ВЕРНУТЬСЯ

       Бір қайың бар -

ақ қайың,

нәзік қайың,

Өскен күнге құшағын
жазып дайым.

Нәзігімнің өмірін сырттан бағып,

Мен тұрамын
қалшиып қазықтайын.

Бір ауланың қожасы жел болады,

Оның өзі - сапарда,

Кем қонады.

Ылғи тосын келеді ол құйындатып,

Асты-үстіне шығарып кең қораны.

«Жыны қозды,

апыр-ау,

мұның
неге?» -

Дірілдейді,

Мұздайды құлын дене.

Қарсыласқан болады нәзік бұтақ,

Қарсылығын тыңдай ма тұғыр неме.

Дегеніне жеткен соң жел кетеді,

Жел кетеді,

жоқ оның ел-мекені.

Дене дел-сал,

қысқа шаш ұйпа-тұйпа,

Мұңды
қайың көз жасын кәлдетеді.

Мұңды
қайың -

ақ қайың,

нәзік қайың,

Өскен күнге құшағын
жазып дайым.

Өзімді өзім іштей жеп,

кең аулада

Тұрам ылғи
қалшиып қазықтайын.

Жұбатар
ем,

хай-жайын сұрар
едім,

Тілі - жұмбақ
әлі күн бірақ оның.

Жапырақтар жерге емес,

ерте үзілсе,

Жүрегіме құлайды
мына менің.

Мұңды қайың жай ғана тербеледі,

Ей, табиғат,

қаратпа жерге мені!

Қайтсем менің нәзігім шаттанады,

Қайтсем тартып аламын желден оны?

Сен жылағанда,

Бәйек
болып тіл қатқан кім?

Жел еді!

Көз жасыңды құрғатқан
кім?

Жел еді!

Жел еді ғой жұбатуға
асыққан,

Ол да өзіңдей жетім еді себебі.

Тағы, тағы, тағы да

Жылап алғың келді сенің ағыла.

Түнгі бақта өксіп ұзақ отырдың,

Желден өзге кім келіп ед жаныңа.

Толқыды түн

тілсіз қара айдындай,

Қайырымсыз деп ойлап па едің Ай мұндай.

Жел әкелді сені үйіңе серік боп,

Сен үйіңе кіріп кеттің қайрылмай.

Қала берді ол есігіңнің алдында,

(Өмір дейді?

Қандай жұмбақ
бар мұнда?)

Терезеңді қағып-қағып, ол ақыр

Жатты
келіп іргедегі шалғынға.

Сүйіп еді ол,

сүйіп еді жанымен,

Сен шықпадың

Таң көрінді әріден.

Бақты аралап баяу ғана жүреді,

Жел бүгінде суып біткен бәрінен.