ВЕРНУТЬСЯ

        Менің Қ. ұлы
Қ. дейтін досым бар. Атын толық жазбай отырған себебім: әпенділер тобына оның
жатпайтындығы. Бірақ барынша адал, барынша таза, біреуге иненің жасауындай да
қастық ойламайтын, ойламайды емес-ау, қайта жақсылық жасағысы келіп тұратын
көшелі азамат. Әлбетте осындай қасиеті бар адамдардың аңқаулығы да кездесе
бермек. Ал аңқаулық жүрген жерде әпенділікті ат шаптырып алыстан іздеудің
қажеті бола қоймай ма деп ойлаймын.
        Қ. екеуміз ол
кезде бүкіл Солтүстік Қазақстанға әйгілі Майбалық орта мектебінде оқыдық.
Дәлірек айтсам, ол менен екі класс жоғары оқыды. Мен сабаққа жаман болмадым.
Бірақ осыдан басқа менде жұрттың көңілін бұрып, кезге ұратын түк өнер жоқ. Көптің
бірі ғанамын. Ал Қ. нің жөні басқа, жолы бөлек. Қ. Сол орамда ауызға іліккен өнерпаз
бала. Ол домбыра тартып, ән салғанда жұртты аузына қарататын еді. Қ. аудандық, облыстық
олимпиадаларға да қатысқан. Жәй қатысып ғана қоймайтын, бас жүлдені допша теуіп
жүріп әкелетін-ді. Мен оны досым десем де, әрине ол кездегі достықтың жөні
белек. Қ. секілді жұрт ылтипатының гүл шоғы - даңқты балаға кімнің жақын
жүргісі келмейді дейсің. Мен де соның бірі. К. жымиып күліп амандасса, қолымды
ұзағырақ ұстап, қаттырақ қысса, төбем көкке жеткендей мәз болып жүре беремін.
        Менің досым
оқуын бітірген жылы соғысқа аттанды. Майданнан аман-есен жеңіспен оралған соң
мұғалім болды. Партия қызметін де атқарды. Ақыры елуінші жылдардың аяқ кезінде
Алматыға партия мектебіне келіп, оқуға түсті. Осы тұста біз бұрынғыдан да
достасып, жақындаса түстік.
      Шынайы достықтың белгісі - шақырту іздемеу
ғой. Қ сондай жігіт. Оқудан қолы босаса-ақ болды салып ұрып біздің үйге келеді.
Біз болсақ, құрақ ұшып қарсы аламыз. Бес-алты жыл үнемі пәтер жалдап, бір
жерден екінші жерге кеші-қонды болып жүргендіктен бе, өз баспанаңның айы өткені
соншалық, патшаның сарайындай санайтын бір бөлмелі үйіміздің төрі сонікі.
       Қыс ортасы ауып
кеткен. Ұзара бастаған шуақты күн болатын. Мен әлде бір газеттің қауырт
тапсырмасымен жұмыс істеп отыр едім, қолында аумақты торламасы бар, Қ. кіріп
келді. Бақсақ, ол қысқы каникулды пайдаланып елге, семьясына барып қайтқан екен.
       Мына торлама
елден алып келген сәлем-сауқат болып шықты. Қ. сондай қазақы жігіт. Қазақы
ғұрыпқа мән бергіш. Сол дағдысына бағып торламаны аша бастады:
-        Мына жал, жая,
ұзын омыртқа сенің сыбағаң.
        Қазы-қарта
Бағдат замандасқа арнап салынған. Ал шұжықтар балалардың үлесі...
         Мен Қ-ге қат
шаруамен отырғанымды айттым.
-        Біраздан кейін
босаймын. Ал сен Бағдат екеуің ас пісіретін бөлмеде шәй ішіп, әңгімелесе
тұрыңдар, - дедім.
       Жұмсақ мінезді
Қ. бәлсінген жоқ, бірден көнді де, ас пісіретін қуысқа Бағдат қасына барды. Мен
жазуға отырдым. Бірақ жұмыс істеу қайда. Есікті қанша қымтап жапсам да, олардың
екеу ара ду әңгімесі ап-айқын болып жетіп жатты.
-        Қысқы каникул
сондай қысқа, әрі жер шалғай ғой, бармасам да болатын еді, бірақ балалардың
басы бар ғой бізде, соларды көріп, иіскеп қайтайын деп бардым ғой, - деді Қ.
Сондағы менің әйелімнің жауабы:
- Үйіміз тар болса да бізде де бала-шаға бар ғой. Кейде
Сафуанның өзі де баладан әрман болып кетеді...
       Қ-нің
қайтармасы:
-        Балаларды сағынып
барсаң, ауыл да сені сағынып қарсы алады.
-        Біздің
төңіректе магазин түскірің де жоқ қой, сүт-айран іздеп сандалып үнемі орталық
дүкенге барып жүргенің, - дейді менің жұбайым.
Қ: - Жәй сағынып қарсы алса бір сәрі ғой. Алма кезек
шақырысады келіп.
Б.- Жалғыз ілікті болған соң қолың да тие бермейді...
Қ.- Жәй шақырып, дәмін беріп ғана қойса бір сәрі ғой, арақ
іш деп зорлайды...
Б. - Қазір үй күтуші әйел дегенің де таптырмайтын болып
алды. Мұрнын шүйіргенде құдай сақтасын...
К-ның жауабы - Ішпесең, өлердегі сөзін айтады. Өкпелейді...
Б-ның жауабы - Кірді де өзіңнің жууыңа тура келеді...
Қ.- Көңіл жықпайын деп ішесің, ертеңіне ауырып қаласың...
Б.- Келімді-кетімді кісіміз де көп қой біздің...
К.- Ауырғаныңа қарай ма, тағы бір үй шақырады... Тағы да кеп
зорлайды... Өлердегі сөзін айтады. Торсаңдап өкпелей бастайды: кеше анау үйден
ішіп едің, бізді, менсінбегенің бе не сонда?
Б.- Сафуан елге жиі шығады ғой. Тамыр-таныстың көп болатыны
содан...
К.- Амал қанша тағы да ішуіңе тура келеді...
       Ие, амал жоқ,
күлкіден буынып қала жаздап отырған мен жұмысты жайына қалдырдым да, ас үйге
шықтым. Қ. мен жұбайымның арқасында көрер таңды көзіммін атқызып, сол күні
түнімен жұмыс істеуіме тура келді.