ВЕРНУТЬСЯ

     Екі ғасырдың астасар аралығында Орталық Қазақстанның қазіргі Жаңаарқа ауданында Шоң деген атақты болыс болған. Шоң — орысша, қазақша сауаты бар, көзі ашық, жүрген жерінде ағартушылық қызмет атқарған ел кісісі. Жолыңыз түсіп Жезқазған облысын аралай қалсаңыз, Шоң айтты деген талай-талай қызық әңгімеге қазір де тап бола аласыз. Соның бірі мынадай:
  Бір елден барып жылқы қуып кеткен қарақшыларға уезден келген третей судьялары сот құрып жатады. Қазақтардың әдет-ғұрпын, ел мен ел арасындағы қарым-қатынас, дау-шарғыны жетік біле бермейтін орыс чиновниктері не жаза қолданбақты ойлап көп дағдарған ғой.
  Ақыры олар Шоңмен ақылдасады. Ақылдасып қана қоймайды, төрелік айтуды тапсырады. Шоң сонда істің мән-жәйімен таныса келіп, жылқы алған қарақшыларды үш ай мешітке қамап, намаз оқытуға бұйырған. Мұндай үкім үш ұйықтаса түстеріне де енбейтін судьялар таңданбай ма!? Бірақ Шоң жауабы әрі қысқа, әрі нанымды шығыпты:
— Кең сахараны еркін жайлап жүрген қазақтар үшін үш ай мешітте ұстап намаз оқытудан ауыр жазаны ойлап табу мүмкін емес.
  Заң қызметкерлері жазаның байыбына бара келіп, мына үкімге қол қойыпты.