ВЕРНУТЬСЯ

   Мағауия 1869 жылы туған. Оқу жасына келгесін мектеп көріп, қазақша
да, орысша да жап-жақсы білім алып, мәдениетке еріскен, Әбдірахман қайтыс болғансын,
ендігі тірі қалғандардың ішінде қатты үміттенген ұлының бірі Мағауия болады.
Бірақ ол жас кезінен жүрек ауруға шалдығып, ақыры сол науқасынан 1904 жылы дүние
салады.

            М.О.Әуезовтің
айтуынша, Мағауия бірнеше поэма жазған. Әйтсе де сақталғаны, көптен бері баспа
жүзін көріп, оқырмандар жұртшылығына мәлім шығармасы - «Медғат-Қасым».

Ақылбайдың «Қисса Жүсіп» поэмасы және қазақ әдебиетінде
романтизм бағытының дамуымен байланысты Мағауияның «Медғат- Қасымын» атап өттік.
Енді поэманың өзіне тоқталалық.

            «Медғат-Қасымның»
қысқаша мазмұны: Нил дариясы бойындағы Африка еліне Мұрат деген адам баю үшін
Мысыр қаласынан кәсіп іздеп келеді. Оның Медғат деген ұлы, Ғазиза деген қызы
болады және Мария деген бір қызды еншілес етіп алады. Мұраттың құлдары көп,
соның ішінде әрі қайратты, әрі қайсар Қасым деген бір құлы бар. Бұл құлдың
шешесін жас кезінде бай сатып алып, Қасымды өзіне бала етеді. Бірақ Медғат туған
соң, оны құл орнына жұмсайды. Ержеткеннен кейін Қасым Марияны сүйіп, өзінің көңілін
білдіреді. Мария Медғатпен әліптес болғандықтан, Қасымды менсінбейтіндігін
айтып, оған теріс қарайды. Онымен қоймай, бұл әңгімені Медғатқа жеткізеді. Медғат
Қасымды бұлқынның (насостың) астына отырғызып, жаза тарттырады. Қасым талып қалады.
Алайда бұл жазадан аман құтылып, бірнеше күннен кейін Марияны өлтіріп, қашып
кетеді. Бірнеше жыл өткеннен кейін Мұрат бай Мысырға көшпекші болады. Қасым сол
кеткеннен үш жылдай қарақшы болып жүреді. Бұлардың көшейін деп жатқанын естіп,
жол тосады да, Мұратты, Медғатты өлтіреді. Ғазизаны қолға түсіреді.

Ғазизаның Сәлім деген сүйген жігіті болады екен, бірақ Мұрат
пен Медғат оны кедейсініп, Ғазизаны бермеген соң, ол бір аңшыға қосылып, аңшы
болып кеткен. Енді соған хабар жетіп, барлық мергендер жиналып, Ғазизаны құтқармақшы
болып келеді. Қасымның жолдастары арақ ішіп, мас болып, өзі ұйықтап жатқанда, Сәлімдер
қамайды. Қасым Ғазизаны алып қашады. Сәлім артынан қуады. Бірақ Сәлімді Ғазиза
танып, Қасымды тоқтатады. Қасым Ғазизаны Сәлімге береді. Поэма осымен аяқталады.

            Поэманың идеялық
мазмұнындағы бір құндылығы - Мұрат, Медғат сықылды құл иеленушілердің құлдарға
көрсеткен ауыр азабын суреттеу. Поэмада Медғат пен Қасымның арасындағы қарым-қатынастан
қожаның құлға деген мейірімсіздігі өте айқын көрінеді. Мұрат та, Медғат та өте қатал,
өте мейірімсіз адам болып суреттеледі. Олар құлды адам деп санамайды. Олардың құлдарды
қалай жазғырам десе де еріктері өздерінде. Бар байлық, бар игілігі құлдардың қолымен
жасалып отырса да, ешбір жазықсыз Қасымды қатты жазаға бұйырады. Туысында
бірбеткей, өжет Қасымды Медғат қылмысқа айдайды. Ақырында жас жігіт өмірден түңіледі.
Мұрат та, Медғат та байлықты, сол байлықтан туған менмендікті ең жоғарғы нәрсе
деп ұғады да, соны берік ұстайды. Сөйтіп, ақын құл иеленуші жауыз байдың типін
жасайды.

            Ақын поэмада
Мұратты да, Медғатты да жамандықтың өкілі ретінде көрсетуді мақсат етіп қойған
да, тілегін дұрыс орындап шыға алған. Поэманы оқығанда оқушылар Мұратты да, Медғатты
да мейлінше жек көреді. Өйткені екеуінің де ойлайтыны - байлық пен менмендік.
Сол жолға кімді құрбан етуге болса да тайынбайды. Олардың осы тәрізді іс-әрекеті
оқушыларды өздеріне қарсы қояды.

