ВЕРНУТЬСЯ

       «Алматы маған
аздық етеді, шамамда,

Мықтыдан тағы кімдер бар екен ғаламда?» -

Сол бала ылғи алысқа қарап тұратын,

Қойының алдын иіріп тастап сабанға.

Соңында тазы, қолында
шегір лашын,

Ғираттан зият мәпелеп арық құласын,

Алашқа болман деп жүрген осы ақынды

Аудандық газет талқан ғып бірде сынасын.

Ауданда жатқан сыншының ішін кептіріп,

Намысқой аға мұны
да, міне, өтті іліп:

- Атаңның көрі, біздің тұқымның қай кезде

Өкімет жаққа жолы болып ед? - деп күліп.

Анасы боп-боз:

- Газеттің сөзі
бекер ме?

Сақтай гөр, әйтеу, жорымалықшы
бөтенге.

Әуелі өстіп «талатып» алған ана жыл

Ағекемдерді итжеккенге айдап кетерде.

Тусаң, ту, сыншым, шебер-ақ
екен даттарға,

- Жас ақын, -
депті, - тым әуес көне салттарға!

- Тағы не
депті-ей?

- Мақтаншақ депті, өр депті,

- Мақтаншақ болса,
нағашыларына тартқан да.

- Шамасын білмей
сілтейді, - депті, - құрығын.

- Уһ, - деді ана,
- е, мейлі, мейлі, құлыным,

Ұлтшыл
демесе болғаны дағы, әйтеуір.

Күрсінді сосын басынан
сипап ұлының.