ВЕРНУТЬСЯ

(1876 - 1966) ХАЛЫҚ ЖЫРШЫСЫ...1964 жыл. Қазан айының  1 жұлдызы. Мұнайлы Маңғыстау жүрегі  Жетібай мекені. Сәттіғұл ақынға сәлемдесуге келеміз. Қасымда Қашаған ақынның немере інісі Өсербайдың Көшені.– Ассалаумағалейкум!Сексен сегіз жастағы қарт ақын балаша қуанып, орнынан көтеріліп келеді.– Қабиболламысың?«Маңғыстауға келіп, Таушық, Өзен жағын аралап, Жетібайға келеді» дегенді естіп отырса керек.Жауырыны қақпақтай Сәтекең соңғы жылдары кәрілік алқымдап, едәуір еңкіш тартып, шөгіңкіреп кетіпті. Сақал-шашы ағарған. Өткен-кеткенді есіне алып ақтарыла сөйлейді. Абыл мен Нұрым, Қашаған мен Ақтан жайында, «Адайдың жеті қайқысы» хақында әңгімелейді. Керемет деректер, келісті өлеңдер, жақұттай жырлар ағыла түседі. Бірақ, қайыра сұрап, қарт ақынды қалжыратқың келмейді, ілезде ілесіп жазып отырасың.Түс ауған шақта Сәтекең үйіне үлкенді-кішілі біраз адам жиналды. Бірқатары ақынға сәлемдесе, кейбіреулері бізді естіп келіпті....Үй сыртындағы сәкіде ақын, жыршылар. Ортасында басын қар шалған қарт емендей Сәтекең. Кәрі жолдас қоңыр домбырасын шертіп-шертіп жіберіп, ақын алысқа қарайды... Көз алдында қиырсыз созылған Жетібай даласы, андаған мұнаралар, қан тамырындай сан тарау дала жолдарында көз ұшында ағындап бара жатқан машиналар... Ақ шаңқан үйлер... Ақын жырлап кетті. Бабына түскен қырандай шарықтап-шығандап, ағындап келіп домбырасын сүйеді. Ақын жанары әлі алыста. Ол көзкөрінім көкжиекке ғана емес, сонау бұлдырап қалған алыс жылдарға, жүдеу де жұпыны балалық шағы өткен Бозашы мекенін ойша еске алып, қиянға, әріге көз салғандай......Нар біткенге қалы кілем жауып, ызы-шу болып жұрт жайлауға көшкенде қыстау басында жылжи алмай қалған қараша үйлер. «Теппе» мекенін тебіндеген қалың жатақ, мыжырайған лашық, қисайған қалың күркелер. Көрінгенге көзтүрткі болғаннан ырыздықты жер анадан күткен жарлы ауыл. Бірді-екілі күш көлігін құдықтан су тартып, егін суару үшін шығырға жегіп, жалғыз жарым лақты ешкісін боз шалап етіп отырған жарлы-жақыбайлар, күн ұзағына жер тырнаған, жоқшылық еңсесін езген, бірақ қиындық жетегінде қисая кетпей, тіршілік қамында тырбынып жүрген жандар. Дала өмірінен томаға-тұйық, бейхабар қалмай, ішінара ел ішінде етік тігіп, шымырау қазып, зират салып, ел хабарын, жыры мен күйін ала келетін талапкерлері бар қауым. Ұзақ күнге іс соққан, етік тіккен, балға тақылы тынбайтын, кеште қатықсыз көжеден кейін жүректерін күймен, жырмен жалғаған ауыл...Осы ауылда жарлы Жанғабыл үйінде 1876 жылы Сәттіғұл ақын дүниеге келген. Ол кезде бұл өңір Маңғыстау уезінің 2-Бозашы болысы аталатын. Келешек ақынның балалық, жастық шағы да өмір толқыны шалғайға әкеліп тастаған салындыдай күнелтісі кем, байлықтан бақыр, білімнен кенде осы ауылда өткен. Жас Сәттіғұлдың көкірегіне берік ұялаған, сезіне, көре өскені михнатты еңбек, кештегі ауыл өнерпаздарының жыры мен күйі, жоқшылық тұрмыс еңселерін езген абзал жандардың ауыр өмірі. Сол бір қиын кездерді ақын былай деп ақтарыла, ашына айтады,...Бес атадан бері қарайМал бітпеген сорлымын.Өзімнің әкем ЖанғабылСорқұдық, Теппе ойларданЕгін салып, жер қазған, – Шертетін көрген қорлығын,Мен де көрдім жарлықтыңӘрбір түрлі тарлығын.Жиырма жасқа келген соңКесірінен жарлықтыңТастадым қоныс жерімді,Қарындас, халық – елімді...1896 жылдары тұрмыс таршылығынан Бозашы мекенін тастап, Хорезмге босқан жарлылармен бірге Жанғабыл үйі де кетеді. Сол жақта мақта жинайды, егін салады – жалдамалы кәсіп етеді, қайтсе де еңбектері жанбайды. Қайда барса да ауыр тұрмыс арнасынан шыға алмаған Жанғабыл үйі біраз жылдан соң Бозашыға оралады. Сол жылдар Сәттіғұлдың әкесі мен ағасы дүние салады. Енді екі үйді асырау міндеті Сәттіғұлға қалады. Ата-бабасынан бері қарай еңсесін көтертпеген жоқшылық өмір келешек ақынның жігерін қайрап, сезімтал, сергек ойға бастайды.Сәттіғұл жастайынан жалдамалы еңбекке араласып, жоқшылық зарын тарта жүріп, жыр-күйге құмарта өседі. Абыл мен Махамбеттің, Шернияз бен Қашағанның озбырлық пен ездікті әшкерелейтін отты жырларын, Ақтан мен Нұрымның ерлік дастандарын жаттап, өмір бойы жанына жалау етер күшті бір құрал тапқандай болады....Қолыма домбыра алдым он бесімдеЖол өттім асу-асу ел көшімен,Ел сүйген ер Махамбет, Абыл ақын            Өтіпті өртті өмірмен белдесумен...деген жыр жолдарында ақын өз өмірінің біраз сырын дәл толғай білген. Көкірегі шерлі жастың ызалы бір өлеңі әкесі хәл үстінде жатқанда туады:Жоқтықтан құтылатын күн туар ма?Жарлыны жаратқан ба жүн боларға?Ай, әке ау, қарғанамыз, жылаймызКөңілді өте алмады-ау бір айымыз...