ВЕРНУТЬСЯ

     Ақ қашып, қызыл қуған
заманым-ай,

Заманның таба алмадым амалын-ай...

Сол кездің өлеңі

 

    1. Сәскеде

Ыспа кұм ысылдаған төңірегі,

Біздің ел сырт хабардан не біледі?

- Ағы кім?

- Қызылы кім?

- Ит біліп пе?

Әйтеуір, қазақ
емес көрінеді.

Кепкен шал балағаттап, өжектейді:

- Апыр-ай,

бұл
иттерге не жетпейді?

Біреумен соғыспап па ед ана жыл да,

Бірі жығып, бірі құлап кезек, - дейді.

- Дегенмен,

жаугер халық осы немең.

- Бар ма екен,
сірә,

осыңның досы деген?

- Қу соқа,

арық өгіз айдағаны,

Ай, бұлар ұрысып жүр несіменен?

Иен дала шет-шегі жоқ паң көсіліп,

Сәріден жел айқайға салды есіріп.

Көз жұмды шықпай жатып сәби күн де,

Құм жатыр есік алды мәңгі есіліп.

Селеудің кімді күтіп сарғайды өңі,

Ителгі үркіп ұшты самғай бері,

Ит үрді,

қой маңырап,

түйе боздап,

Кепкен шал қырға қарап «Алла-ай» деді.

Шыққанша «не болдылап» тұмақтылар,

Құйылып келіп қалды кіл аттылар.

Келді де маған тиді аш бөрідей,

Тұрған жоқ жөн-жосығын сұрап бұлар.

Атаман аттың басын бері бұрып,

Жымиды

(не түсінді, нені біліп?):

- О, сорлы Россия,

сенің иең

осылар болмақ енді, - деді күліп.

Ел емес,

көктен түсіп «Құдай» келді,

Құдекең
атаман боп сыбай келді.

- Мұның не,
Орысжан-ау, - дегенінше,

Кепкен шал - кескен терек құлай берді.

- Уа, батыр,

жөніңе кет, жылқыңды ал да,

Жылқыдан басқа менің мүлкім бар ма? -

Бишік бір ыс-с ете қап,

өшірді үнін,

Би аға сауға сұрап ұмтылғанда.

Қоқайма бөрік алды үйді кілең,

Барқ етті -

бәйбішеге тиді білем.

Шуылдап тағы бір үн шығып жатты

Қамысты айырғандай сүйрігінен.

Астында көп бишіктің жылқы кетті,

Кеткен мал кең даланы дүркіретті.

Қайнады зығырданы,

қапы қалып,

Тістенген

есіл құмның жұрты кекті.

Жігіттер үнсіз-тілсіз тұрды ұғысқан,

He пайда, шаппаған соң, құр қылыштан.

Басына төңкерулі қазан киіп,

Бас баққан қорқақ шықты бір бұрыштан.

- Бармысың,
тірімісің, жарығым-ай,

He жаздық, неден жаздық тағы, Құдай.

- Болғанда ағы мұндай
бүл итіңнің,

Қызылы қандай болмақ, Тэңірім-ай?..

 

     2. Кешке

Селеудің кімді күтіп сарғайды өңі,

Ителгі үркіп ұшты самғай бері.

Ит үрді шабаланып.

Бұл не
тағы?

Кепкен шал қырға қарап «Алла-ай» деді.

...Айт-айтпа,

бәрі дағы Хақтың ісі,

Басылды бір дүрлігіп сақ құм іші.

Жүрісі «жау емеспіз» дегенді айтып,

Көрінді қырық қаралы атты кісі.

Бел асып,

бері қарай бұрылды олар,

Тұр, кәне,

алдынан шық,

жүгір,

қол ал!

Ауылыңа конақ келді,

жарыл,

қазақ,

Кім білген,

қырықтың бірі қыдыр болар.

Жылмаңдап ұры көсеу отқа кірді,

Аққұман томпаң қағып шоққа мінді.

Ел екен жарымаған деп кетпесін,

төк барыңды.

Жайылды текеметі,

кілемдері,

Қонақты күте алмаса - тірі өлгені.

«Қызылдар екен...» десті ел,

біреу тұрып:

«Сары ғой, қызыл емес, кілең», - деді.

Командир қалды кенет аңдап нені,

Сұп-сұр боп қарады-ай бір барлап бері:

«Бауырсақ,

құрт,

ірімшік,

бағлан еті,

Кедейміз дейді тағы алдап мені».

«Питерде пролетариат ашығуда,

Бұлардың не хұқы бар тасынуға?

Әдейі құм ішінде бөлек отыр,

Астығын,

мал-дүниесін жасыруға».

