ВЕРНУТЬСЯ

    Әдебиеттану
ғылымының даму жолына көз салсақ, ХІХ ғасырда бұл ғылымның барлық саласын
бірдей қамтып, олардың қайсысы туралы болсын кең шолып, терең толғап, ұрпақ үшін
өлмес мұра, өшпес өнеге, «ұшқыннан өрт» тудырарлық ой қалдырған - ұлы сыншы
Белинский.

            Батыс Европада сын, жалпы әдебиеттану
ғылымының ең дәуірлеген кезі - ХҮІІІ ғасыр. Ағартушылық бағытындағы сындардың өрістеп
дамуы, ескі классицизмдегі сан алуан шарттылықтарға (үш бірлік, т.б.) қарсы күрес
ашып, өмір құбылысын өз тұрғысында, тіпті болғаннан гөрі, болу мүмкіндіктерін
жырлауды, әдеби, искусстволық туындыларды белгілі құрсау, шеңберден босатуды ұсынды.
Олардың белді өкілдері энциклопедист Дидро, Лессинг болды. Дидро өзіне шейінгі әдебиеттану
ғылымында трагедия мен комедиядан жігі ашылмай келе жатқан драманың жігін ашып,
ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, оның өзіне тән ерекшеліктері бар драмалық жанрдың
айрықша бір түрі екендігін дәлелдеді. Лессинг неміс әдебиетінде классицизмнің
ескірген торын быт-шыт қылып, романтизмнің өрнекті үлгісі үшін күресушілерінің
бірі болды. Олардың искусство-әдебиет саласындағы бұл игілікті істері тек өз
елдерінің шеңберінде қалып қоймай, мәдениетке ержете бастаған елдердің де әдеби
процесінің дәуіріне сай дамуына белгілі дәрежеде әсер еткендігі сөзсіз. Бірақ бұлар
да өздерінің құнды әдеби еңбектерінде әдебиеттану ғылымының барлық саласын түгел
қамти алған жоқ, кейбір жеке мәселелерін шешті де, сол мәселелердің дұрыс
жолмен өрістеулеріне нысаналар белгіледі.

            Батыс Европаның ХІХ ғасырдағы әдебиеттану
ғылымы ХҮІІІ ғасырдағы ағартушылық бағытын қолдаған сындардың дәрежесіне де көтеріле
алмады. Әдебиет, сын, эстетика мәселелерінде кейбіреулері: Берне, Брандестер
буржуазиялық реализм шеңберінде ғана тұрақтап қалса, көпшілігі психологизм,
импрессионизм, не таза эстеттікке бой ұрып, кері кетті. Тап осындай кезде орыс
емес, дүниежүзі әдебиетінің әлемінде Виссарион Григорьевич Белинскийдің ұлы
таланты жарқ ете түсті.

            В.Г.Белинский 1811 жылдың бірінші
июнінде туып, 1848 жылы қайтыс болды. Оның «Әдебиеттік армандар» атты бірінші
сын мақаласы 1834 жылы баспа жүзін көрді. Демек, әдебиеттану ғылымының үш
саласын бірдей қамтитын әлденеше томдық ұлы еңбектері мен эстетика мәселелерін
терең толғап шешкен мәңгі өлместік құнды мақалаларын ұлы сыншы не барлығы 14-15
жылдың ішінде жазған.

            Журналистік, сыншылдықты өзінің
мамандығы санаған В.Г.Белинскийге тек орыс фольклорын, орыс әдебиет тарихын ғана
емес, ескі грек, рим, жалпы батыс Европа әдебиетін, олардың тарихын,
философиясын, искусствосын зерттеп білуге тура келді. Қандай іске болсын бар
ынта, бар жігер, бар күшін салып, түгел беріле қимылдайтын Виссарион
Григорьевич, университетте оқуына мүмкіндік берілмесе де, өз бетімен оқып, сол
кездегі мәдениетті халықтардың гуманитарлық ғылым табыстарымен мол қаруланып, олардың
ішіндегі құнды нәрлерін өз бойына толық сіңірді. Мүшесі кем, мүсіні қисық ғаріптерді
жұтып жіберіп, қайта құсқанда айтарлықтай ақылды, сұқтанарлық сұлу етіп шығаратын
ертектердегі Самұрық құс тәрізді, Белинский де өзіне бұрынғы және өз кезіндегі
тарих, әдебиет, теория, философиялық ғылымдарды өз саласынан өткізіп, басқаша
мазмұн, басқаша түрде қайта жасап шығарды. Әрине жас Белинскийге Гегель тәрізді
идеалист-философтардың кейбіреулері әсерін де тигізбей қойған жоқ. Бірақ асқан
ақыл, үздік талант, терең ой, сынампаз мінез иесі ұлы адамды олар өз ықпалына түгел
көндіріп, ықтатып кете алмады. Үздіксіз оқу, жалықпай іздену, өмірге де, өмір
тартысының сәулесі әдебиетке, не басқа пәндерге де сын көзімен қарап, сырын
ашуды машық еткен кемеңгер сыншы 1840 жылдардан бастап, идеалистік философияны
біржола жоққа шығарып, материалистік көзқарасқа келді. Қоғам өмірінің даму
жолдарының объективтік, диалектикалық заңдарын сұғына қолдану идеясы күні өтіп,
тозығы жеткен, қоғамның келешектегі даму жолына бөгет боларлық өмір құбылыстарына
қарсы шығу, күрес идеясымен ұштасты. Осы тұрғыдан ол Россияның патшалық-крепостнойлық
құрылысына қарсы шығып, бұл құрылыстағы жан түршігерлік сұм-сұрқиялықтарды әшкереледі.
Өз жауы да, ел жауы да патша, оның құрылысы, дін-шіркеу деп ұқты да, сол құрылыстың
нәтижесінен туып отырған сан алуан зымиян іс-әрекеттердің бетін ашты. 1840ж.
Боткинге жазған хатының бір жерінде: «... Барлық адамгершілік, ақылдылық,
мейірбандық, қабілеттілік тұншықтырылуға ұйғарылған, ой еркіндігіне үн шығармастай
тыйым салынып, цензурасы соғыстан қашқан солдатты жазалайтын әскери уставқа ұқсап
отырған; Пушкин қайыршылық өмір сүріп, зұлымдық құрбаны болған, ал жасырын шағым,
арыздардың арқасында мәз-мейрам дәурен сүрушы Гречи мен Булгарин барлық әдебиетті
басқарып отырған... Россиядағы бұл тәрізді жексұрындық жайттармен еш келісімге
келуге болмайды... Жоқ. Осылардың бәрін ақтамақшы болып тіл қатушылардың үні өшсін!..»
деді Белинский (ХІ том, 576-577-б.). Өз кезіндегі Россиядағы өмір құбылыстарын
терең болжаушылықтан туған бұл түсініктер оның бұдан былайғы көзқарасын айқындады.
Патшаға, оның үкіметі мен қолдаушыларына деген сөнбес өшпенділік ұлы сыншының
барлық еңбектеріне өзек болды. Ол езілуші халықтың бақыты, бостандығы үшін күресуді
өзінің адамдық ары, азаматтық борышы деп білді. Қоғамның даму жолындағы негізгі
нысана да, негізгі мақсат та социализм идеясы, басқа идея, басқа жолдар үшін
тартыс құр жел сөз деген қорытындыға келді де, «идеялардың идеясы» осы деп түйіндеді.

