ВЕРНУТЬСЯ

Әдебиетте сөз өткір,
тартымды, әсерлі болуы үшін, сөз таңдау, ауыстырып айтудан басқа да әдістер
қолданылады. Жазушы, ақындар кейде дағдыдағы синтаксисті аттап өтіп,
синтаксистің өзгешелеу түрін жасайды. Сөйлемді айтылып жүрген қалпынан өзгертіп
құрады. Бұл алтыға бөлінеді:

1)     
арнау, 2) қайталау, 3) шендестіру (антитеза) 4)
дамыту, 5) инверсия 6) элепсис.

Жазушы не өзіне, не біреуге, не көпшілікке қайырыла сөйлесе, арнау дейді. Бұл үшке бөлінеді: жарлайсұрай арнау, зарлай арнау.
арнау,

            Жарлай
арнау. Сәбит «Сұлушашының» «Кілт» деген бөлімінде (прологінде)
кімді жырлайтынын, нені айтарын, өзінің кім екенін, қай таптан шыққанын айтады.
Мұнда бір адамға не бір нәрсеге емес, көпшілікке қайырыла сөйлейді.
«Сұлушаштың» осы «Кілт» деген бөлімінің бас жағы түгелдей жарлай арнауға
жатады.

 

Қияға өрлеп, қырандай қанат жайып,

Табым десе, қозады аруағым.

Түпсіз қара тұнықта суды кешсем,

Тап қолыма медеу қып ұстар талым.

Көзсіз көрдей басыма күндер туса,

Табым қолда жарық қып ұстар шамым.

Менің табым - еңбекші, еңбек ері,

Онсыз менде көрген күн - бұлдыр сағым.

                                                                                            (Сәбит)

Ыбырай
Алтынсаринның:

 

Кел, балалар, оқылық!

Оқығанда көңілге

Ықыласпен тоқылық!

Оқысаңдар, балалар,

Шамнан шырақ жағылар,

Тілегенің алдыңнан

Іздемей-ақ табылар, -

 

деген
оқуға шақыруы да жарлай арнауға жатады.

Сұрай арнау. Жазушы біреуге не көпшілікке қайырыла сөйлесе және сол сұрағанына жауап
күтсе, сұрай арнау дейді. Мысалы:

Желі толған сары түйе,

Ағажан, кімге тапсырдың?

Қора толған ақты қой,

Ай көке, кімге тапсырдың?

Тоғай толған мың жылқы,

Күн көке, кімге тапсырдың?

Тоқсанда әкең Тоқтарбай,

Алпыста шешең Аналық,

Бірге туған мен зарлық,

Ай көке, кімге тапсырдың?

(«Қобыланды» жырынан)

Бұл сұрақтарға Қобыландының өзі жауап қайырады.

Сұрай арнаудың бір түрі - риторик сұрау (грекше - rhetoz - шешен), ойын
сұрау, жауап ретінде айтушылық. Риторик сұрау жауапты керек етпейді. Сұрай
арнауда да жауап беру міндетті болмаса да, оқушыға бұл сұрауды неге беріп отыр
деген ой түсуі мүмкін.

Ал риторикалық сұрауда сұраудың не үшін қойылатындығы оқушыларға түсінікті,
әр сұраудың жауабы оқушылардың ойында тұрады.

Махамбет бір өлеңінде:

Орай да, борай қар жауса,

Қалыңға боран борар ма?

Қаптай соққан боранда

Қаптама киген тоңар ма?

Туырлығы жоқ тұл үйге

Ту байласаң тұрар ма?

Ту түбіне тұлпар жығылса,

Шаппаған нәмәрт оңар ма? -

дейді.

Абай бір өлеңінде:

Балалық өлді, білдің бе?

Жігіттікке келдің бе?

Жігіттік өтті, көрдің бе?

Кәрілікке көндің бе?

Кім біледі сен кәпір

Баяндыдан сөндің бе?

Баянсызға төндің бе?