Ақырын шолды бастық іргені аңдап:

«Қауіпті,

тым қауіпті түнге қалмақ.

Құтырған ақ бандының апаны бұл,

Әйтпесе,

олар күшті кімнен алмақ?»

Ашуы атты тастап,

таққа мініп,

Орнынан атып тұрды жатқан ұлық.

Домбыра сұлап
қалды мыңқ-мыңқ етіп

Аппақ боп шұбат қалды ақтарылып.

Ду етті тоймаған бар,

тойғандар бар:

- Апыр-ау,

неге асықты...

сойған мал бар...

Командир кер тұғырға
қарғып мінді:

- Апанын ақ
бандының ойрандаңдар.

Деген жоқ біреуі де «бүлік бұл іс»,

Жалтылдап ойнап берді қырық қылыш

...Қолатта ауыл қалды ойран болып,

Құм қалды ішке сырын бүгіп тыныш.

Құм жатыр ішке бүгіп ұлы сырды,

Суық жел сумаңдайды ұры сынды.

Сенделген еркек кіндік үйге кірмей,

Тасқа шап,

жау кеткен соң, қылышыңды.

- Әулие-әмбиесі,
тамам пірі,

Ел едік ақтан ішкен адал түбі.

Әй, Құдай, бар екенің

рас болса,

Біреуін жолықтыршы маған тірі.

Балалар ойнамайды қозы-лақпен,

Боз жігіт жоғалады безіп атпен:

Қырық емес,

маған десе, сексен болсын,

Қайта бір көрінсеңші

көзіме, әттең.

Жара ғой ем-дауасы табылмас бұл,

Алғандай төңіректің бәрін қасқыр.

Көйлегі алау-далау,

өңірі ашық,

Қобырап қара шашы қарындас тұр.

Қарындас жыламайды, қарғанбайды,

Қарындас - тас боп қатып кқлған қайғы.

- Жаба гөр абыройыңды, айналайын! -

Қасында кәрі анасы қалбаңдайды.

 

    3. Азанда

Иен дала шет-шегі жоқ паң көсіліп,

Сәріден жел бебеуге салды есіріп.

...Көзі ісіп,

қаны қашып күн
де шықты,

Құм жатыр есік алды мәңгі есіліп.

Ақсаңдап ауыл тұрды кепкен шал боп,

Басына айғыр заман тепкен шал боп.

Құйын боп оралады осы ауылға

Қыр асып алысқа ұзап кеткен шаң кеп.

Тып-тыныш,

Үріккен ауыл жат қонақтан,

He болды шалды кенет жалт қаратқан.

Белдеуде бөтен ат тұр,

Кімнің аты?

Кепкен шал басты айқайға:

- Аттан! Аттан!

Итке ұқсап ұлиды жел жағаласып...

- Уа, аттан!

- Тағы жау ма?

- Далаға шық!

Аты тұр

кешегі өткен көп солдаттың,

Біреуі ұйықтап
қапты қара басып.

- Болыпсың,

Әй, екеңді, менен кетіп,

Үйренген немесің ғой өлеңдетіп...

Басына қап кигізіп,

байлап-матап,

Әлгіні алып шықты сереңдетіп.

Әй, ұрды-ау,

ұрды

ұрды

тағы да ұрды,

Кемпір-шал,

бала-шаға жабыла ұрды,

Тепкілеп,

мама ағашқа таңып ұрды,

Бәрінің ұрған сайын жаны кірді.

- Ұр итті!

- Өшір үнін,
қорқыратпай!

- Бауыздап
тасталық па кер құла аттай!

Болады бірдеңе айтқан ол пақыр да,

Қылғынып көген буған көрпе лақтай.

- Жау көріп

өзіңді де,

өзгені де,

Уай, иттер,

не көрінді көздеріңе?

Қазақпын,

қазақпын мен;

пәленшемін,
-

Гәп осы, құлақ ассақ сөзге, міне.

Тоқтау боп
әлгі дауыс құтырғанға,

Жұп-жұмыр
жұдырық сөз - жұтылды ол да.

Көрінді бір қазақтың жалпақ беті,

Біреу кеп бастан қапты сыпырғанда.

Қан-жоса бет-ауызы...

шошығаннан,

Көп жігіт тұра
қашты босып әрман.

Қой баққан қоңсы ауылдың сорлысы екен,

Отряд «жол көрсет» деп қосып алған.

Есімі әлде Жырық,

әлде Сырық,

Ояну дағдысы екен сәл кешігіп.

...Маң дала,

Жаралы ауыл.

Жабырқау көк.

Құм жатыр есік алды мәңгі есіліп.