            Поэмада
ерекше орын алатын қаһарман - Қасым. Автор Қасымды ұнамды кейіпкер етіп көрсетуді
мақсат еткен. Оның кісі өлтіріп, қарақшы болып кетуін де, басқа қылмысты іс-әрекеттерін
де автор өзінше дәлелдеп, соның бәріне жауапты Медғат екенін көрсетеді. Автор өзінің
поэзиясында, бір жағынан, өткен кездегі құл мен қожаның арасындағы күресті көрсетпек
болса, екінші жағынан, «кекке-кек, қанға-қан» деген ескі пікірді қолдайды. Әрине,
соңғы пікірдің дұрыс та, теріс те жағы бар. Кекке-кек таптық тұрғыдан, отан
тілегінен туса, ол күрес ел жауы, отан жауына қарсы күрес болмақ. Бірақ мұндағы
кекке-кек мәселесі олай емес, сондықтан қазіргі тұрғыдан қарағанда, ондай күресті
дәріптеуге болмайды.

            Бірақ
автордың көрсетіп отырған уақиғасы - өткен замандікі. Ол кезде басқа жолдың
болуы да қиын және автордың мақсаты - өз мақсаты үшін күрескен өжет, ер, намысқой
адамның образын жасау, айқындалған таптық санасы болмаса да, таптық жағдай,
правосыз өмір, қожадан көрген орынсыз зорлыққа қарсы аттанған құлды әр жағдайда
алып, романтикалық қаһарман етіп көрсету. Объективтік тұрғыдан қарағанда, Қасымның
Медғатқа қарсы күресі тек сол дәуірдің шеңберінде ғана мәні бар. Ал бүгінгі көзқараспен
қарасақ, артта қалған, күрестің атам заманғы ескі әдісі.

            Бұл поэманың
біздер үшін екінші бір құндылық жағы - поэманың өз кезінде қазақ әдебиетіндегі
жаңалығы. Жас ақын Мағауия «Медғат-Қасым» арқылы қазақ әдебиетіне мәдениеті
алдағы орыс әдебиетіндегідей романтикалық бағытты енгізді. Поэманың құрылысына,
оқиғасына, образ жасау әдістеріне қарағанда, автордың ол кездегі романтик ақын-жазушылармен
де, романтикалық поэма, романдармен де жақсы таныс болғаны байқалады. Сондықтан
да ақын өзінің поэмасын шын мәніндегі романтикалық поэма етіп шығара алған.

            Оқиға
байланысы жай дағдыдағы эпостық поэмалардың ізінше басталса да, кейін оқиғаның
жайы және оқиғаның даму кезеңдері басқаша бола бастайды. Ең алдымен, оқиға дағдыдан
тыс, жаңа географиялық ортада болады. Қаһармандарының іс-әрекет, мінез-құлық,
наным-сенім, тіпті сыртқы көрінісі, т.б. алсақ, қалыптағы жай іс-әрекет, мінез-құлықтардан
ерекше. Бір амал мен екінші амалдың байланысы, оқиғаның шиеленісі, шарықтау
шегі - бәрі де күтпеген жерден кенет жалтарысқа ұшырап, шешілуі де осыған сәйкес
болып келеді. Адам образдарын жасау әдісі де осыған дәл. Солардың ішінде
романтикалық қаһарманды көз алдыңа елестете аларлық және өте шебер жасалған
образ - бас қаһарман Қасым образы.

            Қасым - өжет,
қайратты, бірбеткей, қайсар, мейлінше кекшіл. Оның істерінің қайсысын алсаң да
ірі, басқалардан бөлек, ерекше. Бір жерінде:

 

Дейтұғын бір құлы бар Қасым атты.

Қара сұрлау пішіні зәңгі затты.

Отты қара көзі бар, ұзын бойлы,

Тәкаппар, тәуекелшіл, бек қайратты, -

 

десе, екінші бір жерінде ақын Қасымның осы сыртқы кескініне
оның бірбет, қайсарлық мінезін де сай етіп суреттейді. Мысалы, Қасымды Медғат бұлқынмен
(насоспен) жіберілген судың астына қойып, оны қатты жазалап жатқанда да, ол дыбысын
шығармайды.

 

Ыңқ еткенімді естісе, сүйсінер деп,

Тістеніп, жатып алды ернін шайнап.

Су құйылды краннан басына атқып,

Қыңқ етіп дыбыс шықпай қалды қатып.

Ойбайынан өлгенін оңай көріп,

Шыдай берді жатса да қанша батып.

 

            Қасым кекті
қатты ұстайды. Жауына мейірімсіз және мейлінше қатал. Мұрат пен Медғатты жазалап,
өлімге бұйырған жерінде де тайынбайды. Оның көз алдына жалғыз-ақ нәрсе
елестейді. Ол - Медғаттың бұдан үш жыл бұрын қолданған жазасы. Мұрат пен Медғат
қана емес, баяғыда Қасымды жазалап жатқанда ара түспегендігі үшін Ғазизаны да
жазаға бұйырады. Бірақ Ғазизаның тәрбиешісі, кемпірдің аналық сөздері Қасымның
сезімін оятып, Ғазиза жазадан аман қалады.

