСЯ

        Әдебиеттану ғылымы - көркем әдебиет  туралы ғылым. Бұл негізінде үш саладан  құралады:  
 әдебиет   тарихы,    
әдебиет теориясы, әдебиет сыны. Бұлар қашанда болсын бір-бірімен нық
байланысты.

            Әдебиет тарихы белгілі бір халықтың
әдебиеті қай кезден басталды, шығармасымен қоса авторлық аты сақталған ең
алғашқы ақыны кімдер, олардан қандай мұралар қалды, олардың өзара байланысы
қандай, бірі себебі, екіншісі нәтижесі бола алды ма, қандай жүйеде дамыды,
қандай тарихи кезеңде туды, онда қандай таптардың көзқарасы, тартыстары
суреттеледі, міне, осы мәселелерді зерттейді.

              Әдебиет
теориясы көркем әдебиеттің әлеуметтік мәнін, өзіне тән ерекшеліктерін,
әдеби құбылыстардың қоғамдық негізін, әдебиеттің даму заңдарын, әдебиеттік
метод, бағыт, олардың себебін, әдебиет тектері (жанр), оның түрлері, көркем
шығарманың композициясы, тілі, өзіне тән ерекшеліктері, өлең құрылысы тәрізді
мәселелерді қамтиды.

            Әдебиет сыны өз кезіндегі әдебиеттің
даму жолдарын бақылайды. Оның жетістіктерін жұртшылыққа түсіндіреді, жақсыларын
үлгі етеді, кемшілігін сынға алады. Қысқасы, шын мәніндегі сын өз тұсындағы
көркем әдебиеттің дұрыс бағытта ілгерілеуіне жөн сілтеп, жол көрсетеді.

Бұған орыс халқының
ұлы сыншысы В.Г.Белинскийдің сыны толық дәлел. Ол өз кезіндегі әдебиетті
күнбе-күн бақылап, даму жолын зерттеп отырды. Жетістігіне қуанып, кемшілігіне
қынжылып, әдебиеттің дұрыс бағытта ілгері дамуына жөн сілтеп, жол көрсетті.
Кемшіліктерін батыл сынады. Ол өзінің кейбір сын мақалаларын белгілі бір
жылдардағы әдебиеттің есебі деп атады.

Әдебиет тарихы,
әдебиет теориясы, әдебиет сыны - әдебиеттану ғылымының жеке салалары болғанмен
де, олар өзара бір бірімен тығыз байланысты.

Бір елдің әдебиет
тарихын оқу, зерттеуде теориясыз ешбір көркем шығармаға талдау беру мүмкін емес
болса, ал сол елдің фольклорын, әдебиетінің тарихын жақсы білмеген адам өз
кезіндегі әдебиеттің даму жолдарын дұрыс танып, басшылық ете алмайды. Өткенді
жақсы білмей, келешекті болжау қиын.

Әдебиет теориясымен
толық қаруланбаған  сыншы, жалпы
әдебиеттік процеске жол көрсету, жөн сілтеу былай тұрсын, жеке еңбектерді де
талдай алмайды. Осының үстіне біздің сынымыз марксизм ғылымына негізделген,
марксистік эстетикамен қаруланған сын болуы керек. Бұл жайт біздің сыншылардың
жауаптылығын  күшейте түседі.

Әдебиеттану
ғылымының үш саласының ішінде әдебиет теориясының орны өте-мөте ерекше. Әдебиет
тарихын тексергенде не жеке шығармаларды талдағанда ең алдымен теорияға
сүйенеміз. Мысалы, тіл сабағынан диктант жазу үшін емле ережелері қандай керек
болса, көркем әдебиетті тану үшін теорияны білу де сондай керек.