Өмір теңсіздігіне деген қапа қайғысын білдірген осы өлеңінен бастап Сәттіғұл Қазан төңкерісіне дейін әділетсіздікті әшкерелеп, ел ерлерін дәріптеген өлең, толғаулар шығарып, халық ақындарының өлең-жырларын айтып жүреді. Ел ішіндегі ақындармен айтысқа түседі, солардың кейбіреулері ғана болмаса, көбі ақын есінде сақталмаған, ұмытылған, сауатсыз болғандықтан оларды хатқа түсірерлік мүмкіндігі де болмаған.Сәттіғұл көкірегіне шер байлаған жоқшылық өмір болса, оның ақындық талантын оятқан Атырау алқабындағы телегей теңіздей ақындық, әншілік, күйшілік өнер ортасы. Ол халық әдебиетінің көне де асыл мұраларынан, Асан мен Сыпыра толғауларынан, Абыл мен Махамбет, Ақтан мен Нұрым, Шернияз бен Қашаған жырларынан сусындай өседі. Адайдың жеті қайқысы атанған әнші-күйшілер, Аралбай, Өмір сияқты ақындар Сәттіғұлдың бір жүріп жыр өрбіткен өнер ортасы еді.Топ жарып айтысқа түсіп, кейбір өпірем де өзімшіл атқа мінерлер мен жергілікті патша әкімдерін тілдеген уытты да өткір жырларымен Сәттіғұл жас кезінен-ақ ақын атанады. Ол бүкіл елді күйзелткен 1910 жылғы алапат жұт пен 1916 жылғы июнь жарлығы кезіндегі бұқара хәлін үнемі тебірене толғап отырған. Бұрын  өмірдегі әділетсіздікті әшкерелеп, бұқара арманын толғаған ақын Қазан төңкерісі жеңісінің алғашқы күндерінен бастап жаңалық атаулыға белсене үн қосып, ұзақ жылдар (1926 – 1957) аудандық мәдениет мекемелеріненде ақын-үгітші міндетін атқарып келген. Колхозды ауыл мен өндірісті өлкенің ойы-қырын тынбай аралап, еңбек адамдарының еңбегін шабыттана жыр етеді. Алғашқы бесжылдықтар, Отан соғысы, одан кейінгі дәуірлердің қай-қайсысында да ақын көпшілік көңіліне жол тапқан насихатшы бола білді.1936 жылы қарт ақын қазақ әдиебеті мен өнерінің онкүндігінде Мәскеуге сапар шегеді. Осы сапарда атын естігені болмаса бұрын кездеспеген халық таланттарымен дидарласады, қазақ-кеңес ауыз әдебиетінің ағынды бұлақтары Жамбылмен, Нұрпейіспен танысады.1937 жылы Сәттіғұл Алматыда болған көркемөнерпаздардың республикалық байқауына қатысады. Ақын дарыны байқауда ерекше танылып, сол жылы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелігіне қабылданады. Бұл сапарда ақын Қазақстанның өнер, әдебиет қайраткерлерінің көбімен кездеседі.  Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовпен танысады. Алматы әсері жолшыбай көргендері ақынға ерекше әсер етеді. 1939 жылы июньде болған Қазақстан кеңес жазушылары мен халық ақындарының екінші съезіне қатысады.Ақын өміріндегі елеулі кезең 1939 жыл. Еліміздің алыс түкпірінде жатқан қарт ақын тамыз айында бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесінің ашылу құрметіне әрбір одақтас республикадан келген халық өнерпаздары қатарында Мәскеуге барады. Қазақ өнерпаздары астананың «Зеленый театрында» өнер көрсетеді. Мәскеу жұртшылығы баспасөз қазақ өнерпаздарының өнерін ерекше бағалайды. Сол бағаға ие болған халық таланттарының ішінде Сәттіғұл ақын да болған.Әні мен күйі, аңызы мен жыры ғана емес, халық басынан өткен тарихи әңгімеге бай Маңғыстау елінде болған елеулі оқиғаларға Сәттіғұл ақын ерекше көңіл аудара бастайды. Өзіне етене таныс тарихи оқиға негізінде 1939 жылы «Досан батыр» дастанын шығарады.1941 жылы июньде Семей, Қызылорда, Ақтөбе, Орал қалаларында халық ақындарының облысаралық слеті өткізіледі. Слеттің алғашқы тақырыбы Қазақстанның 25 жылдық мерекесіне дайындық жайлы еді. Фашисттер тұтқиылдан соғыс ашты. Слет күн тәртібі кенет  Отан қорғау мәселесіне ауысты. Слетке қатысушы халық ақындары бүкіл елді Отан қорғауға шақырған отты сөздер сөйлеп, қаһарлы жырлар төгеді. Ақындар жыры жалынды үндеуге айналады. Жыр бұлағы Жамбыл сияқты Сәттіғұлдың да Отан соғысының алғашқы кезеңінің өзінде кеңес адамдарын берік сенімге үндеген «Фашизмді жоямыз!» – деген уытты жыры (Социалистік Қазақстан, 28.VІІ.1941 жыл) осы кезде туады.Отан соғысы жылдарында қарт ақын жасының алпыстан асқандығына қарамастан облыс көлемін аралап, жауды жайратып, жеңісті тездетуге, еңбек қарқынын үдетуге шақырған жалынды жырлар төгеді. 1943 жылы облыста ұйымдастырылған аудан, өндірісаралық айтыстарға қатысады.1943 жылы республикалық айтысқа, 1946 жылы Жамбыл ақынның жүз жылдық тойына қатысу, 1954 жылы қазақтың ұлы ақыны Абайдың қайтыс болғанына 50 жыл толуына арналған мәжілісте болу, онда Абайға арналған өлеңінің ілтипатқа ие болуы қарт ақынды қанаттандыра түседі.Сәттіғұл тоқсан жылдық өмірінің соңғы кезеңін мұнайлы Маңғыстау жүрегі Жетібайда өткізеді, өмірдің алуан тақырыбына арналған жырлар толғайды.Сәтекең көп жылғы ақындық еңбегі үшін 1944 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен, Отан соғысынан кейін «1941-1945 жылдардағы Отан соғысы кезіндегі айбынды еңбегі үшін медалімен» наградталады. