ВЕРНУТЬСЯ

          Мен осынау жүрегіммен, жаныммен,

Алау ыстық қаныммен,

Бойымдағы барыммен,

Ақ қаймағы бір қасықтай фәнидің

Табынамын күлкісіне сәбидің.

Сәбиі үшін тілемеп ем мың бақыт,

Орай мені мәңгі ерімес тоң-мұзға,

Өзге жанның жыры болған сол қызға.

Кейде анама бесік жырын жырлатып,

(Бұл
сырымды еш бүкпесіз айта алам)

Сәби болғым кеп кетеді қайтадан.

Әзілдейді әз жеңгем:

«Жұрт ұлына өбектейсің сонша кеп,

Қайтер едің бұл
өз балаң болса» деп.

Қам көңіл көл секілденіп қаз келген,

Бір серпіліп қалар мынау кең кеуде,

Жасы кіші інім сәлем бергенде.

Менің әкем әл үстінде жатқанда,

Бір сүйді де немересін алдырып,

Қалғып кетті мәңгілік.

Қара мая ақ ботасын тапқанда,

Жылағанын алғаш рет көргенмін

«Бедеу әйел» атанған сол жеңгемнің.

Жігіт болдық ел сенер,

Алға тартты бақыт деген бір кеме,

Сәуле шашар жақұт
берем түнге де.

Сәби болғым келсе егер,

Бәрін
қайта бастасам деп жүр деме,

Жыр есігін ашпасам деп жүр деме.

Дария жақтан көтерілгенде

Қып-қызыл болып қалқан ай,

Өбісіп тұрар
от еріндерде

Бар еді-ау бір күш, қалқам-ай.

Егілгем мен де сол шақта мұңды,

Сол шақта мұңды
көңілмен.

Жұта
бермеп пе ем моншақтарыңды,

Моншақтарыңды төгілген.

Жылама, сәулем, алаңдағанда ой,

Жаныма ем бол жаралы.

Жас төгу үшін жаралмаған ғой

Жас арулардың жанары.

Сүйеді таңдар әуелі шыңды,

Жапырағын талдар үзбепті.

Сен айтқан әннің
әуені сынды

Себездеп ақ нұр
бізді өпті.

Сыйладым шуақ жанарларыңа,

Санасыз ойға сапы ұрдық.

Сұлулық та
жоқ ғаламда мына,

Жоқ болса егер ақындық.

Сыйладым шуақ жанарларыңа,

Тәк, кәні,
соны жылу ғып.

Ақындық та жоқ ғаламда мына,

Жоқ болса егер сұлулық!

Өзге шайыр пір тұтқан
өлшемменен

Сенің тылсым сырыңды мөлшерлемен.

Самарханның көк тасы секілденіп

Сәл жібіген шағыңда көрсем деп ем.

Мазалыма,
ғашығым, илан дағы,

Ғажап жолға менімен жинал, кәні.

«Төрт мұнара»
секілді жаңғырыққан

Төрт тармақ-ай бойына сыйған бәрі.

Соңына қап, сормаңдай, жылда күздің,

Жиде кештеу гүлдейтін Сырда біздің.

Бәлки, мен де жолықтым біткенінде

Тіл үйірер бал шырын құрмаңыздың.

Қош бол енді, күміс үн таспа бұлақ,

Кәусарыңнан
шөл бассын басқа құрақ.

Өз қадірін білген жөн сұлулыққа,

Тұру үшін
осылай асқағырақ.