ВЕРНУТЬСЯ

    Бір мың тоғыз жүз жетпіс жетінші жылы Әлжаппар Әбішев
жетпіске толды. Қарт жазушының еңбегін республика өкіметі орынымеп бағалап,
омырауына Октябрь Революциясы орденін қадады.
        Мүшелді той
одан көп бұрын туған жері Қарқаралы-Талдыдан бастаған-ды. Жазушы бұл қуанышты
сапардағы қошеметшісі ретінде Тахауи екеуімізді шақырған.
        Қысқасы,
Алматыдан шыққаны, Қарағандыдан қосылғаны бар он шақты нөкерін ертіп Әлжаппар
туған өлкесі - Қарқаралы ауданын, одан бөлініп, өз алдына шаңырақ көтерген Талды
ауданын аралады. Атақты «Қаракесек» әнінде: «Ауылым қонған жері Талды-ау деймін»,
- деп кәдімгі Мәди жырлайтын Талды. Анықтай кетер бір жай: Қарқаралы екіге
бөлінгенде, Әбішевтің туған совхозы осы Талды ауданына қарап кеткен екен.
         Сол себепті
той салмағы негізінен соларға түскен секілді. Бірақ ауырлап жатқан ел жоқ.
Жазушының осыдан жетпіс жыл бұрын шыр етіп жерге түскен, кіндік кескен жеріне
бес-алты ақ шаңқай үй тіккен. Электр шамын жағып, газ орнатқан. Радио жүргізген. Ағайын-туғандарынан
бастап аудан басшыларына дейін қолын қусырып, тік тұрып қызмет жасап жүрді.
          Айнала тау
қоршаған, ықтасынды бұл аңғарды жаннат десең де сиярлық. Сентябрь айының орта
тұсы, күздің молынан кіріп, емін-еркін жайлап алған шағы болса да, төңірек көкпеңбек.
Суы мол былдырлы бұлақ жағасын қуалап қапталдай әскен тал мен шілік, көк терек пен
ақ қайың қызуы қайтқанымен, әлі де мейірін төгіп тұрған ашық күнде баяу ескен
самалға бас шұлғып жөн тербеледі. Бір жағымыз - Таңбалы тас, екінші жағымыз -
Қызыласпан тауы деп аталады екен. Таңбалы - дейтін себебі, сонау төбеде
жайылған қой секілді шұбартып шашырап жатқан кесек-кесек тас беттерінен есте
жоқ ескі күндерде арғы тегіміз тырнап түсірген қой, түйе, жылқы түліктерінің
бейнесін көруге болады.
         Ал Қызыласпан
тау... бір қызығы, бала кезімде қысқы кештерде білтелі шам жарығында айнала
қоршаған жұртқа зуылдатып өзім оқитын «Қобыланды батыр» жырындағы:
Қара-аспан тауын жайлаған, Қалың қыпшақ елдерден...- деген жолдар есіме түсті. Мен
сонда аспаны қап-қара болып түнеріп тұратын болған соң-Қара-аспан тау деп аталған
шығар деп ойлайтынмын. Күні бүгінге дейін солай түсініп келгенмін ғой. Мүлде
олай емес екеніне мына Қызыласпан тауын көрген соң ғана көзім жетті: көлденең
түсіп жатқан еңселі жота. Сол жотаның үстіне тағы бір қызыл шақа құз мінгескен.
Бергі беті тік жар, адам баласы бара алмайтын болғандықтан, сол құздың орта тұсындағы
тоқымдай ғана тұлдыр жерге қыран құс келіп жыл сайын ұя салып, балапандарын
ұшырып әкетеді екен. Сонымен Қызыласпан таудын мағынасы: аспанда тұрған қызыл
тау болып шығады. Менінше, Қарааспан тауы да дәп солай аспанда тұрған қара тау
болса керек-ті...
        Сөйтіп, біз
Қызыласпан таудың бауырында - Әлекеңнін кіндік қаны тамған жерде үш күн болдық.
Ауданның қыз-бозбалалары келіп ән шырқады. Домбыра тартты. Әрқилы ойындар
көрсетті. Ертең жүреміз деген күннің кешінде радиодан мынадай хабар берілді:
Талды ауданының еңбекшілері қазақтың ата салтын сақтап қадірлі қонақтарымыз -
Әлжаппар Әбішевке, оның қасындағы жолдастары Тахауи Ақтанов пен Сафуан Шаймерденовке
ат мінгізеді.
          Жұрт ду қол
шапалақтап дуылға қайта көшті. Шам әлі жана қоймаған іңір қараңғысы. Біз ортада
ән шырқаған бір өнерпазды қоршалап, алқа-қотан тұрғанбыз.
         Кенет бір
жігіт оң жағымнан жақындай беріп қойныма қолын сұғып жібергені. Жайбаракат
тұрсам керек, шошып қалдым.
- Қорықпаңыз, бұл жаңағы мінген сәйгүлігіңіз, - деп
сыбырлады жігіт.
        Конверт
тырсиған қалың екен. Ішкі қалтамды керіп бара жатқандай сезіндім.
Келесі күні ертемен:
-        Атыңды міндің
бе? - деп сұрады Тахауи.
-        Мінген
секілдімін...
-        Қаншаға түскен
түрі бар?
-        Мың болатын
шығар деп ойлаймын.
          Тахауи
абыржыңқырап қалды.
-        Тек... мың
емес шығар?
-        Конверт сондай
қалың. Кеудемді керіп барады.
-        Ашып,
санамайсың ба? - деп тықыршыды Тахауи.
          Сол жерде
конвертті ашсам, кілең бір сомдық пен үш сомдық екен. Ұзын саны - екі жүз.
           Тахауидың жүрегі орнына түсейін деді
білем, қарқылдап рахаттана күлді.
-        Бәсе, елден
ала бөтен мың сомды саған қалай берді десем...
-        Сенікі қанша?
-        Менікі де
екеу.
          Кейін
анықтасақ, той иесінің де мінген аты біздікі секілді екен.