ВЕРНУТЬСЯ

      Қазанның салқын таңдары

Қараша талды билетті.

Сары шал дүние салғалы

Сары тазыдан күй кетті.

Итаяқ етіп қауақты,

Ін қазып алды жерден бұл.

He қылсын обал-сауапты

Көкайыл келін,

көркеуде ұл?

Кесектеп қуды,

«кет» деді,

Ит жайлы нені біледі ел?

Сары тазы қырға беттеді,

Сары шал жатқан қыр еді ол.

Жетті әзер сүйреп сүлдесін,

Жылады әлсіз үнімен.

Кереге мола іргесін

Тырналап шықты
түнімен.

Тоқтатып жүрек ырғағын,

Көз нұры
сөніп баратты.

Көтеріп қан-қан тырнағын,

Қып-қызыл болып таң атты.

Жылатып баурын тастың да,

Серпіген түннің түнегін

Қып-қызыл күннің астында

Сары тазы барын білемін.

«Сен кімсің?» - дейді,

сұрайды Ар

Тазының әлсіз үнімен.

Кеудемді менің бір ойлар

Шығады тырнап түнімен.

Сарыадыр жаққа сары күз келді,

Сарбалақтанды күріштік.

Шақырар ма еді тағы біздерді

Күдері белдер күміс түк.

Дария сондай ағады күліп,

Сергітіп бойды түнгі ызғар.

Шық болып шөпке қалады ілініп

Түнімен жауған жұлдыздар.

Толқытып өтті ауыр да мұңды ой,

Тобыр қаз үрке жалт қарап.

Бұл мен
ғой келген,

бауырларың ғой,

Е-еһ-ей, құстар
ақ қанат.

Тең өскен талы, тербелген көлі

Өз үйім - өлең төсегім.

Сенбеңдер деймін, сенбеңдер мені

Қатал боп кеткен десе кім.

Тыраулап ұшқан
тырналар анау,

Ұзады
созып өлеңін.

Апыр-ай, шіркін,

бір қарамады-ау,

Бөтені ме едім мен оның?!

Сансыз армандар санамда қалып,

Тұрамын
оқшау төбеде,

Айқайлағандай аралда қалып

Алыстап кеткен кемеге.