Әлде айналып, кім білер,

Боталы түйе секілді

Қорадан шықпай өлдің бе? -

дейді.

 Бұл екі өлеңнің екеуі де риторикалық
сұраумен жазылған. Бұларда қойылған сұрақтардың жауаптарын оқушылардың өздері
бере алғандай етіліп, сөйлемдер әдейі солай құрылған. «Орай да, борай қар
жауса, қалыңға боран борар ма?» (Борамайды), «Қаптама киген тоңар ма?»
(Тоңбайды). «Балалық өлді, білдің бе?» (Білдім). Жігіттікке келдің бе?»
(Келдім). Жауабы оқушылардың ойында тұрады. Өлең не көркем қара сөздерде
кездесетін осылар тәрізді сұрай арнаудың түрлерін риторикалық сұрау дейді. Мұнда бір адамға емес, жалпыға қайырыла
сөйлейді.

Зарлай арнау. Көркем шығармаларда қаһармандар басына талай қиын хал, жағдайлар
кездеседі. Кейде бас қаһарман жаудың қолына түсіп, туған жер, өскен елін,
ата-ана, үй ішін сағынатын кездері болады. Кейде өзіне оқ тиіп, елсіз, сусыз ай
далада жалғыз қалады. Кейде сүйген жар жауға кеткен жалғызды жоқтап, зарығатын
кездері болады. Қысқасы, осылар тәрізді қаһармандардың ауыр халін мұңды, зар
күйде суреттеуде зарлай арнау шығармада ерекше орын алады. Зарлай арнау монолог
түрінде кездеседі. Қаһарман көпшілікке не біреуге немесе басқа бір нәрсеге
қайырыла сөйлегенде, өз басының ауыр хал, қиын жағдайын өте зарлы, мұңды түрде
баяндайды. Әр сөзі жан жарасын сездіргендей болады.

Төлеген оқ тиіп, өлерінің алдында өзімен бірге ұшып келген алты қазға
қайырыла сөйлеп:

Әуелеп ұшқан алты қаз,       Шешемді
айтып қайтейін,            

Етің - шекер, сорпаң - наз.                  Мен
кеткен соң, дариға-ай,

Атайын десем, оғым аз,        «Көкешім!» деп Сансызбай

Қонар болсаң, жануар,         Еркелеп кімге қылар наз.

Міне, майдан, міне, саз.         Әуелеп ұшқан алтауың,

Өлмеген құлға, құдай-ай,                      Жерге
түсіп көрмейсің.

Болып қалды ертең жаз.        Сендер
тірі, мен өлі,

Атамды айтып
қайтейін.                        Жатырсың не ғып 
демейсің! -

 

дейді.

Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасындағы Алтайдың өлер жеріндегі монологі де
осы зарлай арнау түрінде жазылған. Алтай өлер алдында өмірге қайырыла сөйлеп,
өзінің сол күрестен жасаған қорытындысын баяндап, және өмірмен қоштасатын
сөзінде:

Өмір шіркін, алдадың, мен алдандым,

Алдады өмір, себеп не? Мен таңғалдым!

Жеміс піспей ауызға түспейтінін

Білдім, білдім, түсіндім, енді аңғардым.

Қош бол, жер, көпті көзбен көрген ана!

Құшақта, «Тентегім жат!» - де де, ана;

Панасыз ем, жалғыз ем өзіңе аян,

«Жоғалғыр жоғалды ғой» деме, ана! -

дейді. Келтірген
үзінділердің екеуі де монолог түріндегі зарлай арнау.

Қаһармандардың басында болған күйініш-сүйінішті, жалпы сезім дүниесіндегі
психологиялық ауыр халдерді суреттеуде зарлай арнау көркем әдебиетте жиі
ұшырайды. Ескі ауыз әдебиетінің бір түрі жоқтаулар негізінен дерлік зарлай
арнауға құрылады.

