ВЕРНУТЬСЯ

       Саратан сартап еткен сары дөңім,

Санамнан бір шықпайсың әлі менің.

Дірілдеп сүт тайлақтың өркешіндей,

Ішінде ақ сағымның қалып едің.

Қыс келсе табаны тоң, түгі қырау,

Ойлаймын бауырыңды жылы бұлау.

Биялайдан жем жеген құсың ем ғой,

Мен сені неге ұмытам,
тұғырым-ау.

Ақырын көтерілер төмен келіп

Жана айдай бірсін-бірсін кемелденіп,

Сырласып жатқандайсың сары шалмен

Ана жыл алып қалған менен бөліп...

Кемсеңдеп сары шалдың құрбылары,

Сары дөң, саған қарап тұрды бәрі.

Кетіп ем бір ой түйіп сонда ішіме,

Сол ойды шығара алмай жүрмін әлі.

Тым қымбат бозторғайың бүгін маған,

«Біз бармыз бөлісетін мұңыңды әмән.

Сары дөң саған бақыт тілейді», - деп,

Жазған құс
тас төбемде шырылдаған.

«Мен болам жарық таңның сәлемі!» - деп,

Сүйінші сұрайтұғын өуелі кеп.

Кегіңде қалсам деп ем сол торғайдай,

Әйтпесе, сол торғайдың әуені боп...