            Бұл
эпизодтың Қасым образын ашуда мәні ерекше. Оның романтикалық образ екендігі, әсіресе
осы жерде айқындалады. Романтиканың негізгі шарты екі түрлі шекке барушылық деп
Белинский айтқан пікірге оның бұл жердегі мінезі дәл келеді. Ғазизаны қолға түсірген
жерде Қасымнан біз қаталдық, мейірімсіз, қаттылықты көрсек, кемпірдің сөзінен
кейін өте мейірімді, жұмсақтық, мейлінше рақымдылық мінезді көреміз. Енді ол Ғазизаны
тек жазадан босатып қана қоймайды, оны өзі сүйген жігітіне қосып, оған дәл туған
ағасындай болады. Осының екеуі де романтикалық образдарға тән мінез.

            Қасым қасына
қол жиып, қарақшы болып жүргенде оның аңдығаны - бай адамдар. Әрине, Қасымда
оянған таптық сана жоқ. Бірақ Мұрат, Медғаттың өзіне жасаған зорлығы оның әрдайым
көз алдында тұрады да, қарулы күшін соларға қарсы жұмсайды.

            Ақын бұл
жерді:

 

 

Әсіресе байларға рақым етпес,

Ағаш толған зәңгінің бәрі ниеттес.

Сорлы болған адамға тағы әдеті,

Бір жақсылық қылады естен кетпес, -

 

деп суреттейді.

 

... Медғатқа көрсетермін өлсемдағы,

Неге көмек болмайды істің ағы... -

 

деп, Қасым Медғаттан кек алу үшін бұл істеп жүрген іс-әрекетін
өзінше «ақтық», әділетсіздікке қарсы күрес деп ұғады. Сөйтіп, ақын өзінің
дастанында өткен дәуірдегі жеке кекпен байланысты құлдар мен қожалардың
арасындағы күрестердің бір көрінісінің суретін бермекші болған.

            Жалпы алғанда,
құл мен қожалардың арасында болған үлкен-үлкен күрестердің тарихи шындығы көп
болғанымен, қазақ әдебиетінде оның сәулесі аз болатын. Мағауияның «Медғат-Қасымының»
бұл жағынан алғанда ерекше мәні бар. Өйткені ертедегі Рим елінде болған құлдық дәуірді
тарихтан өткенде, оны оқушылардың көз алдарына елестету үшін де бұл поэманың көмегі
тиеді.

            Поэма - тіл
көркемдігі жағынан да құнды. Жаңа теңеу, жаңа эпитеттер тәрізді сөз образдары өз
алдына, әсіресе құндылығы - қаһармандарына романтикалық мінездерді шебер түрде
бере білушілігінде. Қаһармандарының ішкі сезімін, мінезін шебер суреттеуде жас
ақын Мағауияның Абайдан үйренгендігі анық байқалады.

            «Медғат-Қасым»
- романтикалық поэма. Оған дейінгі қазақтың ауыз әдебиеті, жазба әдебиеті
эпостық, лиро-эпостық поэмаларға бай болғанмен де, романтикалық поэмалар бізде
жоқ болатын. Сондықтан бұл романтикалық поэманың үлгілерін ақын орыс әдебиетінен
алды. Өйткені, біріншіден, Мағауияға ұстазы шығысты емес, орысты өнеге етті.
Екіншіден, ол орыс әдебиетін жақсы білген. Осылардың жиынтығында бұл поэма орыс
әдебиетіндегі романтикалық поэмалардың әсерінен туды. Әрине, бір елдің ақыны
екінші елдің әдебиетіне, ақындарына еліктесе, өмір құбылысын тануда, көзқарасында
олармен өзара жақындықтары болатыны - белгілі қағида. Демек, Абайдың тәрбиесінде
болған Мағауияның да орыс әдебиетін нысанаға алып, оған еліктеуі таңғаларлық нәрсе
емес.

            Қорыта айтқанда,
«Қисса Жүсіп» сықылды, «Медғат-Қасым» дастаны да тақырыбы жағынан, құрылысы жағынан
өз кезінде жаңалық болды. ХІХ ғасырда қазақ әдебиетіндегі сюжетке құрылған
романтикалық поэма, романтизм стилінің қазақ поэмаларындағы әсері деп ең
алдымен «Қисса Жүсіп», «Медғат-Қасымдарды» айтуға болады. Сондықтан да оларды оқудың,
талдаудың мәні зор. «Медғат-Қасымды» оқу, талдау арқылы біз жалпы романтикалық поэма
және оның өзіне тән ерекшеліктерімен танысамыз.