 

Белгілі бір ұғымға назар аударту үшін бір сөзді не сөйлемді қайта-қайта
айтуды қайталау деп атайды.
Қайталаудың да бірнеше түрі болады. Мысалы:

Табым десем бұлақтай таудан аққан,

Өн бойымды шымырлап, билейді ағын,

Қияға өрлеп, қырандай қанат жайып,

Табым десем қозады аруағым.

Түпсіз қара тұнықта суды кешсем,

Тап қолыма медеу қып ұстар талым.         (Сәбит)

Мұнда «тап» деген сөзді өлеңнің әр жолдарында қайта-қайта айтады.
Қайталағанда назарды сол сөзге тоқтатып, оқушының көңілін сол сөзге аудару үшін
қолданады. Мұны жай қайталау дейді.

 

(грекше - anaphora - биіктеу, жоғары шығу). Қайталаудың екінші бір түрі анафора делінеді. Анафора деп өлеңнің
әр жолы ылғи бір сөзден басталып отыруын айтады. Мысалы:

 

Бізде қару, бізде танк,

Бізде ұшқыш, самолет.

Біз - болатпыз, біз - күшпіз.

Бізде қайрат, бізде от,

Бізде план, программ,

Бізде құрал, бізде ұран,

Біздің елге бір елі,

Тұмсығын жау сұға алмас.

Өйткені біз беттесек,

Бұзбайтұғын қамал жоқ!

                                                          (Жақан)

Нефтіні білгің келе ме?

Нефті -жердің бұлағы,

Нефті - жердің құнары,

Нефті - өмірдің шырағы

Нефті - қайрат қайнатқан,

Нефті деген немен?

Нефті күші - тасқын күш.

Нефті өмірді жайнатқан,

Нефті күші - асқан күш!

                                                          (Тайыр)

Міне, осы келтірілген үзінділер анафораға жатады.

 (грекше - epiphora; ері - соңғы, phoros
- алып жүру). Өлең шығармаларда сөйлемнің әсерлілігін күшейту үшін белгілі бір
сөз, сөз тіркесі жол (тармақ) аяғында қайталанады. Қайталаудың бұл түрін эпифора дейді.

Мысалы:

Мұнар да, мұнар, мұнар күн,

Бұлттан шыққан шұбар күн.

Буыршын мұзға тайған күн,

Бура атанға шөккен күн.

Бұлықсып жүрген ерлерден

Бұрынғы бақыт тайған күн т.б.

Анафора да, эпифора да көркем тілдегі жалпы қайталауға қойылатын шарттарға
бағыныңқы. Жай қайталауда ақын-жазушылар сөйлемнің әр жолында қайталап айту
арқылы сол сөзге, дұрысын айтқанда, сол сөздің мәніне оқушыларының көңілін
аударуды мақсат етсе, анафора, эпифораларда бір сөзді сөйлемнің басында не
аяғында қайталау арқылы сол мақсат орындалады.

Келтірілген  үзіндіде эпифора - күн деген сөз. Сонымен қатар ол
шұбыртпалы ұйқастың да қызметін атқарып тұр.

Ақынның күн деген сөзді көп қайталауы кездейсоқ емес. Бұл күн - Махамбет
үшін айрықша күн, аңсаған арман, көздеген мақсат керісінше келіп, хан, сұлтанға
қарсы күрес майданына шыққан қара халықтың апатқа кездесіп, айдарлысы құл,
тұлымдысы тұл болған күн. Ақын оқушыларының ой-сезіміне күштірек әсер ету, сол
күнге көңілін аудару үшін көркемдеп суреттеу әдістердің бірі ретінде эпифораны
қолданған.

Еспе қайталау. Алдыңғы пікірдің аяғын соңғы пікірге қатыстырып, қайталап айтуды еспе қайталау дейді.

Еспе қайталау да айтайын деген нәрсесіне оқушының көңілін аудару үшін
қолданылады. Мысалы:

Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,

Ел қорыған мен едім,

Мен де айырылдым елімнен.

