ВЕРНУТЬСЯ

       Өкпем жоқ бүгін тап саған,

Әдеміше қыз,

жөн солай.

Әңгелек ұрлап бақшадан,

Әкейден қашқан сол шақ-ай.

Шұбалып
жатқан пәлегі

Күләбі қауын не керек,

Әңгелек сынды әдемі

Бар еді жүзің керемет.

Жағаға келдік тең бөліп

Екеуіміз екі «олжаны».

Елеңдеп тұрдың сен келіп,

Жүрегің нені болжады?

Шалқалап жүздік төс кере,

Шешіндің сен де көлге кеп.

Көрініп қалды қос төбе

Әңгелектейін дөңгелеп.

Бұзылды кенет тыныштық,

Айдыннан ыршып шығыстық.

Бауырыңа қысып олжаңды,

Бауырыма қысып
олжамды,

Бұтаға
кірдік ұмтылып,

Көрінбеу үшін сол шалға.

Әрі аунап кеттің бұлқынып:

«Әңгелегіме қол салма!»

Келмедік қайтып сол баққа,

Есейдік сөйтіп ерте біз.

Сен қандай едің ол уақта,

Мен қандай едім, ерке қыз?

Сағынып жаздым мұны мен

Саратан-зауза боларда.

Саққұлақ шалға күліп ең,

Сақ қыз боп кеттің - содан ба?

Қайда сол әсем нұр
бағым,

Риясыз адал күнім-ай?!

Барады зулап жылдарым

Бақшаға түскен ұрыдай.