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығы бойынша 1961 жылы «Халық ақыны» деген құрметті атақты иеленіп, 1966 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен сыйланады.Көптеген перзенттері мен жұбайы қаза болып, өмір қайғысы қабырғасын қаншама қайыстырса да, халық тағдырын өз мұңынан артық санаған оптимист ақын елімен бірге саналуан оқиғаны басынан көшіріп, бір ғасырға жуық ғұмыр сүрді. Елінің жыр дүлділі атанған дауылпаздай даңқты ақын 1966 жылы дүниеден өтті. Бейіті ата қонысы Тұщықұдықта.***         Сәттіғұл ақын өзі хат танып, жаза білмегенмен мүмкіндігіне орай өлең, толғауларын жыршыларға жеткізуге әрекеттенген. Өнер сүйер жастар қарт ақынға көмекке келген. Ақын оларға өлең, жырларын, өзі білетін ақындар мұрасын жаздырып 1937 жылдан бастап республикамыздың ғылыми зерттеу орындарына жіберіп отырады. 1946 жылдан ССРО Ғылым академиясының қазақ филиалының тіл және әдебиет секторымен тығыз байланыс жасайды. Шығармаларын баспасөзге жолдайды. Жиырмасыншы жылдардағы өлеңдері «Жұмыскер тілі», «Еңбекші қазақ» газеттерінде жарық көрген. Ақын жырлары содан бері облыстық, республикалық газет-журналдарда үзбей жарияланып келеді. Таңдаулы өлең, толғаулары «Ленин» (Қызылорда, 1928), «Ленин мен партия туралы жырлар» (Алматы, 1949), «Ақын жырлары» (Алматы, 1958), «Пернедегі термелер» (Алматы, 1965), «Ленин деп халық жырлайды» (Алматы, 1969) сияқты жинақтарға енген. 1967 жылы «Тоқсан толғау», 1986 жылы «Ой толғау» атты жеке жыр жинақтары жарық көрді.Халық ақыны Сәттіғұл шығармашылығына қаламгерлер елуінші жылдардан бастап ерекше назар аудара бастады. «Облысымыздың халық ақындары Ұлы Отан соғысы жылдарында» (Гурьев, 1943) деген жинақта жарияланған Т.Малаев пен С.Хайдаровтың «Ақын – үгітші» атты мақаласында Сәттіғұлдың өмір жолы мен ақындық қызметін, Отан соғысы кезіндегі жалынды үгітшілік ісін орынды сөз еткен. Сондай-ақ «Қазақ әдебиеті тарихының» 1 томында (1948) ақынның «Досан батыр» дастаны туралы зерттеу жарық көрді (авторы Б.Шалабаев). Бұл зерттеу Қазақ әдебиеті тарихының (1-кітап) 1960 жылғы басылымында да жарияланды. «Ленин мен партия туралы жырлар» (1949), «Пернедегі термелер» (1965) атты жинақтар мен проф. Ысмайловтың «Ақындар» (1968) атты монографиясында ақын өмірі туралы қысқаша мағлұматтар беріліп, оның өмір шындығын жырлап келе жатқан майталман ақын екендігі орынды бағаланады. Мұндай пікірлер «Ақындар жыры» (1963), «Қазақтың қазіргі халық поэзиясы» (1973) жинақтарында да бар.Сәттіғұлдың өмірі мен ақындығына, шығармашылығына қатысты мақалалар мен зерттеулер жетпісінші жылдардан бастап көбірек жазылды. Ақынның тоқсан, жүз жылдық мерейтойлары қарсаңында, той кездерінде республикалық және жергілікті мерзімді баспасөз беттерінде С.Мұқанов, Ә.Сәрсенбаев, Х.Ерғалиев, А.Әбдіров, Қ.Сыдиықов, М.Әбдіхалықов, Б.Қорқытов, Ш.Әленов, Т.Шайкөзөв, Ж.Тілепов, О.Бәлдеков, Е.Өмірбаев, О.Ізбасаров, У.Қайралапов, Ө.Алшынбаев, Е.Оразақов, М.Атымов, Ә.Кекілбаев, Л.Өпианов, Т.Медетбеков, Д.Хасанов, Ә.Қонарбаев, Қ.Досболов сияқты жазушылар мен журналисттердің мақала, зерттеу, естеліктері Сәттіғұл ақындығын халыққа кеңінен насихаттай алды. Ақынның мерейтойы тұстарында Маңғыстау, Атырау облыстық, Красноводск аудандық газеттері арнайы беттер берді, хабарлар жариялады. «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1964), «Маңғыстау» (1973), «Ақын, жыраулар» (1974), «Тоқсан толғау» (1967), «Ой толғау» (1986) кітаптарында Сәттіғұл шығармашылығына орынды да орнықты, байыпты да байсалды берілді.***Сәттіғұл шығармалары жанрлық жағынан өлеңдер мен толғаулар, жыр-дастандар мен айтыстар болып келеді.Өлең-толғаулар тақырыбы мен мән-мазмұны жағынан насихат сөздер, үгіт-насихат, арнау, жоқтау, жұбату, көңіл айту, бата, тілек өлең, толғаулар және халықтар достығы, Отан қорғау, туған ел хақындағы шалқыма жырлар түрінде кездеседі.Жоқшылық тұрмыс пен өзі ұстаз тұтқан ақын, жыраулардың сыншылық әуені әлеуметтік теңсіздік жайын Сәттіғұлдың ерте ұғуына ерекше әсер етеді. Ақынның бізге жеткен Қазан төңкерісіне дейінгі шығармаларында өмір теңсіздігін сезінуі айқын аңғарылады.«Хорезмге көшкенде» – ақынның алғашқы өлеңдерінің бірі болса керек....Келмейді кедейліктен көңіл хошы,Қалған жоқ біздей неше кімнің досы,Бозашы – суың тәтті, құмың жұмсақАдыра қалдың бізден бүгін осы...Бұл бүкіл елді күйзелткен алапат жұт салдарымен күнелтіс іздеп Хорезмге көшердегі он алты жасар жас ақынның жүрек түбінен шымырлап шыққан «кір жуып кіндік кескен» туған жерді қимас сезімі еді.Бұл өмірімен біте қайнаса өскен Сәттіғұл ақынды халықтың қабырғасын қайыстырған ірі оқиғалар тебірентіп отырған. «Ыза», «1916» жыл сияқты өлең, толғауларында бүкіл елдің ортақ тағдырын суреттейді. Замана қысаңдығы, өмір әділетсіздігі, бір ғана ақын басындағы қапа- қайғы емес, кемтар қауымның ғасырлар тартып келе жатқан қасіреті күйінде сезіледі.