            Өз отанын терең сүйетін патриот
сыншы патшалық Россияны жаны түршіге жек көрсе де, оның келешегі зор екендігін,
келешек Россия крепостнойлық, жеке меншіктілікті Европадан бұрын жойып, дүниежүзіндегі
мәдениетті мемлекеттердің алдыңғы сапында көсемдік роль атқаратындығына имандай
сенді.

            «Білімді әлемге бас болып, ғылымға
да, өнерге де заң ұсынушы, күллі мәдениетті адамзаттың емірене қадірлеген құрмет,
сыйына бөленуші 1940 жылғы Россияны көру нәсіп болатын немерелеріміз бен шөберелерімізге
қызығамын да күндеймін». Өзінен жүз жыл кейін болатын жағдайды сонша дәл, таң қалдырғандай
қырағылықпен болжау, не деген кемеңгерлік!

            Ленин басшылығымен социалистік Ұлы
Октябрь революциясының жеңіп шығып, Россияда Совет өкіметінің орнауы, кешегі
фашизмге қарсы Ұлы Отан соғысында Россия халқының жер жүзін апаттан сақтап қалуы,
бүгін көкті билеп, аспан әлеміне тарихта бірінші рет адам ұшыруы ұлы адамның
айтқандары бұлжымай, дәл келгендігін дәлелдемей ме? Не деген көрегендік!

            Ұлы сыншының ұрпағына қалдырып
кеткен данышпандық мұрасы әр жақты, философия, қоғам құрылысы, т.б. сан алуан мәселелерді
қамтиды. Олардың әрқайсысын терең толғап, кең шешерлік өз мамандары бар. Біздің
бұл жерде негізгі сөз етпегіміз, мақаламыздың бас жағында айтылған тек әдебиеттану
ғылымымен байланысты еңбектерін ғана қысқаша шолу.

            Искусствоны, әдебиетті, оның өзіне тән
ерекшеліктері мен эстетикалық сипаттарын, әлеуметтік, тәрбиелік мәнін терең ұғынамын
деген адам ең алдымен Белинскийді оқиды. Өйткені ол - әрі әдебиеттің тарихын, әрі
теориясын терең білген, мұқият зерттеген, қандай мәселені болсын, сол кез, сол
жағдаймен байланыстыра талдап, кемеңгерлік қорытынды шығара білген бірінші әдебиет
ғалымы. Сонымен қатар, ұлы сыншы көркем әдебиеттің өткен дәуірдегі нұсқаларын дұрыс
бағалап, өз кезіндегісіне тура басшылық етті де, келешектегі әдебиеттің даму
жолдарына дұрыс бағыт сілтеді. Кім болсын мейлі, В.Г.Белинский - әдебиетшілердің
бәріне ұстаз. Шын мәніндегі әдебиетші, не искусствовед Белинскийдің искусство
туралы оқуынан қашса да, құтыла алмайды. Ұлы сыншы, теоретик-ғалымның ұлы
туындыларын мұқият зерттеп, терең түсінбей әдебиетші боламын деу - не топастық,
не жалған әдебиетшілік.

            В.Г.Белинский өзінің әдебиетшілік алғашқы
адымын орыс әдебиетінің тарихын жасау, теориялық, эстетикалық проблемаларын
шешу талаптарынан бастады. 1840 жылдар бұл идеясын орындау үшін ол орыс әдебиетінің
тарих және теориялық курсын құрастыруды жоспарлайды. Бұл тілегі түп-түгел
орындалмаса да, Белинский орыс әдебиеті тарихының негізін қалап, желісін
тартты, ол жөнінде өзінің ғылыми-теориялық пікірлерін кезіндегі әдеби жұртшылыққа
ұсынды. Орыс әдебиетінің тарихын зерттеудегі Белинский ұсынған ғылыми
принциптер күні бүгінге шейін мәнін жойған жоқ.

