ВЕРНУТЬСЯ

       Тарих, сені оқымаймын мен енді.

Жерідім.

Уай, не берді, қу жаныма не берді

Өлі күн?

Филипп ұлы Ескендір шаһ тұрды есте,

Жас жиырмаға толғанда.

0, мен дағы заулар ма едім бір көшке,

Әкем патша болғанда.

Мен емеспін Римді өртеп баяғы,

Өрге шапқан өктем кеп.

Рим түгіл, аяғы,

Айтқан сөзім Алматыға өткен жоқ.

Махаббат-ай, жүрегіме толады у.

Өрт басылды, күн де ауды.

Клеопатра, сізден гөрі ол ару

Сұлу әрі сұмдау-ды.

Жүрек емес, тас менде.

Өзіме өзім мықты-ақ болып көріндім.

Кешір, Цезарь,

сол қызды іздеп Ташкенге

Бардым,

Көрдім.

Жеңілдім.

Цезарь бірақ махаллада жасырын

Қыздан хабар күтпеді.

Тәшкен кезіп іздеген жоқ ғашығын,

Тәшмөт акам алдаған жоқ тіпті оны.

Тал шарбақты тал түсте кеп бұзған сәт

Көйлек дар-дар жыртылса,

Цезарьлығын көрер едім, қызғаншақ

Қыз ағасы пышақ ала ұмтылса.

Мен жек көрем ертекті,

Ертегіні айтыңыздар сәбиге.

Қыз қазақша үйренуге серт етті,

Колбинге ұқсап емес бірақ, әрине.

Мойындадым көп елді,

Қиялдадым қанша күн.

Тарих, бірақ оқымаймын сені енді,

Шаршадым...