Сәттіғұл Қазан төңкерісіне дейін мадақ-мақтау, арнау өлеңдерді, насихат сөздерді, жұбату, көңіл айту өлең толғауларын көп шығарған. Ондай шығармаларында ақын ислам діні қағидаларын ел шежіресін мол білетін зерделігімен ерекше танылады. Жұбату, көңіл айту, жоқтау толғауларында жүректі жаралаған ауыр шерді ақтара айтып, көңіл қайғысын сейілтер серпінді де сезімтал жырлар толғаса, мадақ-арнауларында елдің өткен-кеткен азамат-ерлерін еске алып, рухын ұлғылап, мақтан тұта тебіренеді. Насихат толғауларын ислам мысалдарын негізге ала жырлайды. Ақынның бұл сипаттағы өлең, толғаулары кеңестік кезеңде халықтың көңілінде ғана жүрді. Оларды той-думанда, жиын-кештерде ашық айтуға мүмкін болмады. Ондай жырларының бірлі-жарымы баспа жүзінен көрінер болса, олар сол кездің тәртіп-тәріне сай күзеліп, қысқарып жарияланатын. Ал «Тоқсан толғау», «Ой толғау» жинақтарына енген толғау, дастандарының өзі де сондай тезден өтуге тиіс болды. Бұл орайда сол кездің жағдайын білмеген кейбір оқырманның «қысқарып кеткен», «дұрыс жарияланбаған» деп жағдай түзелгесін отыз жылдан кейін от басында отырып шалқып сөз айтатыны да кездеседі, немесе ақынның бір-екі өлеңін жариялап, не бірер мақала жазып, сол алақандай жазбасымен «жарық дүниені жарылқап тастадым, өзгелер еңбегін көрмей, оларды орынсыз мансұқ ету арқылы игілікті істеймін деу үлкен әбестік. Қай заманда да өзіңнен бұрынғы игілікті істерді жалған жоққа шығару арқылы ешкім мұратқа жеткен емес.Көп уақыт оқырман назарынан тыс келген Сәттіғұл шығармалары қатарына «Тобанияз туралы толғаулары» да жатады. Оның бірі «Тобанияз хан тұрғанда», екіншісі «Тобанияз ұсталғанда» деп аталады.Ақын көңілін терең тебіреніске түсірген Тобанияз кім еді? Ол 1918 жылы қазақ даласының төтенше комиссары Әліби Жангелдин Қаратөбеде өткізген он екі болыс өкілдері съезінде сайланған Адай төңкеріс комитетінің төрағасы. Әрине бұл орынға кез-келген адам ұсынылмайтыны белгілі. Осы кезде Маңғыстау елінде Тобанияздан гөрі байлық, бағы жоғары, орысша, қазақша білімі артық азаматтары да болған. Бірақ он екі болыс өкілдері, Адай ақсақалдары түбек халқын етене білетін, ел мүддесін қорғай алатын шешен, би, өткір, тура, әділ, ұйымдастырушылық қабілеті зор, үлкен жүректі азамат деп Тобаниязды таныған. Оны Адай елінің бетке ұстар беделі деп білген.Міне, халық осылай бағалаған Тобанияз төңкеріс комитетінің төрағалығына сайланғанда Сәттіғұл қуана, жүрек жарды ақтарыла толғаса, қара күндердің қармағына ілінгенде қабырғасы қайыса, қайғыра тебіренген. Бірақ бұл толғаулардың бірі 1918, екіншісі 1929 жылдарда шығарылса да күні бүгінге дейін аса мәлім бола бермеген. Оған себеп – Тобанияз ұсталып кетті. Ол туралы жыр-толғау айтушылар қатыгез мезгілдің қаһарынан қорқып, қаймыға түсті. Кезінде жазып алғандар қағаздарын тасаға тығып, үйренгендер үндемей қалды. Елдің негізгі табанынан жырақта некен-саяқ, аз-кем той, садақада қарақалпақ, түрікмен жеріндегі – құм өресіндегі қазақ ауылдарында ғана айтылып жүрді.Сәттіғұлдың бұл екі толғауды, әсіресе Тобанияз тағдыры тығырыққа тірелгеннен кейінгі екінші толғауды шығаруы үлкен ерлік еді. Бұл не нәрсеге ұшыраса да нар тәуекел деп халық сезімін білдіруге бел буған, борап тұрған оққа қарсы барумен бірдей ақындық азаматтық әрекеті.Сәттіғұл «Төңкеріс комитетінің төрағасы» дегенді қазақша хан деп ұғынған. Көп ғасырлық тарихымызда тура би, парасатты хандар ғана елді дұрыс жолға бастаған. Сондықтан Сәттіғұлдың олай айтуы орында да. Тобанияздың мақсат-мұратын, ел алдындағы қызметін танытуда бұл толғаулар неғұрлым шынайы деректер береді. Себебі, Сәттіғұл Тобаниязды да, сол кезең оқиғаларын да жақсы білген.Сәттіғұл кеңестік дәуірде өмірдің әрбір жаңалығына үн қосып, халық арасында жүрді. Ақынның бұл дәуіріндегі жырларының  тақырыбы да сан алуан. Жамбыл бастаған Сәттіғүл замандас халық ақындарының қай-қайсысы да, Сәттіғұл да заман ыңғайына орай Қазан төңкерісін, Ленин мен Сталинді, социализм мен коммунизмді, коммунистік партияны жырлады. Ондай шығармалар қазір ел арасында айтылудан қалып, мұражайлар мен отбасылық архивтердің мүлкіне айналды. Оның есесіне ел тағдыры туралы жазылған қасиетті жырлар халқымен қайта табысты.Сәттіғұл ақынның Пушкинге, Абайға, Қаныш Сәтбаевқа, ер Исатайға, Сыдиық Жұбаевқа, ұшқыштарға, жауынгер жастарға, украина халқына, Алексей Стахоновқа, Каспий ерлеріне арналған өлең толғаулары және туған ел, отан байлығы туралы тебіріністері бүгінде асқақ та айбынды, көркем де келісті оқылады.