Көл қорыған сен едің,

Сен де айырылдың көліңнен.

                                                            (Махамбет)

Мұнымен қатар жай сөздерде де, нәрсенің әсерін күшейту үшін де бір аңызды
қайта-қайта айтулар болады. Мысалы: «Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен
болар» немесе біреуге арнай сөйлегенде де қайталау әдісін қолданады.

Ей, Қарт Қожақ, Қарт Қожақ!

Атыңның басын тарт, Қожақ! т.б.

Қысқарта айтқанда, қайталаудың негізгі түрлері осылар.  Қайталауды қолданғанда, жазушы өзінің таптық
идеясын үндеу үшін қолданады. Өзінің сол нәрсеге қатынасын көрсетеді. Бір сөзді
қайта-қайта айтумен оқушыны әсерлендіреді.

Сәбит тап деген сөзді қайта-қайта
айтқанда, оны сәндікке айтып отырған жоқ. Сол сөзге жұртшылықтың көңілін
аудару, тап (жұмысшылар табы) деген
ардақты сөзді ақын жүрегіне берік ұстап, табын шын сүйетіндігін айтпақ.
Оқушыларын да тапшыл болуға үндемек.

Көркем тілдің қай-қайсысын алсақ та, орнымен қолдануды керек қылады. Мейлі
теңеу, мейлі троптың түрлері болсын, әр өлеңде өздерінің белгілі орны, белгілі
мөлшері бар. Сурет салғанда бояуды көп жағып жіберсе, суреттің жақсы шықпайтыны
тәрізді, образдарды мөлшерден асырып қолданса, өлең де жақсы шықпайды. Айтайын
деген ойды сурет басып қалады да, оқушыға түсініксіз болады. Бұл шығарманың
адамға тигізетін әсерін әлсіретеді. Сол образды сөздердің ішінде өте шеберлікті
керек ететін поэтикалық тілдердің бірі - қайталау. Қайталаудың қай түрі болсын,
өзінің мерзімді мөлшерімен қолданса ғана жақсы. Ал мөлшерден асырып жіберсе,
өлең күшті шықпайды. Орынсыз қайталай беру өлеңді мылжыңдыққа айналдырады.

Не түр қуалаушылыққа (формализмге) апарып соқтырады. Жоғарыдағы біз
келтірген Тайырдың «Нефтстан» атты өлеңінің бірнеше беттеріне дейін нефті деген сөзбен (анафорамен) басталып
отырады. Бірақ одан өлеңнің көркемделген ештемесі жоқ, қайта анафораны орынсыз
көп қолданғандықтан, өлеңнің көркемдік жағы әлсіреп кеткен. Шығармада өлеңнің
сыртқы формасына зер салып, мазмұнына көңіл бөлмей кетушіліктің, яғни
формализмнің, элементі де жоқ емес.          

Поэтикалық сөйлемдерде сөйлем ішіндегі сөздерді жай кездегі реттерінен
өзгертіп, сөйлем мүшелерін екінші орынға қоюшылық жиі кездеседі. Осы сықылды,
сөйлем мүшелерінің орнын ауыстырып қолдануды инверсия дейді.

Сен оларға айт: ақын
тасыды де!

Тасытқан социализм
ғасыры де!

Ақындықтың бұлағы
алып шықты

Жүректің түбіндегі
асылын де!

Сен оларға айт: ақын
ұранын де,

Баса жұмсап қаламын
- құралын де,

Құрып жатыр мұз
теңіз суын шөлге

Каналмен әкелудің
планын де!

                                                                               (Сәбит)

 

Бұл үзіндідегі Сен оларға айт
деген сөйлем, жай айтқанда, аяқта келуі керек. Бірақ сол сөйлемді ерекше көзге
түсіру үшін, сен оларға айтты өлең
жолдарының ылғи алдарында келтіріп отырған.

Келдік талай жерге енді,

Кіруге-ақ қалдық көрге енді.

Қызыл тілім буынсыз,

Сөзімде жаз бір шыбынсыз.

