ВЕРНУТЬСЯ

     Бір мың тоғыз жүз жетпіс тоғызыншы жылы июль айында Қалихан
Ысқақов, Әкім Тарази - үшеуміз Алматы іргесіндегі Қара Қастек арқылы асатын
Суықтөбе жайлауынан оралдық. Мезгіл - түн. Ел болса, жатып қалған. Үшеуміз де
екі түрлі сезім құшағында келеміз.
        Бірінші сезім: дүниенің апшысын қуырып тұрған
мына сарша тамыз шілденің өзінде де мал мен жанға сондай жәйлі қоңыржай жайлау
әсері. Екі күн үйінде болған жылқышы Әбдісаматтың бізге көрсеткен ықыласы.
-        Екі-үш күн деген
не, Суықтөбе жайлауының қызығын арнайы келіп апталап жатып көру керек қой. Еңбек
адамдары туралы сонда ғана жөні бүтін бірдеме жаза аласың, - деп артымызда
қалған жұмақ тірлікке ойша үңіліп, алаңдаймыз.
       Екінші сезім:
машинамыздың бензині жоқтың қасы. Қаскелеңнің Алматыға шыға берісіндегі
бензеколонкаға жете алсақ жарар еді, - деп қыпылдаймыз.
      Осы сезімдерге
тағы бір сезімнің келіп қосылғаны...
     Газды сақтықпен
басып, май үнемдеген болып Қаскелеңге келіп кірдік. Көше бұрылысында қызыл
мотоциклді бір жігіт пен қыз құшақтасып тұр. Жақындай бергенімізде жігіт қолын
көтерді. Ұзын бойлы көк көз әдемі бозбала.
-        Шылым тартайын
деп едім, оттығыңыз болар ма екен? - деді ол қасымызға келіп. Талдырмаш денелі жирен
шаш қыз бізден ұялғаны ма әлде машина жарығынан қысылды ма, әйтеуір, теріс
айналды.
      Мен оттық
ұсындым. Қасымдағы жолдастардың бірі:
- Қызың ұялшақ па, деймін. Ұялшақтық тәрбиеліктің белгісі, -
деді жігіт түсінің игі екенін байқап.
-        Қалыңдығым
ғой. Келер жұмада той жасап қосылмақпыз. Мына үйде ата-анасы тұрады. Той
жабдығына байланысты демалысын алып келіп жатыр. Өзім Алматыда заводта
істеймін.
-        О, онда
өмірдегі жұбайлық сапарларыңыз оң болсын.
-        Рақмет,
ағалар.
      Біз жүріп кеттік.
Әлгіндей болмай қызыл мотоциклді жігіт артымыздан ызғытып келіп басып озды да,
қолын бұлғап ұзап сала берді. Жүрісі сондай суыт.
-        Жаңағы сыпайылығы
мен мына қимылы қабыспайды екен, - дедім мен машина жәйін білетін болғандықтан.
-        Алда тойы
тұрғандықтан, асығып бара жатқан шығар, - деді Қалихан дағдылы білгіштігіне,
болжағыштығына бағып.
      Әкім болса,
дағдылы сабырлылығына салды ғой деймін, үнсіз отыра берді.
        Біз сөйтіп
аман-есен бензеколонкаға да жеттік. Керек майымызды құйдырып көңіліміз орнына
түскен соң, үлкен жолға шықтық. Жүріп келеміз. Кенет алдымыздан алысқа кетер фары
жағулы бір үлкен жүж машинасы көрінгені. Машинаны баяулатып, сақтықпен он қапталды
ала ақырын жүре бастадым. Алысқа кетер жарық пен жақынға түсер жарықты
алма-кезек ауыстырып белгі берем. Бірақ жүк машинасы міз бақпайды.
       Жақындап
келсек, жүк машинасы жол шетінде тұр. Манағы қызыл мотоцикль арғы бетке ұшып
түскен. Жігіттің бір башмағы жоқ та, екінші башмағы жол үстінде жатыр.
       Жосылған қан...
Төціректе адам жоқ. Көп кешікпей қала шетіндегі ГАИ постына келіп көргенімізді
баяндасақ, ондағылар білетін болып шықты. Ес-түссіз қалған жігіт жүргінші
машинасымен ауруханаға аттандырылған...
        Бақытың мен
махаббатың да, болашақ тірлігіңнің қуанышы мен қызығы да артыңда - Қаскелеңде
емес пе еді? Қайда астықтың, бишара бала?