Сәттіғұлдың бір топ өлеңдері ел байлығы, туған жер жайында. «Маңғыстау» (1935), «Алматы сапарында» (1937), «Москва» (1939), «Барбинок журналына» (1951), «Өлке байлығы» (1960), «Жетібай жыры» (1963), «Маңғыстау – малдың анасы» (1963), «Бүгінгі Қазақстаным» (1963), т.б. өлеңдерде ақын туған ел – Қазақстан бейнесі мен көп ұлтты халықтар достығын шабыттана толғаған....Ерлерім құрып жатыр мұнараныБайлыққа бөлейміз деп бұл араны,Бақытты, әр еңбектің күйін шертіпАқ қала самсап қырда тұрар әлі...Ақын туған жер келешегіне сенім көзімен армандай қарайды.Қаһарман еңбек адамдары қиынға құлаш ұрды. Тұлпар тұяғы күйген, сұңқар қанаты талған, құйын мен ебелек қана мекендеп, сан жыл сарғайған даланы тасқынды еңбек түлетіп жатыр. Қиындық атаулыдан, табиғат тарымшылығынан қаймықпай, безбүйрек табиғатты береген етуде. Сондай мекеннің бірі мұнайлы Маңғыстау. Сәттіғұлдың «Жетібай туралы жыры» осы өлкені түлеткен еңбек қаһармандары жайлы. Ақын мұнда мұндай қаһармандық кілті бірлік, ынтымақ екенін желісті жеткізе алған.Сәттіғұл ақын өзі хат танып жаза білмесе де елдің арғы-бергі тарихын, ақын-өнерпаздарын оқытып, тыңдап, мейірлене тебіренеді. Еліміздің әдебиет пен мәдениет, ғылым мен еңбек саласында өшпес із қалдырған азамат ерлері туралы толғанады. Өзіне өлең сөзден өшпес ескерткіш соғып кеткен поэзия асқары А.С.Пушкин мүсінін ақын көркем етіп бейнелеген. Ол өлмес өлеңімен бүгінгі ұрпағымен тілдесіп жатқан Абайды да «ойы – асқақ, арманы – асқар, өлеңі – алтын» деп бағалай білді.Отанды қорғау ақын жырларындағы өзекті тақырыптың бірі. Сәттіғұлдың қырқыншы жылдардағы өлеңдерінің қай-қайсысында да уақыт ұранын жырлай білген азаматтық үні сезіледі. Ақын Отан соғысының алғашқы күндерінің өзінде неміс фашисттерін құс азғыны құладынға, біздің Отанымызды асқар тауға теңеп, біздің жеңіске жететінімізді зор сеніммен толғады. Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндерінде ақынның сол бір айбынды толғауы әр жүрекке жалын қосып жойқын жігерге үндегені аян. Сәттіғұл Отан соғысы жылдарында ауыл мен өндірісті аралып, ел еңбеккерлерін жеңіс үшін қажырлы еңбек майданына шақырады («Колхозшы жолдастарға», «Үгіт жыры», «Ақындарға»). Арсыз жау аранын ашып ұмтылған шақта ұлы Отанымыздың ар-намысын қорғап, ел мерейін өсірген ерлерді жырлады. Қарт ақынды ерекше шабыттандырған өзі кеше ғана ақ тілеу айтып аттандырған жерлесі Исатай Сүйеубаевтың Еділдегі ерлік ісі еді. Исатай батырлығы бүкіл тыл мен майдан даласына аңыз боп тараған болатын. Қас дұшпан оғы қардай бораған қан майданның қиын сәттерінде жараланғанына қарамастан «КВ» бронды танкісімен жауға қарсы шауып, жаудың 7 дзотын құртып, 150 фашистті жайратқан Исатай ерлігі совет жауынгерлеріне ерекше рух береді. Сол кезде жерлестері батыр жауынгерді жаңа ерліктерге үндеп жігерлендіре түсті. «Исатай, туған елінің тарапынан болуға тиіс көмек күшейе береді деп сен. Біз өмір мен өлім белдескен кезеңде қызыл Армияға сүйеніш бола аламыз. Өйткені фашизмді жер бетінен жоюға керекті нәрселердің бәрі бізде бар» – деп жазды олар осы Исатай ерлігі хақында майдан газетінде («За честь Родины», 1943, І.Ү.).А.Безыменский «Біз сені мақтан етеміз, Сүйеубаев» очеркін жариялады. Сәттіғұл да Исатай ерлігіне «Ер Исатай» толғауын арнады. Ақын онда батырдың ерлік, азаматтық ісін паш етіп, ел сенімін, ана сүтін ақтаған ұлды үлгі, өнеге етеді. Қарт ақын бір жырында...О заманда, бұ заманАрамның жолы болмаған,Адамның жауы фашистҚуылды біздің Волгадан, – деп азаматтық парасатты үн қатады. Кеңес ерлерінің жеңімпаздығын мақтан етеді. 1945 жылы жау талқандалып, қуаныш хабары әлемге тараған шақта ақын ақ жүрегінен ақтарыла шаттанып, жеңіс жырын толғайды. Ол бірқатар өлеңдерінде («Аты өшсін соғыстың») сұрапыл соғыстың қасыретінен мезі болған ақ жүректі адамзат баласының лебізін білдіре үн тастаған азамат ақын....Соғыс десе дүниеніңҚарс айрылып көкірегіҚабырғасы қақырар,Құрысын соғыс аты өшсінҮніңді көтер, дүние,Өлімге қарсы шақырар!Ақын айтулы ардагерлер туралы айтса да, елге елеулі қызмет еткен ержүрек ерлер туралы тебіренсе де, халықтың көкейтесті арманына айналған достық пен бейбіт өмір туралы толғаса да, ақпа ақындық дәстүрде ағындап ақтарыла, шамырқана, шалқи жырлайды. Нағыз халықтық құнарлы сөздерді, ойлы да әрлі орамдарды түйдектете төгіп, тайналған жорғадай, бабында тұрған жүйріктей жосиды. Сәттіғұл жырларынан дәуірдің өзі күн тәртібіне қойған мәселелерді жедел толғап, әлеуметтік өмірімізге қызу араласып келген ақын екендігін танимыз.***Сәттіғұлда айтыстың сөз қағысу, жұмбақ айтысы, дағдылы айтыс түрлері кездеседі. Сөз қағысуы яки қайымдасу түрін ақын қоғамдық малдың жағдайсыз халін көріп, шаруашылық басшыларын сынауда қолданады. Ал, жұмбақ айтыстың әдемі түрі Сүгір жыраумен жазбаша сайысы. Бұл айтыстың ел арасында жинақта беріліп отырған С.