Тыңдаушымды ұғымсыз

Қылып тәңірім берген-ді.

                                                            (Абай) 

 

Жай сөйлегенде келдік сөздің
аяғында келуі керек. Кіру деген  сөз көрге  деген сөзден кейін келуі керек. Мұнда олай
емес. Әншейіндегі сөйлем құрылысынан бұл сөйлемнің құрылысы өзгеше, сөздерінің
де орындары ауысып келген. Сөз ауыстырудың себебі сөздің әдетте айтылып жүрген
қалпынан орны ауыстырылған сөздер оғаш, оқшау тұрады. Көзге түскіш келеді.
Ақындар өзінше айтайын дегенін оқушысына тез жеткізу үшін инверсияны өте
керекті деп табады.

Инверсияны ірі ақын әртүрлі жолдармен жасайды. 

Мағына жағынан біріне бірі қарсы, аралары алшақ жатқан: екі нәрсені
бетпе-бет қоюды шендестіру (антитеза) дейді. Антитезада бір нәрсені екінші
нәрсеге қарсы қоюмен, үшінші нәрсенің қандай екенін анықтайды. Ақ пен қараны
қатар қойсақ, арасы алшақ екі түс шендескенде, ақтың ақтығы анық көрінеді. Бұл
үшін неғұрлым арасы алшақ жатқан нәрселерді бір-біріне бетпе-бет қойса,
солғұрлым анықталатын нәрселер күшті шығады.

Мысалы:

Қара жерге қар
жауар,

Қарды көр де, бетім
көр,

Қар үстіне қан
тамар,

Қанды көр де, бетім
көр.

                                                    («Тарғын» жырынан)

Бұл үзіндіде қара жер мен қарды қатар қояды да, қардың ақтығына қара да,
менің етіме қара; қар мен қанды қатар қояды да, қанды көріп, менің бетімді көр
дейді; Ақжүніс  етін қарға, бетін қанға
баламайды да, теңемейді де, тек арасы алшақ жатқан екі түсті бір-біріне
қарама-қарсы қою арқылы, үшінші түсті көзге елестетеді. Ол - Ақжүністің ақтығы.

Антитезаның ең күшті түрін қазақ әдебиетіне кіргізген ақын Абай. Абайда тек
қана екі нәрсе емес, үш нәрсені қатар қоюшылық және әрбіреуін жеке-жеке
алғанда, өз алдына эпитеттері бар сөздерді қолданғандығын көреміз.

Мысалы:

Қар аппақ, бүркіт қара,
түлкі қызыл,

Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға,

Қара шашын көтеріп екі шынтақ

О да бүлк-бүлк етпей ме сипағанда,

Аппақ ет, қып-қызыл бет, жап-жалаңаш,

Қара шаш, қызыл жүзді жасырғанда.

                                                                                           (Абай)

Міне, мұндағы курсивпен басылған бірінші жол мен бесінші жол -
антитеза.  Және мұндағы қарама-қарсы
қойылған тек қана екі нәрсе емес, үш нәрсе. Сонымен қатар әр сөздерін жеке-жеке
алсақ, аппақ, қызыл, қара сықылды сын есімдерден жасалған эпитеттері де бар.
Абайдың бұл жазғаны - антитезаның ең күшті түрі.

                                                   Сөйлегенде
алдыңғы ойдан соңғы    ойды, соңғы
оқиғаны күшейтіп айтуды дамыту -
градация дейді. Дамыту жай сөзде де, жазушылардың сөздерінде де жиі
кездеседі. Өлеңі тартымды, әсерлі болу үшін ақындар дамыту әдісін көп
қолданады. Дамытумен жазылған шығармаларда алдыңғы ойдан соңғы ойды күшті етіп
шығару үшін алдыңғы құбылыстан соңғы құбылыс, алдыңғы сөзден соңғы сөз күшті
боп үдей береді. Сондықтан ол адамды тартқыш келеді. Оқығанда қызықтырып отырады.

