ВЕРНУТЬСЯ

        Бара алмай кеткен бір шың бар

Өрге қарай желгендер.

Ала алмай кеткен бір шың бар

Желбезекке жебе дарытқан мергендер.

Сағана мола, сары айшық,

Қобылы күмбез, қойтастар,

Соны айтып бүгін тұрсыңдар.

Сары айшық емес, мен білсем,

Заманның желі сарғайтқан

Сарабдал көне жырсындар.

Найзаның емес, қашаудың

Қүдіретін дәріптеп,

Көз алдыма алып кеп

Тарихтың бедер-бейнесін,

Архитектор-Маңқыстау

Өз тілімде сөйлесін.

Артымда қалған жас бала,

Ерке болса - басылар.

Епсіз болмағай-ды деп,

Тентек болса - тыйылар,

Тексіз болмағай-ды деп,

Үлкеннің сөзін нұсқаға
ап,

Бір рет жонып, үш қарап,

Сартасты кесіп, сазды ойып,

Қиюын тауып, қыш қалап,

Тізілдіріп тізбелеп,

Үзілдіріп үзбелеп,

Маңқыстауда - мың қыстау

Қайырлы болсын сізге деп,

Осындай оңды мұра
қалдырған

Құла майдан дүздерде,

Кісілігі керек сол бір шалдардың

Ісмерсіп жүрген мына біздерге.

Ісмерсідік - ісіндік,

Сонда нені түсіндік?

Әй, аңғалдық, аңғалдық,

Аңғалдық, саған арбалдық.

Үстінде тұрып
алтынның,

Басқаның күмісіне таң қалдық.

Жаттың ойын желкен ғып,

Қаншама рет өртендік.

Маңқыстаудың ойында

Қарайды бізге мүсіркеп

Мықтылық пенен көркемдік.