Балхаев нұсқасынан да өзге жазбалары бар. Сондай жазбалардың бірі осы жолдардың авторы, жыршы-ақын Сәду Қайырлаповтан 1965 жылы магнитофон таспасына жазып алып қағазға түсірген көркемдік нұсқасы.Сүгір жырау Бегендікұлы есімі Маңғыстау, Қарақалпақ, Түрікмен елдеріне кең тараған. 1894 жылы Маңғыстау түбегіндегі Өгізді-Өреуіл деген жерде дүниеге келген. Ескіше сауатты бола тұрса да Сүгір ақындар жырын жаза үйреніп, ауызша толғаған. Жыршылық өнегесі Маңғыстау, Қарақалпақ, Түрікмен жеріндегі ақын-жыраулар. Ол атақты ақындар Қашаған мен Сәттіғұлдан, әйгілі әнші Шолтаманнан, атышулы жыршы Қарасайдан өнеге алады. Қарт жырау 1971 жылы Маңғыстау түбегіндегі Ескі Өзен поселкесінде осы жолдардың авторына бірқатар деректер жаздыра отырып, Қарасаймен кездесуін еске алғаны бар: «Қырықмылтық Қарасай жыршыны Таран дегеннің асында көрдім. Қарасай ол кезде 68-демін деген. Мен 33-те едім».Сүгір көп жылдарын Қарақалпақ жерінде өткізген. Өзінің айтуынша Қарақалпақ жеріндегі магнитофоны бар үйлерде оның репертуарындағы жырлардың көбі жазылған. Сүгірдің бірқатар жыры Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында. Репертуарында: «Мұңлық-Зарлық», «Алпамыс», «Қарасай-Қази», «Орақ-Мамай» және Қашаған мен Нұрым, Ақтан мен Сәттіғұл жырлары, т.б. мұралар.Сүгір де негізінен, Мұрын сияқты ұзақ, желілі жырлар айтуға төселген үздік жыршы. Жұртқа қызық керек. Біреулер «Сүгір сізбен айтыспақшы көрінеді» депті. Сәтекең иланып қалып, маған жұмбақ жолдапты. Шеше алмай, білімдар ағайынымыз Размағанбетке бардым. Ол 5-6 қалың кітапты қарап жіберіп, шешуін айтып берді. Мен оны жырға айналдырып, Сәтекеңе жібердім. Кейін Сәтекең айтыпты «Япырмай, маған не болғаны, өз інімді әлекке салып жұмбақ жолдағаным. Осы жыры түскірдің желі бар-ау».Қазақ ақындарында жиі кездесетін бағзы дәстүр бойынша Сәттіғұл сұрақтарында жер мен көктің табиғаты, неке негізі, нәжүз-мәжүз тегі туралы мәселелер қозғайды. Ондағы ойы – жас ақынның білім шамасын байқау, өзіне сес көрсеткен Сүгірді мүдірту....Сәттіғұлдай ағаңнанКөп сәлем шайыр СүгіргеЕлімді кезіп еңселепҚосылдым талай дүбірге.Болғаннан соң жақынымСаған айтар ақылым:Мойныңды бұрып, көз салыпБолмайтын жерге үңілме,Шамасыз жерге шарқ ұрыпТоғыңды шайқап бүлінбе!Төңіректе ақын көпӨнерің болса тіліңде...деп шамасыз жерге шарқ ұрмай өз тұрғыластарыңмен өнер сынас дейді. Ағалық өнеге, әрі сын ретіндегі осы сөздерге Сәттіғұл сұрағына Сүгір де өзінше жауап берген. Айтыс Нұрым мен Қашаған сөз жарыстыруын еске салады. Бұл айтысты халық ақындарының ежелгі дәстүрі бойынша өзін Сәттіғұл шәкірті санаған Сүгір жырлап таратқан.1943 жылы Қазақстанда облыстық, республикалық айтыстар ұйымдастырылды. Айтыс әуелі колхоз, совхоз, өндіріс орталықтарында өтті, Сәттіғұл осы тұста Құмар, Сұраубай ақынадармен сайысқа түседі.Сәттіғұлдың Құмармен бірінші айтысы Ескене мұнай өндірісінде өтеді. Бұл учаскеаралық айтыс еді. Сәттіғұл мастер Еремина басқарған учаскенің, әсіресе мастер қыздың Отан соғысы кезіндегі ерлік еңбегін шабыттана толғайды. Екі ақынның да өткір сынға алары жылаңқия-жалқаулық пен жұмысқа қырсыздық. Айтыс соңында төреші ақын Сұраубай бүкіл мұнайшы қауымға мәнді ұран тастайды:                      ...Күш берейік майданға                      Мұнайменен, жырменен.                      Күлі ұшып күйресін                      Пасық жаулар емексіп                      Баса көктеп күндеген...         Екі ақынның да өндіріс өмірін терең білмегендігінен кездесетін жалаң сыр, құрғақ мақтау, сірескен қарадүрсін жолдары бола тұрса да бұл айтыс кезінде үгіттік мәні зор, кемшілік, олқылықты жоюға ерекше көмектескен өзара сынның өткір құралы болғандығы аян.         Екінші кездесуде (1943) Сәттіғұл Бақсай, Құмар Есбол ауданы атынан айтысады. Сәттіғұлдың мақтан етері – соғыс жылдарындағы аудан еңбекшілерінің тамаша табысы, қаһармандық еңбегі. Құмар да өз жетістігін суреттей келе:                   Сәтеке, қанша сайрап желгенменен                   Айрылдың Қызыл Тудан ұйықтап қалып,                   Оянсаң қолыңдағы Қызыл Ту жоқ,                   Қалыпсың сасқалақтап естен танып, –деп сынға алса, Сәттіғұл да оған орай жауап береді:       Отырған көп сынайды сөздің парқын,       Жанаяр, жалқауың көп, екпіндің аз.       Жұмысқа колхоздарың, қарайды салқын,       Керенау, жалқаулардың себебінен       Ауданның багып жүрсің кейінгі артын...