ВЕРНУТЬСЯ

     Түмен-түмен, түмен
нұр самсап ағып,

Күн келеді!

Көріндер, барша халық.

Сәбит, Ғабит... Жұмекен, Мұқағали...

жіберген Күн мына Күн!

Қарсы алалық!

Қуып ауыр шайқалған табыт-түнді,

Жер бетіне жеткіз деп жарық нұрды,

Әр таң сайын әруақтар біздер үшін

Көтереді төбеге алып күнді.

Кеңсай жақтан сан тарам жол шығады,

Жол шығады жыры мол, мол шуағы.

Күн емес бұл!

Бұл деген
Бауыржан ғой,

Бауыржанды қарсы алмай көрші, кәні!

Мұстафин күн - мына күн - шықты күліп,

Ғабдуллин күн - мына күн - құтты білік,

Меңдекеш күн - мына күн, обал дағы-ай,

Көтеріле бергенде жұтты бұлт.

Жұтты бұлт!

Күн мен түн шын егіз де.

Үйден шығып барамыз міне біз де.

Тұтылмайтын
секілді кердендейміз,

Жұтылмайтын
секілді күлеміз де,

Үйден шығып барамыз міне біз де.

Өмір не ол?

Өмір не? - дедім
де мен,

Қар астынан шөп көрдім тебіндеген,

шырақ көрдім білтесін жел үрлеген.

Жүсіп жазған өлеңнің бітпей қалған

Жалғыз жолы екен ғой Өмір деген.

Жер бетінің
шуағын молайтуға,

Жер астынан
сөйлейді көп Ай тұлға.

Ал сен, бауырым, «өмірге тойдым» дейсің,

Қандай ғана хақың бар соны айтуға.

Күллі әлемге беріпті бір-ак күнді,

Heгe жалғыз жаратқан қуаттымды,

Сен де бір сәт күнге айнал!

Күнге айнал да,

шашып-шашып жіберші шуақ нұрды.

Көңілдерден куатын түнді мүлде,

Өңірлерден қуатын түнді мүлде,

Күн шығады Кеңсайдан.

Кеңсай ғой ол!

Кеңсай жаққа қарай жүр тірлігіңде.