            1834 жыл мен 1842 жылдар арасындағы
«Әдебиеттік армандар», «Орыс әңгімесі және Гоголь әңгімелері туралы»,
«М.Лермонтов өлеңдері», «Искусствоның идеясы», «Поэзияны тегі мен түріне қарай
бөлу», «Әдебиет деген сөздің жалпы мәні», «Гоголь поэмасы туралы біраз сөз»,
«Сын туралы әңгіме», т.б., 1843 ж. мен 1848 ж. арасындағы «Державин шығармалары»,
«Крылов, Пушкин шығармалары туралы» мақалалары, «1846 жылғы орыс әдебиетіне көзқарас»
(шолу), «1847 жылғы орыс әдебиетіне көзқарас» (шолу), т.б. сандаған мақалалар
жазды. Олардың кейбіреулері орыс әдебиеті тарихының желісіне өзек болса,
кейбіреулері сол әдебиет тарихының жеке тарауы тәрізді. Крылов, Пушкин, Гоголь,
Лермонтов, тағы басқалар туралы оның зерттеулері орыс әдебиеті тарихын жасаудағы
ең керекті, құнды монографиялық еңбектер болды. Әйтсе де, Белинскийдің айрықша
бір мәні зор еңбегі орыс әдебиетінің тарихын дәуірлегенде ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиеті,
не Пушкинге шейінгі және Пушкин, Гоголь дәуірі деп екіге бөліп, сол екі дәуір әдебиетінің
ара байланысының заңдылығын, соңғы дәуір орыс әдебиетінің ең шарықтаған,
искусстволық дәрежеге көтерілген кезі екендігін дәлелдеп беруі.

            Пушкинге дейінгі Ломоносов, Крылов,
Державин, Дмитриев, Карамзин, тағы басқаларын айта келіп, олардың тарихи
рольдерін аша отырып, «... Пушкин - ең алдымен, ақын, суретші; ол орыс
поэзиясының тілін жаңаша құрып, оны көркемдіктің ең жоғарғы сатысына жеткізді,
орыс әдебиетінде бірінші рет искусствоның искусстволық дәрежеге жетіп, кемеліне
келуі Пушкинмен байланысты. Пушкин өзінен бұрынғы орыстың көркем әдебиетін
бойына толық сіңірді, әдебиетте өзінің беті бар сөз шебері, ұлы ақын ақындық дәрежеге
ие болғанға шейін ол өзінен бұрынғы ақындардың жолын қуушы шәкірті болды,
олардың барлық табыс, жетістіктерін толық меңгеріп, өзіндік етті, өзінен бұрынғылардың
қолынан келмеген көркемдіктер Пушкиннің қолынан келе алды, олардың
кемшіліктерін Пушкин қайталамады. Сондықтан Ломоносов пен Пушкиннің араларында үзілмей
келе жатқан желі бар. Бұлардың бірі - 
себебі, екіншісі соның салдары. Демек, орыс әдебиетінің дамуы жолындағы
осындай үзілмей келе жатқан өзек, байланыстың болушылығы оның «Әдебиет» деп
аталуына право береді...» деді (Белинский, І том, 1559ж., 562-б.).

            Пушкиннің кейінгі ақын-жазушыларға
еткен ықпалы жайлы Белинский: «Пушкин Гогольге үлкен әсер тигізгенде,
еліктерлік үлгі ретінде емес, искусствоны мейлінше ілгерілетуші және өзі үшін ғана
емес, басқа суреткерлер үшін де искусство айналасынан жаңа жолдар ашушы суретші
ретінде әсер етті. Пушкиннің Гогольге тигізген негізгі әсері - (шығарманың)
халықтылығында...» - деді.

            Әдебиеттің халықтылығын ең алғашқы
мақаласы «Әдебиеттік армандарда» көтерді. Үстем тап әдебиетін халықпен, оның мүддесімен
байланыссыз деп қатты сынады. Әдебиеттің халыққа қарым-қатысы, байланысы, оның
тарихи-әдебиеттік концепциясын белгіледі. Әдебиетте, сында, публицистикада өзінің
жолын қуушы Некрасов, Салтыков-Щедрин, Чернышевский, Добролюбовтерді туғызды.

            Орыс әдебиетінің тарихы жөніндегі
В.Г.Белинскийдің ролі мен мәні жайлы Н.Г.Чернышевскийдің «... Белинскийге шейін
бізде сын болды, бірақ әдебиет тарихы болған жоқ. Әдебиет тарихы туралы дәл және
дұрыс түсінікке ие болғандығымыз үшін біз Белинскийге міндеттіміз» деген сөзінің
өзі-ақ ұлы сыншының орыс әдебиеті тарихын жасаудағы еңбегінің қандай екендігін
толық дәлелдейді.

            В.Г.Белинскийдің еңбектерінің бір
алуан саласы әдебиет теориясының мәселелерімен байланысты. Әдебиеттің халықтығы,
әдебиеттің тегі, түрі, классицизм, романтизм, реализм, стиль, стилистика, өлең,
оның құрылысы, көркем әдебиеттің тілі, тағы басқа теориялық күрделі мәселелер ұлы
сыншының даналық туындыларынан өздерінің ғылымдық шешімдерін тапты.