Енді екі ақын да жетістік жайын желдірте бермей, кемшілік кейпін кеңірек көрсстеді. Құмар ақынның сын семсеріне іліккен қоғамдық мал басын ысырап еткен «Тұңғыш бірлік» колхозы болса, Сәттіғүл да Есбол ауданынағы олқылықты бадырайта айтып:Менімен айтысуға кезге келдіңОсы ма сенің менен көздегенің?Беретін үкіметке борышыңдыСебебін үш колхоздан болды дейсің,            Кетіп пе еді жолаушылап өзгелерің? –деп уытты сынға алады. Сәтгіғұл мен Құмар ақын бұл айтыста қиюласқан пікір, шымшуыр сын, келісті саз орамдарын тауып, шешіле-көсіле сайысады.Сәттіғұл мен Сұраубай айтысында да екі ақын Жылой, Мақат ауданының еңбек ерлерін, жетістік, олқылықтарын жыр тиегі еткен.Ақын айтыстарында еңбек қаһармандары, өрелі еңбек үлгі естілсе, ойсыраған олқылық сынға алынады. Бұл айтыстардың негізгі мақсаты – жеңу, жеіңілісу бәсекесі емес, қоғамдық істі алға бастыру. Алайда ақындар еңбек адамдарының жан-дүниесін жан-жақты бейнелеуге, шаруашылықтың жетістік, кемшілігінен басқа өміріміздің өзге саласын кеңірек қамтуға бара алмаған. Әйтсе де бұл айтыстар майдан жылдарындағы жұртшылықтың көңіл көтерер өнер тойы, әрі кемшілікті түзер айнасы іспеттес әділ сыны, әрі жігерге үндер насихаттық құралы бола білді.***Сәттіғүлдың тарихи жыр-дастандары қатарына «Ол ит жылы деген жыл еді» жырын да жатқызу орынды.Қыр елінің жазда қуаңшылықта, қыста сұрапыл боранға ұшырап, тігерге тұяқ қалмай, күнелтіс малынан айырылып, аштыққа ұшырауы ақынды терең тебіреніске түсіреді. 1970 жылғы мұндай табиғат сұрапылы, ел тағдыры талқыға түскен ауыр жылдар алапаты туралы Қашаған да, Аралбай да, Сәттіғұл да толғанған.Жоқшылық пен жүдеушілік меңдеткен қайғылы жылға арналған үш ақынның үш шығармасы да бір-бірімен сарындас. Сұрапылға кезіккен қыр реңі, ел жағдайы, адам кейпі әр қайсысында да әрі шынайы, әрі жан тебірентерлік қайғылы да әсерлі суреттелген. Бұл жырлардың өзегінде «мастық пен паңдық, менмендік пен тәкаппарлық, озбырлық пен жауыздық жол алған кесірлі кезеңде ел кесапатқа кезігеді, толғандар тасып төгіледі, қымбттардың бәсі кемиді, бірақ халық құрып кетпейді, инабаттылық орнаса ел еңсесін көтереді» дейтін ұлағатты ойлар жатыр.Ақынның ел арасында кең тараған әйгілі шығармасы – «Досан батыр» дастаны. Досан ерлігін Ақтан, Қашаған, Балаораз сияқты Атырау ақындарының көбі жырға қосқан. Бірақ арнайы дастан етіп топтаған Сәттіғұл ғана. Ел аузындағы аңыз, әңгімелерге сүйеніп «Досан батыр» дастанын ақын 1939 жылы жырлайды, 1952, 1962 жылдары ұстарта толғайды. 1939 жылы ақынның өзі жолдаған осы алғашқы нұсқасы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қорында сақталады (669 бума, I дәптер).1948 жылы «Қазақ әдебиеті тарихының» І томында Сәттіғұлдың «Досан батыр» дастаны туралы ғылыми зерттеулер жарияланады (авторы Б.Шалабаев). Зерттеуде дастан орнықты да орынды талданған. Бірақ, автордың қандай материалдарға сүйенгені белгісіз, Сәттіғұлдың төл шығармасы «ел аузынан жазып алынған жыр» делінген. Бұл ағат пікір. Өкінішке орай, 1960 жылы шыққан «Қазақ әдебиеті тарихында» (І том,       І кітап) тағы да сол күйінде қайталанған. «Досан батыр» Сәттіғұлдың өзі шығарған төл шығармасы. Сәттіғұлдан бұрын ел аузында Қазақстанның батыс аймағында ондай шығарма болмағандығын бүгінгі көзі тірі ақын, жыршылар, бүкіл ел растайды және ақынның 1952 жылы қаңтардың        20 жұлдызында Қазақстан Жазушылар Одағына жазған хаты дәлелдейді. Хатта былай делінген: «1948 жылы шығарылған «Қазақ әдебиеті тарихы» кітабында менің бұл шығармамды «1939 жылы ел аузынан жазып алған Жанғабылов Сәттіғұл» деп теріс айтылғанына, өз шығармамды бөтеннің| сөзі дегеніне ренжіп, қынжыламын. Досан батыр туралы жыр ешкімнен жазылып  алынған емес, 1939 жылы өзім шығардым...»«Досан батыр» — тарихи дастан. Досан туралы жайлар ел аузындағы аңыз, әңгіме ғана емес, нақты шындық, болған оқиға. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Маңғыстау түбегі қазақтарының патша үкіметінің 1868 жылғы «Уақытша ереже» қысымына қарсы наразылығы өршиді. «1870 жылғы Маңғыстауда болған көтеріліс — отаршылық езгіге қарсы, әсіресе салықтың өсуіне және жер, өріс, қонысқа шек қоюға қарсы шыққан... стихиялық шаруалар көтерілісі болды» («Қазақ ССР тарихы,       І том. Алматы, 1957, 427-бет»). Осы көтерілістің бір көрінісі — Досан батыр бастаған бас көтерулер еді. Сәттіғұл ақын бұл туралы былай дейді: «Тәжіұлы Досан батыр мен Тіленбайұлы Иса, Есен Ерменбет би Тұрұлы, Шабайұлы Сүгірлер 1870-1873 жылдары патшаға қарсы халық қозғалысын бастаушы қаһармандар еді. Досан ереуілі менің туып-өскен жерім Маңғыстауда болды. Оқиға мен тумастан үш-ақ жыл бұрын болған. Досан батыр өлгеннен кейін батырдың сүйегін Досан ереуіліне  қатысқан әкем Жанғабыл жерлесті. Зираты  Маңғыстауда Қаратөбе дейтін жерде. Досан туралы әкем талай айтқан. Ол көтеріліс жайын жақсы білемін».