ВЕРНУТЬСЯ

        Аралап ақкөңіл жел шартарапты,

Ақ таңнан хабар айтып жар таратты.

Қолдасып қоза біткен көтерді әне

Күн деген алтын шайған нән табақты.

Күн деген шуақ толы табақ дедік,

Шуағы көше бойлап баратты өріп.

Бір шетте басын шайқап талдар қалды

Составтың вагондарын санап көріп.

Сөйлесе жапырақтар тұтығып қап,

Ағын су күліп жатты сықылықтап.

Сәулеге жарқыраған қарай алмай,

Барады «Беларусьтің» түтіні ықтап.

«Мырзашөл, Мырзашөл» деп күбірлеп ем

Шықпады бір шумақ та бүгін менен.

Шала-жансар жырымды жиып тастап,

Отырмын қырға қарап дүбірлеген.

Таңменен төсін тағы қақтап қырдың,

Ескен жоқ күндегідей аптап бұл күн.

Жақындап келе жатты станцияға

Қозалар соңына еріп аппақ күннің...