            Көркем әдебиетті эпос, лирика, драма
деп үш текке бөліп, олардың әрқайсысына дәл, фактілерге негізделген нақтылы
тапсырмалар берумен қатар, олардың әр алуан түрлерін де жіктеп, кейде
бір-бірінен айыру өте қиын эпос, лирика түрлерінің жігін ашып, ғылыми тұрғыдан
ерекшеліктерін дәлелдеп көрсетуші алғашқы теоретик те В.Г.Белинский болды.

            Эпостық текке жататын әдеби нұсқаларында
объект, өмір, оқиға, адамдардың арасындағы қарым-қатыстар бірінші орын алса,
лирикалық текке жататын шығармаларда бірінші орынды субъект - ақын, оның көзқарасы,
сезім түйсіктері алатындығын, драма осы екі тектің (жанрдың) қосындысынан құралатын,
алдыңғы екеуінен гөрі қиынырақ, жеке бір жанр екендігін көрсеткен теориялық анықтаулары
күні бүгінге шейін әдебиетте сол қалпында басшылық ретінде қолданылады. Өйткені
әр пәннің тууы, дамуы белгілі бір заңдылыққа негізделінетіндігіне шәк
келтірместей, оны ғылыми қағида десек, әр ғалымның өз пәні айналасында ашқан жаңалығы
басқаларға бұрын белгісіз жаңа бір заңдылықты ашу, оның ғылым үшін теориялық, өмір
үшін практикалық мәндерін белгілеу ғой. Әрине ол кездейсоқ, күтпеген жерден
табыла салатын нәрсе емес, өзіне шейінгілердің сол проблема туралы еңбектерін
білу, оларды аудара қарап, ақтара тексеру, өз пәнін, оның белгілі бір
проблемасын төтенше бақылап, айрықша зерттеу нәтижесінде ғана мүмкін. Сол тәрізді
В.Г.Белинскийдің «Поэзияны тегіне және түріне қарай бөлуі» немесе басқа тақырыпқа
жазған теориялық мақалалары сонау ескі грек замандарынан бергі искусство, әдебиет,
оның тектері, эстетика туралы дүниежүзі білімпаздарының еңбектерін терең
білуге, оның терісінен айырып, олардағы өсе алмаған дәнді ұрықтарды өсіру,
дамытуға және өз кезіндегі көркем әдебиетті үздіксіз бақылап, мұқият зерттеу арқылы
әдебиеттің өзіне тән табиғи жайттарды тапжылдырмай тани білді. Өзіне шейінгі
искусство, әдебиет тарихы, теориясы жөніндегі көзқарас, теорияларды толық меңгеріп,
оларға сын көзімен қарап, қайта қорытты, искусство, әдебиет туралы жаңаша
принциптер ұсынды.

            В.Г.Белинский искусство, әдебиет - өмір
шындығының сәулесі. Олар мазмұнды, нәрді өмірден алады да, ақын, суретшілердің
ой-сезімдерінде қорытылып, әдеміленген түрде қайта туады, өзінің тууына негіз
болған әлеумет өмірін жақсарту, ілгерілетуге көмектеседі деген принципті қолдады.
Ұлы сыншының бұл принципінің тарихи да, теориялық та мәні зор болды.

            ХҮІІІ ғасырдың аяғы, ХІХ ғасырдың
басында Канттың искусствода әдемілікті күйттеуден басқа ешбір мақсат болмайды
дейтін идеалистік көзқарасына сүйенген «көркемөнер - көркемөнер үшін» деп
аталатын әдебиеттегі буржуазиялық теориясымаққа бірінші рет тойтара соққы
берген - революцияшыл-демократ В.Г.Белинский.

            «Қоғам мүдделеріне қызмет ету
правосын өнерден тартып алу - оны ұлықтау емес, кемсіту деген сөз, себебі осының
өзі оны нағыз шынайы, жанды күш-қуатынан айыру деген сөз» деді.

            Өзінің фольклор, орыс әдебиетіне
арналған және «Әдебиет деген сөздің жалпы мәні» атты мақалаларында әдебиет
искусствоның ең жоғарғы түрі екендігін дәлелдей келіп, ол халық өмірінің сәулесі,
ой, қиял, ақыл, сезімдерінің жиынтығы, оның міндеті - жалпы халықтың, қоғамның
керегіне жарап, соған қызмет ету деген пікірді баса айтып, өткен дәуірден қалған
мұраларды осы тұрғыдан алып бағаласа, өз кезіндегі искусство, әдебиеттерге де
осы тілектерді қойды.

            Оның кезіндегі орыстың кертартпа әдебиетшілері,
ақын-жазушылары өткенді жырлау керек, қазіргі өмірді жыр ету поэзияны әлсіздендіреді,
жансыз, құр сүлдесін ғана қалдырады десе, Белинский оларға керісінше, «...қазіргі
шындық болмысты керек етіп отырған мәселелерге зор көңіл бөлу - ақындардың
негізгі міндеті» деді.

            Ақын-жазушылардың әлеуметтік тарихи
рольдеріне тоқтала келіп, Белинский: «В наше время поэт как поэт не может
обещать себе великого успеха, потому что наше время от каждого - следовательно
и от поэта - требует, чтоб он прежде всего и больше всего был - человек. Не
заботьтесь же о себе как о поэте и воспитывайте в себе человека... Не покупайте
любви людей изменою истине...» (т. ІХ, 432).

            «...Ұлы кемеңгер ақындар туралы
жалпы анықтамасында... Кемеңгердің аты - миллион, өйткені ол миллионның азабын,
қуанышын және жігер-талабын дайым өз кеудесінде сақтайды» деген данышпандық қорытындыға
келді.

