ВЕРНУТЬСЯ

    Қолыңнан, тағдыр, келсе егер

бөтен жыр маған бер бүгін,

сезіммен ғана өлшенер,

сенімнің айтар өрлігін.

Бөтен жыр маған бер бүгін,

өмірге мынау ғашық тым,

айтатын жүрек ерлігін,

суртетін жасын жасықтың.

Болмасын десең арқа тар,

қуат бер шабыт шақырар,

шерлінің шерін тарқатар,

шерсізді шерге батырар.

Сондай бір сөзді бер енді,

дүние шалқып тасатын,

бер маған өткір өлеңді,

даңғойдың пысын басатын.

Жалғыз үй... Жалқы ауылға

қонақ боп түнде қонатын.

Жол ұзақ... Қалған жауында

жалғызға серік болатын;

Бер маған өзге жыр бүгін,

ұялып өзін ез көрер.

Аспанның түріп түндігін -

Дүние күллі өзгерер...

Бақсызды баққа кенелтер,

оятып жанын ғаріптің.

Теңелместерді теңелтер,

арсыздың жанын қарып түн...

Тағдырым! Қолдан келсе егер,

бөтен жыр маған бер бүгін.

сезіммен ғана өлшенер,

сенімнің айтар өрлігін...

22 желтоқсан, 1969 жыл