ВЕРНУТЬСЯ

      Қара-қара түлейден қаптап өріп,

Қарақұйрық су ішкен қаққа келіп.

Қарақұйрық - ғасырлар көше берген,

Қара желін даланы қақтап еміп.

Сары-сары сағымды өзен бе деп,

Санын соққан сан қазақ кезеңге кеп.

Содан кейін күйлері көкке атылған,

«Әй, қу аспан, жетті енді, безерме!» деп.

Асу,

асу,

көп асу,

адыр,

белең,

Күткен, күткен зарығып сабырменен.

Еркем Жайық, бір күні сен келіпсің

Ерікті алған назыңмен,

сәніңменен.

Қара түлей бетіне қан жүгіріп,

«Ақ Жайық» деп әніне салды жігіт.

Көп ағаның ішінде жылғыз қызсың,

Көп өкініш ішінде жалғыз үміт.

Қатып қалған жүрегін тербеп үнің,

Мейірім бердің сен мынау жерге, күнім.

«Жайық керек» дей берем,

«Жайық керек»,

Сұмдық өзге сөз таппай мен де бүгін.