            Ұлы сыншының бұл тәрізді ақын-жазушылардың
әлеуметтік, халықтық ролдеріне айрықша тоқталып, өте зор көңіл бөлуі,
біріншіден, «көркемөнер - көркемөнер үшін», ол тек әдемілікті ғана жырлауы қажет»,
әлеумет жұмысына, тап тартысына араласпауы керек деген декаденттік буржуазияшыл
кертартпалық көзқарастардың тамырына балта ұру болса, екіншіден, искусство, әдебиет
езілуші халықтың азаттық жолындағы күрестерінің күшті құралы болу керек деген өзінің
революцияшыл демократтық идеясын іс жүзіне асыру, сол үшін күресу тілегінен туған
болатын.

            В.Г.Белинский искусство мен әдебиеттің
тек идеялық мазмұны үшін ғана күрескен жоқ, көркемдігі, түрі үшін күресін де ол
қатар жүргізді. Әсіресе 40 жылдардан кейінгі еңбектерінде мазмұн мен түрді диалектикалық
бірлікте алып қарауды өрістете айқындай түсті.  

            «Көркемөнер ең алдымен көркемөнер
болуға тиісті де, сонан кейін ғана ол қоғамның рухын оның өз заманындағы даму
бағытын көрсететіндігіне ешбір шек келтіруге болмайды».

            Кемеңгер сыншының еңбектерін терең
зерттей келіп, оның искусство, әдебиет туралы ұсынған принциптерін қорытқан
адамның бірі Г.В.Плеханов Белинскийдің эстетикалық кодексін бес түрлі күрделі мәселелердің
төңірегіне жинақтағаны әдеби жұртшылығымызға мәлім.

            Плехановтың қорытып түйіндеуінше,
Белинскийдің эстетикалық кодексінің негізгі мазмұны төмендегіше: ақын айтайын
деген ой-пікірін дәлелдеп жатпайды, образ, картина арқылы көрсетеді; ақын өмірді
әшекейлеп сырламай да, бұрмаламай да нақ өз қалпында суреттеуі керек; көркем шығарманың
негіз етіп алған идеясы заттың кейбір жақтарын ғана емес, барлық жағын түгел қамтырлық,
нақтылы идея болсын: көркем шығарманың түрі - идеясына, идеясы - түріне сай
болуы шарт; көркем шығарманың ой бірлігіне түр бірлігі дәл келіп, біртұтас бүтіндікті
сақтауы керек.

            Ұлы сыншы осы өзі ұсынған
принциптерін искусство, әдебиет туындыларына талдаулар жасағанда берік сақтады.
Басқалардан да осыны талап етті. Сыншы бұл принциптерін тек искусствоның басқа
пәндерден айырмасы, қарым-қатынастары туралы да қолданды.

            Ғылым мен искусствоның айырмасы
туралы В.Г.Белинский «Саяси экономикаға жетік адам статистік мәліметтерге сүйеніп,
қоғам ішіндегі мына таптың күйі мынандай себептермен көп жақсарды, не көп төмендеді
деп дәлелдеп, оқушылардың, не тыңдаушылардың санасына әсер етеді. Ақын шындық
болмысты жанды және айқын, ашық етіп суреттеу арқылы өмір сүретін реалдық қалыпта
көзге көрсетеді, оқушыларының қиялына әсер етеді. Сүйтіп, қоғам ішіндегі
мынандай таптың жағдайы мына себептермен көп жақсарды, не көп төмендеді дейді.

            Қорыта айтқанда, ғылым мен
искусствоның біреуі дәлелдейді, екіншісі көзге көрсетеді, екеуі де сендіреді,
бірі логикалық дәлелдер арқылы, екіншісі картина арқылы. Бірақ алдыңғыны тыңдаушылар
және түсінушілер санаулы адамдар да, соңғысы барлық адамға бірдей түсінікті...»
(ХІ, 311-б.).

            Ұлы сыншы ғылым мен искусствоның өзара
айырмашылығын ғана көрсетіп қойған жоқ, олардың байланысына да нақтылы ғылыми
талдаулар жасады. Жалпы роман және тарихи роман туралы оның данышпандық көзқарастары
әдебиеттану ғылымындағы әрі жаңа пікір, әрі өз кезіндегі теріс талқылауларға тұқырта
соққы беру болатын.

            Тарих ғылымы оның өзі өмір сүрген дәуірде
өрістеген, үстемдік етуші ғылым дәрежесіне көтеріліп, дәуірдің әліпбиіне, яғни
онымен шұғылданушылық өмір салтына айналғандығын, тарихтың искусствоға жаңаша
бағыт сілтеп, саясаттың характеріне әсер еткендігін және бұл тарихи бағыт соңғы
кездегі адам баласы қоғамының ілгерілеу жолындағы ұлы адымының үлкен дәлелі
екендігін айта келіп, В.Г.Белинский тарих пен тарихи романның байланысына айрықша
тоқталады. Тарихшы тарихта не болғанын, кімдердің не жасағандықтарын фактілерге
сүйене отырып жай баяндаса, жазушы өзінің творчестволық қиял күшімен бұдан жүз
жыл, мың жыл бұрын өмір сүрген адамдарды қайта тірілтеді, қураған сүйегіне от
беріп, денесіне қан құяды. Сол кездегі олардың ой-пікір, жақсы көру, жек көру,
іс-әрекеттерін образ арқылы біздің көз алдымызға келтіріп, оқиғаның қалай болғандығына
бізді айғақ етеді дей келеді де:

            «Тарихшылардың міндеті - не болғанын
айту; ақынның міндеті - қалай болғанын айту, сондықтан да егер ғылым поэзияға
не болғанын айтып, оған қызмет көрсететін болса, поэзия да уақиғаның қалай болғанын
көрсетіп, өз тұсынан, ғылымның шеңберін кеңейтеді» (І том, 1959ж. - 57-б.).
«Орыс әңгімесі және Гоголь әңгімесі туралы» атты мақаласында: «Кім біледі? Күндердің
күнінде тарих көркем шығарма болып, эпопеяның романға ауысқаны тәрізді, тарих
романға ауысуы да мүмкін» деді.

