ВЕРНУТЬСЯ

     Өзенге төсін өптіріп,

Сәскеде қолын созар бұлт.

Өріске шықты төрт түлік,

Ауылдың үстін тозаң ғып.

Қараушы ем барып әр күні,

Арғы бет - арман керемет.

Өзеннен өтсем, барлығы

Өзгеріп сала берер ед.

Арғы бет,

саған табындым,

Ұмытып басқа ән-күйді.

Алақанында сағымның

Қаратау-арман қалғиды.

Сенем мен соған әлі де,

Сенем мен соған керемет.

Өзеннен өтсем... бәрі де

Өзгеріп сала берер ед...

Тарыққандық-ау -

Таптырмасыңды білсем де табынатыным.

Зарыққандық-ау -

Жақтырмасыңды білсем де сағынатыным.

Жанымды сәруәр шуаққа бөлеп арманым,

Мен саған өлең арнадым.

Атқан таң күн боп батады дегенге сонда

Сене де алмадым.

Тұрды да төніп кәрі ақпан,

Желкенді бұлтын кетті алып желік таратқан.

Ей, шуақ дүние,

сен мені неге күтпедің

Нұр болып келіп,

күн болып сөніп баратқан?

...Сезбедің-ау сен түнектің торлағанын бір,

Сонда да күтіп жүргенін сол бала ғұмыр.

Атпайтын таңым,

армандап өлмесем сені -

Өзіңе менің

шын ғашық болмағаным бұл.

1975-1977