ВЕРНУТЬСЯ

       Паң Бонопарт, Хан Кене, Темір ерің

Уысында ұстаған төңірегін.

Мен де патша болар ем (ол түк емес),

Бірақ ерінемін.

Есін алып гаремін қарағанның,

Отырар ем қыздарды санап әр күн.

Біріншіден, әйелім қызғаншақтау,

Екіншіден, мен өте пәк адаммын.

Мен де сарай салар ем белеске бір,

Мисыз емен алданар елеске құр,

Жер сілкініп, кенеттен құлап қалса,

Еңбегім еш кеткені емес пе бұл?

Табынатын түк те жоқ, көремісің,

Жетеді ғой, жетпесін неге күшім!

Ішім пысып кете ме деп қорқамын,

Абыз болу, әйтпесе, не мен үшін?!

Баласына қазақтың жиын таң ба-ау,

Сөз бе, тәйірі, әр елдің биін таңдау.

Президент болар ем - уақытым жоқ,

Бұл үш
жүзді қосар ем - үйім тарлау.

Қайсысына жетесің көздегеннің,

Құрысыншы, бәріне төзген ермін.

Ұлы адам-ақ болар ем әшейін бір,

Обалына қалам ғой өзгелердің.