            Сүйтіп, ұлы сыншы Белинский тарих ғылым
мен искусствоның өзара айырмасы, ерекшелігі болса да, бірімен екіншісі байланысты,
өмір тануда бір-біріне көмектесетін және ілгерілеген сайын жігі жымдаса түсетін
құбылыс екендігін аңғартты.

            В.Г.Белинскийдің данышпандық
туындыларында реализм, оның тарихы мен мәні, «натуралдық мектептің» өзіне тән
халықтық ерекшелігі мен үлкен келешегі, романтизмнің өзіне тән ерекшелігі,
грек, батыс, орыс романтизмдеріне тән жайттар «Философиялық романтизм», юмор,
сатира, тіл, стиль, стилистика, аударма, оның тарихи-интернационалдық мәні, тағы
басқа сандаған әдебиеттің күрделі мәселелері жайлы кемеңгерлік көзқарастар ғылымдық
негізде терең талдаулары көп. Оның бәрі де оқушылар үшін керекті, бәрінің де
тарихи, теориялық мәні зор. Бірақ бір мақала түгіл, бірнеше томдарға да оларды
сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан оның эстетикалық көзқарасы жайлы қысқаша
шолуымызды осымен доғарып, сын және сыншылдығы туралы қысқаша тоқталық.

            В.Г.Белинский 1836 жылғы жазған мақаласының
өзінде-ақ сынның анықтамасын тамаша дұрыс берген болатын. «Сын деген не? Сын -
көркем шығармаға берілетін баға, теорияны тәжірибеге қодана білушілік немесе нақтылы
фактілерден теория жасауға тырысушылық. Кейде алдыңғысы, кейде соңғысы, көбіне
соның екеуі де...».

            Теорияны тәжірибеде пайдалана білудің
көрнекті үлгісін біз ұлы сыншының барлық еңбектерінен айқын көреміз. Ең
алдымен, жоғарыда айтылып өткен әдебиеттанудың үш саласын (әдебиет тарихы,
теориясы, сыны) мейлінше терең білушілік көркем шығармаларды терең талдауда оған
керекті құрал болса, көркем шығарма оның сүйенер тірегі, қиялын шырқатып, ой жүгіртерлік
майданы болды. Білім мен фактіні толық меңгерушілік зор талантқа душар келсе,
ондай құдіретті қаламнан дүниежүзі мәдениетінің шаршы төрінен орын аларлық өлместік
мұра қалатындықтың көрнекті үлгілерінің бірі В.Г.Белинский еңбектері екендігін
көреміз.

            Бірақ біз ұлы сыншының әдебиет, искусство,
сын туралы еңбектерінің тереңдік сырларын тек қана әдебиеттану ғылымының шеңберінде
деп түсінсек, шындықтан шет кеткен және авторға үлкен қиянат жасаған болар
едік. Сондықтан біз жоғарыда «ең алдымен» деп әдейі ескерттік.

            В.Г.Белинскийдің еңбектерін оқығанда,
«Осыншама ақылдың Герценге керегі не болды екен?» деп сыншының өзі айтқандай,
соншама білудің оған не керегі болды екен және соншама білім бір басқа қалай
сыя берді екен деп таңданбасқа болмайды.

            Оның шығармаларынан ең ескі заманғы
атышулы грек эпосы «Илиада мен Одиссея» авторы Гомерден бастап, орыс әдебиетін
айтпағанда, батыстың, шығыстың әдебиеті, оның көрнекті өкілдері мол түрде орын
алуы, сонау Платон, Аристотельден бастап, біздің заманымыздағы, әсіресе ХҮІІІ-ХІХ
ғасырдағы философ, әдебиет теоретиктерінің, искусствоведтердің көп
кездесулерімен қатар, Герадот, Плутархтардан бастап тарихшы, этнографтар да,
архитектура, скульптура, живопись, музыка, оларды туғызушылары да, кейбір аты әлемге
әйгілі искусстволық ескерткіштер жайлы аңыз-ертегілер де, мифтік және тарихи
геройлар да жиі кездеседі. Кездескенде тек жай кездесу емес, әрқайсысы кезі мен
келешегіне келтірген пайда, зиянына қарай бағаланып, дәуіріне, әлеуметтік жағдайларымен
байланысты талданып, бағаланған заңды түрде кездесу. Сыншы өз көзқарасын дәлелдеу
үшін оларды әр алуан жағдаймен байланысты атайды.

