ВЕРНУТЬСЯ

      Нұх
нәби-олла,

Ибраһим халил-олла,

Мұса
кәлим-олла,

Иса рух-олладан да әріде.

Тақ Сүлейменің бұл
он сегіз мың ғаламға

Ел басы емес алғашқы,

Тау жақта жүрген әшейін бір ұл әлі де.

Алыс та емес Жұмақ пен Жердің арасы

(Алматы менен Шамалғандай-ау, шамасы).

Меніңше, сол кез сөйлегені анық бір тілде

Құстар мен Адам баласы.

Ағайын ел-ді ақжарқын, ашық құшағы,

Бір күні кенет жау тиген жұртқа ұсады.

Адамды тастап, Құс аспан жаққа ұшады,

Қазақ пен ноғай айрылып,

Қазақ сартқа қайрылып,

Ел ауған сонау еңіреу заман мысалы.

Ол көкке кетті, мен содан бері жерлікпін.

Түсіңде неге ұшасың
кейде сен, мықтым,

Аманхан неге балапан құстан аумайды,

Байхонов неге қаршыға сынды - енді ұқтым.

Айналып бізді самғайды құстар мың түрлі,

Қимайды, бәлкім, түбі бір туыс шіркінді.

«Жадыңа түсір, жарығым, - дейтін секілді,

Жас кезіңде сен білетін ең ғой бұл тілді...»

Сөйлей бер, құсым,
ұғысар күнді армандай,

Есіме түссе, таңырқамай да таңданбай,

Мүмкін-ау тіпті ақын болып та кетуім,

Аяқ астынан әулие болған жандардай.