ВЕРНУТЬСЯ

      Көркем сөздердегі дыбыс таңдаушылықтың формасы жалғыз ғана ұйқас емес.

Өлеңде, кейде көркем қара сөздерде де айтайын деген ойына оқушылардың
көңілін аудару үшін автордың басқа жолдармен де дыбыс таңдаушылығы болады. Сол
әдістің бірі - дыбыс қайталаушылық. Бір дыбысты бірнеше рет қайталап
айтушылықты дыбыс қайталаушылық
дейді.

Бірақ қандай дыбыстар қайталайды және қайталақтағандағы автордың мақсаты
не, бұны естен шығармау керек.

Дыбыс қайталақтаудың мысалы:

Жайнаған туың жығылмай,

Жасқанып жаудан тығылмай,

Жасаулы жаудан бұрылмай,

Жау жүрек жомарт құбылмай,

Жақсы өмірің бұзылмай...

                                                                             (Абай)

 

Бұлардың ішінде сөз қайталақтауы да бар. Бірақ негізінен алғанда дыбыс
қайталақтауына жатады. Абайдан келтірген үзіндінің дыбыс қайталақтауы
алдыңғыдан гөрі күштірек. Жазушылар дыбыс қайталақтауын түрлі себептермен
қолданады.

Самородный сары алтын,

Саудасыз берсең алмайды,

Саудыраған жезіне.

Саудырсыз сары қамқаны,

Садаға кеткір сұрайды,

Самарқанның бөзіне, -

деп Абай жай қолданып отырған жоқ. «Сары алтынға»  - құнды сөзіне - жұрттың көңілін аудару үшін
қолданып отыр. Дыбыс қайталақтаудың өзі бір дыбысты қайталап көп қолданушылық,
шығарманың алдына қойған мақсаты, автордың айтайын деген ойына байланысты
болады. Мысалы, Тайырдың «Бесжылдықтың балғасы» деген өлеңінен мына бір
үзіндіні келтіріп, неге қолданғанын байқалық.

Солқылдата соғылсын

Бесжылдықтың балғасы.

Арқырасын асаудай,

Өндірістің арнасы.

Арқыраса тасқын күш,

Асау емей немене?

Өндіріс атқан алтын, мыс,

Жасау емей немене?

Осы өлеңді оқығанда, «с» дыбысы өте күшті естіледі. «С» дыбысын көп
қолданғандағы Тайырдың көздегені - жер солқылдатқан социалистік құрылыстың
балғасының даусын беру. Оқушының көңілін сол жер солқылдатқан дауысқа аудару.
Тайырдың алға қойған мақсаты - бесжылдықты жырлау. Бесжылдықтың ұлы қарқынын
суреттеп беру. Сол үшін дыбыстардың ішінен оған керекті дыбыс «с» болған.
Сондықтан да ол «с» дыбысы бар сөздерді көп пайдаланған. Дыбыс қайталақтауының
өзі шығарманың мазмұнымен байланысты болады дейтініміз осы.

Жоғары келтірген мысалдарымыздың бәрінде де ылғи дауыссыз дыбыстарды көп
қайталақтауды аллитерация деп
атайды. Ал көп қайталақтайтын дыбыстар дауысты дыбыс болса, ассонанс деп атайды.

Елбең-елбең жүгірген,

Ебелек отқа семірген.

Арғымақтан туған асылды

Баптап мінер күн қайда?

Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен,

Атқан оғы Еділ, Жайық тең өткен,

Атқанда қардай боратқан,

Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан!

Арыстан еді-ау, Исатай!

Бұл пәнидің жүзінде

Арыстан одан кім өткен?!

                                                   
(Махамбет)

Бұл үзінділердің
бәрі де ассонансқа жатады. Дыбыс қайталаушылық - өлең, көркем қара сөздерге
заңды нәрсе. Пушкин, Абай тағы басқа классик ақын, жазушылардың қай-қайсылары
болсын, дыбыс қайталауды қолданған. Айтайын деген ойына лайықты образ
қолданумен қатар, әр жағдайға тән, суреттейін деген құбылыстарына керекті
дыбыстарды қолдану арқылы да оқушыларына әсер еткен.

Пушкин тәрізді ұлы
классик ақындар құлаққа жақсы, сүйкімді естілетін дыбыстарды дұрыс қолдану,
оларды белгілі мөлшерден асырмай, қайталау арқылы өлеңдерінің музыкалылығын
күшейткен. Бұл әдісті Абай, Махамбеттен де көп табуға болады.

Біз бұл жерде
дауысты, дауыссыз дыбыстарды қайталақтауды ғана айттық. Бірнеше өлеңдерден
үзінділер алып, дауысты, дауыссыз дыбыстардың қайталақтағандарына мысалдар
келтірдік. Бұлардың қайсысы болсын мейлі, қайталап отыратын жеке дыбыстар.
Бірақ өлеңдерде қайталап отыратын тек жеке дыбыстар ғана емес, кейде бірнеше
дыбыстардың топ-тобымен қайталаушылықтары да кездеседі.

Мысалы:

Қырдағы ел ойдағы
елмен араласып...

Түйе боздап, қой
қоздап - қорада шу,

Көбелек, құстарменен
сайда ду-ду,

Гүл мен ағаш майысып
қарағанда,

Сыбдыр қағып,
бұраңдап ағады су.

                                                                                              (Абай)

Бұл үзіндіде тек қана жеке дыбыстар емес, қырдағы, ойдағы, боздап, қоздап
деген сөздердегі бірнеше дыбыстар қатарымен қайталаған. Осы келтірген мысалымыз
тәрізді бірнеше дыбыстарды топ-тобымен қайталаушылық жалғыз Абай емес, басқа
ақындардан да көп кездеседі. Дыбыс қайталаушылықтың бұл жағы да есте болу
керек.

Кейде өлең не қара сөздерде табиғаттағы әртүрлі дыбыстарға еліктеп,
табиғатты не еңбек процесін дыбыс арқылы беремін деушіліктен болады. Бірақ бере
алмайды.

Дыбыс қуалаушылықтың
және бір түрі - мөлшерден тыс, керексіз бір дыбысты өте көп қайталақтаушылық.

Бұлардың  екеуі де ақын, жазушылардың үйір болмайтын
нәрселері. Әйткенмен де кейбір ақындардың өлеңдерінде кездеседі. Бұл дыбыс
қуалаушылық, бір жағынан, өлеңді әлсіз және мағынасыз етсе, екінші жағынан,
дыбыс қуалаушылық формализмнің бір элементі болып саналады. Сондықтан бұдан
аулақ болу керек.