            В.Г.Белинскийдің кемеңгерлік сыншы дәрежесіне
көтерілуінің бір алуан себептері осы айтылғандар тәрізді мейлінше көп білу
болса, негізгі себебі - крепостнойлық правоға қарсылық. Ол ес біліп, өмір таныған
кез патша үкіметі, помещиктер қоғамының бұқара халыққа көрсеткен қысымшылықтары
әбден шегінен асқан кез болатын. Сондықтан бұқара халық басыбайлы шаруалардың
помещиктерге деген наразылық, жаулық өшпенділіктері де күшті еді. Езушілердің ауыр
азабы, қиын халі, қайғысы мен мұңы келешектегі ұлы сыншының жасынан-ақ жанына
жара салып, жазылмас дертке айналды. Ол өзінің он тоғыз, жиырма жастарында жазған
«Дмитрий Калинин» атты пьесасында-ақ адам баласының бір тобы өзіндей адамдарды
езіп, жаншып отырғанын жаны күйініп, әділетсіздіктің арсыз тұрғысын өлтіре әшкерелеп,
өкілдерін жыртқыш жолбарыс, қорқау қасқыр кескінінде бейнеледі. Өз кезіндегі өмір
шындығын ол жанының жалыны, жүрегінің қанымен жазып, әлемге әйгілесе, өсе келе,
сол езілушілердің өмірін жақсарту, бақытқа қолдарын жеткізуді ұлы арманы етіп, өз
өмірін сол жолда күресуге бағыштады. Бұл жағдай оның сын, әдеби еңбектерінің
идеялық-мазмұнына айналды. Сүйтіп оның сын мақалалар мен жалпы туындыларының
кемеңгерлік дәрежеге жетуі жоғарғы айтылған әртүрлі фактілердің жиынтығы еді.

            Айқындалған мақсат, асқан талант, ағыл-тегіл
біліммен әбден қаруланған сыншы әдебиеттің қандай қиын мәселесін сөз етсін, қандай
ұлы жазушының шығармаларын талдасын, бәрін де ұршықша үйірілтті. Олардан сыншы әріп
қатесін іздеген жоқ, идеялық нәр, эстетикалық шешімдер іздеп, оларды
тапжылдырмай танып, әлеуметтік мәнін, әдебиеттік құнын айқындады.
В.Г.Белинскийдің сын, зерттеулерінде ақиқат (истина) - идеалы, әділдік - өлшеуіші,
халық тілегі - туы болды. Қандай жазушы, қандай көркем шығарманы болсын ол осы үшеуінің
тұрғысынан бағалады. Кімде-кім ақиқат, ел тілегі, халық мұңына қайшы келсе, оның
улы тіл, өлімге сілтей жазатын өткір сынына ұшырады. Өзінің атышулы «Гогольге
хатында», шығармаларының шындығы, халықтығы үшін жер-көкке тұрғызбай мақтаған
Гогольдің, сол өзі жырлаған халықтық идея, ақиқатқа қайшы келген күні Белинский
оның аяғын аспаннан келтірді. «...Бұл арада менің я сіздің қара басыңыз ғана сөз
болып отырған жоқ, мен түгіл сізден де әлдеқайда жоғары мәселе қозғалып отыр; бұл
арада сөз ақиқат туралы, орыс қоғамы, Ресей туралы болып отыр» деді (Белинский,
қазақша, 214-б.). Мақтаса да, даттаса да ондаған факті, жүздеген логикалық дәлелдер
келтіріп, жеріне жеткізе жазатын сындары достарын қуантса, қастарын құрыққа тұрғызды.
Бірақ ол досына да, дұшпанына да әділ болды. Кімнен болсын айылын жимай, шынды
айтып, ақиқаттың жаршысы болды. «Мен жартылап сөйлеудің, қулықтың ебін
білмеймін, оның бәрі менде жоқ мінез» деп өзі жайлы ол өте әділ айтқан.

            В.Г.Белинский сындарының және бір
ерекшелігі - әдебиетті ғашығындай сүюшілік. Өлең, жырларын перзенті санайтын, сөздің
жақсы ұғымында өз шығармасына ең қызғаншақтықпен қарайтын ақын да шығармасын
тап Белинскийдей жақсы көре алмаған шығар. Әдебиет табысы, тіпті жеке бір үздік,
жаңа образдардың өзі оны қатты қуантса, кемістік соншама қайғыртып, жанын
жаралады. Лермонтов, Достоевский, Некрасов, Кольцов, Гоголь туралы оның қуаныштары
мен Гоголь, Достоевский жөніндегі қайғырыстары бұған дәлел.

            Ұлы сыншының сынау әдістеріндегі осы
айтылғандар тәрізді кейбір ерекшеліктері - кезінде де, қазір де үлгі.

            Зор талант, мол білім, темір логика,
эстетикалық нәзік талғаммен В.Г.Белинский әдебиет майданында жарқ ете қалғанда,
ескі әлем, орыстың ақсүйек-дворян әдебиетінің өкілдері селк ете қалды. Жас таланттың
жалынды жаңа сөзі, жай оғындай жалт еткен жаңа пікірі, тыңнан тартқан жаңа
жолы, оған шейінгі әдебиеттану ғылымын баурап алғандарға төбелерінен түскен
жасыл тәрізденді. Олар жайратар жауын тез танып, тез ауыздықтауға атой салып қарсы
шықты. Булгарин, А.Л.Волынский, М.П.Погодин, тағы-тағылар тұс-тұсынан шабуыл
жасады. В.И.Панаев («Современниктің» редакторы емес, ол И.И.Панаев) «Мұндай жазғышсымақты
томағалаудың, шынжырлап қазыққа отырғызудың орнына, оның сөздерін басады. Не
болмақ әдебиеттің күні?» деп, тілінен зәр шашып, қолынан келсе, құртып
жібергісі келді. Бұл В.И.Панаевтың өз басы ғана емес, өзі сықылды азған ой,
шіріген сезім, қаңсыған идеяны қолдаушылардың барлығының түсінігі еді. Бірақ
«Мың қарға зиян қылмас бір сұңқарға» дегендей, бәрі жабылып, оның мұртын қисайта
алмады.