Дастанда ақын тарихи оқиғаны дәл өмірде болған күйінде тізе бермей, кейбір сәттерді өзіндік шешіммен жырлаған. Батыр бейнесін сүбелендіру үшін айтулы ерліктердің бәрін бір Досанның басына жинақтаған. Ақын Досан бейнесін халық көкірегінде сақталған, өмірде болған батырдың өзіндей бұқара ішінен шыққан, халық қамы үшін өлімнен сескенбеген ер, алған бетінен қайтпаған ержүрек, ар-намысын ту еткен жалын жүректі батыр етіп суреттейді.Батырдың қанды көйлек жолдасы Иса бейнесі де жырда өмірдегі қалпында елестейді. Маңғыстау приставы Рукиндерді өлтірген, кейін болыс болған, шешен, аңшы, саятшы, 70-терге келіп, 1910 жылдары өлген Иса халық жадында да дастандағыдай айтылады.Дастанда суреттелетін Рукин — тарихтағы Маңғыстау приставы подполковник Рукиннің өзі, Патшаның отаршылдық саясатын жан сала орындаушы, 1868 жылы ережені Адай еліне бас-көзіне қарамай енгізіп, күшпен салық жинамақшы болған өпірем ояз бейнесі, қайта жырда ішкі, сыртқы ой пішінмен тереңірек көріне алмаған.Бәйменбет – өмірде болған адам, Адайдың беделді биі, Рукиннің оң қолы Бәйменбет Маяев. Оның Рукин қолымен бірге көтерілісшілер қолынан қаза тапқаны да рас.Жырдағы Ломакин — бұл да болған адам. Ол 1873 жылы Хиуа жорығына қатынасқан Маңғыстау экспедициялық отрядының әскери басшыларының бірі. Хиуа жорығының, оған қатынасқандарының куәсі  болып Форт-Шевченко қаласында, ескі бекініс шоқысының басында бір ескерткіш тұратын. Қазір этнографиялық мұражай қасына қойылған. Ол Хиуа жорығының 20 жылдығы құрметіне арналып Боткин заводынан       1893 жылы шойыннан құйылған Александр II мүсіні. Қазан төңкерісі жылдарында қызыл солдаттар мүсіннің басын жұлып тастаған. Сол бассыз кеудені халық «күйік патша» деп атайды. Осы кеудеде Хиуа жорығына қатысқан Маңғыстау экспедициялық отрядының басшыларынан               21 адамның аты-жөні жазылған. Соның бірі жырда аталатын Ломакин. Демек, Ломакиннің бейнесінің төркіні сол.«Досан батыр» — отарлаушылық езгіге қарсы бас көтеру, халық бақытын аңсау сияқты өткен өмірдің тарихи шындығын елестететін елеулі шығарма, ол – патша үкіметінің 1868 жылғы «Уақытша ереже» реформасына қарсы бұрқаған шаруалар көтерілісінің көркем шежіресі.Сәттіғүл өзінен бұрынғы ақындар жырын мол білетін. Абыл мен Ақтанның, Қашаған мен Елбайдың бірқатар жыры халық мұрасының алтын сандығындай көненің көзі Сәттіғұл айтуымен жеткен. Ақын жаздырған мұралар – қазақ әдебиеті қорына қосылған елеулі үлес, қымбат қазына.Сәттіғұл – Қашаған мен Аралбайдан кейінгі Маңғыстау, Жайық бойы ақындарының дарындысы, өресі биігі. Ақын Сүгір жырауға жолдаған хатында:... Абыл, Нұрым, кенже  АқтанҚашағандар болмаса,Ағаңнан озар, шырағым,Кім бар еді бүгінде?, –дегені бар. Бұл ақынның құр мақтангөйлігі емес, аға ақындарының өзіне берген бағасына орай айтқаны. Оны Қашаған ақынның Ізбас ақынмен айтысындағы:Жанғабылдың СәттіғұлКеле жатқан қашаннанЖүйрік еді баға алыпҮстіне халық қамалып, –деген сөздерін де аңғаруға болады. Сәттіғұл есімін қоныстас елдер жақсы біледі. Ақын жырлары Қазақстанның батыс аймағына, түрікмен, қарақалпақ, тәжік, өзбек, иран, ауған, түркия, ресей елдерінің бірқатар аймағына кең тараған. Сәттіғүл жырларын алысқа самғатып, ауызша, жазбаша таратушылар оны ұстаз тұтып, талантын қадірлейтін маңғыстаулық Түмен, Жанжігіт, Дүйсенбай, Шәдіман, Әлқуат, Мұрат, Шамғұл, Айтқұл, Өткелбай, Сәду, Назарбек, Көшен, Бүркітбай, Хамит, мұқырлық Қарағұл, түрікмен жерінде болған Сүгір, Ұзақбай, Қайролла, Ниязхан, Балта, атыраулық Құмар мен Сұраубай, Тәжмұхан мен Ғұбайдолла сияқты майталман ақын-жыршылар. Ақын осы өнерпаздармен үнемі хабарласып тұрған, реті келгенде олар ақынды қаумалап халық арасында бірге алып жүрген.«Халықты көрсем, айналамды қаумалаған ақын-жыршы көрсем жаным кіреді» — дейтін Сәттіғұл ақын. Ақын сөзінің мәні бар. Шын жүйрік дүбірді көрсе қызады және ақын халықпен ақын. Ақын – халықтың ой-арманын бейнелейтін жүйрік тілі, бұлбұлы. Әр заман халықтың арман-мұратын өзгеден бұрын ақын сезініп жырына қосқан. Сәттіғұлдың да он бес жасынан бастап 75 жыл жырлағаны халықтың ой-сезімі, мұңы мен арманы, қуанышы мен шаттығы. Ол екі дәуірді көрген, ғасырға жуық ғұмыр кешкен нағыз халық жыршысы еді.Кеңестік кезеңде Сәттіғұл жырлары толық жарық көре алмады. Дәуір мінезіне үйлеспейтін көптеген өлең-толғаулары айтылмай, жарияланбай халық көңілінде ғана жүрді. Ол өз мұрасын келешекпен табыстырар деп еліне аманат етті, халық бар болса рухани қазынасының да өлмейтіндігіне сеніммен қарады. Ақын арманын орындау еліміз еркіндік алған қазіргі күндерде ғана мүмкін болып отыр.Қабиболла Сыдиықұлы,  филология ғылымының кандидаты

Сәттіғұл