Мысалы:

Қиқу салып құзға ұшқан,

Құздан суық мұзға ұшқан,

Мұздан суық бұлтқа ұшқан,

Бұлттан биік көкке ұшқан

Қарулы қыран кім еді?

 (Тайыр)

Бұл өлеңде ұшу
бірден екі, жоғарылай келеді. Ақырында көкке араласып кетеді. «Күн тіл қатты»
поэмасының көп жеріне шейін дамытумен жазылған деп айтуға болады.

«Қобыланды»
жырындағы Тайбурылдың шабысы да дамытуға жатады.

Әуелі:

Шынымен Қобылан шу
деді,

Құбылып бурыл
гуледі.

Аса шауып жөнелді,

Аса қарғып жөнелді,

Қарсы келген
қабақтан

Қарғып асып жөнелді,

Сеңгір-сеңгір
таулардан

Секіріп асып
жөнелді...

Одан кейін:

Кешке таман Тайбурыл

Жын қаққанға ұқсады.

Құлан мен құлжаның,

Марал мен бұғының

Ұзатпай алдын
тосады.

Әрберіден соң:

Арандай аузын ашады,

Аяғын топтап басады.

Жыны судай тасады.

Бір төбенің тозаңын

Бір төбеге қосады...

 

Көл жағалай отырған

Көкқұтан мен
қарабай,

Көтеріліп ұшқанша

Белінен келіп
басады.

Тайбурыл ілкі
шапқанында тек қана гулеп шапса, кішкене қызғасын қабақтан қарғиды, әрі-бері
шапқасын таудан секіріп, бір төбенің тозаңын екінші төбеге қосады. Кешке жақын
шабысты тіпті үдетеді. Құлан мен құлжаның алдына шығып, құс көтеріліп ұшқанша
белінен басып кетеді. Мұндағы шабыстың дамуы сықылды шабысты көрсететін сөздері
де алдыңғысынан, соңғы келетін сөздері күштірек екенін көреміз. Гулеуден қарғу,
қарғудан таудан секіру, маралдың алдын тосудан құсты белінен басу күштірек,
тезірек жылдамдықты көрсететіні талассыз. Міне, осы сықылды сөз қолданулар
дамытуға жатады.

Жай сөздердегі: Бар! Жүгір! Ұш! Мен он рет, жүз рет, мың рет
айттым деген сөздер де осыған жатады. Бұлардың алдыңғысынан соңғылары
күштірек екені түсінікті. Сондықтан дамыту туралы сөзді осымен қысқартып,
эллипсиске келелік.

Сөйлем құрастыруда айтылуға тиісті кейбір сөздерді тастап жазуды эллипсис
дейді. Бірақ тастап кеткен сөздің мағынасы оқушыға ап-анық тұрады. Эллипсисті
жазушылар не сөйлемді қысқартып, оқиғаны тездету үшін не түрлі себептермен
айтуға мүмкіндік болмай, бітпей қалған ойды көрсету үшін немесе адамның не
қуаныш, не кейістік, не қайғылы қалыптарындағы сөздерін беру үшін қолданады.

Эллипсис болу үшін
сөйлемде не бір сөз, не бірнеше сөз жоқ болуы керек. Әйтсе де жоқ сөзді білуге
болады.

Мысалы:

 

Кеп қалды... ойбай,
кеп қалды,.. -

 

дегенде, сөйлемнің ең керекті мүшесі жау деген сөзді тастап кетіп отыр.
Мұндағы мақсат - сасқандықты, алас-қапас қимылды көрсету; жау деген сөзді тастап кеткеннен сөйлем әлсіреп тұрған жоқ,
қайта  жұмбақталып не болар екен, кім кеп қалды екен дегізіп, оқушыны ынтықтырып отыр.
 

