ВЕРНУТЬСЯ

         Ой-хой-хой, дария шалғыны!..

Шалғынға үйді тіктіріп,

Қайрайды шалғы әр күні

Жетпіске келген мықтылық.

Транзистордан төгіліп,

Шуақ ән үйге тарады.

Шуаққа қарай емініп,

Қария жақын барады.

Нәп-нәзік әуен айнала,

Балауыз шамдай сызылып,

Судырап келіп жай ғана

Моншақ боп жіпке тізіліп,

Моншақ боп жіпке тізіліп,

Сылдырап өтіп жатқандай.

Сыңсиды бірде үзіліп

Ұзатылатын
ақ маңдай.

Ұзатылатын
ақ маңдай

Валентина боп ән caп тұр.

Көктемгі өскін бақтардай

Жайнайды әлем сол шақ бір.

Ұшады
желмен жарыса ән,

Қояды шалың есінеп:

- Мен егер кісі танысам,

Қазақтың қызы осы, - деп.

Саратан-зауза болғанда,

Қонғанда ауыл дарияға,

Жолыңыз түссе сол маңға,

Соғыңыз менің қарияма.

Болса егер сізбен кеңеспек

Сол қария аппақ
ниетімен,

Валяны «қазақ емес» деп

Айта көрмеңіз, өтінем.