ВЕРНУТЬСЯ

   Ойлап қарасаң, адам табиғаты қиян-қилы екен-ау... Көп заман
бұрын көлеңке болып кеткен бейнелерді еске аласың да, осындай бір тоқтамға
келесің...
- Ақық - менің кіндік шешем. Бетінің жіңішке қан тамырлары
шым-шытырық жол секілді қызара тарамдалып шашырай көрініп тұратын, қалың ерін
ірі кісі еді.
       Сол ірілігінен
болар, жұрт оны Дөкей Ақық деп атайтын. Дөкей Ақық жәй ірі емес, шын
мағынасындағы теңдесі жоқ балуан әйел. Тендесі жоқ болатын себебі - мынау деген
жігітіңнің талайы аяғы аспаннан келіп Ақықтан жығылып жататынын өзім де
көргенмін. Ал жігіттің әйелден жығылуы өліммен тең. Олай болса, менің кіндік
шешеммен күресер жан табылмайды.
     Бір ретте бәйгеге қой тігілді. Сонда да - мен
күресемін, - деп құлшынған ешкімді көре алмағанбыз. Қүйеуі Мәуия ерте өлсе де
Ақық шешем шаруаға өте құнтты. Сол себепті оның үйі ауыл арасында алдына салған
бес-алты қарасы, ұсақ-түйек қой-ешкісі бар тыңғылықты үйдің бірінен саналатын.
Сол тыңғылықты, ауқатты үй иесі - дөкей Ақықтың мінезі қызық: біреуге сабақты
жібін араластырмайды. Не сұрасаң да жоқ - деуші еді.
      Бірақ сараңдар
қатарына қосылмайтын-ды. Өйткені ретін тауып бір нәрсесін ала қалсаң, пәлен
уақыттан қалдырмай әкеп бер, - деп түйіле айтып, қадағалағанмен, соныңа түсіп өмірі
қайтып сұрамайтын. Шешеміздің осы әлсіздігін білетін жұрт сұранғыш.- Ананы бере
тұршы... Мына бірдемеңді ала тұрайыншы... Ақық - бермеймін, - деп кесіп тастап
жатса да қарамайды. Айналып келіп тағы сұрайды. Дөкейдің дымы құрып шаршайды. -
Қашан әкеп бересің? - Пәлен уақытта...- Ұмытып кетпейсің ғой?.. - Неге
ұмытайын... - Ал ендеше ала ғой.
      Менің бала
кезімде біздің ауылдың жігіттері сернешіл болды. - Он шақтысы жиналады да бас
қосып бір тоқты сатып алып сойып шылқымай жасайды. - Сернесі осы. Әрине,
сернеге аңсары ауғандар Ақықты айналдырады.
-        Ақшасын ертең
жинап береміз. Бір тоқтыңды сата көр.
-        Тоқты жоқ қой
менде.
-        Әне бір сек те
біз жеуге жарай береді.
-        Жоқ, ол секті
сата алмаймын.
Саудаласа келген жігіт кетіп қалды. Ендігі сәтте оның орнын
басқа біреу басады.
-        Апа, бір
тоқтыңды сатсайшы бізге. Ақшасын ертең қолыңа тигіземіз.
-        Сататын тоқты
жоқ менде.
-     Ана бір ісек те
жарайды бізге...
-        Жоқ, ол ісекті
сата алмаймын.
         Жігіттердің меселі қайтпайды бірақ.
Кезектесіп келе береді, келе береді. Ақық ақыры жеңіледі.
-        Ал жақсы,
ақшасын ертең жинап беретін болыңдар.
Ақшасы ертеңі түгіл ендігі жылы да жиналмайды. Ақық шешем
жиналмаған ақшаны ертеңі түгіл ендігі жылы да сұрамайды. Оның осы әлсіздігін
білетін ел жігіттері ұмыттыра беріп менің кіндік шешеме қайта келетінін
қайтерсің.
- Ақық апа, ақшасын ертең жинап береміз, бір тоқтыңды сата қойшы...
         Дүниеде
қандай ғажап мінездер болады, а?!