Эллипсистер ылғи көп
ноқатпен жазылады. Бірақ көп ноқаттың басқа да келетін жерлері болады.
Сондықтан көп ноқат келген жерлердің бәрін эллипсис деп қарауға болмайды.
Эллипсис болу үшін сол көп ноқат қойылған жерлерде айтылмай қалған сөз не ой
болуы керек. Соның ұшығы көрсетілген болуы керек. Соның ұшығы көрсетілген болуы
керек. Сонда ғана эллипсис болады.

Біз әңгімені
фигурадан бастадық та, оның түрлері - қайталау, арнау, антитеза, дамытулар тағы
басқаларды айта келіп, ең аяғында эллипсиске тоқтадық.

Осы айтылған сөздің
өткірлігін, әсерлілігін күшейтетін барлық синтаксистік сөйлем құрастыруларды,
бір сөзбен айтқанда, фигура деп
атайды. Фигуралар сезім күші кернеген сөздерде қолданылады.

Үлкен сезім күшімен
жандандыра жазылған шығарманың бірі - Горькийдің «Дауылпазы». Бұл - пролетариат
жазушысының революцияға шақырған жалынды үндеуі, Горький дауылдан да өжет,
күштірек Дауылпаздың образын жасауда көркемдеп суреттеудің бір құралы етіп, сөз
өткірлеу әдісі, синтаксистік параллелизмді пайдаланады.

Мысалы:

Ол бұлттарды ажуалап
күледі,

Ол қуанышта
күңіренеді, -

дейді. Жалпы алғанда, Горькийдің
«Дауылпаз туралы жыры» - троп пен
фигураның элементтерін шебер ұштастырған шығарма. Бұндай Дауылпаздың образы
тулаған толқынды жарып өткен тәрізді көрінді.

«Бұлт пен теңіздің
арасында нажағай сықылды. Дауылпаз өршелене самғап қанат қағады... Тек тәкаппар,
өршіл Дауылпаз ғана көбік шашқан бурыл теңіздің үстінде саңқылдап қанат қағады,
нажағайдай жарқылдайды, оқтай зымырап бұлтқа енеді; қанатымен толқындардың
көбігін көкке ұшырады... Бұл батыл 
Дауылпаз жарқылдаған жай оғының арасында, долданған ашулы теңіз үстінде
өршелене қанат қағады. Майданды жеңістің пайғамбары саңқылдап жар салады.

-       
Дауыл үдей соқсын!»

Мұндағы қайталау бізге Дауылпаздың күшін, алған
жолынан  қайтпайтынын, алдында тұрған зор
қорқыныштан сескенбейтінін білгізеді. Сонымен қатар қайталаудағы синтаксис
құрылысының қандай екенін де көрсетеді.

Бұл мысалдардан құбылысты суреттеуде фигураның
қандай орын алатыны ашық көрінеді. 

Біз жоғарыда антитеза туралы мысал келтіргенде,
бір-біріне бетпе-бет қойған екі сөзді ғана алдық. Антитезалық құрылысты біз тек
сөздерді ғана емес, бүтін шығарма құрылысынан да табуымызға болады. Яғни, екі
сөз емес, екі құбылысты бір-біріне қарсы қойып, бүтін шығарма жазуға болады.
Мысалы, Ақжүністің Қарт Қожаққа айтқан сөзі антитезаның осы түріне жатады.
Мұнда Ақжүніс Қарт Қожақтың жас күндеріндегі өмірін, істерін алпыстан асқандағы
күйіне қарсы қояды.

Горькийдің «Дауылпазында» да екі нәрсені қарсы
қоюшылық бар. Бір жағы - қорқынышты,
бұрқаған, тулаған теңіз. Екіншісі - оған қарсы қойылған ер Дауылпаз. Қысқарта айтқанда,
бұдан шығатын қорытынды: антитезамен де, қайталаумен де бүтін шығармалар жазуға
болады.

Ал антитеза, ондағы қарама-қарсы қойылатын екі
нәрсе, олардың қасиеті шығарманың мазмұнымен, автордың идеясымен байланысты.

Шығармалары

Страницы