ВЕРНУТЬСЯ

Бірде Сәттіғүл ақын бір той жасап жатқан ауылға тап келеді. Ақынды кілең сыйлы адамдар отырған үйге әкеліп түсіріпті. Үй ішіндегілердің біреуі нағашы, біреуі жиен дегендей, әзіл-қалжыңмен отырып, Сәтекем бір отырған оншақты адамды шеттерінен аспанға көтере мақтап шығады. Қыран-топан күлкі үй-ішін кернеп кетеді.Жұрттың күлкісі сәл бәсеңдеген тұста төменгі жақта отырған Қадірбай деген бір кісі аталмай қалған болуы керек, шыдай алмай, Сәтекеңе өкпесін білдіріпті:– Апыр-ай, Сәтеке, маған бір ауыз сөзіңізді де қимадыңыз-ау, – депті. Сонда Сәтекем саспастан:– Ойбай-ау, Қадіржан, сені әдей кейінге сақтап отырмын ғой, неге ескермеймін, – деп алыпты да:Ренжімес, әрине,Осы отырған он кісі.Ал, осы отырған ҚадірбайБөлек біткен болмысыҚараторының өңдісі.Екі жауырыны қақпақтайАтан түйе зор кісі.Қолы жомарт мол кісі,Көзі қыли демесеңОсы отырған жұртымныңБәрінен де оңдысы...– деп өлең шумағын төкпектетіп жіберіпті.Шынында да Қадірбайдың бір көзі қылилау екен. Мақтағанға мадиықтаған Қадірбай шыдай алмай– Сәтеке, кеше еңбеккүнге алған жарты пұт тарым бар еді, ауылға қайтарда соны ала кетерсіз, – дегенде үйде отырғандар одан сайын қыран-топан күлкіге батыпты.Жұрт күліп болғасын, Сәтекең Қадірбайға қарап:– Шырағым, пейіліңе рахмет. Осы сөзіңнің өзі де жарты пұт тары ғой. Бала-шағаңның аузынан жырып алғанда маған мүйіз шығып қабырғамды жаппаспын, бірақ сендей ақкөңіл жанды іздегендс таппаспын, – депті...