            Ұлы сыншының сандаған жауларымен жалғыз
шайқасуы эпос жырларында жау ортасында қалған алып батырлардың «оң келгенін оң
атып, сол келгенін сол атып, солақай тартса құлатып», жанын жайпап, алдын
жапыра қоршауды бұзатындарына ұқсайды. Айырмасы: олар ертегі, қиял, арман
жемісі болса, Белинскийдің іс-амалдары - тарихи шындық. Булгарин арқылы ізін аңдыған
полицияның бөлімі де, қаулаған өсек, шіп-шикі өтірік те қайсар ердің қарсы
біткен жүрегін селт еткізе алмады. Қайта жауларына деген өшпенділігін өршітіп, қаламын
өткірлей, тілін уланта түсті.

            Ұлы адам өзінің игілік үшін басқан
адымының тек алғашқы кезінде ғана жалғыз болмақ. Өйткені ол жаңалық ұсынады. Ғасыр
бойы қалыптасқан ой-пікірлердің негізіне шабуыл жасайды. Бұл кенет кездескен жаңалық
ескілік қожаларын бүйі тигендей бүлінтсе, көпшілікті, оның саналы тобын әуелі
ойлантады да, көп кешікпей-ақ олардың өздерін жаңалықты жақтаушы, қолдаушы
етеді. Өйткені ұлы адам ұсынған жаңа идея өмір талабынан туады да, көпшіліктің,
оның тілек-мүдделерін іштей аңсаушы, бірақ әр алуан себептермен сыртқа шығара
алмай, не батыл түрде майданға шыға алмай жүргендердің көкірегіне қона кетеді.
Сөйтіп ұлы адам жауымен қатар, жақтаушыларын, достарын да, өз идеясын жақтап,
жолын қуушыларды да тарих сахнасына ала шығады.

            В.Г.Белинскийдің әдебиеттегі орны
мен ролі, тарихи мәні туралы талай жылдарға созылған айтыс-таластар тарихына
шолу жасасақ, біз оның даттаушыларға қарсы, жақтаушыларының да көп болғанын және
оны жақтаушы, қолдаушыларының жауларынан әрдайым палуан түсіп отырғандығын көреміз.

            Жалпы орыс әдебиетін, оның идеясы
мен көркемдік мәнін халыққа пропагандалау туралы ұлы сыншының қалай еңбек сіңіргендігін,
Пушкин туралы жазған Белинскийдің мақалаларын оқып шыққаннан кейін
Л.Н.Толстойдың: «Ғажап! Мен Пушкинді енді ғана түсіндім» деп күнделігіне жазған
осы аз сөз, үлкен таңдануының өзі-ақ көп нәрсені аңғартады десек,
Н.Г.Чернышевский: «...Мыңдаған адам соның, Белинскийдің, арқасында адам болды.
Ол бүкіл бір ұрпақты тәрбиеледі...» - деді. Орыстың классик жазушылары
И.А.Гончаров, М.Е.Салтыков-Щедрин, И.С.Тургенев, ақын А.В.Кольцов, тағы басқалардың
тамаша құнды және мейлінше үлкен бағалайтын сөздеріне тоқталмай-ақ, солардың
жиынтығы тәрізді Н.А.Добролюбовтың: «Орыс әдебиеті қандай халге жетсе де, қалай
шарықтап дамыса да, Белинский әрқашан оның мақтанышы, оның даңқы, оның сәулеті
болады...» (Добролюбов, ІІ т., 1935, 476) деген сөздерінің өзі де жеткілікті.

            В.Г.Белинскийдің мұрасы үшін күресуші
социал-демократ партиясының алғашқы өкілдерінің бірі В.Г.Плеханов та:

            «... В.Г.Белинский - ең жоғарғы
сатыдағы игі адам, ұлы сыншы, сезімтал публицист болумен қатар, біздің қоғамымыздың
ең күрделі, ең маңызды мәселелерін қоя білуде таңғаларлық өзінің көрегендігін
танытты...» - деді.

            Кемеңгеріміз В.И.Лениннің өзінің
«Вехи» туралы деген және басқа мақалаларында В.Г.Белинскийді үлкен бағалайтыны өз
алдына, «Россиядағы жұмысшы баспасөзінің өткен дәуірінен» атты мақаласында
Белинскийдің «Гогольге хатының» өте маңызды еңбек екендігін көрсетті.

            «...Белинскийдің әдебиеттегі
істеріне қорытынды жасаған «Гогольге хат» деген атақты хаты цензурасыз
демократиялық баспасөздің осы уақытқа дейін де өзінің орасан зор күнделікті маңызын
жоймаған ең жақсы шығармаларының бірі болды» деді В.И.Ленин (20 т., қазақша,
247-б.).

            Қорыта айтқанда, ұлы сыншы
В.Г.Белинскийдің еңбектері - революцияшыл-демократтық идеясы жағынан болсын,
патриоттық тәрбие беру жағынан болсын, әдебиет тарихын, теориясын білу,
эстетикалық талғамымызды өрістету, көркем әдебиетке талдаудың методын үйрену жағынан
болсын, күні бүгінге шейін көрнекті құрал, тамаша үлгі. Оқылық та, үйренелік те
ұлы сыншыдан!

 

1961ж.